Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 1944 9 пікір 18 Маусым, 2024 сағат 09:12

Жазушылар ұйымы және біз

Коллаж: Abai.kz

Бұдан тоқсан жыл ілгеріде дәл осы күндері Қазақстан жазушыларының бірінші съезі өткен-тін. Содан бері республика қаламгерлерінің ұйымы жаңаша даму жолына түскен еліміздің тыныс-тіршілігімен біте-қайнасып, өсіп-өркендеп келеді. Қазақ әдебиеті қазынасы небір ғаламат шығармалармен толықты, жазушыларымыз түрлі-түрлі биік мәртебелі сыйлықтармен марапатталды. Осы мерейлі мерекеге орай біз оқырмандарымызға шығармашылық ұйым тарихынан бірер сыр шертетін танымдық материал ұсынбақпыз.  

Тәуелсіздік табалдырығындағы одақ және біз

Биыл Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл толады. Тоқсан жылдық ғұмырында қаламгерлер ұйымы республикамыздың тыныс-тіршілігімен тығыз байланыста дамыды. Оның елу жеті жылы қалам қайраткерлерін Советтік Социалистік Республикалар Одағы советтік жазушылар одағы деген атаумен біріктірген  ортақ қауымдастықта өтті. Қазақстан Жазушылар одағы ССРО Жазушылар одағының бір бөлімшесі іспетті болатын. Одақтас республикалардың барлығындағы жазушылар ұйымдары өзімен идеялық біртұтастықта тұрған бұл қауымдастық әлемнің басқа ешбір мемлекетінде жоқ, ең беделді, элиталық, дәулетті, қуатты және барынша идеологияландырылған шығармашылық ұйым еді.

Мұндай қаламгерлер ұйымы тек біздің коммунизм елесімен өмір сүріп жатқан елімізге ғана тән құбылыс-тұғын. 1991 жылы республикамыз құрамында болған Совет Одағы тарқап, мемлекеттік тәуелсіздік келгенде, тәуелсіздікпен бірге жаңа қоғамдық формация табалдырықтан аттағанда – өндіріс құралдарына меншік түрі ауысты, жекеменшіктің маңызы мен хақы артты, құндылық өзгерді. Тиісінше  бұл жәйт барша игілікті үкіметтен күтетін Қазақстан Жазушылар одағын,  оның басшыларын бір сәт кәдімгідей дағдарысқа тірегендей болды. Бұрынғы үйреншікті, масылдық қалыпқа үйреніп қалғандықтан, жаңа шартқа тез бейімделе алмады. Коммунистік тәртіппен орнаған баяғы дәурен көзден бұл-бұл ұшқанмен, жарылқаушы билікке сол бағзы әдетке салып емінумен жүрді...

Патша заманына шегініс...

Еліміз талай уақыт отары, шет аймағы болған Ресей империясында жазушыларды қорғайтын, кітабын шығаруға, тұрмысын көтеруге жәрдемдесетін  орталық құру идеясы Пушкин заманында туған екен. Содан «Современник», «Отечественные записки», «Библиотека для чтения» секілді  белгілі басылымдардың авторларын осы мәселе көп толғандырса керек, ақыры солардың бірлесе ойласып-жобалауымен жазармандар 1859 жылы Әдеби қор деп аталған бір ұйымға ұйысыпты. Кәсіби жазушыларға түрлі қажет көмек беруді мұрат еткен тұңғыш қоғамдық ұйым.  Алғашқы ұйымдастырушыларының қатарында Некрасов, Островский, Тургенев, Толстой, Чернышевский және басқалар (Шоқан Уәлиханов та мүше болған деген де дерек бар) болған.

Қордың қаржысы кітап, журнал, газет шығаратын баспагерлердің ерікті түрде бөлетін аздаған үлестерінен, мүшелік жарнадан, Ресей императорының жыл сайын беретін жәрдемпұлынан, жекелеген адамдардың қосқандарынан, концерттер мен сахналық қойылымдардан, көрмелерден, жазушылардың дәрістерінен түскен табыстардан құралған.

