Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 1748 7 пікір 9 Тамыз, 2024 сағат 13:09

Жапония Орталық Азияда жаңа ойыншы болуға ұмтылыс жасауда

Коллаж: Abai.kz / Ақорда

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 6-консультативтік кездесуінен не күтуге болады?

Орталық Азия елдері көшбасшыларының консультативтік кездесулері (ОАМБКК) 2018 жылдан бері өткізіліп келеді және жалпы сын-қатерлерді шешу үшін бірлескен іс-қимылдарды қабылдай отырып, өңірлік ынтымақтастық пен дамудың сындарлы алаңына айналған.

Айта кетерлігі, алғашқы кездесу Қазақстанда, Астанада өтті. Осы уақыт ішінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуі осымен 6-шы рет өткізілгелі отыр. Бұл кездесуге Жапония премьер-министрі Фумио Кишида қатысады деп жоспаланған болатын, бірақ Фумио Кишида елдің оңтүстік-батысында болған күшті жер сілкінісіне байланысты Астанаға жоспарланған сапарын тоқтатады деп хабарлады «The Japan Times» басылымы.

Газеттің хабарлауынша, Кишида жұма күні Жапонияның оңтүстік-батысында, Кюсю аралының маңында болған жер сілкінісіне байланысты Орталық Азия елдеріне сапарын тоқтататынын мәлімдеді.

Бүгін Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 6-шы консультативтік кездесуі өтеді. Бұл өңірдің дамуы үшін маңызды іс-шара болады деп күтілуде, ол көпжоспарлы ынтымақтастықтың одан арғы серпінді қанат жаюын айқындайды.

Саммитте «Орталық Азия-2040» өңірлік кооперациясын дамыту стратегиясын қабылдау жоспарлануда. Бұл тұжырымдамалық құжат Орталық Азияның бес жақты өзара іс-қимылын кеңейту және халықаралық субъектілігін нығайту үшін әзірленіп отыр.

Сондай-ақ, өңірдегі кооперацияны, тұрақтылық пен қауіпсіздікті дамыту, соның ішінде сауда-экономикалық әріптестік, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері де ОАМБКК-нің басты назарында болады. Оның үстіне жыл сайынғы жоғары деңгейдегі кездесулерді ұйымдастыру мәселесі де назардан тыс қалмады.

Бұл орайда, соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің ынтымақтастық деңгейі едәуір өскенін, өңір ішінде де, «ОА5 + 1» форматында да өзара іс-қимыл серпіні ауқымы кеңейе түскенін атап өткен жөн.

Өңірлік қарым-қатынастардың басымдығы артты, серіктестіктің жаңа шыңдарына қол жеткізілді. Мәселен, Қырғызстанмен, Тәжікстанмен және Өзбекстанмен одақтастық қатынастар туралы шарттар жасалды және ауқымы кеңейтілді.

Саяси ғана емес, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлiк-коммуникациялық, экологиялық, су-энергетикалық және гуманитарлық салалардағы өзара iс-қимыл кең етек жая бастады. Тек соңғы 10 жылда ғана өңір елдерінің өзара саудасы 2,5 есеге артып, 11 млрд долларға жетті. Оның тек қана біздің экспортымыздағы үлесі 5,5 млрд долларды құрайды.

ОА-ҒА ӘРКІМНІҢ-АҚ БАР ТАЛАСЫ...

Украина соғысы басталғанға дейін ОА-дағы 5 елге Ресей ықпал етіп келген. Қазір де сол ықпал айтарлықтай әлсірей қойған жоқ. Десе де, өңірге қызығушылық танытушылар көп. Олардың қатарында: АҚШ, Түркия, Қытай, ЕО елдері, соның ішінде Германия мен Франция бар. Енді міне, бұл форматқа Жапония да қосылып, Орталық Азияға жаңа ойыншы болып енуге ұмтылыс жасауда.

Токио қазірдің өзінде Ресейді айналып өтетін Каспий транспорттық дәлізін дамытуды қостап, қолдап отыр. Сондай-ақ, Токио Орталық Азия мемлекеттеріне жекелеген екіжақты келісімдер дайындап отыр. Соның ішінде, ОА-лық еңбек мигранттары үшін арнайы квота бөлі, ОА-дағы ресурстарға инвестиция тарту т.б.

Соңғы кездері Орталық Азия елдеріне деген қызығушылығы артып келеді. Өңірге жоғарыда аталған елдерден жоғары лауазымды саясаткерлер мен дипломаттар жиі келетін болды. Тараптар экономика, экология, энергетика және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты талқылауда.

Орталық Азияның географиялық орналасуы һәм ондағы жер асты, жер үсті қазба байлықтарының мол қоры көптеген елдер үшін өмірлік маңызды фактор болып табылады. Осылайша Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан жаһандық саясаттың назары бұрылған маңызды географиялық аймаққа айналуда.

Қазақстанға Жапон премьері Фумио Кишида келер тұста президент Тоқаев «Егемен Қазақстан» гәзетіне «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақала жариялапты.
Онда Мемлекет басшысы Орталық Азияның даму алдындағы 6 басты міндеті туралы сөз қозғайды.

«ОА плюс» форматындағы жаңа диалог орындарының пайда болуы Орталық Азияның халықаралық саясат субъектісі ретіндегі саяси салмағы арта түскенін аңғартады. Осыған дейін мұндай форматта 9 саммит және жоғары деңгейдегі кездесу өтті. Кейінгі екі жылда «ОА – РФ» (Астана), «ОА – ҚХР» (Сиань), «ОА – АҚШ» (Нью-Йорк), «ОА – ГФР» (Берлин) бірінші саммиттері, ОА және Еуропалық Одақ мемлекеттері басшыларының екі кездесуі (Астана, Шолпан-Ата), «ОА – ПШАМЫК» (Жидда) бірінші саммиті, сондай-ақ «ОА – Үндістан» саммиті (онлайн форматта) өткізілді. Биыл Астанада алғаш рет «ОА – Жапония» саммиті өтеді», - дейді Президент.

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2037