Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 1956 16 пікір 22 Тамыз, 2024 сағат 13:36

Білімшілердің «Тамыз» жиынына тамызық

Суреттер aqiqat.kazgazeta.kz сайтынан алынды

Біздің қоғамда лингвистикалық білімі жоқ азаматтар көөп. Өнер адамдарында, әсіресе әзілкештердің ішінде орысшаны бұзып, қазақы мәнермен сөйлегендерді мазақ қылып, елді де, өздерін де мәз-мейрам қылатындар бар.

Лингвистикалық білім: дыбыстар әр тілдің өзіне ғана тән белгілі бір қалыптасқан заңдылық жүйесі бойынша ғана тіркеседі. Қазақ дыбыстары өзара тіркескенде бір-біріне әсте немқұрайлы қарай алмайды. Олар акустика-артикуляциялық жақтан үнемі бір-біріне жуықтап, өзара үйлесіп, үндесіп тұрады (С.Мырзабеков). Он тоғызыншы ғасырда қазақ даласына сырттан келгендер «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп таңырқаған болатын.

Қазақ тіл білімінің басты заңы сингармонизмнің қызметі – қазақ сөзінің өн бойында біркелкі тембрді (франц. tembre – дыбыстың сапасы, бояуы) қамтамасыз ету (Ә.Жүнісбек).

Дыбыстар мен әріптер арасында сәйкестік күшті болғандықтан сөздің жазылуы мен айтылуы арасында да сәйкестік күшті. Қазақтың тіліндегі дыбыс басында арналған әріп дыбыс қайда тұрса да айырылмайды. Сөздері жазылғанда көбінесе сөздің ішінде естілетін дыбысына қарай жазылады. Орыста он сөз дыбысына қарамай жазылатын болса, қазақта он сөз дыбысына қарай жазылып, бір сөз ғана дыбысына қарамай жазылады (А.Байтұрсынұлы).

Осыларды білсе, орыс сөзін орысша айта алмадың деп күлмес еді/  күлмес едік. Бұл лингвистикалық білімнің жоқтығынан. Бұған кім кінәлі?

Тағы бір мысал: әзілкештер «Маңғыстауда әпкесін апа дейді екен, оңтүстікте таңертеңді азан дейді, Жетісуда шалбарды сым дейді екен» деп, соған көрініс құрып, тағы мәз-мейрам, қатық айран болады да жатады.

Лингвистикалық білім 1953 жылы КСРО Ғылым Академиясының түркі тілдер секторында «Қазақ тіліндегі диалектілерді жоққа шығару қате болып табылады» деген қорытынды шығарылды. Сол-ақ екен қазақ диалектологиясын зерттеуге үлкен бетбұрыс жасалды, зерттеудің жаңа кезеңі диалектілік ерекшеліктерді жинаудан басталды. Диалектологияны зерттейтін мамандар көптеп даярланып, диссертациялар қорғалып, ғылыми монографиялар молынан жарық көре бастады.

Иә, жергілікті тіл ерекшеліктерін төменгі курстарда біз де жинадық. Диалектологиядан қорғап, Мәскеуден бекітіліп келген топ-топ ғалым ағаларымызды өз көздерімізбен көрдік. Диалектология деген пәннен өте алмай, оқудан құлағандарды да талай аядық. Ал ұлт ұстазы Ақаң былай деп еді: «Асыл тіл, түзу емле қазақта боларға тиісті. Неге десек: ата кәсібін тастамай істеп келе жатқан – қазақ. Басқа жұртқа араласпай, өз алдына оңаша, оқшау жүрген – қазақ. Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған – қазақ. Жат жұрттың шалығы тимесе, жазу шалығы тимесе, кәсібі, ғұрпы өзгерілмесе, жалғыз тіл өзгертілді деп айтуға тіпті жол жоқ. Қазақтың тілі өзгерген тіл деп айтуға жол жоқ болса, емлесін де қисық деп айтуға жол жоқ: қазақта тілінің табиғатына хилаф келетін емле жоқ. Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір. Қойшы, түйеші, биеші емлесі деген қазақта жоқ нәрсе. Тоқсандағы шалының, тоғыздағы баласының – бәрінің емлесі біреу-ақ».

Иә, бізде диалект жоқ, кейбір аймақта сақталып қалған тарихи қалдықтар қазақ тілінен бұрынғы кезеңдердегі элементтерге жатады. С.Аманжоловтың қазақтың ұлттық әдеби тілінің қалыптасуына негізінен солтүстік-шығыс диалектісі себепкер болған деген болжамы өрескел қате. Бір жыл ішінде екі мың шақырым көшіп, төрт құбыласы мыйдай араласып жатқан қазақтың тілінде үш жүзге байланысты тілдік өзгешілік мүлде жоқ.