Қор қызметін Белинскийдің отбасына зейнетақы тағайындаудан бастапты.  Достоевский, Гаршин, Горький және басқа да көптеген қаламгерлерге материалдық жәрдем берсе керек. Тарас Шевченконың туысқандарын крепостнойлық тәуелділіктен азат етуге де қол жеткізген екен. Жер аударылған жазушылар мен ғалымдардың тағдырын жеңілдету жайында билікке өтініштер түсіріп тұрыпты. Ал  1905 жылы,  Максим Горькийдің тұтқындалуына орай, билікке наразылық айтып ашық мәлімдеме жасаған көрінеді. Осы Әдеби қор ақын-жазушылардың құқтарын қорғау, әлеуметтік жағдайларына қарайласу жағынан патша заманында тәп-тәуір жұмыстар атқарған бірден-бір елеулі қаламгерлер бірлестігі болыпты.

Революциялардан кейін...

1917 жылғы революциялардан соң ақын-жазушылардың түрлі ұсақ топтары мен ұйымдары пайда болған. Неғұрлым әйгілісі – жалпы өнердің әдебиет, театр, музыка, бейнелеу өнері сынды әртүрлі саласында еңбек ететін шығармашылық адамдарының Пролетарлық мәдени-ағарту ұйымы (қысқаша Пролетарлық мәдениет, Пролетарская культура, Пролеткульт) еді.  Жұмысшы табына толыққанды тәрбие беруді мақсат еткен осы ұйым Қазан төңкерісінен бір айдай бұрын дүниеге келген-тін. Алдына жаңа мәдениет, пролетариат мәдениетін жасаймыз деген мақсат қойыпты. Ірі қалалардың бәрінде бөлімшелері, өз баспа органдары болған. Бірақ идеялық қателіктері үшін 20-шы жылдардың басында Лениннің сынына ұшырады. Сол жылдарда шаруа жазушыларының одағы, пролетар жазушыларының ассоциациясы, футуристер ұйымы, түрлі басқа бірлестіктер ұйысқан екен. Большевиктер партиясы соларды зерттеп-біле келе, шығармашыл күштерді өз қарамағына алуға бет бұрды.

1925 жылы РК(б)П Орталық Комитеті «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы» қарар шығарып, түрлі топтар мен ағымдардың еркін жарысқа түсуіне болатынын, ондай шығармашылық бәсекенің тек пролетар идеологиясы негізінде жасалуы керектігін айтты. Сол жылы Ресей пролетар жазушыларының ассоциациясы құрылды. Осы үлгімен 1926 жылы бізде де (Советтік Қазақ Республикасында) «Қазақ пролетар жазушылар ассоциациясы» бой көтерген.

1928 жылы пролетар жазушыларының бүкілодақтық бірінші  съезі болды. Сол съезд ұлттық республикалардағы барлық пролетар ассоциацияларын Бүкілодақтық пролетар жазушылары ассоциацияларының бірлестігіне (ВОАПП) біріктірді, ал оның басында Ресей  пролетар жазушылары ассоциациясы (РАПП) тұрды. РАПП елдегі жұмысшы табының шығармашыл күштерінің бәрін біріктіріп, интеллигенция мен шаруалардан шыққан жазушыларды коммунистік дүниетаным рухында тәрбиелейтін ұйым, ол бүкіл әдеби үдерісті бастап алып жүруге тиіс деп саналды.

Алайда РАПП іс жүзінде Пролеткульттің мұрагері болып шықты, тіпті оның тұрпайы-социологиялық нигилистік  ыңғайларын одан әрі күшейте түсті. Өзін пролетар жазушыларының ұйымы ғана емес, партияның әдебиеттегі бірден-бір өкілі ретінде көрсетті. Өз бағытына қарсы шыққандарды партияға қарсылыққа балады. Баспасөз органдарын әкімшілік жолмен пролетар жазушыларына алып беруді,  журналдар мен жинақтардан «жолбикелерді» қуып шығуды талап етті.

«Қазақ пролетар жазушыларының ассоциациясы» ұйымының да (КазАПП, ҚазПЖА) бұл бағытты белсене қолдағаны белгілі. Орталықта қаламгерлердің өзге ұйымдары да жұмыс істеп, съездерін өткізіп жатты. Ал қазақ елінде «байшылдар, алашшылдар» мен «жолбикелерді» сыбап, ҚазПЖА жеке-дара дәуірледі. Мағжан Жұмабаев бас болған кейбір белгілі алаштық ақын-жазушылардың «Алқа» тұғырнамасын жасап, бағдарламасы  жайында өзара пікір алмасқаны мәлім, бірақ содан аспады, идея дәрежесінде қалды. Ұйым ретінде құрылмады, ашық жұмыс істеген жоқ, репрессияның 1929 жылғы алғашқы толқынында «Алаш ісімен» бірге тұншықтырылды.

Ортақ одақ құру

1932  жылғы 23 сәуірде БК(б)П Орталық Комитеті «Әдебиет-көркемөнер ұйымдарын қайта құру туралы» қаулы қабылдады. Онда ВОАПП пен РАПП-ты жою, әдеби-көркем ұйымдарды түбегейлі қайта құру, совет өкіметінің платформасын қолдайтын жазушылардың бәрін Советтік жазушылар одағына біріктіру мәселесі тұжырымдалды. Осыған сәйкес қаулы сол 1932  жылғы 9 мамырда Қазақ республикасының өлкелік партия комитетінен де шықты.  Қазақстанның Советтік жазушылар одағын құруға тиіс ұйымдастыру комитеті белгіленді, басына ақын Ілияс Жансүгіров тағайындалды.

Алғашқы съезд Мәскеуде де, бізде де содан екі жыл өткенде, 1934 жылы (маусымда – Алматыда, тамызда – Мәскеуде) бір-ақ шақырылды.

Әдеби қордың совет дәуіріндегі жаңа тынысы

Осы 1934 жылы ССРО Халық Комиссарлары Кеңесі «ССРО Әдеби қоры туралы» қаулы алып, Қазан төңкерісінен бері кәсіподақтар жанында елеусіз күн кешіп келе жатқан Әдеби қорға советтік тұрпатта жаңаша тыныс берді.  ССРО Әдеби қоры құрылды. Оның ақшалай қаражаттарының негізгі көзі көркем әдебиет баспалары мен журналдар редакцияларынан және сахна-концерт мекемелерінен бөлінетін қаржы болады деп көрсетілді.

1935 жылы ССРО Халкомкеңесі дербес заңды тұлға ретінде ССРО Әдеби қорының Жарғысын бекітті. Сол жылы Қазақстан Халкомкеңесі де республикадағы дербес заңды тұлға санатымен ССРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің Ережесін бекітті.

ССРО Әдеби қоры Қазақстан жазушыларына әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсетуге бөлген қаражаттың бәрі (шығармашылық жәрдемпұлдар, жаңа шығарма жазу үшін несие, шығармашылық іссапарлар, еңбекке уақытша жарамсыз болғандарға жәрдемпұлдар, шығармашылық үйлер мен санаторийлерге жеңілдік жасалатын жолдамалар, сондай-ақ қаламгерлердің тұрғын үйлерінің, шығармашылық үйінің күрделі құрылыстарын қаржыландыру, тт.)  осы Қазақ бөлімшесі арқылы түсіп тұрды.

Өзгеріс кезеңінде

Советтік кезеңде Қазақстан Жазушылар одағы республика бюджетінен қаржыландырылатын. Қайта құру жылдары оны бюджет тарапынан қаржыландыру көлемі күрт кеміді де, тәуелсіздіктің алғашқы жылында мүлдем доғарылды.

ССРО Әдеби қоры Қайта құру саясаты ауқымында өткен Пленумында барлық бөлімшелеріне, соның ішінде өзінің Алматыдағы Қазақ бөлімшесіне де шаруашылық есепке  көшу жөнінде тапсырма берген-ді. Алайда бұл төңіректе қазақ жазушылар ұйымы ештеңе істей қоймады. Белгіленген бір жыл мерзімнен кейін Әдеби қордың Қазақ бөлімшесін Мәскеу тарапынан қаржыландыру да біржола тоқтады.

Бюджеттен түсім қатты кемігендіктен, қаламгерлер үшін табыс түсіріп тұрады деген оймен, Қазақстан Жазушылар одағы өзі орналасқан ғимараттың жартысын және  ССРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің (Қазақстан Әдеби қорының) қарамағындағы Шығармашылық үйді айналасындағы бағымен қоса жаңа заманға орай пайда болған іс адамдары фирмасының басқаруына берді.

