Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Абай мұрасы 1202 0 пікір 19 Тамыз, 2024 сағат 12:54

Төлеу ақын және Абайдың жүз жылдық тойы

Коллаж: Abai.kz

Халық ақыны Төлеу Көбдіковтің туғанына 150 жыл!

«Құдай төңкеріліп, құбылған
дәуірде  сүруден сақтасын!»
Шығыс мәтелі.

Ұлы Абайды көзі тірісінде пір тұтқан, өлеңдерін жатқа біліп, өзімен кездесуді аңсаған жас ақындар қарасы қалың болған. Міне, Төлеу Көбдіков (1874-1954) солардың арасынан ойып орын алады. Оған ұлы ақынмен төрт рет кездесуі, сол кездесулер жайлы тамаша естеліктерін жазып қалдыруы және Абайдың жүзжылдық тойына екі бірдей жыр арнауы («Абай тойы» және «Тойдан толғау») айдай айғақтар болып табылады.

Халық ақыны Төлеу Көбдіков Семей облысы, Шұбартау ауданы, қазақ «жол мойыны қашық», кейде «көп жер» дейтін иен дала, құладүз жердің тап өзі – Емелтау ауылында туған. Руы – Жобалай керейдің Қосай, онан Сарыбай аталығынан. Төлеудің немересі Есентайдың білуінше, арғы атасы Ерубай өте ауқатты адам болған көрінеді. Ол баласы Көбдіктің  Ілекер деген бірінші әйелі екі-үш жыл бала көтере алмай жүргенін көріп, оған Құндызды өзені бойын жайлаған сыбан Сабырбай Ақтайлақұлының Қуандық деген қызын айттырған. Көбдік (азан аты – Көпжер) момын, шаруа адамы болған. Төлеуді ақындыққа баулыған – анасы Қуандық. Төлеу мен Уәйіс Шондыбайұлы (екеуі құрдас, жерлес) көп айтысқан, өлеңдері сақтаулы. Көбіне ел аралап, мәселен, жасы елуден асқанда Иса Байзақовпен айтысты. Тағдыры еншілеген «еркелік» осымен тәмам. Төңкеріліп, құбылған сағымдай 1930 жылы, еш қиянаты жоқ Төлеу 10 жылға қамауға алынған. Кеңес өкіметіне ол бай-феодал тұқымы, демек, «халық жауы» саналған. 1934 жылы жасы ұлғаюы ма, әлде, ата-баба аруағы ма, босатылған. Бірақ қатын-бала аштық тырнағына ілінгендіктен, қамаудан соң көп баласының бір-екеуімен ғана қауышқан.

Байқағаным, Төлеу ақын жайлы деректер мардымсыз, естеліктер жоқтың қасы. Оның себебі бар, ол күнде «кулак», «контра» дегенің,  қоңырау, болды, бітті. Саған жоламақ емес, күнің қараң, жалғызсың. Бұл шарасыз түнектен суырып алып шыққан – жарықтық Мұхтар Әуезов еді, 1940 жылдан кейін іздетіп, тауып алып. Соғыс жылдары Мұхаң дүниеге әкелген «Қазақстанның халық ақындары» қауымының мүшесі Төлеу талай айтыс, додаға қатысты, есімі республикаға әйгіленіп, «ақындар ағасы» атанды. Бүгінгі айтыс сүрлеуі сол кезде салынды. Сөйтіп, ұмытылған Абай шәкіртінің бірі, поэзия қыраны қайта қалықтап, кеш те болса, тұғырына қонды. Кітаптары («Өмір жыры», «Өлеңдер», «Жырларым») жарық көргенін, жүзжылдық тойы 1974 жылы облыс көлемінде лайықты аталып, есімі мектепке, көшеге берілгенін, Шар кентінде зиратына құлпытас қойылғанын айта отырайық.

Енді Абай шәкіртінің «Абай тойы» атты жырына көз салайық:

Қазақтың мәңгі айнасы Абай құтып (кемел),
Адамзат алған емес сөзден ұтып.
Насихат таусылмас көл-дариясынан
Отырмыз жүзіп ішіп, жалдап жұтып.
Дәм татып үш-төрт рет ордасынан,
Көріп  ем алтын жүзін, қолын тұтып.
Өмірде өшпес жарық, батпас күнім,
Біз жүрсек кім боламыз сізді ұмытып!

Жасы жетпістен асқан ақсақал «дәм татып үш-төрт рет ордасынан» деп Абайдың қонағы болғанын, «өмірде өшпес жарық, батпас күнім» деп оның  поэзиясы адастырмас темірқазық болғанын жеткізіп отыр. Әрі қарай мыңмен жалғыз алысып өткен Абайды «ақылдың алтын өзек арнасы»,  «атағы, абыройлы Алатаудай, шыңына бұлт өрлеп шыға алмаған» деп сипаттаған. Сондай-ақ:

Абайдың сөзі бар ма алмайтұғын,
Бекер деп мына жері нанбайтұғын.
Жүрекке Абай сөзін сақтаған жан
Қарыны ашып, өзегі талмайтұғын.
Бір көрген қайта-қайта көргісі кеп,
Сұлудай сүйсе, мейір қанбайтұғын.
....Абайдың сөзі терең басқа ақыннан,
Толық ми, тұнып шыққан таза ақылдан.
Абай сөзі секілді сөз көргем жоқ
Не жаңа, не бұрынғы ескі ақыннан,  – деген өлең жолдары Абай сөзін ұққан, махаббатпен қабыл алған жүректен екені шүбәсіз. Көлемді жыр соңын ақын былайша  түйеді:

...Абаймен сөз егесті менің шешем,
Өзіндей болмаса да, милы, шешен.
Болмас ед артық айтқан менің сөзім,
Абайды күні бүгін тірі десем.

