Қозы мен Баянның «Шоқтерегі»
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің;
Абай облысы әкімдігінің назарына!
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын білмейтін қазақ жоқ. 1500 жыл бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыздың ғажайып дастаны, махаббат хикаясы ауыз әдебиеті арқылы бүгінге жеткен.
Мұхтар Әуезов қазақ арасында «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының 16 нұсқасы бар дейді. Бірнешеуі бергі XVIII-XIX ғасырда өңделіп жаңғырған. Бір нұсқасын Шоқан Уәлиханов атақты Жанақ ақынның өз айтуынан жазып алғанын айтады.
Түркі халықтарының, оның ішінде татар, башқұрт, алтайлықтардың да өз нұсқалары бар. Мысалы, ойрат тіліндегі «Қозын Еркеш» дейтін көне жыр сақталған. Қарап отырсаңыз, солардың бәрі де «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» эпосын өздеріне меншіктейді.
Ал, оның қазаққа ғана тиесілі тарихи-көркем жыр екенін дәлелдеу үшін жыр кейіпкерлерінің өмір сүрген тарихи орындарын іздеп тауып, дәл анықтауымыз қажет. Бұл шаруа мемлекеттік деңгейде жүргізілуге тиісті деп ойлаймыз.
Осының алдында біз «Қодар қазған құдықтар» атты бейнесюжет жариялап, Аягөз өңіріндегі Қодардың құдықтары туралы баяндаған болатынбыз.
Бүгін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында айтылатын, ынтызар қос ғашықтың бір-бірімен кездесетін ғажайып Шоқтерек туралы айтпақпыз.
Абай облысы Таңсық ауылының тұсындағы Аягөз өзенін бойлай төмен жүрсеңіз, ғашықтар кесенесінен 52 шақырым жерде көгілдір Шоқтерек менмұндалап тұр. Ақтоғай стациясының күнбатысындағы Қопа дейтін көне ауылдан шамамен бес-алты шақырымдай жерде.
Ертегіге бергісіз шытырман оқиғаның соңы осы Шоқтеректің түбінде аяқталады.
Мәңгілік махаббат иелері – Қозы мен Баянның көзіндей сақталған, шежірелі, қасиетті Шоқтерек алдағы уақытта Қазақстанның киелі жерлер картасының қатарын толықтырып, туристердің ең көп келетін тарихи жәдігерге айналарына сеніміміз мол.
Қайым-Мұнар Табеев,
журналист-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі
Abai.kz