Көп ұзамай мұның қате қадам екені белгілі болды. Фирмашылардың Одақ мүддесіне жауап бермейтін іс-әрекеттерін көрген,  Шығармашылық үйде демалып, жұмыс істеуден қалған қаламгерлер қатты наразылық көрсетті. Наразылықтың әділдігін ұққанмен, Шығармашылық үй жөнінде фирмамен жасалған келісімшартты қайта келіссөз жүргізу жолымен бұзуға, сөйтіп ғимараттарды басқаруды бұрынғы  қалпына келтіруге Жазушылар одағының әлеуеті жетпеді. Сонда мәселені шешу үшін Шығармашылық үйдің негізгі қожайыны сотқа жүгінуге мәжбүр болды.

Уақыт талабына бейімделу

Осы жерде мына жәйтті еске түсіре кету ләзім. Тәуелсіздікке дейін  Қазақстан Жазушылар одағының өз Жарғысы болған жоқ, барша одақтас республикалардағы ұйымдар секілді, ол да ССРО Жазушылар одағының Жарғысымен жұмыс істеген-ді. Қазақстан Жазушылар одағы Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін өз Жарғысын қабылдап, тиісті тіркеуден өтті. ССРО Әдеби қорының Қазақ бөлімшесі де Қазақстан Әдеби қоры ретінде қайта құрылып,  өзінің дербес Жарғысын тіркетті. Мемлекеттік тәуелсіздігіміздің алғашқы жылында осылай жазушылардың бір-бірінен тәуелсіз, заң алдында тең құқықты екі ұйымы дүниеге келген-тін.

ССРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің заңды мұрагері ретінде, Қазақстан Әдеби қоры көзге ұрып тұрған қателікті дұрыстау жолында әрекеттенді – өз балансындағы, Жазушылар одағы көнерген партиялық тәртіппен өзін қожайыны санап, сыртынан заңсыз иеленген де, фирмашылардың пайдалануына беріп жіберген Шығармашылық үйді қайтарып алу үшін күресті. Ұзақ  соттасты, ақыры фирма мен Жазушылар одағы арасындағы келісімшарт заңсыз деп танылып, Шығармашылық үй Әдеби қорға қайтарылды.

Содан кейін Әдеби қор мен Жазушылар одағы арасында Қызметтестік жайында келісімшарт жасалды. Одақ – шығармашылық және қоғамдық-саяси мәселелермен, Қор – шаруашылықпен шұғылданады, Одақ жұмысын материалдық тұрғыда қамсыздандыру ісімен және әлеуметтік, құқықтық мәселелермен айналысады деп келісілді. Одақ пен Қордың ынтымақтаса қызмет атқаруын тек аталған Қызметтестік жайындағы келісімшарт қана емес, Әдеби қор төрағасы Жазушылар одағы хатшыларының бірі болғандықтан, ұйымдық тұрғыдағы бірлігі де қамтамасыз етуге тиіс-тұғын.

Сол Келісімшарт негізінде үкіметтің тиісті шешімі шығарылып, Жазушылар одағы ғимаратын да (Әдебиетшілер үйін тиімді пайдалануды жолға қою үшін) Әдеби қор өз балансына алды.

Одақ ғимаратына байланысты Жазушылар одағы мен Фирма арасындағы келісімшарт 1996 жылы қалалық прокуратураның араласуымен бұзылды.

Енді тек фирманы ғимараттан мәжбүрлеу жолымен шығарып жіберу ғана қалған.

Кері төңкеріс әрекеттері

Алайда, өкінішке қарай, қаламгерлердің көпшілігі сол тұста, тәуелсіздіктің табалдырығында, республикамыздың жаңа сапаға бет алғандағы бекем ұстанар құндылықтарын – шын мәніндегі демократия мен құқықтық қоғам орнатуды көздеген ұрандарын – терең түсінбеді. Олар бұлардың бірінші кезекте өздерінің – қоғамның алдыңғы қатарлы зиялылары санатындағы жазушылардың қауымдастығына қатысты болуға тиістігін ұқпаған-ды. Бірқатары астыртын түрде фирмаға жәрдемдесіп жүрді, оны Әдеби қордың «заңсыз ұйым» екенін көрсететін түрлі мәліметтермен қамтамасыз етті, сондай әрекеттердің салдарынан Әдеби қор өз құқтары мен ұстанымдарын жариялы түрде нақтылаған Төтенше съезд өткізіп, қайта тіркеуден өтті де, сотты сәтімен жалғастырып, қаламгерлер мүддесін қорғап шыға алды.

