Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 2161 20 пікір 3 Маусым, 2024 сағат 16:02

Досым Сәтпаев: Толстойдың артында Кремль тұр!

Сурет: gov.kz

Астана Ресей Мемлекеттік Думасының вице-спикері Петр Толстойдың Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығына қатысты сөздеріне наразы.

«Комсомольская правда» радиосына берген сұхбатында Толстой Қазақстанды русофобияға жол беруде деп айыптап, қазақ қалалары ежелгі орыс қалалары екенін, сондықтан Ресей Федерациясының оларға тарихи құқығы бар екенін айтқан болатын.

Мемлекеттік Дума вице-спикерінің айтуынша, егер Мәскеу Украина тақырыбын «жаппаса», онда оның Қазақстанмен де, Армениямен де, Ресеймен шекаралас басқа елдермен де проблемалары туындайтын болады.

Ресейдің Қазақстанға шабуылы

«Бүгінде Қазақстанда белгілі бір қазақ мемлекетін қайта құру тұрғысынан не болып жатқанын қараңыздар, - деп ашуланды Толстой. - Тәуелсіздік туралы, латын әліпбиіне көшу туралы ұлттық мифология қандай... Мен қазақтардың ұмытқанына қарсымын: Алма-Ата - бұл 1867 жылдан 1921 жылға дейін осындай атаумен өмір сүрген бұрынғы Верный қаласы. Бұл біздің казактар салған орыс бекінісі. Бұл тарих ұлттық сана-сезім үшін өте маңызды. Ал тарихты ойлап табудың қажеті жоқ!»

Саясаткердің айтуынша, Қазақстанның барлық жерлері Қытайға, ал жер қойнауы ағылшындарға сатылса да, Ресейден бөлінудің қажеті жоқ екендігін қазақтардың қаперіне салып:

«Көршілермен жақсы қарым-қатынаста болу керек», - деп қосты Толстой.

Танымал қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, РФ Мемлекеттік Думасының вице-спикерінің айтқан сөздері Кремльдің Қазақстан атынан жау бейнесін жасау идеологиясының бір бөлігі болып табылады.

Сәтбаев haqqin.az сұхбатында өз елінің билігін мемлекеттің қауіпсіздігі туралы ойлануға шақырады. «Ресейге бұл қадам өз қоғамын шиеленісте ұстау үшін қажет», - деп атап өтті Сәтпаев.

- Ресейлік үгіт-насихат тобы өкілдерінің бірі Толстойдың шабуылы оның жеке бастық даңғойлығы емес. Бұл - Кремльдің тарапынан Украинаға басып кіруге дайындық бойынша сынақтан өткен идеологиялық әдістемесінің қазаққа бағытталған жебесі. Оның түп төркінін бұдан он жыл бұрын Ресей Федерациясының президенті Путин жария етіп, Қазақстанның мемлекеттілігі Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттігінен басталатынын айтқан болатын.

Яғни, КСРО ыдырағанға дейін қазақтардың мемлекеттілігі болмаған ғой? Өкінішке орай, қазақ хандығының көп ғасырлық тарихын Мәскеу бір жола реваншистік күресініне лақтырып тастағасы келеді. Толстойдың аталған мәлімдемесі - бұл қазақта ешқашан мемлекеттіліктің ныспысы жоқ, һәм ешқандай мемлекет түзудің тарихы мен дәстүрі болмаған деген путиндік тезистің жалғасы. Дәл осындай идеологиялық тарих дөңгелін кері айналдыру Украинаға 2022 жылғы 24 ақпанда, Кремль бүкіл әлемге Украина - Ресей жерінде құрылған жасанды ел деп хабар таратар алдында да жүргізілді. Жалпы алғанда, ресейлік барлық жалған сарапшылар бір ұстанымды бір дауыспен тоты құстай қайталап, сандуғашша сайрауға дағдыланған. Олар үшін РФ айналасындағы барлық мемлекеттер Ресейдің айтқан сөзін екі етпеуге тиісті қол баласы болып табылады.

