Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 1026 5 пікір 23 Шілде, 2024 сағат 13:59

Ел бірлігін қорғау жолдары: Абай не дейді?

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Жеке адамдар ғана емес, отбасылар, ұлттар, мемлекеттер мен империялар, тіпті, ұлы өркениеттер бұл әлемде түгелдей жоғалып жатады. Батыс елдеріндегі отбасының бүлінуі мен демографиялық кризис, Осман және Ұлы Рим тәрізді империялардың, адамзат тарихындағы фәни өмірдің шыңына жеткен Лемурийлық, Атлантийдалық өркениеттердің жойылып кетулері осының көріністері.

Олардың жойылу себептері неде?

Рухани тұрғыдан қарастыратын болсақ, фәни әлемде қандай көрініс болса да, олардың барлығы заттық болмыстың өзімшілдік (жалған эго) қасиетінен туатынын көреміз. Өзін затпен балаған жаннан шығатын өзімшілдік қасиет фәни әлемнің заңдылықтарын тудырып, оның негізгі қозғаушы күші болып табылады. Сонымен бірге, Болмыс бірлігін бұзатын негізгі себеп те осы өзімшілдік болып табылады.

Өмірімізді дұрыс түсіну үшін оны осы тұрғыдан қарастырып көрелік.

Хакім Абай мен орыстың ойшыл жазушысы Л.Н.Толстой өмірді ағып жатқан сумен теңейді. Адамзат қауымындағы түрлі қоғам, құрылымдарды, сонымен бірге, әрбір жан иесін материалдық әлемнің өзенінде жүзіп жүрген түрлі кемелермен салыстыруға болады. Жан иелері қайықтар болса, ал түрлі құрылымдар өздерінің мөлшеріне байланысты кемелер, тіпті үлкен лайнерлерді құрайды. Қолдану жағдайына байланысты су бетіндегі бұлардың өмірі ұзақ, не болмаса қысқа болып, өздерінің барар жеріне жете алмауы мүмкін. Материалдық әлем өзгергіш, пайда болған соң қайтадан жойылып, басқа түр алатындықтан, әлемнің шексіз суында жүзіп жүрген бұлар да уақыты келгенде шегіне жетіп, өзінің өмірін тоқтатып жатады. Оның себебі, өмірдің бірлігінің бұзылуы. Адамдардың арасында алауыздық туып, бірлік бұзылғанда қайықтың  жүрісі өзгеріп, бағытынан айырылып, тіпті құзға құлауы да мүмкін. Сол сияқты, қандай құрылымның өмірін ұзарту үшін де бірлікке ұмтылып, оны қолдана білу керек. Ол үшін білім керек екені белгілі. Өзімізге берілген өмірді дұрыс қолдану үшін де оның бірлігін нығайта білуіміз керек. Абай да «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деп ескерту жасаған.

Материалдық әлемді уақыт ықпалымен ағып жатқан өзен ретінде қарастыратын болсақ, ал рухани әлем оның сыртында жатыр. Материалдық әлем өзгеріп отыратын уақытша және қасіретке толы болса, ал рухани әлем мәңгілікті және ләззатқа толы. Материалдық әлемде жүрген жан иелерін Алла Өзінің Нұрымен рухани әлемге тартып, қызықтырады. Алланың Нұрымен сезініп, біз Түп Иеге ұмтыламыз. Түп Ие біздің негізгі бағытымыз. Денеміз, және онымен байланысқан отбасы, қоғам, ұлт тәрізді тағы басқа қоршаған ортаның көріністері өмір өзеніндегі бізге берілген кеме екенін түсінетін болсақ өзімізге берілген бұл заттық болмысымызды (оның кеме екенін) түсініп, дұрыс пайдалануға мүмкіндік туады. Л.Н.Толстой көрсеткендей, сол кемемен өзеннің екінші жағалауына біз жүзіп өтуіміз керек. Өзеннің бетіндегі толқындар нәпсінің ықпалымен үздіксіз соққан тән құмарының дауылымен пайда болған өмірдің түрлі қуанышы мен қайғысы. Бейберекет толқындар бізді бірде қуантып, бірде қорқытып, кемені жан-жаққа шайқап, жоғары-төмен лақтырады. Өмір көрінісі дегеніміз осы.