Бұл орайда ешкімнің де аты-жөнін атауды қош көрмедік, өйткені мұндай жағдай қоғамдық құрылыстағы қаламгерлердің көпшілігі күтпеген күрт өзгеріс салдарынан туындаған еді. Одан бері отыз шақты жыл өтті, аз уақыт емес, әрі біраз қаламгер өмірден өтіп кетті.  Ойланған кісіге сол кездегі өзгеріске сай жаңалықты ұғудағы қаламгерлер арасында орын алған ой ала-құлалығын айқын саралап, кешіріммен қарауға, ұйымымыздың тауарихында орын алған келеңсіздіктердің себеп-салдарын келешекте кездесуі ықтимал қилы түсініспеушіліктердің алдын алу мақсатында ажыратып қарауға әбден болады.

Жазушылардың 1996 жылғы кезекті съезінде одаққа жаңа басшылық келді де, заңды белінен баса отырып, Әдеби қорды жоюмен шұғылданды. Жаңа басшылықтың құқықтық тұрғыда сауатсыздық танытуы салдарынан, биліктің түрлі буынындағы түрлі лоббистерінің арқасында, заңды қалауынша бұрмалаған шешіммен Әдеби қорды жоққа шығарып тынды. Есесіне, Жазушылар одағы мен Фирма арасындағы келісімшартты бұзған Әдеби қор сахнадан кетірілгеннен кейін, яғни жаңа басшылықтың құқықтық тұрғыда сауатсыздық танытуы салдарынан екі ұйым – Одақ пен Фирма арасындағы шарт жаңғырып, фирма қайтадан күшіне кірді. Енді Одаққа ғимарат пен Шығармашылық үйді қайтарып алу үшін Фирмамен соттасуға тура келді.

Одақтың жаңа басшылығы жазушылар ұйымының басты орынтағынан айрылмаудың астыртын технологиясын қапысыз меңгерген боп шықты. 1996 жылдан 2014 жылға дейін, яғни он сегіз жыл бойы өзгермеген сол жаңа басшылықтың түсіндіруіне қарағанда, Одақ бар асыл уақытын Фирмамен он шақты жыл бойы соттасып өткізген сияқты. Бірақ оның себебін өзінің кезінде заңдылықпен санаспауынан (яғни жазушылардың бірін бірі толықтыратын екі қоғамдық ұйымы заман талабына сай ұйысқанын ұқпауынан, сөйтіп, екі ұйым – Әдеби қор мен Жазушылар одағы – арасындағы Қызметтестік келісімшартты мойындамай, Әдеби қорды заңсыз түрде жоюынан) емес, өздерінен бұрынғы басшылықтан көрді. Қызығы, белді деген жазушылар да солай ойлады – «тарап кете жаздаған одақты» (бұл – ешқашан орын алмаған, жаңа басшылықтың өз беделін арттыру мақсатында ойлап тауып, жалаулата таратқан өтірігі!) құдды осы басшылық «сақтап қалған» деген жалған тұжырымға құлай сенді...

Шынтуайтында, нағыз «әттеген-айлар» – істі болған ақын-жазушыларға құқықтық көмек көрсетудің орнына, жетім қалдыру, тіпті мүшеліктен шығарып тастау, одақ ісіне сын айтқандарды түрлі шығармашылық делегациялар құрамына, басқа да маңызды іс-шараларға жолатпауды, одақтық басылымдарға туындыларын жариялатпауды көздейтін «қара тізімге жазып» қою, ең бастысы, әдеби үдерістегі еліміздің бүгіні мен ертеңіне пайдалы бағыттарды ажыратып көрсетуге қауқарсыздық таныту, күнделікті өмірде қоғамдық белсенді позициясымен  танылған қаламгерлерді бөтенсу, тт. кемістіктер осы жасанды «қаһармандықтың» тасасында қала берді...

