Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Ғибырат 1073 6 пікір 26 Тамыз, 2024 сағат 14:56

Бүгін қазақ шекарасы заңды құжатпен айқындалған күн!

Коллаж суреттері: Abai.kz, matritca.kz, egemen.kz

Бүгін 26 тамызда Қазақ автономиялы республикасының құрылғанына 104 жыл толды.

1920 жылы 24-26 тамыз күндері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермектер бастаған Алаш арыстары айқындап беріп, декрет қабылданып, Қазақ мемлекеті территориясы бекітіліп, шекарасы шегенделді.

Алаш арыстарының ұлттық мүддені қорғаудағы алапат қайраты мен ұлттық рухы, ерен ерік-жігері мен қайтпас қайсарлығы большевиктер билігін Қазақ автономиясын мойындатуына тура келді.

2020 жылы 25 тамызда Қазақ автономиялы республикасының құрылғанына 100 жыл толғанда, осы мерейлі датаға орай «Ақ жол» партиясы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен бірлесіп, «Қазақ Республикасының 100 жылдығы және оның құрылуындағы Алаш қайраткерлерінің рөлі» атты халықаралық ғылыми бейнеконференция өткізді.

Конференцияға “Ақ жол” партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, «Алаш» мәдениет және рухани жаңғыру институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы және Мәжіліс депутаттары, шетелдік және отандық алаштанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Конференцияда сөйлеген Ресейдің белгілі ғалымы, профессор Виктор Козодой: "Алаш идеясының мықты болғаны сондай – большевиктер оларды елеусіз қалдыра алмады және ымыраға келуге тура келді. Алаш зиялылары Қазақстанның шекарасын бекітуде зор рөл атқарды. «Азаматтық соғыста алаштықтар сол кезде жеңілгенмен, тарихи шешімге келген кезде Әлихан Бөкейханов пен Алаш Орданың өзге де көшбасшылары жеңіске жетті», - деп мәлімдеді.

Осы конференцияға қатысушылар 1917 жылы құрылған "Алаш” автономиясы мен 1920 жылы құрылған Қазақ КАСР еліміздің Тәуелсіздігіне жол салды деуге толық негіз бар деген қаулы қабылдады

Иә, Қазақтың байтақ жерін түгендеп, алып шекарасын шегендеп берген де осыдан 104 жыл бұрын Алаш қайраткерлері болды.

Сол кезде, 2020 жылы 26 тамызда біз “ЖЕРІМІЗДІ АЛЫП, ЕЛІМІЗДІ ҚҰРЫП БЕРГЕН АЛАШ АРЫСТАРЫ” атты мақала жаздық “Қазақ үні” газетінде.

Иә, Қазақ автономиясы бастауын Алаш ұлттық автономиясынан алады. Бұл жерде басын ашып алатын басты нәрсе - 1920 жылы 26 тамызда Кеңес үкіметі Бүкілресейлік орталық атқару комитеті мен РКФСР ХКК «Қырғыз (қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы» декрет қабылдады. Бұл жерде бұл қаулының негізі қазақ шекарасының белгіленуіне сүйеніп тұр. Біз Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасының құрылуына 1917 жылы құрылған Алаш автономиясының үлесі үлкен екенін атап айтып, қадап көрсетіп отыруымыз керек. Шынында да, негізі қазіргі Тәуелсіз Қазақ Республикасы 1917 жылғы Алаш автономиясынан басталады емес пе?!. Иә, Алаш дегенде ең алдымен ұлттық рухтың мықтылығын айтамыз. Алаш қайраткерлері 1917 жылы Орта Азияда тұңғыш заманауи саяси партия - «Алаш» партиясын құрып, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның іргесі қаланған Алаш автономиясын құрды. Кейін 1920 жылы Қазақ АСКР құрылып, оның шекарасын белгілеуді абыройлы атқарып шығуда алаштықтардың осындай зор ұлтшылдығы үлкен рөл атқарды. Негізі бұл шегара белгілеудің бастауы 1917 жылы Алаштықтардың бүкілқазақтық құрылтай шақырғанда сол территория шеңберіндегі мекендер бойынша шақырылғаны белгілі. 1920 жылғы 26 тамыздағы «Қырғыз (қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы» декрет осы Алаштықтар еңбегі арқасында белгіленген территорияны Кеңес үкіметінің мойындап, қағазға түсіріп, келісімге келіп, қол қойған тарихи құжат болатын.