Иман кемені алға итеретін жел. Иманнан туған үміт, алға қойылған мақсат, бойға біткен  қайрат белгілі бір нәтиже береді. Кеменің жүзуі желдің қуатына байланысты болғандықтан, иман күшейген сайын жүзуіміз де жылдамдай түседі. Бірақ дұрыс бағыт болмаса, кемеміз болмыстың рухани жағасына емес, нәтижесі басқаша болып, құзға апарып құлатуы да мүмкін.

Кемеміздің жүзу бағыты желдің бағытына, яғни иманға байланысты.  Егер бір Жаратушыға сенетін болсақ, онда иманымыз кемемізді рухани әлемге бағыттайды, ал өзімшіл болып, тек өзімізді ғана ойлап, бірлікті бұзатын болсақ, онда кеменің бағыты өзгеріп, надандық пен қасіретке, яғни құзға апарып құлатады. Әдетте бұл фәни өмірдің көрінісі.

Қазақ халқы өмірдің неше түрлі тар соқпағы мен тайғақ жолында бір өліп, бір тірілді емес пе? Бұл шексіз әлемде кемеміздің белгілі бір бағыты болмай, мақсатсыз жүзуіне көп уақыт өтті. Бабаларымыз ғұн, сақ, қыпшақ дәуірінде бүкіл әлемнің қозғаушы күші болып, Шыңғысхан мемлекетінің құрамында қанша елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, кеуделері жоғары болды. Бірақ, соңғы үш-төрт ғасырдың ішінде жоңғарлардың тепкісін көріп, Ресейдің боданына айналып, Кеңес дәуірінің шырмауына түсіп, көрген қасіреті көбейді. Сол жағдайымыз бүгінгі күндерге дейін жалғасып келеді деуге болады. Рухани тұрғыдан қарастыратын болсақ, фәни әлем дегеніміз осы. Оның не екенін тағдыр осылай көрсетіп отыр.

Кемеміз кейде батып, кейде судың бетіне қайта қалқып шығып, бізге көптеген зардаптар әкелді. Батқанда суға қақалып, жалбарынып Алладан көмек сұраймыз, ал судың бетіне шыққанда уақытша тыныштыққа жас баладай қуанамыз.

Бүгінгі күндеріміз сол тыныштық дәуірдің бір кезеңі. Ғасырлар бойғы бодандықтан құтылып, енді тәуелсіздік алып, бойымыз кеңіді. Ғылыми-техникалық өркениеттің арқасында табиғаттық ықпалынан шығып, жылы үй мен мол тамаққа кенелдік. Тағдыр берген жер қойнауының байлығы мен жеріміздің кеңдігі ешбір қиындықсыз еркін өмір сүруге мүмкіндік береді. Рухани және материалдық құмарлықтарымызды толық қанағаттандырып, бақытты өмір сүруге болатын дәуірге жеттік. Тіпті, өміріміз «күнде ойын, күнде той» дегендей үздіксіз мейрамға айналып кеткен тәрізді.

Осы бақытты өміріміз мәңгілікті ме? Енді осы сұрақтың төңірегіне келейік.

Өмірдің көкжиегінде Алла нұр шашып, бізді өзіне шақырып, бағыт беріп тұрғандай. Бүгінгі бейбіт өміріміз сол нұрдың шапағаты. Бірақ бұл нұрды сезіне алмай, оны дұрыс түсінбей, біз ойын сауыққа беріліп кеттік. Дұрыс пайдалана алмай жүрміз. Әрненің өзінің мөлшері мен сұрауы болады. Сондықтан бұл бақытты өмірдің де кезегі мен сұрауы бар. Егер кемемізді Алланың Нұрына бағыттап, рухани қуат алмасақ, өмір толқынындағы сауық құрып жүрген кемеміз суға қайтадан батып кетуі мүмкін. Толқынның алмасуы табиғи заңдылық. Тағдырдың қыспағына қайтадан түсіп қалмау үшін дер кезінде есімізді жиып, жүрек көзін ашып, кемемізді нығайту керек. Әлем толқынындағы жүзудің мәні өзіміздің тәнімізді қанағаттандыру үшін емес, одан да жоғары мақсат бар екенін түсіну керек. Ол мақсат бірлігімізді нығайту болса керек. Оған  ұлы Абай бабамыз көрсеткендей «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі» арқылы ғана жетуге болады. Ынтамызды өзімізді құтқаратын Алла тағаланың Нұрына бұруымыз керек. Сонда ғана өзімшілдіктен арылып, «Адамзаттың бәрін сүй» (Абай) деңгейіне ұмтылып, бұл фәни әлемнің қыспағынан шыға аламыз. Үміт пен ынта-жігер пайда болып, жетілудің жарқын жолына түсуге болады. Бірақ, бұл жолға түсу үшін, әуелі көптеген нәрселерге ие болу керек.

