АЛАШТЫҢ АЙМАУЫТОВЫН ІЗДЕЙТІН КІМ БАР?
(Жазушыға қатысты кейбір деректер)
Қазақ прозасының классигі, қазақ әдебиетіндегі роман жанрының шын мәніндегі негізін салушы бұл адамды Баянаула-Қызылтау елі Оймауыттың Түсіпбегі деп атаған. Жүсіпбектің ұлы әкесі Дәндебай биден – Иса, Оймауыт, Торғауыт, Оспан, Әбәйділдә, Әбдіраман атты алты бала дүниеге келген. Осы Оймауыттан – Ахат, Жүсіпбек, Жақыпбек туады. Жүсекеңнің фамилиясы кейін орыс тілінің дыбысталуына қарай икемделіп Аймауытов болып жазылып кеткен. Мұхтар Әуезовтің өзі «ұстазым» деп атаған Жүсіпбек жайлы бүгін білеміз деп те, білмейміз деп те айтуға болады. Білетініміз – қысқаша ғұмырбаяны, бүгінге жеткен шығармалары. Ал оның ата-бабасы, өскен ортасы, өмір жолының кейбір бұрылыс-бұлталаңы әлі де көзден тасада қалып келеді.
(Жазушыға қатысты кейбір деректер)
Қазақ прозасының классигі, қазақ әдебиетіндегі роман жанрының шын мәніндегі негізін салушы бұл адамды Баянаула-Қызылтау елі Оймауыттың Түсіпбегі деп атаған. Жүсіпбектің ұлы әкесі Дәндебай биден – Иса, Оймауыт, Торғауыт, Оспан, Әбәйділдә, Әбдіраман атты алты бала дүниеге келген. Осы Оймауыттан – Ахат, Жүсіпбек, Жақыпбек туады. Жүсекеңнің фамилиясы кейін орыс тілінің дыбысталуына қарай икемделіп Аймауытов болып жазылып кеткен. Мұхтар Әуезовтің өзі «ұстазым» деп атаған Жүсіпбек жайлы бүгін білеміз деп те, білмейміз деп те айтуға болады. Білетініміз – қысқаша ғұмырбаяны, бүгінге жеткен шығармалары. Ал оның ата-бабасы, өскен ортасы, өмір жолының кейбір бұрылыс-бұлталаңы әлі де көзден тасада қалып келеді.
Бүгінде Смағұл Сәдуақасовтың сұрауымен жазылған Жүсіпбектің анкеталық жауабымен барлығымыз таныспыз. Онда Жүсекең өзін сіңірі шыққан кедейдің баласымын деп жазады. Тіпті «1917 жылға дейін әкеміздің малы 6-7 қарадан асып көрген жоқ» депті. Бұл жерде басын ашып айтатын бір нәрсе, Жүсіпбек ешқашан кедейдің баласы болмаған. Бұлай айтуының себебі, ол кезде байдың ұрпағымын деу, өзіңе-өзің көр қазғанмен бірдей. Бар арманы шығармашылық жұмыспен шұғылданып, халқына қызмет ету болған Жүсіпбек сұрқия заманға сыр алдырмаймын деп, амалсыз осындай сөзге барыпты. Бұл бір Жүсіпбектің басындағы оқиға емес, ол заманда талай жақсылар сөйтіп амалдағанын білеміз.
