Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3811 0 пікір 12 Қаңтар, 2014 сағат 21:38

Интернет-конференция: Жүрсін Ерман (2-жауап)

Конференция қонағы – республикалық кітап мұражайының директоры, ақын Жүрсін Ерман мырза оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарға жалғасты жауап беріп отыр.

Бір ескертетін жайт,  оқырман қауымның тарапынан келіп түскен сауалдарды қаз қатар тізіп бермедік. Себебі,  көп сұрақтардың мазмұны бір, немесе бір-біріне ұқсас болып шықты. Сондықтан  конференция  қонағы сауалдарды топтап, барлық сұрақтарға ортақ жауап арнағанды жөн көрді.

Abai.kz

                                         

- Аға, жалпы билік айтысқа қай кезден бастап және не себепті араласа бастады?

Конференция қонағы – республикалық кітап мұражайының директоры, ақын Жүрсін Ерман мырза оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарға жалғасты жауап беріп отыр.

Бір ескертетін жайт,  оқырман қауымның тарапынан келіп түскен сауалдарды қаз қатар тізіп бермедік. Себебі,  көп сұрақтардың мазмұны бір, немесе бір-біріне ұқсас болып шықты. Сондықтан  конференция  қонағы сауалдарды топтап, барлық сұрақтарға ортақ жауап арнағанды жөн көрді.

Abai.kz

                                         

- Аға, жалпы билік айтысқа қай кезден бастап және не себепті араласа бастады?

- Билік айтысқа қай уақытта да араласып келе жатыр ғой.  Совет өкіметі кезінде де айтысқа цензура болатын. Мәдениет министрлігі қамқорлығына алып, үш-төрт жыл болды, жыл сайын Тәуелсіздік күніне арнап айтыс өткізіп жатыр. Мен түсінсем,  кешегі өткен айтысқа «Нұр Отан» демеушілік жасаған жоқ. «Нұр Отанның» қолдауымен Мәдениет министрлігінің қаржысына өткен айтыс. Бұл жерде мынандай мәселе бар: Мен жуырда «Жұлдыздар отбасы» деген журналға бір сұхбат берген едім, айтыстың маңынан жүрмеспін деп. Бұл - мен айтыстан біржола қоштасып кетті деген сөз емес. Мен биліктің тегеурінімен өтетін айтыстан аулақ жүрсем деймін. Біз, мысалы, осыдан бір жыл бұрын айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағы дегенді құрдық. Әділет министрлігіне тіркеліп, бір жыл бойы жұмыс істедік. Кешегі айтысты да осы одақ өзіміз өткізейік деп тендерге қатысып едік, әуелде аласыңдар деген аяғында көрінген сылтауменен берілмей қалды. Бұл енді, мүлдем ақылға сиятын шаруа емес. Өзінің кәсіби одағы тұрғанда, оны қайдағы бір рухани даму қоры дегенге тапсырып, өткізетіндей не нәрседен қысылып бара жатыр?! Қандай іс болмасын өзінің білетін мамандары істеуі керек қой. Мен осы айтыстың төңірегінде болғым келеді. Енді алда да бірнеше айтысты осы одақтың атынан өткізуді жоспарлап отырмыз.  Неге? Айтыс дегеннің  табиғаты оппозицияға жақын өнер. Айтыс - концерт емес. Ақындар да халықтың күтіп отырған сөзін айту керек. «Нұр Отанға » да, басқа партияларға да, билікке де жалтақтамай ақындар шама-шарқы жеткенше дербес болуы керек деп ойлаймын. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Өткен жылы жаңағы айтқан ақындар одағын құрдық. Мәдениет министрлігінің қолдауымен бірқатар шаралар атқардық, шамалы қаржы бөліп берді. Жақында ғана Қазақстанның айтыскер ақындары деген кітап шығардық. Үлкен бір томда бүткіл қазақ айтыс ақындарының өмірбаяны, тәуір-тәуір сөздері жинақталған, суреттері бар. Ақпан айының ортасында сол кітаптың тұсаукесерін жасасақ деп отырмыз. Айтыскер ақындарды, жыршы-термешілерді жинасақ деген ниетіміз бар. Біздің опат болып кеткен ақындарымыз бар: Әзімбек Жанқұлиев, Жандарбек Бегімбетов, Асылбек Ишанов, Оразалы Досбосынов, Ерік Асқаров деген бес ақын. Осы бес ақынды еске алуға арналған бильярд турнирін жасап, солардың әрқайсысына жүлде тауып қойып, шара барасында ақындарға қоғамның мүшелік билеттерін тапсырып, сөйтіп әспеттеп, жұмысымызды кішкене жандандырсақ дейміз. Мұның сыртында «айтыскер.ком» дейтін сайтты ашып едік, соның жұмысын жандандырсақ деп, қолымыздан келгенше тырмысып жатырмыз. Біз бұны үш-төрт ай бұрын қолға алғанда 2000-шы орында тұрған сайт екен. Қазір енді 400-ші орынға көтеріліппіз. Оған ешкімнің қолында жоқ айтыстарды салуымыз себеп болып жатыр ғой деймін, таяу күндерде бұдан да басқа бұрынғы, ескі, жаңа айтыстарды, ақындарға қатысты бүкіл деректерді соған жинақтап, айтыс ақындарының бас қосатын ортасы болса деп, сол «айтыскер.ком» деген сайтты қолдауға жұмыс істеудеміз. Мүмкіншілігіміз аз, дегенмен ниетіміз жақсы.

