Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әдебиет 1339 0 пікір 21 Тамыз, 2024 сағат 13:26

Марк Аврелий. Император тағындағы ізгілік...

Көрнекілік сурет acropolis.org.ru сайтынан алынды

Тарихшылар Ежелгі Рим империясының ең жақсы кезеңі біздің дәуірдің II ғасыры дейді. Сол кезде Рим мен оның провинцияларында республикалық бостандық дәстүрлері мен монархиялық тәртіп арасында теңдік орнаған кез болатын. 

Бүгін де тарихшылар мен философтар 161 -180 жылдары Римге билік еткен император, «Тақта отырған философ» атанған Марк Аврелийдің сол кездегі еңбегін жоққа шығармайды. Біздің дәуіріміздің II ғасырындағы қоғамдық - саяси ойдың ілгері дамығанын Марк Аврелийдің: «Мен өзімнің жүрегімде еркін мемлекет сұлбасын жасадым, ол мемлекетте адамдардың барлығына бірдей заңдар мен құқықтар негізінде өмір сүреді», - деген сөздерінен байқауға болады.

Марк Аврелий Антонин (лат.Marcus Aurelius Antoninus) 121 жылғы 26 сәуірде Римде дүниеге келген, 180 жылғы 17 наурызда Виндобанада қайтыс болған (қазіргі Вена қаласының маңы). Антониндер әулетінен шыққан, 161-180 жылдары Ұлы Ежелгі Рим империясының өркендеуіне үлес қосқан бес ұлы императордың бірі, сондай-ақ, философиялық еңбектері арқылы стоицизмді дамытқан адам.

Билікке келген алғашқы күндерден бастап жас император Сенатқа, ежелгі Рим дәстүрлерін құрмет тұтады. Марк Аврелий сот жүйесіне көңіл бөледі, күмәнді реформалардың орнына Римдік құқықтық негіздерді нығайтуды жөн санайды. Оның ақылды, парасатты билеуші беделі бірден көзге ілінеді. Марк Аврелий билік еткен жылдарда империя тарапынан халықтың тұрмысы төмен адамдарға, көп балалы отбасыларға, кедейлерге, соғыс мүгедектеріне арналған, олардың құқықтарын қорғайтын арнайы заң жобалары жасалды.

Марк Аврелий өзінің ойларын, өмірге көзғарастары мен тәжірибелерін  жазып отырған, грек тілінде он екі еңбек қалдырған, оның еңбектері Ежелгі Рим философиясының классикасы саналады, «Ой толғанысы» еңбегінде өзінің өмірі, әлем құрылысы, жаратылыс пен табиғат, саясат, адам, халық туралы ой көзғарастарында  көрініс тапқан, олардың көбі нақыл сөздерге айналды.


Адам жағдайына қарай емес, болмысынан адал болуы керек.

***

Кім не істесе де, не айтса да мен ізгі адам болып қалуым керек.

***

Жақсы, ізгі ниетті адамды көзінен тануға болады.

***

Күшпен жеңе алмайтынды ақылмен жеңу керек.

***

Адасып жүрген, надандықпен қасарысқан адам зиянға ұшырайды.

***

Кімді кім өзі бақытқа жетпейінше, оның айналасындағы жақын адамдардың бірде біреуі бақытты болмайды.

***

Әділетсіздік  көбіне  әрекетсіздіктен туады.             

***

Сенің ойларың - сенің өміріңе  айналады.

***

Шындықты айту - ерік-жігерден емес, қалыптасқан әдет болуы керек.             

***

Адам өзін қаншалықты жақсы көрсе, соғұрлым ол басқалардың пікіріне тәуелді.

***

Біз күн сайын таңертең: «Мені бүгін арсыз, әдепсіз, ақымақ, бұзық адам күтіп тұр», - деп өзімізге өзіміз айтуымыз керек.

***

Егерде мені біреу қорлаған болса – ол оның ісі, оның әдеті, білгені сол. Менің өз білгенім бар, ол маған болмысымнан берілген, мен өзімнің ісімде өзімнің табиғатыма адал боламын.

***

Бақытты өмір сүру үшін адамға өте көп нәрсе керек емес. Бәрі адамның өзіне байланысты, оның ойлау амалында.

***

Кім де кім өзінің ойын қадағаламаса, бақытты бола алмайды.

***

Өзіңді кінәла не ешкімді кінәлама.

***

Сабыр - ақылдың дұрыстығынан.

***

Өмір - көптің жағында жүріп сүру емес, өзің білетіндеріңмен өмір сүру.

***

Мейірімге қарсы тұра алмайсың. Егер сен оған үнемі мейірімді болсаң, тіпті ең жетесіздің өзі саған не істей алады?

***

Өзіңді ақылды көрме, қарапайым болуға тырыс.

***

Дұшпаныңнан кек алудың дұрыс жолы - оған ұқсамау.

***

Ар-ұжданыңа ауыр тиетін нәрселерді жасама және шындыққа қарсы келетін нәрселерді айтпа. Осы ең басты нәрселерді сақта, сонда сен өміріңде өз міндетіңді орындайсың.


Аударған Салауат Кәрім  

Салауат Кәрім. «Күн астындағы қазақ» кітабынан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048