Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 2246 9 пікір 8 Тамыз, 2024 сағат 14:29

Узурпацияланған мемлекетте Президент оқшауда қалады...

Сурет: Abai.kz / Ақорда

Президент Әкімшілігінің
Өтініштерді қарауды бақылау
бөлімінің меңгерушісі
Қ.Б. Жайсаңбаев мырзаға!

Құрметті Қанатбек Бақытұлы!

Менің «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин мырзаның атына жолдаған «Ерлан Қаринге шіренуге де, шалқуға әлі ерте!» және «Сіздің түбіңізге Құлыбаев пен Мәсімов жетсе, Тоқаевтың түбіне Қарин жетейін деп тұр…» атты мақалаларым мен хаттарым өз иесіне жеткен жоқ.

Бір емес, екі мәрте жолдадым. Екеуінде де Ерлан Тынымбайұлының емес, Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелер және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібай мен Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Айжан Шайназарованың атына тіркеліп, ары қарай Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан бірақ шықты...

Ерлан Қарин мырзаның атына жолданған бұл хаттардың бәрі Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов жағынан урузпацияланған Қазақстанға қатысты дүниелер.

Ал, «узурпацияланған мемлекет» туралы бұл мәселені шешу Руслан Желдібайдың да, Айжан Шайназарованың да, Аида Балаеваның құзыретіне кірмейді және олардың деңгейіндегі шаруа емес!

Ерлан Қариннің жөні бөлек, «бас идеолог» деген аты бар, Қазақстан Республикасының Президентіне ішкі саясат саласы бойынша стратегиялық ұсыныстарды тұжырымдайтын – сол кісі.

Басын ашып айтайын, менің Мемлекеттік Кеңесшіге жолдаған бұл дүниелерімді өзге лауазым иелеріне тіркедің деп, Сізді және Сіздің орынбасарыңыз Болат Байкенов мырзаны да ешқашан кінәламаймын!

Себебі, Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов жағынан узурпацияланған Қазақстандағы басқару жүйесінің табиғаты солай: біз секілді өте белсенді, патриот азаматтардың мемлекет пен ұлттың тағдырына, Президенттің тарихи орнына, саяси реформаға, мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты шыр-пыр болып жазған хаттары Президентке жетпейді.

Біздің мұндай хаттарымызды Президент Әкімшілігі кез-келген министрліктерге лақтыра салады. Маңызын түсініп тұрып, келіп шығар кесапатын біліп тұрып, ары қарай өткізбейді...

Керісінше, Президентке министрліктің деңгейінде-ақ шешуге болатын «насыбай» немесе көшеде лағып жүрген біреулердің «Елтаңбаны өзгерту» туралы түкке тұрғысыз сандырақтары тоқтаусыз, кедергісіз жетеді.

Бұрын да солай болған, қазір де солай!

Есіңізде болсын, узурпацияланған мемлекетте Президент санаулы ғана адамдардың БЛОКОДАСЫНДА қалады!

Менің  жоғарыдағы «түбіне жетейін деп тұр…» деген хатымдағы Тұңғыш Президентке қарата: «Қазір Қасым-Жомарт Кемелұлы да кешегі Сіз секілді Ерлан Қариннің айтқанымен ғана жүретін санаулы ғана тобырдың БЛОКОДАСЫНДА қалды...», - деуімнің себебі – осы, айналайын!

Енді Өзіңіз айтыңызшы, бес ай бойы жазған хаттарымның бірде-біреуі жетпесе, бұл Президентті БЛОКОДАДА қалдырған емей немене?!

Егер, мемлекет пен ұлтқа шынымен жаны ашыса, Президенттің ертеңгі тарихи орны жөнінде күйінсе, Ерлан Қарин осынау бес ай бойы жазылып жатқан хаттарға Өз атынан бір ауыз жауап беретін еді ғой! Көріп отырсыз, Мемлекеттік Кеңесшіміз жұмған аузын ашқан жоқ!

Өйткені, Ол өзі бас болып жобасын жасаған 2022 жылғы «Конституциялық реформаның» Қазақстанды Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтің узурпациясынан бір сүйем алға алып шыға алмағанын өте жақсы біледі...

Қадірлі Қанатбек бауырым!

Және бір мәрте қайталап айтайын, менің жоғарыдағы Ерлан Қарин туралы жазған мақалаларым мен оған жазған хаттарымның өз иесіне жетпей жатқаны үшін Сіз де, Сіздің орынбасарыңыз Болат Байкенов мырза да кінәлі емес! Менің Сіздерге өкпем де, ренішім де жоқ!

Мұның бәрі – Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтің, одан бергі жерде Ерлан Қарин бас болып жобасын жасаған 2022 жылғы «Конституциялық реформаның» негізінде қалыптасқан бүгінгі жүйенің кесірінен болып отырған кесепаттар!

Бұл узурпацияланған жүйе Қасым-Жомарт Кемелұлын Тұңғыш Президент батқан құйға батырып бара жатыр.

Мен Қазақстанның узурпацияланған жүйеде қалғанын, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «екінші Назарбаев» болғанын ешқашан қаламаймын!

Сөз соңында Сізге айтар бір-ақ өтінішім бар, менің Ерлан Қарин мырзаның атына жазған хаттарымды басқа бір лауазымды тұлғаларға емес, тек Ерлан Тынымбайұлының өзіне ғана тіркеп отырыңызшы!

Сонда, бірінші Құдайдың, сосын Президенттің, болашақта бала-шағамыздың алдында Сіз екеуміздің бетіміз жарық, арымыз таза болады!

Ал, Ерлан Тынымбапйұлы менің хаттарым туралы қандай шешімдер қабылдайды, ол – Ерекеңнің өзінің ары мен деңгейіне байланысты шаруа! Не істеймін десе, Өзі білсін! Бірақ, көресіз, ертең осының бәріне басымен жауап беретін болады!

Құрметпен, Ауыт Мұқибек,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2078