- Ілгеріде Айтыстың ТВ жобалары бар еді, соны  қайтадан қолға алуға болатын жоба деп ойлайсыз ба?

-  Кешегі «Нұр Отан» өткізген айтысты барлық каналдардан беріп жатты. Ал, оның алдында өткізген біздің айтыс, одан кейінгі өткізген айтыстардың барлығына жол жабық болды. Сонда биліктің айтысты қолдағаны осы ма?! Айтысты қолдаса, айтысты халыққа жеткізбей ме? Неге бөліп жарады? Ертең біз мысалы наурыз айтыс жасаймыз, «Қазақ, қайда барасың?» деген тақырыпта ұйымдастырып жатырмыз. Демеушіміз де бар, басқасы да бар. Бірақ соны ертең көрсетпейтініне мен кәміл сенемін. Енді амал жоқ, айтысты осы «айтыскер.ком» сайтына салып таратамыз ба деп отырмыз. Дискілерін де таратамыз. Билік шынымен қолдайтын болса, онда айтысқа барлық қамқорлық жасалуы қажет. Бұл - біріншіден. Ал екіншіден, ешкімнің аузына қақпақ қойылмауы керек. Ақын айтуы керек, ақындардың бәрі сауатты. Мынау мемлекеттік құрылысты құлатайық, Қазақстанды құртайық деп,  ешкім айтпайды. Ұлт араздығын ешкім тудырмайды. Енді өмір болғасын, қанша ілгері бастық, өрледік, дамыдық дегенмен, қазақ қоғамында қолбайлау болып отырған мәселелер көп-ақ қой. Осыны ақындар айтады, айтуы керек, әйтпесе ол ақын емес, айтылмаса ол айтыс та емес.

- Жұрттар айтысты проблема айтудың құралы деп түсінетін жағдайға жетті. Шындық айтылғаны, билікке де, өзімізге де сын айтылғаны жақсы, орнымен әрине. Ал, сонда айтыстың әзілі, қажыңы, қыз-жігіт айтысы, жұмбақ айтыс, қайымдасу секілді көптеген түрлері қайда қалады? Ел сонда айтысқа проблема есту үшін келе ме? Жоқ, астарлы әзіл, тапқыр сөз, ұтқыр ойларға тамсанып, дем алып қайтуға келуі керек деп ойлаймын. Сізше қалай, аға?

