Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Әдебиет 1954 14 пікір 19 Шілде, 2024 сағат 17:13

Талғат Теменов: Қазыбек қазаққа керек ақын!

Коллаж суреттері Abai.kz / Википедия

Ақын Қазыбек Исаның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Сыртолғау» жыр кітабы туралы пікір

Қазіргідей заманда осындай шынайы да, мөлдір поэзия керек!

ПОЭЗИЯҒА ОБЬЕКТИВТІ КӨЗҚАРАС

«Әлқиса, алдымен Сөз болған», - дейді. Киелі кітапта ма, Тауратта ма, есімде жоқ. Анық-қанығын білмеймін. Білетінім, Хакім Абай: «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы», - дейді. Ал Мұқағали: «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіңе қайтарамын», - десе керек. Қалай болғанда да поэзия оңай дүние емес.

Қазір жасанды интеллект пайда болды. Үйді де салады, машина да жүргізеді, тамақ та пісіреді. Және оның шыңы әзірге белгісіз. Менің білетінім, ол құдірет тек өлең жаза алмайды! Себебі, жан жоқ. Өйткені, поэзия жаныңмен жазылып, жүректен шығатын, ақылмен сусындап, сезімге шомылар кәусар бұлақтай, мөлдір дүние. Ол тіпті, сөзбен жеткізуге қиын нәрсе. Таңғы шықтай мөлдір, оттай ыстық. Хас сұлудың алғашқы сүйгеніндей ғажап. Ия. Поэзия деген меніңше, осылай болар деймін...

Әсіресе, дәл қазір қазақ тілі эмиграцияға ұшырап, есінен ауып, ақтабан-шұбырынды күйге түскелі өлеңнің қадірі кеткен керзаман болды. Кезіндегі поэзияны оқитындар да, көңіліне тоқитындар да сиреп барады. Дәл осындай кезеңде ақындарды «қызыл кітапқа» енгізетін уақытта жақсы өлең оқу жан азығы екен.

Мен әдебиетші емеспін. Тіпті, филологиядан дәріс тыңдамаған жанмын. Мен жай ғана оқырманмын. Дейтұрғанмен Алашқа аты мәшһүр, қазаққа қамқор азаматтың жыр кітабын оқып отырып, бір-екі ауыз лебіз білдіргенді жөн көрдім.

Қазыбек Иса – қазір қазақ руханиятында да, мәдениетінде де, әдебиетінде де, саясатта да орыны бар жігіт. Кезінде қазақ тілі деп күрескен Қазыбектен аманат емес, жаман ат іздеп, шуылдаған шуылдақтар бүгінде көрінбейді. Шамасы «жалмауызға да жан керек» деген-ау. «Заказ» берген бастықтары сыртқа кеткен-ау шамасы…

Хош делік. Сонымен, кітаптың аты «Сыртолғау» екен. Елең еткізер атау. Жыртолғауды естігем. Сыртолғауы не екен? Кітап үш бөлімнен тұрады. Алғашқысы – Сырнама, екіншісі – Рухнама, соңғысы – Мұңнама.

Естімеген сөз - Мұңнама.

Осындағы маған етене таныс тақырыптың бірі – «Біз, бәрібір біргеміз» атты махаббат жыры. Оптимистик атау. Аты әлемге мәшһүр Шыңғыс Айтматовтың жазған «Раймалы мен Бегімай» жыры. Жасы алпысты алқымдаған әнші, жыршы, сері Раймалыға он екіде бір гүлі ашылмаған он жетідегі Бегімайдың ғашық болуы. Бегімайдай ару қатарлас, құрдас, замандас жігітке емес, Раймалыдай талантты, дарынды адамға ғашық болуы жайлы. Өсек терген, ордалы жыландай ысылдаған қатын-қалаштың сөзіне пысқырмайтын арудың шешімі. Бұл дүниені мен Қалибек Қуанышбаев театрында сахналағанмын. Әйгілі «Жәмилә» повесіне осы Раймалы мен Бегімайды қосқам. Бегімай тек қырғыз, қазақ тарихында ғана емес, орыс әдебиеті, қала берді әлемдік әдебиетте де қайталанбас образ. Құлақ салшы, қадірлі оқырман, Бегімайдың үніне.