«Абаймен сөз егесті менің шешем» деген алдыңғы жолға тоқтала кетейік.

Ақынның шешесі – Сабырбайқызы Қуандық дедік. Абай мен Қуандықтың кездесуін Мұхтар Әуезов былай айтады: «Сыбан ішінде сондайлық жақсы көріскен әйелі Сабырбай ақынның қызы Қуандық. Бұл өзі де ақын қыз болған. Ақын Аягөзге бір топ кісімен бара жатып, сол қыздың аулына қонады. Абайдың қасында Сүйіндік баласы Асылбек бар екен. Ол – Қуандықтың жездесі. Сол арқылы қалжыңдасып отырып, ақыры Қуандық пен Абай айтысып кетеді. Бұлардың айтысын Сабырбай үй сыртында тыңдап тұрады». Сыбан елінің үлкендері: «Сабырбай он жеті ақынның соңғысы еді, оның қызы, сірә да, ақындық киені ап кетті» десіпті. Десе дегендей, Қуандық арқылы өнер киесі керейдің көк өрімі Төлеуге қонғаны хақ.

Бізге мәнді мұрат – «Тойдан толғау» атты ұмытыла бастаған дастанды қалың жұрттың есіне салып, қайта қауыштыру. Эпикалық бояу, жыраулық стиль айқын көлемді толғау:

Құзар шың, зәулім биік асқар Абай,
Ақылы, парасаты асқан Абай.
Қазақты тура жолға беттетем деп,
Құсамен өмірі өткен басқара алмай.
Қараңғы қазақ халқы надан күнде,
Есігін мәдениет ашқан Абай.
Халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлап,
Дүниеге үлгілі сөз шашқан Абай.
Ел үшін еңбек еткен ардақты Абай,
Әуелден әлемге айқын аруақты Абай.
Ел үшін көздің жасын көл ғып өткен,
Қоя ма оны халқым ардақтамай, – деген кіріспемен ашылған. Онан соң төрт-бес шумақта Абайдың жүз жылына дайындық көріністері (әр қиырдан жиылған көп халық, киіз үй, бие байлау, сойыс малы, сондай-ақ, ат жарыс, балуан күрес, көкпар тартыс, қыз қуып, теңге алысу және т.б.) суреттелген.  «Ақ ауыл тола қонған өлке бойын, сұлу қыз, әсем жігіт бәрі сонда» дейді ақын.

Мысалға тігілген киіз үйдің бірінің суреттелуі мынадай:

Сом алтын босағасы нағыз сырлы.
Масаты жиған жиһаз неше түрлі,
Ішігі бұлғын, жанат түпке жиған,
Адамзат ұстар емес қолы кірлі...

Облыс басшылығы «бас қосып Абай тойын атқарсын деп» үш ауданға нұсқау берген екен. Оларды ақын:

Шұбартау, Абайменен Абыралы,
Бұлардан сән-салтанат табылады.
Әйелдер көлбеңдеген бүрме көйлек,
Ақ жаулық аққудай боп салынады.
Қыздары асыл бешпет, кәмшат бөрік,
Күміс бау, алтын шолпы тағынады.
«Домалар тойға қу бас» деген мақал,
Осыдан адам көңілі қабынады.
Ертеден елдің салты балуан күрес,
Ат бәйге, құнан бәйге шабылады.
Өткізбек Абай тойын осы салтпен,
Әйтпесе ескіні кім сағынады?! – деп сәніменен атап өтеді.

Сөйтіп, «көп халық ат сабылтып ой мен қырды, ақындар селдей төгіп өлең жырды» дүбірлі той басталып-ақ кетеді. Оны кімдер бастаған? Бұл жайлы да ақын:

Абайдың тарихын сөйлеп той бастады,
Әуезов, Мыңжасаров деген ерлер.
Бегалин Сапарғали, Мүсірепов,
Осындай көмектесті кемеңгерлер.
Асқар мен Ысмайылов Есмағанбет
Жазымпаз сөз маманы тіл шеберлер.
Басиев, Жұмағазин, Шамкин, Қайым
Өрісі жас та болса өте кеңдер, – деп төгілтіп өтеді. Аталғандар бірінен бірі өткен, сол дәуірде қазақтың сүт бетіне шыққан қаймақтары. Абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметханов ол күнде небары 29 жаста. Қайым аға Төлеуді жоғары бағалаған, мәселен, былай деп жазады: «Абайдың ерекше әсерімен, Абай мектебінің өнегесімен көптеген өлең, дастандар тудырған: Төлеу, Нұрлыбек, Шәкір, Сапарғали, Тәңірберген сияқты сауатты, дарынды халық ақындары легі бар. Бұл ақындарды да Абай мектебінің шәкірттері деп есептеу ләзім» («Абайдың ақын шәкірттері». 4-кітап. –Алматы, 1997. – 234-бет).