- Егер халықтың іздеп отырған сөзін айтпаса оның несі айтыс?! Әрине, оны көркем  сөзбен жеткізу керек. Айтыстың табиғаты, болмысы, өзінің дәстүрі сақталуы керек. Оның ішінде әзіл-қалжыңдары да әрқашан өріс тауып отыруы тиіс. Айтыстың көп жанрлары бар, баяғы Әуезов талдап кеткен. Олардың бәрін қазір неге жаңғыртпайсың дейді. Кешегі 80-90-шы жылдары біз жаңғырттық, айтысты аяғынан тік қойғанша. Бірақ оның ішінде шағын жанрлар бар қайымдасып айтысу, өтірік өлең айтысы, жұмбақ өлең айтысы... Ол қазіргі заманның талаптарына сай келе алмайды. Ақын оның ішіне сыймайды, айтып бере алмайды. Сондықтан біз әбден сыннан өткен қыз бен жігіттің айтысы, түре айтыс, сүре айтыс деген сияқты формаларын ғана  алып жүрміз. Телевизияға лайықтау керек. Баяғыда осындай айтыс болған екен деп, оның барлығының жанрын жетектеп жүруге келмейді.   Әр жанр уақыты жеткенде өледі. Халықтың сұранысына жауап бере алатын, қоғамның сөзін сөйлей алатын жанрларды ғана қолдап жатырмыз. Әрине, бір жағы шоу элементтері де болуы керек. Қызықты болғаны жөн. Оның үстіне біз айтыс дәстүрлерінің бәрін бұзып болған адамдармыз. Мен осыдан шошимын. Бұрынғы емін-еркін айтысатын кез жоқ. Айтыстың ең басты қасиеті суырып салып айту ғой, ал қазір біздің ақындарымыз суырып салып айтудан әбден шығынып болды.  Былтырғы Ринаттың көтеріп жүрген дауы рас. Ақындар күні бұрын дайындалып қояды, келісіп қояды. Одан айтыс қызық болмайды, табиғи қалпын сақтамайды. Кешегі Астанада өткен желтоқсанға арналған айтыста мысалы, анау жерге сурет іліп қойып, екі қошқар сүзісіп жатыр, соған қарап өлең айтыңдар деді. Мен  «ана сурет - не сурет?» деп түсіне алмай отырғанда, ақындар заулап кетіп бара жатыр. Әшейін дайындалып қойған нәрселер. Бүткіл айтыстың сценарий арқылы жасалғаны көрініп тұрды. Халық көрді, халық ақымақ емес, көрді, түсінді. Жазып алып айтысатын ақындардың айтысы халықтың көңілінен шықпайды. Айтыстың өз ақындары бар, мен атын атап айтайын,мысалы, Бекарыс Шойбеков. Табан астынан сөз суырып айтатын өзінің қасиеті бар. Сонысынан жиырма жыл бойы қайтпай келе жатыр. Осындай ақындар керек бізге. Жастар өсіп келе жатыр ғой, осы жастардың арасында жаттап айтатындары айтысты бұзып жүр деп ойлаймын. Әйтсе де, әдемі суырып салма ақындар да өсіп келе жатыр.

Жастар туралы сұрақ көп. Мысалы, Астанада Мейірбек Сұлтанхан деген ақын бар. Кешегі айтысқа оны қатыстырған жоқ. Мен қазіргі ақындардың ішінде ең бір дәстүрді білетін, тілді білетін, иірім, қайырымның бәрін білетін, суырып салып айтатын, арғы-бергіні қозғап айтатын тамаша талантты ақын деп есептеймін оны. Жандарбектен артық болмаса кем емес. Осындай ақындарды алаңға шығарып, айтыстың табиғатын сақтауымыз керек,  суырып салмалығын сақтауымыз керек.

Айтыскер ақындар туралы көп сұрақтар қойылған. Бір ақындар бағым ашылмай кетті дейді. Сіз қай ақынды сондай деп ойлайсыз дейді. Мен ондай ақын бар деп ойламаймын. Осының барлығы ақынның өзіне байланысты.

Біреулер сіз айтысты жекешелеп алған жоқсыз ғой, әкеңізден қалған мұра емес қой дейді. Олай емес. Маған айтыстың телевизиялық нұсқасына Мұхтар Құл-Мұхаммед көмектесіп, осыдан бірнеше жыл бұрын интеллектуалдық меншік ретінде патент алынып берілген. Бірақ мен оны ешкімге жариялап айтып, көрсетіп жатқан жоқпын. Ол айтыстың телевизиялық нұсқасына ғана берілген. Айтыстың өзін меншіктеуге ешкімнің де қақысы жоқ.

Екіншіден, Жүрсін Ерман айтысты меншіктеп алған ба, дейді. Сол қазақ осы жылдар ішінде не істеді екен? Мен айтыс үшін ақ тер-көк тер болып, әркімнің босағасын күзетіп, жалынып, жалпайып, біреуді алдап, біреуді арбап тілін тауып, осы айтысқа 200 машина таратып беріппін, тоқсан жетінші жылдың қазан айынан бері. Егер менің жеке еңбегім болмайтын болса, олар қайдан келді? Бұл баяғыда өліп кеткен, ұмытылып кеткен өнер еді ғой. Мен кеудемді қағайын деп отырған жоқпын. Бірақ әркімнің еңбегіне қарай құрметі болуы керек қой. Осыған ыза боласың. Қазақтың басын ауыртатыны, ақындардың қайсысының жүлде алғаны, қайсысының жүлде алмағаны.  Ана екі жүз машинаны сырттан келіп ешкім алған жоқ, осы қазақтың балалары бөлісіп алды. Кейде қазылыққа байланысты біреудің бағасы кеміп қалуы мүмкін, бірақ келесі жолы оның есесі толып жатады. Әртүрлі ситуация болады ғой айтыста. Мен бәрін данышпандықпен жасап отырмын деп айта алмаймын. Менің де пендешіліктерім болуы мүмкін. Бірақ мен оны Ресейге немесе басқа бір елге жіберіп жатқан жоқпын ғой. Осы ақындардың арасында жүріп жатыр.