Тән құмарынан шығатын өзімшілдік дәрежесіне байланысты өмір толқындарының әсері әртүрлі болады. Өмірдің қандай өзгерісі болса да, өзімшілдікке берілмей, оны сабырмен дұрыс қабылдай біліп, қиянатсыз, көпшіліктің бірлігіне бағыттау керек. Мұндай қасиет өзіміздің ақыл-есімізді, мінез-құлқымызды, яғни дене-кемемізді дұрыс пайдалана білуімізді керек етеді.

Өмір толқындарына қарсы тұра алмасақ, тіршілік  шырғалаңдары жетілу барысымыз мүлде тоқтап, тіпті, кейін кетуіміз де мүмкін. Өмір толқындарын дұрыс пайдалану үшін олардың пайда болу себептері мен мәнін білу керек. Бұл физика, химия, астрономия тәрізді физикалық әлемді зерттейтін, психология, парапсихология, гипноз, спиритуализ тәрізді нәзік әлемдерді зерттейтін  Болмыстың материалдық бөлігіне көңіл бөлу керек деген сөз.

Фәни әлем өмірден сабақ алып, жүрегімізді тазарту үшін Алланың бізге берген шексіз мейірімділігі екенін естен шығармау керек. Бұл мейірімділікті дұрыс түсінбей, дұрыс қабылдай алмасақ, бірлігімізді нығайту қиынға соғады. Өмір көріністері бізге оларды қабылдауымызға байланысты жақсы, немесе жаман болып көрінеді. Санамызды өсіріп, рухани тұрғыдан қабылдасақ, өмірдің әрбір толқыны біз үшін үлкен сабақ болып, оны өз пайдамызға айналдыра аламыз. Бұл Құдайды тану, өзімізді тану арқылы Болмыстың рухани бөлігін меңгеру деген сөз. Осылай материалдық және рухани білімді біріктіріп, Болмысты толық тануға болады.

Кемеміздің дұрыс жүзуі үшін Алла тағала пайғамбарларды, рухани ұстаздарды, хакім-әулиелерді және басқа да рухани ұстаздарды капитан ретінде жібереді. Осылай халқымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар арқылы ислам дінін қабылдап, тағдыр Абай мен Шәкірім, Ахмет Ясауи, әл-Фараби тәрізді ғұламаларды жіберді. Бұл капитандар кемені жақсы білетін, жүзудің дұрыс бағытын көрсететін тәжірибелі жүзушілер. Кемені дұрыс басқарып, жақсы жүздіре алатынына толық сенетін болсақ, біз алдымыздағы көптеген қиыншылықтардан құтыла аламыз. Олардың берген тәлімі, рухани еңбектері кеменің дұрыс бағытын көрсетіп, еркін алға жылжуға мүмкіндік беретін компас тәрізді.

Рухани ұстаздардың көмегімен дене-кемемізге ішкі және сыртқы тазалықтың керегін біліп, үнемі күтіп, мезгілімен жөндеуден өткізіп отырамыз. Осылай бүгінгі құлдыраған медицина, білім беру жүйелерін қалпына келтіруге мүмкіндік туады. Рухани ұстаздарға деген сенім мен иман соққан жел тәрізді бізді аңсаған арманымызға қарай жүздіреді, және жел күшейген сайын жүзу жылдамдығымыз да арта түседі. Керек- жарағымыз түгел болғанда кеменің желкенін толығымен ашып, нысанамызға қарай барынша ұмтылуға болады. Бұл алдыңғы шептегі елдер қатарына жетуге мүмкіндік береді. Ал түпкі нысана – өмір өзенінің сыртындағы мәңгілікті және шексіз ләззат пен санаға толы Рухани әлем.