Шекараны айқындауда Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан басшылық жасаған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермекұлы ерекше еңбек сіңірді. Комиссия жұмысындағы дау созылып бара жатқанда, Ахмет Байтұрсынұлының атып тұрып, "Ленинің өзі айтты ғой, сол нұсқауды орындайсыңдар ма, жоқ па?!"-деп, айқай салып, мәселені пролетариат көсемінің нұсқауына тіреуі, 29 жасар Әлімхан Ермекұлының Ленин мен Сталин басқарған комиссия алдында ел тағдырын шешкен ерекше баяндама жасап, бүкіл қазақ жерін түгендеп, нақты дәлелдеп қорғап шығуы нағыз ел үшін жасалған тарихи ерлік болды.

Көрнекті ғалым, алаштанушы, профессор Тұрсын Жұртбай осы ерлік туралы тереңінен толғайды: "Ермековтің айтқаны шындық еді. Егер де Сібірревкомының ырқына көнетін болсақ, бүгінгі Қазақстанның бес облысы: Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау Ресейдің территориясында қалуы керек болды.Егер сол астраханьдық делегацияның сөзіне сенетін болсақ, онда қазіргі Орал, Атырау, Маңғыстау облыстары Ресейдің құрамына кету керек болатын. Міне, осы мәселені қойып, оны заңдастыру, қазақ жерінің әр пұшпағына дейін анықтап, ондағы тұрғындар мен олардың күнкөрісіне дейін нақтылап айқындау, Әлихан Бөкейханның кеңесі мен Әлімхан Ермековтің мойнына жүктелген болатын. Олар сенімді ақтады. Мәжілісте Әлихан Бөкейханның, Әлімхан Ермековтің, Лениннің тікелей ықпалы болмағанда және осы сөзді Лениннің нұсқауына тіреп, «Лениннің нұсқауын орындайсыңдар ма, жоқ па!» деген Ахмет Байтұрсынұлының қатты айтқан сөзінің нәтижесінде ғана қазақ автономиясын құру туралы мәселе шешілген. Ол дауға түспейді. Енді осы белгіленген территорияның нақты шекарасын анықтау керек деген шешім түсті. Қазақ автономиясын құру және оның территориясын белгілеу туралы жұмысы ушығып бара жатқанын сезген Ленин 12, 14, 18 және 19 тамыздағы комиссия отырыстарын өзі басқарады. 24 тамызда Ленин: «Қаулы дайын. Әлімхан Ермековтің қайта баяндама жасағаны дұрыс. Осы бойынша заңдастыру керек» деп шешім шығарады. Осы шешім қабылданып шыққаннан кейінгі сәтті Әлімхан Ермеков естелігінде былай жазады: «Өзімнің табысыма масаттанып, риза болып шықтым. Ол кезде бар-жоғы 29 жаста едім. Біздің делегация да қолымды алып жатты. Қарасам, Бөкейханов жоқ екен. Бәріміз дәлізге шықтық. Қазақстанның делегация құрамы он бестей адам болатын.Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын.Он бес, жиырма минуттан кейін ол кісі де шықты. Әлихан Ленинге бекітілген шекараға тездетіп қол қоюға өтініш етіпті, Ленин орындауға уәде беріпті». Сонымен жалпы отырыста бекітілген территорияны қазақ автономиясының территориясы етіп бекіткен бұйрық 26 тамыз күні баспасөзде жарияланды. Міне, содан бастап бүгінгі Қазақстанның территориясы қалыптасты. Біз тәуелсіз мемлекетпіз. Тәуелсіз мемлекеттің шекарасы бекітілген. Тәуелсіздіктің өзі соның негізінде пайда болды. Осыны ақпарат құралдары неге айтпайды? Біздің ұлттық мерекеміз ғой. Ұлттық тәуелсіздігіміздің негізі ғой. Неге үндемейміз? Біз тарихымызды, тарихтағы оқиғаларды ұлықтай білуіміз керек. Мен үшін 1920 жылдың 26 тамызы – Алла жазса, мәңгілік азат Қазақстан территориясының мәңгілікке бекіген күні, мәңгілік салтанаты!”-деп қорытады әйгілі алаштанушы ағамыз.