«О, Раймалы аға, мен осы күнді бойжеткен қыздың неке тойын армандағанындай армандадым. Бірақ, мен әлі кішкентай едім: ал сен болсаң алыстағы айдай заңғар едің, жан-жағың қаумалаған қалың жұрт еді, сол көптің арасынан мен сенің көзіңе қайдан іліге қояйын. Ал сенің ән-жырыңа елітіп, мас болған мен байғұс, ұяттан жүзім жанып өртенсе де, көңілімде сенімен бір болуды қиялдап, тіпті ертерек әйел болуды аңсадым, саған тезірек кездесіп, бар сырымды жасырмай айтқым келді».

Ия... Бегімай осылай сөйлейді, осылай қиялдайды... Бұл Айтматовтың алғашқы повесі «Жәмиләдан» тараған кейіпкер. Махаббаты үшін бәрі-бәрін тәрк еткен бейне. Бұл оқырман көптен күткен, талайдан аңсаған әйел образы. Бұл Шығыстың Жанна Д'Аркі. Джордж Амадудың Тереза Батистасы. Тек Жәмилә мен Бегімай өз бақыты, өз сезімі үшін күрескен кейіпкерлер.

Енді біздің ақын не депті?

Бегімайдың əнін тыңдап жүргенде,
Мен де бүгін саған, күнім, жолықтым.
Ғашық болған ақынды ақтап бір демде,
Жүрегімнің барын білдім – соны ұқтым.

Ақын Қазыбек Иса ағынан жарылады, осылай. Қоғам мен Тұлға, Тобыр мен Ақын. Бұл мәңгілік текетірес, тайталас. Және бұл шайқаста ешқашан дара тұлға, ақын жеңбеген. Көп қорқытады, терең батырады. Өйткені, қоғамның өз заңы, өз Конституциясы бар. Оған бағынбасаң, өлесің. Солай, солай... Раймалы мен Бегімай, Еңлік - Кебек, Ақан сері - Ақтоқты, Тристан-Изольда, Фердинанд - Луиза т.б ғашықтар. Бірақ, дарындыға, талантқа, ақынға өлім бөгет бола алмайды.

Түсінер ел асқан кезде арнадан,
Ақынды бұл сөзі құнды, көзі - мұң…
Біздер, жаным, тілейік бір Алладан,
Бегімайдың тағдыры емес, сезімін…

Шайыр қазір пенде кейіпте аруына Алладан тілек тілейік дейді. Жанымызды алсаң ал, Аллам, сезімімізді ала көрме дейді. Бұл шын ғашықтың тілегі, ниеті, сұрауы. Ешқандай байлық емес, Алладан тек Сезім ғана сұраған ессіз Мәжнүннің аласұруы дерсің...

Жанғандарды Маxаббаттың отына
Неге өртеді тобыры өңкей түнектің.
Тап болмай біз соқырлардың сотына,
Өртенейік жалынына жүректің!..

Соқырлардың сотына... қандай әдемі тіркес. Күнделікті көріп жүрген, естіп жүрген, тыңдағысы келіп жүрген соқыр қоғамның сотын ақын ашып айтады.

Жалпы, Қазыбек Иса батыл айтады, батырып айтады. Сезімге де солай, ғашықтығын жасырмайды. Шын ақын солай болған дүр.

Саған, жаным, алып ұшып жетейін,
Бір көруге кедергі екен тегі не?
Еркем, сені ертіп алып кетейін,
Ел бармаған Ертегілер еліне!

Осындағы шумақ қалай әдемі өрілген. Халық әні есіңізде болар. «Асыққаннан тимейді өкшем жерге, жеңеше-ау» деген. Бозбаланың ғашық болған жеңгесіне асыққан сәті. Бұл өзге елдер түсіне бермейтін ұлы дала философиясы. Амалсыздан «Любовь не знает логики, она выше разума. Любовь пребывает на вершинах, над долинами разума» деген Джек Лондонның сөзі еске түседі. Біздің ақын да дәл солай.

Ия, Қазыбек лирик ақын. Кешегі Тұманбай салған соқпақпен, Жұматай жүрген жолменен Қазыбек ақын да сапарға шығыпты.

Қазіргідей лепірген рэптің кезінде өлең байғұс ұялған қыздай, шымылдықтың артына жасырынған заманда осындай шынайы да, мөлдір поэзия керек-ті.

Ендігі бір тоқталатын өлең ол «Жер бетінде періштеге жоқ орын» толғауы. Есімде бар, ол өлеңнің қалай туғаны. Бұл - өлең емес, мен үшін реквием...

Дәл Астананың іргесінде бір үйден бес қыз өртеніп кеткен. Неткен трагедия, неткен қайғы!? Бұл оқиғаны алғаш естігенде төбемнен біреу тоқпақпен ұрып жібергендей әсер еткен еді. «Атам деп жылатсаң жылат, ботам деп жылатпа» деген қазақ атамыз. Бұл қоғамның 30 жылғы асқан-тасқан кескінінің көрінісі. Міне, сол трагедия ақын назарынан тыс қалмаған.

Шекесі тар шенеуніктер ұсақтап,
Балалардың несібесі тоналды....
Аязында Астананың бірін-бірі жылытумен құшақтап,
Жатқан қыздар жалынды отқа оранды...

Бұдан кейін қоғамға кім сенеді?
Көктей солды қызғалдақтар көкөрім...
Көкке ұшып кетті олар, себебі,
Біздің елде періштеге жоқ орын!..

Трагедияның үлкен-кішісі болмайды. Алайда, кіп-кішкентай сәбилердің шейіт болуы – бұл өткен жүйенің бетпердесі. Халықты алдаған, арбаған, қорқытып, атып-асқан биліктің шынайы көрінісі. Ақын сондықтан да «Жер бетінде періштеге жоқ орын» деп, қан тамған қаламын ақ қағазға сүйкеген. Біздің елде, біздің жерде періштеге орын жоқ деп, ах ұрады, айқай салады! Қайда барса, Қорқыттың көріндей, Назарбаев қамалына амалсыздан шекесін соғады. Қанжоса болған маңдайын, талқан болған таңдайын тәрк етеді, періштеге амалсыз… Беу, дүние!.. Осы жерде Қазыбектен шегінсек, қазақтың жастары білсін десек, осы бес періштеге ескерткіш қою біздің парызымыз. Ия, Қазыбек бес періштеге өлеңмен ескерткіш қойды. Күндердің күнінде сол ескерткіш қойылып жатса, Қазыбектің өлеңі онда ойылып жазылатынына күмән жоқ. Себебі, біз «әр қазақ менің жалғызым» деген ауылдан боламыз.

Қазір Қазыбек Иса өндіріп жазып жүрген шайырлардың бірі. Қазақ тілі деп күресіп жүргендердің бірі де, бірегейі. Себебі, Қазыбек қазаққа керек ақын, қазаққа жанашыр шайыр. Өйткені оның арман-тілегі елінің жарқын болашағында.

Ақ жол, Қазыбек бауырым. Кинокамерада нешетүрлі обьектив болады. Бірі үлкен, бірі кіші. Мен де сол обьективті қолдандым.

Ол - шындықтың обьективі.

Сондықтан, ақын Қазыбек Исаның «Сыртолғау» жыр кітабы Мемлекеттік сыйлыққа нағыз лайықты туынды деп бағалаймын.

Талғат Теменов,

Кинорежиссер, Қазақстанның халық әртісі

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1515
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3285
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5842