Бірақ, кемеде тән құмары тудырған өзімшілдік адамдардың арасында жиі алауыздықтар тудырып отырады. Жолаушылар отбасы, халық, мемлекет, дін тәрізді түрлі бөліктерге бөлініп, өзерінің менмендік сезімдеріне бой береді. Бөліктердің әрқайсысы өздерін және кемедегі рөлін басқалардан жоғары қойып, басымдылық көрсеткісі келеді. Ортақ мақсат ұмытылып, бөліктердің арасында алауыздық туады.

Осылай бүгінгі күндері исламшылар мен тәңіршілердің арасында қайшылық үдеп, олар енді бірін бірі түсінуден қалды. Мақсаттары – халықтың бірлігін ойлап, қарсыласын түсініп, бір ымыраға келу емес, тек қана өздерінің менмендігінен шығатын  жеке мүддесін қорғап, қарсыласын жеңу. Мұндай жол өшпенділікті күшейтіп, ешуақытта келісімге әкелмейді. Осылай бұл екі ағым тұтас халықты екіге бөліп, мәңгілікті жауластырып жіберуі мүмкін.

Осы 2024 жылғы мамыр айында тәңіршілдікті дін ретінде тіркеуге петиция жарияланды. Бұл петицияны қолдаушылар саны да көбейіп барады.  Егер петиция қабылданып, тәңіршілдік дін ретінде қабылданатын болса, онда қазақ халқы екіге бөлінетін болады. Сан жағынан алғанда үлкен жерге ие болып отырған азғана халық өзінің бірлігінен айырылып, үлкен құзғындардың жемтігіне айналуы оңайланады.

Осындай жағдайды түсінген Қырғыз елі мұндай құбылысқа жол бермей, тәңіршілдік туралы ұсынысты қабылдамай тастады. Біздің елде де халықты екіге бөлуге жол берілмеу керек. Сондықтан, жарияланған петицияны қабылдауға болмайды! Мұндай петицияны қабылдау келешекте қазақ халқы үшін өліммен тең десек артық болмайды.

Орта Азиядағы елдердің арасында тәңіршілдіктің осындай бас көтеру себебі тек қана Қазақстан мен Қырғызстанда ғана байқалады. Себебі, бұлар отырықшылыққа көшкен соңғы елдер болғандықтан, тәңіршілдік жақсы сақталған. Бірақ, оны ғасырлар бойы қалыптасқан исламға қарсы қоюға болмайды.

Діни ағымдардың бір халықты түрлі бөліктерге бөлген мысалдар тарих қойнауында баршылық. Әуелде бір ел болып  отырған бенгал халқы бүгінгі күндері бірлігі бұзыылып, Батыс Бенгалия және Бангладеш болып екі мемлекетке айырылып кетті. Тұтас Индия елі Пакистан және Индия мемлекеті болып бөлінді. Югославия да ыдырап, бірнеше ұсақ мемлекетке айналды. Айта берсе, діни ағымдардың әсерінен пайда болған мұндай мысалдар адамзат тарихында жеткілікті. Олардың осылай бөлініп, тұтастығын жойып алу себебі біреу ғана. Ол себеп -- өмірдің түпкі мақсатын ұмытып, өзімшілдікпен алауыздық тудырып, ел бірлігінен айрылып қалу. Бұл елдер тән құмары тудырған өздерінің менмендігіне ие бола алмай, түрлі діни ағымдардың ықпалымен Болмыс үйлесімдігін бұзып, ортақ кемелерін дұрыс пайдалана алмай, бүлдірді. Осылай бөлініп кетті. Бірліктен айырылу адамзаттың даму қарқынын тежейді. Сондықтан, бүгінгі тез өзгергіш аумалы-төкпелі заманда бүкіл әлемді құтқару үшін ортақ мүддені ұмытпай, халқымыздың ғана емес, бүкіл адамзат кемесіне дұрыс бағыт беру керек болып отыр.

Еліміздегі екі ағымның арасындағы алауыздық та адамдардың арасында іріткі салып, ел бірлігіне үлкен қатер тудыратын құбылыстардың бірі. Одан құтылу үшін жүрек көзін ашып, Болмыс бірлігіне ұмтылу керек.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383