Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Алашорда 3654 12 пікір 4 Шілде, 2024 сағат 18:54

Ер Сәкеннің өмірі бүгінге үлгі...

Сурет: egemen.kz

Алаштың ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл!

Сейфуллин Сәкен (Сәдуақас) (1894-1938) қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Қазақ КСР-нің Халық комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болған.

Қарағанды облысы Ақадыр (қазіргі Шет ауданы) ауданы Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Нілдегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған.

1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. 1917 жылы Бұғылада мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берген. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасының беташар қойылымын көрсеткен.

Ақтар көтеріліс жасап, Ақмола совдепшілерін тұтқынға алған. Сәкен Сейфуллин атаман Анненковтың «азап вагонынан», 1919 жылғы сәуірдің 3-де адмирал Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шыққан. 1920 жылғы мамырдың 7-де Ақмолаға қайтып оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болған. Осы жылғы қазанның 4-де Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезі делегаты болып қатысқан, Орталық Атқару Комитеті Президиуымының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасаған. «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, халық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы,Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкеттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманагы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған. Осы кезде жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары, «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтары жарық көрген. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты.

С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мәселелерін көрсетілген. «Қызыл атта» 30-жылдардың бас кезінде Қазақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын,адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді.

С.Сейфуллин проза, драмтургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек етті. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісіменде шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары», «Батырлар», «Ақан сері - Ақтоқты», «Ләйлі-Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» кітабы – осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Халық әдебиеті материалдарын мол жинап ,пайдаланған бұл зерттеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық –көркемдік талдаулар жасайды. С.Сейфуллин қазақ әдебиетінен мектептерге оқулық жазу ісінеде қатысқан. С.Сейфуллин олардың алғашқы кітаптарын бастыруға көмектесіп, алғысөздерін жазған. Жазушының шығармалары бірнеше рет шет тілдеріне аударылған. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.

1937-1938 жылдарда қара дауылдай соғып тұрған сталиндік репрессия қазақ халқының ең білімді ең саналы зиялыларын баудай түсірді. Сәкен де орынсыз айып тағылып, өлім жазасына кесіліп, жалған жаланың құрбаны болып кете барды.1958 жылы ақталған. С.Сейфуллин есімімен көптеген ауыл, елді-мекендер, театр, мектеп, кітапхана көшелер аталады. 1985 жылдан Астана қаласында С.Сейфуллин мұражайы жұмыс істейді.

Бойына бар өнерді тоғыстырған Сәкеннің өмірі бүгінге үлгі, оның сұлу болмысындай асқақ та, нәзік жырлары ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қала бермек.

Бағлан Тәшімов

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1991