Диалект деген мынадай болады: мәселен, қазіргі француз тілінің әдеби тілі париж ауызекі сөйлеу формасына негізделіп шыққан, орыс әдеби тілі мәскеу диалектісі негізінде қалыптасса, қазіргі ағылшын тіліне лондон диалекті, неміс тіліне батыс герман диалекті, қытай тіліне байхуа немесе пекин диалекті, жапон тіліне токио ауызекі тілі негіз болған. Сол тәрізді әзірбайжан тілі де шемақа-бақы диалектінен (Баку қаласы) өрбісе, өзбек әдеби тілі тәшкен-ферғана ауызекі тілі негізінде пайда болған. Сондықтан ол тілдерде диалекті қазір де бар. Ал бізде Оралдан Ауғанға шейін қазақ тілі бір болған. Ақаңның заманында, осыдан бір ғасыр бұрын басқаны былай қойғанда, бүкіл қырық шақты түркілердің ішінде ең кең жайылған және өз ұлттық жазуы бар, терминдері қалыптасқан тіл – біздің қазақ тілі еді. Бүгін міне, ең аянышты, ең артта қалғаны – біздің тіл болып отыр. Кім кінәлі? Қазақ мектебі әліппеден бастап 11-сыныпқа дейін қазақ тілін мың сағат оқытса да, лингвистикалық білімнен жұрдаймыз. Кім кінәлі?

«Тілдің өз әлеуеті нашар» дейді біреулер;

«Тіл саясаты кінәлі» дейді білгіштер;

«Мектептің бағдарламасы» деймін мен. Сіз не дейсіз?

Мектепте қазақ тілін мың сағат оқып, қарапайым ғана лингвистикалық білім ала алмау, керісінше, бәрін теріс түсіну, бұл – таза мектептің кінәсі, білімге қатысты көз аштырмай жатқан реформалардың кесірі.

Тағы бір мысал, тарихи тұлғаларды сомдап жүрген бір танымал актер жақында «Қазақ тілі – бай тіл. Орыс тілінде 33-ақ әріп бар. Ал қазақ тілінде 42 әріп бар. Міне, байлығымыз бадырайып көрініп-ақ тұр», - дейді.

Лингвистикалық білім: Қазақ тілі аз ғана уақытта жазудың үш түрлі жүйесін басынан өткізді. Қазақ жазуы 30-жылдарға дейін араб графикасын пайдаланып келді де, 1929 жылы шілденің 25-інде Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің «Қазақтың жаңа емлесі туралы декреті» жарияланғаннан кейін латын графикасына көшті. Жаңа алфавитте 29 әріп болды. Көп ұзамай 1940 жылы орыс графикасына негізделген жазуға көшу туралы заң қабылданды, соның нәтижесінде қазіргі жазуға ұрындық. Алғашқы алфавитте 41 әріп болды. Алфавиттік қатарда алдымен орыс тіліне тән әріптер, содан соң орыста жоқ, қазақ тіліне ғана тән әріптер тұрды. Бұл тәртіп 1957 жылы өзгеріп, қазіргідей күйге келді. Сөйтіп қазіргі қазақ алфавиті 42 әріпке көбейді. Оның 33-і таза орыстікі.

Орыстың отыз үш әрпін түгел қосып алып, «байып» отырғанымызды білмей тұр әлгі лингвистикалық білімі жетпеген әктөр. Бізде төл жиырма сегіз дыбыс бар. Оны кезінде бізге ұлт ұстазы Ақымет Байтұрсынұлы анықтап берген. Жиырма сегіздің жиырма сегіз-ақ суреті (әрпі) болуы керек: 42-28=14. Әліпбиімізде он төрт таңба артық. Бұл байлық емес, қасірет.

Тек орыстың дыбыстарын ғана таңбалайтындарын бөтен таңба, тіл бұзар вирус ретінде әліпбиден шығару керек. Әліпбиді солардан тазаланып алу үшін ауыстырмақ болып жатырмыз ғой. Оны жай адам немесе бас  шұлғығыш шенеунік тұрмақ, қағаз тырнағандардың көбі-ақ түсінбейді. Осы науқан басталғалы басы қасында жүрген тілші ғалымдардан құралған орпотоптың өзі түсінбей жүр. Яғни, әліпби мен емле жөнінен бүгінгі жеткен сорлы күнімізге солар да кінәлі...

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052