Мэлстерді, Дәулеткерейлерді неге айтыстардан шеттетесіңдер деген сөз көп әңгіме болады. Шеттету жоқ. Мэлспен былтыр ауылына барып тұрып сөйлестім. Әй, шырағым, сен неге шегініп қалдың, дедім. Ол: «Мен басқа жолға түстім, өз мүмкіндігімді игеріп болдым. Енді өзімнің жеке шығармашылығыммен жүріп жатырмын», - деді. Оны мен зорлаймын ба? Ал енді, өз бетінше айтыстан кетіп қалып жатқан, тоқырап қалып жатқан ақындар бар. Маңғыстауда Нұрлан Мұсаев деген ақын бар. Керемет талантымен келді. Сол осы айтыстарға келмейтін болды. Екі-үш айтысқа келмей қойды. Сөйлессем, «келемін- келемін», дейді. Неге екенін түсінбеймін. Ақындығы қазір көш бастап жүрген ақындардан кем емес, артық болмаса. Не істей аламын мен оған? Болмаса, Әлібек Серғалиев деген Солтүстік Қазақстанан ақын шықты екі-үш жыл бұрын. Жалаулатып шығып, бірден жүлде алып, бір жыл бойы гуілдетті де, содан көрерменнің көз алдынан жоғалып кетті. Қазір қайда екенін ешкім білмейді. Ол қай жолға, қай мәзһабқа түсіп кетті, мен білмеймін. Болмаса Рүстем Қайыртайұлы деген ақын бар Алматыда. Алғаш айтысқа шыққанда оныншы сыныптың оқушысы еді, бірден астына темір тұлпар мінген жігіт. Қаншама айтыстарда мен содан үміт күттім, талай айтыстарға соны  сүйрелеп қостым. Ізденімділігі аз, әдемі көркем сөздерді өткізе алмайды. Қазіргі айтыста тек сөздің әдемі болуы ештеңе емес, соны жеткізе білу керек. Айтыс деген қазір шоуға айналды. Одан қорқудың қажеті жоқ. Ал енді сол Рүстемге әрі-бері қолқа салып көріп едік, дайындығы, айтысқа деген жауапкершілігі аз болды ма, өзінің көркем талантының шыңына шыға алмағаннан кейін қазір кішкене шеттеп жүр. Жақында маған хабарласып, «мен дайындалдым, айтысқа шығайын» деді. Шықсын. Бізге әр ақын олжа. Бір жерден бір ақынның құлағы қылтиса, қуанып қаламыз. Қызылордада күз айларында бір айтыс өткіздік.

 Серікқан Жүзеев, Ержан Әміров, Шымкенттен Садықбек Асхатов, Ақтөбелік Ершат –жап-жас ақындар, барлығы осы өнердің туы болуға дайын тұрған жігіттер. Осы айтысты неғұрлым жиірек өткізіп, оларды халықтың алдына жиірек шығарсақ, қаншама рухани олжаға кенелер едік. Ешкімнің сағын сындырғымыз келмейді. Өйткені бұл  халықтың қазынасы.

Қазір қыз балалардан ақындар азайып кетті.  Белсенді айтысып жүрген төрт-ақ қыз-келіншек қалды. Олар - Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Жансая Мусина, Әсем Ережеқызы. Жас қыз балалар шықпай жатыр. Міне, мен осыны уайымдаймын. Неге олай болып жатқанын және түсінбеймін. Біраз жерде ақындар мектебі жұмыс істеуде. Ақындар одағы арқылы екі-үш жерде қолдау жасап, ақындарды оқытып, үйретіп жатырмыз. Солдардың арасынан шығады деп ойлаймын. Осыған бас ауыртудың орнына, біздің қазақ қоғамы өзінің сиықсыздығын көрсетіп, анау неге мәшине алып кетті, мынау неге алмайды дегеннен басқа уайымы жоқ.