«Тойдан толғауға» қайтып оралайық. Оның орта тұсы күрес пен бәйге қалай өткенінің жылнамасы:

Атты айдап қақ жарылып қанша халық,
Қызыққа көрген жанның көзі талып,
Балуаны екі жақтың топ-топ болып,
Белсеніп майдан жерде тұрды барып.
Қазақтың арыстаны Қажымұқан,
Көркіне көз сүйініп топты жарып.
Дүбірге кәрі тұлпар тоқтай алмай,
Аузынана жалын шалқып, оты жанып,
Бастатқан атан түйе, тоғыз бәйге,
Күрессіз Қажымұқан алғаны анық.
...Орта жүз – арғын, найман, керей, уақ,
Ат қосты бұған келіп төрт арыс та.
Дегенің Үш жүз қазақ бері қалып,
Қатысты ССРО боп бір намысқа.
Ұласып тойым-тойға жауды жеңіп,
Өзі де кез болған жыл мол табысқа!

Жұрттың делебесін қоздырған ат жарысы азды-көпті дау-дамайға ұласқаны бар, бәлкім, содан да болар, Төлеу ақын бәйгені он шақты шумақпен әсірелеп, тәптештеп жеткізген. Жеңіс уағына дөп келген дүбірлі той бір емес, бес күнге созылған, сенсеңіз. Ақын «Ай жарық күндізгідей болған түннің» өзі де толассыз ойын-сауық, ән салумен өткенін жеткізеді:

Әртістер әнге басты гармонь тартып,
Мойныңа бір-бірінің қолын артып.
Құйқылжып құладыңдай төңкеріліп,
Бишілер билегенде бойың балқып.
Бұл ойын бір жер емес тұс-тұсымен
Самсыған сар далада жатыр шалқып.
Білмейсің қайсысына барарыңды,
Қызықтың біреуінен біреуі артық...
...Бес күнде той тарауға  жақындады,
Сауықсыз бір күн таңды атырмады.
Абайдың алтын орда ақ үйіне,
Кіргізді салтанатпен ақындарды.

Дастан соңы Абайға өлең арнап, салтанатқа қатысқан ақындар жайлы. Олар әр облыстан: Қызылордадан Нартай, Семейден  Нұрлыбек, Шымкенттен Орынбай, Алматыдан Үмбетәлі, Қарағандыдан Қайып, Керекуден Естай,  Жармадан Сапарғали,  Шардан Нұрғали, Рақымбай. Кілең кіл жүйрік, аузымен құс тістегендер. Ақындар ағасы әрбірінің еңбегі мен қарым-қабілетіне екі-үш шумақ өлеңін арнай келе, былайша қорытады:

Тәмамдап сөзді осымен тарқатамын,
Тараттым басын қосып әр атаның.
Абайға зиярат етіп тойын тойлап,
Тауына шыққандай боп Ғарапаның.

Жиыны 75 шумақтан алынған үзінділердің өзінен-ақ «Тойдан толғау» – өлеңмен репортаж жасаудың классикалық үлгісі екеніне көз жетті. Бұл 1945 жылғы ұлы Абайдың кең көлемде аталған тұңғыш тойы. Онан беріде ұлы баба деп жар салған қаншама дүбірлі тойлар өтті десеңізші. Әсіресе, 1995 жылғы 1100 кигіз үйі, масштабы бүкіләлемдік керемет тойға таң қалмай көр. Ақын көп-ақ, ал сол ғажайыпта не болып, не қойғанын шынайы түрде өлеңмен өргені, кәне? Өз білуімде, Төлеудікіндей дүние, яғни жыр, дастан – рухани ескерткіш сомдалған жоқ. Олай болса, барды бағалай білейік, келешекке үлгі-өнеге қылайық. Мақаладан шығар қорытынды: Төлеу Көбдіков – шын халық ақыны һәм қилы заманның рухты перзенті. Ол қылышынан қан тамған сталиндік дәуірде өмір сүрсе де ұлттың сана-сезімін серпілткен, тілі мен поэзиясын байытқан қоңыраулы қара нардың бірі болды. Бұл талас тудырмайтын, дәлел өтінбейтін ақиқат.

Сөз соңы, көненің көзі, «ескінің арты» (Абай) болған көрнекті ақынның 150 жылдық мерейтойы тамыздың 22-23-ші күндері Жарма ауданының орталығы – Қалбатау кентінде өтпекші. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, аудан әкімшілігіне оңайға соқпасы анық. Бірінші Құдай, екінші ақын аруағы деп жақсы деңгейде өтуіне тілекшіміз.  Хәліміз келгенше ат салысайық, ағайын!

Асан Омаров,

абайтанушы ғалым

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052