Бұрынғы қазақ қызы – ұлттың ұяты еді..
Бүгінгі жаһандану дәуірінде әр ұлттың келбеті мен ерекшелігі бұрынғыдан да айқынырақ көрініс беріп отыр.
Кез келген халықтың мәдениеті мен тәрбиесінің деңгейін сол елдің әйелдерінен көруге болады. Мысалы, қазақ пен өзбек — көрші, тарихы мен тағдыры ұқсас халықтар. Бірақ соңғы жылдары қоғамда жиі айтылатын бір пікір бар: қазіргі қазақ қыздарының бойында кейбір ұлттық қасиеттердің жоғалып, өзбек қыздарының ибалы, кішіпейіл, тілі мен дәстуріне, мұсылмандық дініне адалдығы жиі үлгі ретінде аталады. Бұл — тек сыртқы салыстыру емес, терең әлеуметтік және мәдени сұрақ.
Кешегі қазақ қоғамында қыз баланың тәрбиесі ең жоғары деңгейде қарастырылатын. «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөз жиі айтылатын мақал емес, өмірдің ережесі болатын. Қазақ қызы әдепті, ұяң, сабырлы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді отбасынан бойына сіңіріп өсті. Ол болашақ ана, отбасының берекесі, ұлттың ұяты деп саналды.
Қыз тәрбиесіне қазақтың барлығы жауапты болатын: көрші, ағайын, ауыл ақсақалдары. Ал қазіргі заманда бұл жауапкершілік жоғалып кетті. Қала мәдениеті мен әлеуметтік желі ортасы – көпшілік жастардың бойына жасандылық пен еліктеушілікті сіңірді. Бұрынғы қазақ қызының сыпайылығы, қарапайымдылығы, үлкенді сыйлауы – бүгінгі өмір ырғағында жиі кездеспейтін қасиетке айналды.
Қазіргі қазақ қыздарының әлсіз тұстары
Қазақ қыздарының кемшілігі туралы айту – сынау емес, ойлануға шақыру. Соңғы уақытта байқалатын негізгі кемшіліктердің бірі – ар-ұят ұғымының өзгеруі. Киім киісі, сөйлеу мәнері, мінез мәдениеті батысқа еліктеумен араласып кетті. Әлеуметтік желіде танымал болу, лайк жинау, сыртқы сұлулыққа шамадан тыс мән беру – кейбір қыздар үшін басты мақсатқа айналды.
Қазіргі үлкен проблема – тұрмысқа бейімділіктің төмендеуі. Бұрын қыз бала кесте тігуді, тамақ пісіруді, үй шаруасын жүргізуді анасының жанынан үйренетін. Қазір мұндай іскерлікке көпшілік көңіл бөлмейді. Білім мен мансап маңызды болғанымен, тұрмыстық жауапкершіліктен алшақтау – болашақ отбасының беріктігіне әсер ететіні анық.
Тағы бір үлкен жағдай – тіл мен дәстүрге немқұрайлылық. Қазақтың кейбір қыздары ана тілінде еркін сөйлемейді, ұлттық салт-дәстүрді терең білмейді. Ал осы жай – рухани әлсіреудің, кері етудің белгісі. Себебі тіл мен дәстүр – қыз баланың ішкі мәдениетін қалыптастыратын негізгі өзек.
Енді бір айтарымыз – мінездің қатайып, нәзіктіктің азаюы. Қазіргі қоғамда бәсеке көп, соған бейімделген қыздар кейде «ер мінезді» болып кетеді. Бұл өз алдына өмірлік белсенділіктің анықтауышы болғанымен, әйелдің табиғи мейірімін, жұмсақтығын жоғалтады.
Өзбек қыздарының артықшылығы неде?
Өзбек халқының отбасылық мәдениеті өте терең сақталған. Сол мәдениеттің өзегі – әйелдің ибалығы мен еңбекқорлығы. Өзбек қыздары жастайынан тұрмыстың тіршілігіне бейімделіп өседі: ас дайындауды, киім жууды, қонақ күтуді, үлкенге иіліп сәлем беруді дәстүр деп санайды. Бұл қасиеттер олардың өмірлік мектебі болып табылады.
