Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4723 0 пікір 17 Қаңтар, 2014 сағат 06:56

Нұрлан Сәдір. Құрт пен құлдық сана-сезімнен құтыламыз десек...

         Қоғам құлдықтан құтылғаннан кейін жүргізілуі тиіс ең басты шара – деколонизация. Егер бұл шара жүргізілмесе, жүргізілуі кешеуілдесе не шала-шарпы жүргізілсе колониялық сана сезім құрт сияқты жыбырлап мазаны алады, берекетті қашырады. Медицинада бойдағы құрттардан арылуды  «дегельминтизация» деп атайды. Екеуі де түрлі формадағы құрттардан арылуды білдіретіндіктен, мен осы мақала арқылы деколонизация мен дегельминтизация арасында паралель жүргізіп көрмекшімін. Гельминттер адам өміріне тіп-тіке қаупі жоқ - адам баласы оны бойында ұстаған күйі жылдар бойы өмір сүре бере алады, бірақ адамның жалпы саулығына кәдімгідей кері әсер етіп оның өмір сапасын төмендетеді. Колониялық сана сезім де солай, оны бойында ұстаған адам тірлігін жасайды, алайда рухани саулығына үлкен нұсқан келеді, одан арылмаған адам еркіндік алса да бұрынғы қожайындарының алдында бүгежектейді, өзін олардан кем санайды, өзін қор санау сезімі («комплекс неполноценности») өмірін әбден улап бітеді.

         Қоғам құлдықтан құтылғаннан кейін жүргізілуі тиіс ең басты шара – деколонизация. Егер бұл шара жүргізілмесе, жүргізілуі кешеуілдесе не шала-шарпы жүргізілсе колониялық сана сезім құрт сияқты жыбырлап мазаны алады, берекетті қашырады. Медицинада бойдағы құрттардан арылуды  «дегельминтизация» деп атайды. Екеуі де түрлі формадағы құрттардан арылуды білдіретіндіктен, мен осы мақала арқылы деколонизация мен дегельминтизация арасында паралель жүргізіп көрмекшімін. Гельминттер адам өміріне тіп-тіке қаупі жоқ - адам баласы оны бойында ұстаған күйі жылдар бойы өмір сүре бере алады, бірақ адамның жалпы саулығына кәдімгідей кері әсер етіп оның өмір сапасын төмендетеді. Колониялық сана сезім де солай, оны бойында ұстаған адам тірлігін жасайды, алайда рухани саулығына үлкен нұсқан келеді, одан арылмаған адам еркіндік алса да бұрынғы қожайындарының алдында бүгежектейді, өзін олардан кем санайды, өзін қор санау сезімі («комплекс неполноценности») өмірін әбден улап бітеді.

         Бойдағы құрттардан және құлдық сана-сезімнен арылу – біршама азапты процесс екенін біле жүрген жөн. Себебі, құрт пен адам, құлдық сезім мен сана жылдар бойы бірге болып, тұтасып кетеді, құрт және құлдық азабы да – ондай жан төзгісіз емес болып сезіліп, бой көндігеді, тіпті екеуінің арасында кәдімгідей баланс орнайды.  Ал осы «үйреніскен жау»-ды бойдан қуу жаңағы жауды бұйығылау қалпынан қабаған күйге түрлендіреді – антигельминт препараттар қабылдаған кезде құрттар оған қарсы у бөле бастайды, күреседі, құрттардың өлігінің өзі белгілігі бір дәрежеде у болып табылып, ағзаға айтарлықтай салмақ салады. Адамның басы ауырып, жүрегі айнып, күйі қашады. Біраз адамдар осы құрттардан арылу процесінің осы азапты сатысы кезінде үлкен қателік жасап, «мына зіл халімнен бұрынғы дел-салдығым жақсы еді» деп антигельминт терапияны жарты жолдан тоқтатып тастайды. Өмір бойы жартыкеш күй кешкізген құртқа қарсы күрестен бас тартқан адамның қайта бір талпыныс жасауы қиындау, есінде тек тазарудың азабы ғана қалған ол бейбақ үшін бұл жеңіліс - тым ащы сабақ. Деколонизация кезінде де тап солай – құлдық сезімнен арылуға бет алсаң, ол құрттан бетер жанталасады, тікелей қоқан-лоқы да көрсетеді, жаны ашыған болып та айналдырады: «Деколонизация жасасаң ата-бабаларыңның артын ашасың, аруақтарды мазалайсың», «Үкімет те бірдеңе білетін шығар, деколонизацияны қазір жасау қоғамда араздық туғызады», «бұрынғы қожаларымыз – аса алпауыт ел, олар ренжітіп алсақ, күйіміз не болады», «Жалпы, бұрын жаман өмір сүрген жоқпыз ғой, үйді тегін берді, сіріңке бір тиын тұрды»... т.с.с.