Бүгінгі тіршілік

Одан бері де он шақты жыл өте шықты ғой, қазір ұйымдық құрылыс мәселелеріндегі қиғаштықтар ұмытылған. Әдеби қорды керек қылып жатқан ешкім жоқ, өйткені қазіргі таңда көмек қолын созатын қилы демеушілер бар, билік буындары да одаққа оң көзбен қарайды. Бүгінде негізінен шығармашылық мәселелері күн тәртібінде. Тиісінше, көңіл көншітетін жақсы ізденістер баршылық.

Кезінде қоғамымыздың тыныс-тіршілігіне жазушылардың тым бейтарап қарағаны хақында бір кісі бірде осы жолдар авторына базына айтып еді.  Әр шақтағы елді елеңдеткен оқиғаларға, Жаңаөзен трагедиясына,  Еуразиялық одаққа кіру сынды тәуелсіздікке қатер төндірген шараға, тт. сондай елеулі мәселелерге қатысты жазушыларымыздың үнсіз қалуы қалай деген. Оларды зиялы дейміз, бірақ сол зиялылардан қазаққа келіп жатқан пайда аз, бұл неліктен деген. Мен өз әлімше жауап бердім, жекелеген сыни үн көтергендер, тіпті «қазақстандық ұлт» ұраны дүркірегенде, жерді сатуға қатты құлшыныс туғанда соңына бұқараны ертіп,  биліктің назарын аударғандар болғанын айттым. Дегенмен шын зиялылар қатары байқалмағанын мойындадым.

Жалпы, ұлт зиялысы саналу үшін жәй ғана жазушы, жәй ғана оқымысты болу жеткіліксіз ғой. Есімі әлемге мәшһүр жалпытүркілік ардақты ұлт қайраткері Мұстафа Шоқай айқындап кеткендей, егер жазғыштың бәрін, оқығанның бәрін ұлт зиялысы қатарына қоса берсек – қателесеміз, ұлт зиялылары деп белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және өз халқының жан-жақты дамуына қалтқысыз қызмет ете алатындарды ғана атау жөн. Яғни әрбір тағдырлы сәттерде бұғып қалмай, ел мүддесін көздейтін көзқарасын білдіріп жүретін жазушыларды ұлттық зиялылар деп білу керек. Ондайлар аз емес, бірақ дауыстары естілмейтін. Дауыстары естілмегендіктен, солардан «қазаққа келіп жатқан пайда аз» десетін-ді.

Ойлап қарасақ, олардың дауыстарының тиісті деңгейде естілмеу себебі – қауым болып, яғни жазушылардың ресми тіркелген өз заңды ұйымы Жазушылар одағы атынан ұжымдасып үн қата алмауында жатқан-тын. Зиялылар қауымы ретінде Жазушылар одағы дауыс көтерсе – жеке зиялының шырылдағанынан әлдеқайда айбатты естіліп, үні алысқа жетер еді дейтінбіз. Өкінішке қарай, ондайға сол қауым көп жағдайда құлықсыздық көрсеткен-тін. Оны мойындауға тура келетін. Сондықтан кінәні жекелеген жазушыға емес, бар жазушыны ұйыстырып отырған, алайда ұжымдық Бұхар жырау бола алмаған Жазушылар одағына артуды жөн көруші едік.

Бұл ретте де қазір жағдай көп түзелген. Күні кешегі табиғаттың су тасқыны сынды ауыр сынағына Одақ апатты аймақтарға көмек көрсету жөнінен арнайы үндеу жариялады, қаламгерлерді ортақ мүддеге біріктіріп, ұйыстыра алды.

Біз осы жазбамызда тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында тек шығармашылық одағымыздағы біліп те, білмей де  жасалған ұйымдық құрылымға қатысты өзгерістер жайын ғана сөз еттік. Бұл, сөз жоқ, қаламгерлердің бүгінгі буынына ұйым бастан кешкен жәйттерден болашақ үшін сабақ болуға тұратын оқиғалардың бірі.

Ал қазір жазушылар өз қауымдастығының тоқсан жылдық мерейлі датасына Одақтың уақыт талабына жауап бере алатынына кәміл сенетін көңіл-күймен беттеп келе жатыр.

Бейбіт Қойшыбаев,  

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406