Сонымен қатар, өзбек қыздары білімсіз де емес. Көпшілігі жоғары оқу орындарында оқиды, кәсіппен айналысады, бірақ соның өзінде әйел рөлін ұмытпайды. Олар мансап пен отбасылық өмірді үйлестіруге тырысады. Көп жағдайда күйеуін сыйлап, отбасы беделін алғашқы орынға қояды. Бұл — өзбек қоғамында әйелге деген көзқарастың тұрақтылығы мен тәрбиелік жүйенің сақталғандығының белгісі.
Өзбек қыздарының тағы бір артықшылығы – ұлттық киім мен дәстүрге адалдығы. Олар қазіргі заманға сай киінсе де, әдеп пен шектен шықпау қағидасын ұстанады. Өзбек қоғамында қыз баланың инабаттылығы үлкен мәртебе саналады. Бұл қасиет тек киіммен ғана емес, жүріс-тұрыспен, сөйлеумен, қарым-қатынаспен өлшенеді.
Қазақ қоғамында соңғы 30 жылда қарқынды урбанизация жүріп жатыр. Қала өмірі, нарықтық экономика, ақпараттық кеңістік – барлығы да ұлттық мінезге әсер етті. Қыз балалардың көбі отбасынан ерте бөлініп, жеке өмір сүруге ұмтылады. Ал өзбек қоғамында дәстүрлі отбасылық құрылым әлі де мықты. Қыз баланың тәрбиесі ұжымдық бақылауда, ата-анамен байланыс үзілмейді.
Бұған қоса, өзбек халқының діни ұстанымы да қыздардың мінез-құлқына әсер етеді. Дін – тәртіп пен шектеу мәдениетін қалыптастырады. Ал қазақ қоғамында дін мен дәстүрдің сабақтастығы жоғалған.
Дегенмен қазақ қыздарының кемшілігін айтып қана қою дұрыс емес. Қазіргі қазақ қыздарының біразы – сауатты, іскер, тіл білетін, елдің дамуына үлес қосып жүрген тұлғалар. Олардың арасында ғалымдар, кәсіпкерлер, спортшылар, саясаткерлер көп. Қазақ қыздарының бойында тектілік пен намыс бар, тек сол қасиеттерді заманауи өмірмен үйлестіре білу керек.
Қалайда, рухани тепе-теңдікті сақтау. Әдемі киіну мен ашық болу жаман емес, бірақ ол ұят пен мәдениетті ұмыттыруға болмайды. Еркіндік пен тәртіп, мансап пен отбасы, білім мен инабат – осының бәрі тепе-тең болса, қазақ қызының бейнесі жаңаша қалыптасады.
Қоғамның іргетасы — отбасы. Ал отбасының берекесі — әйел. Сондықтан қазақ қыздарының тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу — ұлттық қауіпсіздікпен тең. Әр ана өз қызын тек оқуға емес, өмір мектебіне де дайындауы тиіс. Мектептерде қыз тәрбиесіне арналған мәдени сабақтар, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жобалар көбірек болуы керек.
Медиа мен әлеуметтік желілер де үлгі көрсетуі қажет: арзан танымалдық емес, шынайы инабаттылық пен рухани сұлулық дәріптелсін. Сонда ғана қазақ қызы өз болмысын жоғалтпай, өзбек қыздарының артықшылығынан да асып түсері сөзсіз.
Қазақ қызы мен өзбек қызы – екеуі де шығыстық сұлулықтың символы. Дегенмен, бірінің тұлғасындағы ұқыптылық пен ибалылық, екіншісінің бойындағы еркіндік пен білімділік үйлессе, мінсіз бейне қалыптасар еді. Қазақ қызына жетіспейтіні – сәл сабыр, сәл қарапайымдық, сәл ар-намысқа жауапкершілік. Ал өзбек қызының артықшылығы – сол қасиеттерді жоғалтпай өмір сүріп келе жатқаны.
Қазіргі, осы күрделі жайға – еліміздің билік иесінен бастап, тұтас қазақ қоғамы мүмкіндігінше баянды түрде уақыт созбай, бірлесіп ат салысуы керек-ақ. Билік – қазақ халқын сақтап қалу үшін, тілімізді жамандай бермей, сөз қылған жоғарыдағы тақырыпқа қырсықпауы керек.
Бүгінгі қазақ қоғамы рухани жаңғыруды тек саясат пен экономикадан емес, қыз баланың тәрбиесінен бастауы керек. Себебі қазақтың болашағы — ұлттың ұяты болған қыздарының қолында.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz