Сенбі, 23 Қараша 2024
Мың бір мысал 2172 30 пікір 10 Тамыз, 2024 сағат 11:10

Әкежанның әлемі мен «Әділетті Қазақстандағы» әлегі

Сурет Әміржан Қосанның жеке мұрағатынан алынды

Кезінде үкіметке отыз жастағы мені Әкежан Қажыгелдин емес, премьер-министр Сергей Терещенко шақырған еді. Бірақ жүртшылық мені осы күнге дейін «Әкежанның адамы» деп санайды. Сол үшін бір жағы сыйлайды, екінші жағы ұнатпайды да.

Иә, Әкежан Мағжанұлын сыйлаймын, құрметтеймін, 90-жылдары Қазақстан экономикасын аяққа тұрғызған мықты реформатор деп санаймын. РНПК секілді оппозициялық партия құрып, қаржыландырып, еліміздің демократиялық дамуына орасан зор үлес қосқан қайраткер деп бағалаймын.

Әрине, 2019 жылы мен президент сайлауына түскенде ол кісі мені қолдауға жарамады, Парижге белсенділерді жинап, мені талқылады дегендей. Сол топтың барып, келуіне жұмсалған қомақты қаржыны менің штабыма берсе де болар еді ғой. Бәлкім, оның өз себептері болған шығар... Бәріміз де пендеміз ғой. Қайтем, кешегі, қол астындағы үкімет баспасөз хатшысы, РНПК-дағы орынбасары көзге түскенін көре алмаған қызғаныш та болған шығар, кім біледі... Сол кезде өзін оппозиция деп жариялаған ол, Әблязов, Тұрсымбаев, Сәрсенбаев, Ерғалиева, Бапи және басқалар маған қарсы жұмыс істеді емес пе? Олардың да өз аудиториясы бар, дауыстың біразы сол жаққа кетті деп ойлаймын.

Жә, бүгінгі әңгімемнің мәнісі мынада. Кей кезде менен «Кажыгелдин неге Қазақстанға келмейді?» деп сұрап жатады. Кешегі күні бір құдалықта да үлкен азамат осындай сұрақ қойды, мен «Фейсбукте жауап берейін» деп айтқанмын, сол уәдемді орындап жатырмын.

Меніңше, Қажыгелдиннің елге оралуына кедергі боп жатқан үш себеп бар.

Біріншіден, ол кісі формальды түрде сотталған, сол соттың саяси астары болғаны белгілі. Назарбаев өз қарсыластарына солай күйе жағып тастайтын. Сол соттың үкімін жою керек. Оған Назарбаев мұрасынан құтыла алмай отырған қазіргі Жаңа Қазақстан құрушылар бара алмай отыр.

Екіншіден, Қазақстан экономикасы 90-жылдары жекешелендірілді. Ол процестің бар құпиясы мен құйтырқысын бүге-шігесіне дейін білетін екі адам болса, бірі - Кажыгелдин. Яғни, бүгінгі олигархтардың қалай байығанын білетін экс-премьердің елге қайтып келгенін сол кландар мен топтар қаламайды.

Үшіншіден, Жаңа Қазақстан кадрларының шынайы құнын көріп отырмыз: өмір бойы шетелде ресми презентация жасап дағдыланған дипломаттар ел басқаруға келіп жатыр. Елші болу бір нәрсе, алуан-түрлі, сырт көзге көрінбейтін ішкі иірімдері бар қазақ қоғамын басқару мүлдем бөлек дүние емес пе?! Тоқаевтың жеке таңдауының арқасында бағы жанған сол жаңа элитасымақ Қажыгелдин сияқты аса күрделі тұлғаның елге оралғанын қаламайтыны, тіпті оның білімі, біліктілігінен, мінезі мен тегеурінінен қорқатыны айтпаса да түсінікті.

Елге оралудың өз шарттары болатын шығар, ең алдымен, Тоқаевтың өзімен өзара келісім болуы керек.

Бірақ, мен білетін Қажыгелдин бәрібір үндемей отыра алмайды. Оны Ақорда біледі.

Экономиканың тұрысы анау, үкіметтің жүрісі мынау.

Ең абзалы, Тоқаев өзі жекедара, Назарбаев пен ескіқазақстандық байшыкештерден тәуелсіз шешім қабылдап, өзіндік ой-пікірі бар Әкежан Қажыгелдин секілді шетелдегі және ел ішіндегі азаматтарды (ескі Қазақстан тұсында билік сыртқа тепкен білікті азаматтар баршылық және олардың аттарын ел біледі!) мемлекеттік шешім қабылдауға тартса, нұр үстіне нұр болар еді...

Бірақ, қайдам...

Әміржан Қосан

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347