Осыған байланысты моңғол үкіметінің бір министрі көрсеткен ХІІІ ғасырдағы Моңғол империясының картасына назар аудару өте қызықты болды, онда оның вассалы - Русь аумағы кішігірім еуропалық қаланың аумағын ғана алып жатыр, ал орыс князьтері Шыңғысхан мен оның мұрагерлерінің империясына тағзым етіп, билікке ізгі ниет білдіріп шыбын-шіркей күй кешетін еді. Тарихи шындық ресейлік насихатшылардың ұлылығына нұқсан келтіреді. Енді осы империялық, ксенофобиялық, мүлдем арандатушылық әңгімелер жай ғана депутаттың емес, ресейлік билік иерархиясында жоғары орын алатын Мемлекеттік Дума вице-спикерінің аузынан шығып отырғаны да тегін емес.

Кремль қазақ мемлекетінің тарихы Назарбаевтың билігінен басталады деп сенеді

Салыстырмалы түрде жақында Қазақстанның төменгі палатасының спикері Нұрлан Нығматулиннің Ресей парламентінің басшыларымен кездесуі кезінде екі ел парламентшілері тарапынан арандатушылық мәлімдемелерді болдырмау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл негізінен Қазақстанды дүркін-дүркін құсықты балшықпен ластап жүрген ресейлік депутаттарға қатысты болатын. Бірақ, көріп отырғанымыздай, бұл көз алдаушы келісім ешкімді бетінен қаға алмады. Ресей Федерациясының басшылығы тарапынан бірде-бір жан Толстой мен басқа да арандатушыларды жағасынан алып, жүндей түтуге жараған да жоқ»...

Қазақстандық саясаттанушының айтуынша, Орталық Азия журналистерімен кездесуде РФ-мен шекаралас посткеңестік өңірдегі барлық елдер өздерін қауіпсіз сезінбеуі тиіс деп мәлімдеген Украина президенті Владимир Зеленский мыңдаған рет дұрыс айтқан.

«Зеленский тіпті Ресей агрессиясының келесі нысаны болуы мүмкін және Мәскеу тарапынан қарсы ақпараттық соғыс жүргізіп жатқан елдердің тізімін жариялады», - деп еске салды Досым Сәтпаев. - Сондықтан Толстойның шабуылына жеңіл-желпі немқұрайлылықпен қарауға еш болмайды. Өйткені бұл әрекет олар тарапынан Қазақстанға анағұрлым қуатты ақпараттық шабуылды дайындаудың бір бөлігі болып табылуы еш ғажап емес жайт. Оның үстіне біз Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Қазақстанның экономикасына Ресейдің араласуының керемет күшеюін көріп отырмыз. 2019 жылы елде 7 мың ресейлік компания болса, биыл олардың саны жиырма мыңға жетті! Украинаның 2014 жылғы жағдай көрсетіп отырғандай, күшті экономикалық экспансия мен ақпараттық шабуылдардан кейін Кремльдің әскери бастамалары өзін танытуы әбден ықтимал.

Әзірге бұл сценарий Путинге тиімсіз екені түсінікті жайт. Себебі Қазақстанның артында Орталық Азия аумағындағы орын алатын қақтығыстарға мүдделі емес Ресейдің маңызды серіктестері Қытай мен Түркия тұр. Сонымен қатар, Кремльдің идеологиялық машинасы Астана, Кишинев және Ереван сияқты сыртқы дұшпандардың бейнелерін сомдай алмайды».

Нұрлан Нығматулин Мәскеуде не туралы келісті?

Сарапшының айтуынша, «ДНР» мен «ЛНР» Солтүстік Қазақстанның негізіне орыстар басым қоныстанған Павлодар, Петропавл және басқа қалалары болуы мүмкін.

«Дәл қазір мұндай оқиғалардың болуы екіталай болып көрінгенімен, бірақ араға екі-үш жыл салып Ресейдегі геосаяси және ішкі жағдайға байланысты осындай жайттың орын алуы да әбден мүмкін, - деп есептейді Сәтпаев. - Өкінішке қарай, Қазақстан үкіметінің тізгінін ұстағандар мұндай сценарийлерді елеп ескермеуде. Керісінше, олар Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы жақсы деген жалған елестің жетегінде жүр. Бірақ шын мәнісінде орыналып отырған жағдай мүлдем олай емес. Бұл арадағы айтпағым, елдің қауіпсіздігіне жауап беретін адамдар оның мемлекеттілігіне төнетін қатерлердің барлық нұсқаларын қарастыруға мүлдем құлықсыздық танытуда».

Оян, қазақ! Ресейшіл билігіңе, ұлттық мүддеңнің аяққа тапталып жатқанын жеткіз!

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347