Қазақ қарап отырмайды. Бір кебісті бір кебіске сұғып отырады. Бекболат пен Жүрсіннің арасынан ши шықса, Дәурен Қуатпенен Бекболаттың арасында ши шықса екен. Соған Жүрсін келіп отына май құйса деп отырған адам көп мынаның ішінде. Бұл - барып тұрған оңбағандық, ұятсыздық. Қазаққа жан ашығандық емес бұл. Қайта бәле іздегендік. Қазір қазақ қоғамы кемелденетін кезеңге таяды. Неге дейсің ғой, Тәуелсіздіктің 22-23-ші жылына кеттік. Енді «Қазақ қоғамы қайда барамыз?» дегенге бас ауыртуы керек. Дінімізді қалай түгендейміз, тілімізді қалай жаңғыртамыз, сақтаймыз. Толып жатқан мәселе бар. Ұлттық идея деген қайда? Енді осыны іздеу процессі жүріп жатыр. Соны таппасақ та, ақиқатты, қазақ қоғамын сауықтыруға, қазақ қоғамын серпілтуге, рухын көтеруге қызмет істеп жатқан кезең. Мен осылай түсінемін, соған қуанамын. Бірақ осы айтыс-тартыс пен  ізденудің, дау-дамайдың кезінде әдеп сақтау керек, мәдениет сақтау керек. Астына атымды жазбайды екенмін деп, көрінген сөйлеп, не болса соны сөйлеп, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығатын қазақтар – бұлар қазаққа жаны ашыған қазақ емес, қазаққа дұшпандар бұлар. Қазаққа сырттан кеп ешкім де дұшпан боп отырған жоқ. Орыс та, орман да, қытай да қазаққа зиян істеп отырған жоқ. Қазақ зиянды өзіне - өзі істеп жатыр.

Сіз мына қоғамдық белсенділер немесе басқалардың ісіне қалай қарайсыз, топтасып мәселе көтеретін ұжымдық хаттарға қол қоймайсыз ба деп сұрағанда бар екен. Ұжымдық хаттарға қол қоймаймын! Ұжымдық хаттармен бір нәрсе шешілгенін көрген емеспін. Бірақ, қаламгер ретінде, жазушы ретінде оның позициясы болуы керек деп түсінемін. Онда да шектен шығудың қажеті жоқ. Бір ағамыз айтып жүр ғой, мен ақындарды оның шығармашылығынан бұрын, оның өмірлік ұстанымына қарай бағалаймын деп. Сондықтан, Махамбетті Абайдан гөрі жоғары қоямын, Махамбеттің басы кеткен, Абай әрекет істемеген дейді. Не деген сөз бұл? Мыңмен жалғыз алысқан Абай, Абай біздің данышпанымыз, қағбамыз, құбыламыз. Оған осындай сөз айтуға бола ма? Белсенді позицияңды ұстан, көрін, бірақ әр нәрсе орнымен болуы керек.

Бауыржанға, Дәулеткерейге, Аманжолға байланысты көп құйтырқы сұрақтар түсіпті. Осы Аманжолға бәйгені неге бере бересіңдер депті біреу. Аманжол күнде туып жатқан ақын емес. Аманжол сияқты ақындар далада жатқан жоқ, ол қазақтың олжасы. Көркімен де, келбетімен де, өлеңімен де, сазымен де, мақамымен де ақындардың алдында жүрген адам. Енді ол бір жолы сіздің ойыңыздағы сөзді айтпады екен деп, оны ешкім сүріндіре алмайды ғой. Алда жүрген адамға, озық жүрген адамға  сондай көзқарас болады өзі. Кім озып келе жатады, қазақ соны сүріндіргісі кеп тұрады. Аманжол қырық машина мінсін, отыз машина мінсін – еңбегімен алған адам. Халықтың ықыласына, махаббатына бөленген адам. Ол менің жақыным, інім болып алып жатқан жоқ. Сол жерде мүйізі қарағайдай болып қазылар алқасы отыр ғой. Болмаса бір ғана Жандарбекті алайық. Қонаевтің 95 жылдығында үш машина мінгіздік. Жап-жас қарғадай балаға.  Неге? Талантын бағаладық, құрметтедік. Бірде алай, бірде былай... Бірақ бізге керегі кімнің жүлде алғанында емес, қазаққа қажетті сөз айтқанында. Айтысты сол үшін пайдалануымыз керек. Ал,жүлде  - қазақтың дәстүрі, кәдесі.

Айтысты «Нұр Отан» партиясы қолдаса,  бұл бір жағынан жақсылық та болуы мүмкін. Елдегі басшы партия айтысты өзінің қызметіне жаратып жатса, оппозицияның партиялары неге айтысты қолдамады, неге соны пайдаланбады? Халыққа сол керек екенін біліп тұрып, қолдарынан келер емес. Өйткені олардың басында отырған адамдардың жүрегінде қазақ қаны жоқ. Айтыстың қасиетін білмейді. Айтысты кім пайдаланамын десе де, халықтың басын біріктіруге, ұлтты ұйыстыруға, еңсесін көтеруге дәрменді, қуатты өнер деп пайдаланса, оған неге біз қарсы болуымыз керек? Бірақ айтыстың аузына қақпақ қоймау керек.

(жалғасы бар)

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570