Деколонизация туралы көп айтқан және практикада жүзеге асыра бастағандар терористке теңелмегенімен «біртүрлі»-лердің қатарына жатқызылып, белсенділерімен әртүрлі «жанашыр» әңгімелер жүргізіледі, ұтып жүрген тендерін ұта алмай қалады, мансабы жоғарыламай «отырып» қалады, т.с.с. Құлдық мен оның жақтастарының осындай шабуылдарынан кейін құлдық сезімнен арылсам дегендердің біразының бойында «Өй, осымызға шүкір етсек не қылады. Тыныштық деген жақсы ғой. Құрысыншы бәрі» сынды ойлар пайда болып басында кеңсірікті жарып жібере жаздайтын толық еркіндіктің саф таза салқын самалын құлдықтың сасық та болса жылы ауасына айырбастап жібереді.

         Бірақ дегельминтизация мен деколонизациядан өтуге тәуекелі, шыдамы жеткен адам – бақытты жан. Бұл жетістікке жеткен адамның күйін қарабайырлау мысалмен келтірсек, басқа бүркенген қалың көрпені алып тастаған кездегі кең ауаны көкіректі керек жұтқанға ұқсаңқырайдын немесе күндіз-түні тастамай арқалап жүрген бір зіл салмақты мойныңнан алып тастаған кездегі жеңілдікті сезгендей боласың.

         Құрт және құлдық сезімнің бойға қайта бітуінің алдын алудың бірден-бір жолы – таза болу, арамнан аулақ жүру, құрт пен құлдықтың қасыретін терең сезіну және оларға қарсы белсенді де сауатты насихат жүргізу; май, бал, тіпті қара уылдырық жағылып ұсынылған құрт пен құлдықтың бетіне түкіріп, көкірегінен тебу, құрт пен құлдықтың көзі болып табылатын ит-шошқалардан бойды аулақ ұстау, т.с.с. Қоғам мен қоршаған ортаның құрт пен құлдық сезімге қаншалықты шалдыққанын тексеріп тұру пәрменді алдын-алу шараларының бірі болып табылады.

         Гельминттер қалай жұғатынын білеміз: кейбірі нәжіс-лас жерлерге ұшып-қонып жүретін шыбындар арқылы тарайды; кейбір гельминттер, мысалы  эхинококк ит арқылы беріледі. Сол сияқты құлдық идеясының өз таратушылары болады, оған мысалы қожайын елдің бұқаралық ақпарат құралдары жатады, оларға өз еліңнен ақпарат кеңістігін ұсыну ерте ме кеш пе өз нәтижесін береді – біраз азаматтар толық мағынасындағы азамат болмай қалады. Медицина ғылымында реинфекция деген ұғым бар, бұл қайта жұқтыру дегенді білдіреді. Құрты да, құлдықты да қайта жұқтырмас үшін олардың таралу жолына тежеу қою міндетті. Гельминтердің өміршеңдігі қоршаған ортаның райына да байланысты. Кәдімгі аскариданың өзі бабы табылса топырақта жылдар бойы сақтала алады, ал тіптен оңтайлы ахуал туындаған кезде белсенді тірлігіне кіріседі. Құлдық сана сезім де солай –  ол тарихына бей-жай қарайтын, өткенінен сабақ алмаған, етек-жеңін қымтамаған;  діл, дін, тіл, салт-дәстүрі үшін күреспейтін қоғамда жақсы сақтала алып, кез келген уақытта бой көтере алады. Құрт пен құлдық сана-сезімнің пайда болуына және оның сақталуына алғышарттар жасау – қойныңа шұбар жылан салып жүрумен тең - бүгін шақпаса ертең шағады.

         Гельминт құрттардың бір жаманы - олар адамның өзін не бойындағы нәрін жеумен ғана шектелмей, сол ішкен жерінде, медициналық тілмен айтқанда қалдықтарын бөліп шығарады, қарапайым тілмен айтқанда тышып-сиеді. Осы бөлген улардың кесірінен адам жатып ауырып қалмаса да мең-зең күй кешеді, ісі өнбейді, шаршап-шалдыққыш болады. Гелминттердің кесірінен бойдағы өзге аурулар қозады, вакциналардың әсері төмендейді. Құлдық сана сезімнен арыла алмаған қоғамда да солай: дамуы шабандайды, қылмыс көп болады, неше түрлі азғындықтар қозады, т.с.с.  Тағы, бір жаманы аса бір жанына батпағасын сырқат адам бойындағы гельминтозымен құлап жүре беретіні сияқты құлдық сана-сезімге де қоғам тарапынан тиісті көңіл бөлінбеуі пәрменді шаралар жүргізілмеуі мүмкін. Құрт пен құлдық сезімнен арылу – мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болуға тиіс, алайда олай болмай жатса қол қусырып қарап отырмай әл-қадірімізше аталған жұмыстарда қолымыздан келгенше және қоғамды барынша тартқан күйде жүргізе беру керек. Себебі, әркім өз құртымен өзі алысуы - өнбейтін, тиісті нәтиже бермейтін тірлік және айнала таза болмаса аталған бәлелерді қайта жұқтыру қаупі төбеңнен төнеді де тұрады.

         Әзірше, амал жоқ, дегельминтизация мен деколонизацияны өзіміз бастаймыз. Қосылыңыздар!

Abai.kz

                                              

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572