Яғни, Қазақ автономиялық республикасы Алаштықтар айқындаған территория негізінде құрылғанына қарасақ, жерімізді алып, елімізді құрып берген Алаш арыстары. Ал бізді кешеге дейін 70 жыл "бәрін қатырған большевиктер" деп оқытып келді. Ол аз болса, одан кейін Тәуелсіздіктің 30 жылында “1991 жылдан бұрын ешқандай Қазақ елінің шекарасы да, мемлекеті де болған жоқ” деген жарамазан айтылды.

Ұлттық мүддені қорғауда ұлттық рух зор рөл атқаратынына айқын дәлел - ЖЕРІМІЗДІ АЛЫП, ЕЛІМІЗДІ ҚҰРЫП БЕРГЕН АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ АЛАПАТ ЕРЛІГІ!

Қалай болғанда да, Қазақ Автономиялы социалистік кеңес республикасы құрылуының 104 жылдығы, яғни мемлекет шекарасының заңды құжатпен айқындалған күні - мемлекеттік мереке, еліміз үшін ерекше тарихи дата, жалпы халық болып, Алашқа сауын айтып, атап өтетін күн болуы керек!

Мысалы, Әзірбайжан Республикасы Тәуелсіздік күнін 1918 жылы 28 мамырдан, алғашқы Тәуелсіздігін жариялаған күннен бастайды.

Мұсылман шығыстың тұңғыш тәуелсіз республикасы ретінде қабылданған Әзірбайжан Республикасының тәуелсіздігі 1918 жылы 28 мамыр күні Грузияның Тбилиси қаласында Мехмет Эмин Ресулзаде басшылығындағы Әзірбайжан Ұлттық Кеңесі тарапынан жарияланды.

1918 жылы 7 желтоқсан күні 120 орындығы бар парламент жұмысын бастады. 17 ай бойынша парламентте 230 заң жобасы қабылданды.

Ал Екінші жалпықазақ съезі бұдан бір жыл бұрын, 1917 жылы 5-13 желтоқсаг күндері өткен еді.

Әзірбайжан Республикасы 1920 жылы 28 сәуір күні Кеңес армиясының елді басып алуымен ыдырады. 2018 жылы Әзірбайжан Республикасы тәуелсіздігінің 100 жылдығы мемлекеттік мереке ретінде тойланды.

Ал Алаш автономиясы Әзірбайжаннан бір жыл бұрын 1917 жылы Орынборда Екінші жалпықазақ съезі өткен 5 желтоқсанда басталып, 13 желтоқсанда жарияланды. 2020 жылы Кеңес үкіметінің күшімен таратылды. Яғни, Әзірбайжан Республикасының алғашқы тәуелсіздік алған кезеңінен бір жыл ұзақ өмір сүрді.

Ендеше, біз де Қазақ Республикасының алғаш Алашорда үкіметі құрылған 1917 жылғы 13 желтоқсан мен Қазақ Республикасының шекарасы айқындалған 1920 жылғы 26 тамызды мемлекеттік мереке күндері ретінде жариялауымыз керек!

Бүгін, 26 тамыз - Қазақ Республикасы Жерінің құжатпен айқындалған күнінің 104 жылдығы құтты болсын, ардақты Алаш Елі!

Қазыбек Иса,

ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2005