Ал шындығын айтар болсақ, Жүсіпбектің атасы Дәндебай Қуанұлы Қызылтау-Баянаула төңірегіне белгілі, бір кісідей дәулеті бар, малды адам болған. Сонымен қатар, Баянауыл сыртқы округі ашылғасын, талай жылдар Қызылтаудағы Ақыл-Бейбіт ауылдарының старшыны міндетін атқарған. Ондай дерек мұрағаттық құжаттарда да, ел ішіндегі ауызекі әңгімелерде де сақталған. Сол дәулеттің арқасы шығар, Дәндебай 1858 жылдың 13 мамыры күні өзінің қыстауына ағаш үй салуға рұхсат сұрап, Омбыдағы генерал-губернатордың кеңсесіне өтініш жазыпты. Облыстық басқарма Дәндебай Қуанұлына Баянаула орманынан 125 бөрене кесуге рұхсат беріп, оны қадағалауға округтік приказға нұсқау жібереді. (ҚР. ОММ. 345 қор. 1 тізбе. 2096 іс). Егер ол кедей адам болса, ол кезде екінің бірінің қолынан келе бермейтін бұндай шаруаға бармасы белгілі.
Жүсіпбек оқудан демалысқа келгенде, атасы Дәндебай ат шаптырып, той жасаушы еді деп ертеде елдің үлкендері әңгімелеп отырады екен. Сол уақытта соның бәрін көзімен көріп, Дәндебайдың бәйге атына мініп шабатын бала – Жұмабек Әуезов деген кісі қария жасына дейін жетіп, Қызылтаудағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы (бұрынғы Жосалы) ауылда бертін, сексенінші жылдары қайтыс болған. Осы әңгімені бүгінге жеткізуші де сол ақсақал. Бірақ кеңес заманында оны тыңдайтын және Жүсіпбек жайлы әңгіме іздейтін адам болған жоқ. Себебі, заман өзгереді, Жүсіпбек сияқты зиялылар ақталады деп кім ойлады.
Жүсіпбектің атасы Дәндебай жайлы осындай деректер қалса, енді оның өз әкесі Оймауыттың шаруасы қандай болды екен дейміз. Байқасақ, ол да кедей адам болмапты. 1897 жылғы қазақ даласына барлау жасап, мал-жанның есебін алған Ф.Щербина экспедициясының жазбасында былай делінеді: «Оймауыт Дәндебайұлында: 276 жылқы бар, оның – 29-ы бойдақ құнан-байтал, 28-і құлын; 167 ірі-қарасы бар, оның – 50-і құнаншығар, құнажын, 46-сы бұзау; 43 түйесі бар, оның – 7-еуі тайлақ, 12-сі бота; 749 қойы, 52 ешкісі бар». Айтыңыздаршы, осындай адам кедей бола ма? Бұл Жүсіпбектің 8-9 жастағы кезі делік. Сонда Жүсіпбек 20 жасқа жеткенге дейінгі он шақты жылдың ішінде бұл мал көбейіп өспесе, құрып кетуі тіпті мүмкін емес. Осы малды Оймауыт өзінің баласы Жүсіпбектің оқуы үшін пайдаланбады деу, тіпті ақылға сыймайды. Расын айтсақ, сол уақыттарда қалалы жерде оқыған қазақ зиялыларының қай-қайсын алсаң да, дәулетті ортадан шыққан адамдар. Кедейдің баласы ешқашан алысқа барып оқи алмайды. Жүсіпбек те осылардың бірі.
Одан бөлек, тағы бір мұрағаттық деректе Оймауыт Дәндебайұлы Тайшық Ноғаевпен (өзінің аталас туысы) бірге 1889 жылдың 26 тамызынан бастап Баянауыл сыртқы округіне қарасты Атағозы болысын басқарған. (Семипалатинские областные ведомости, 1847). Ал ол кезде кедей адам ешқашан болыс болып сайланбайтыны белгілі.
Жүсіпбектің жалпы ғұмырбаяны жайлы айтар болсақ, оны қазір кез келген оқулықтан көріп жүрсіздер, сондықтан қайталаудың жөні болмас. Дегенмен, оның туған жылы әр деректе әртүрлі жазылып жүргенін айта кеткіміз келеді. Кейбір деректерде 1888 жылы дүниеге келді десе, кейбір жерлерде 1889 жылы туған деп жазылады. Біздер қазір осы кейінгі датаны пайдаланып, биылғы жылы жазушының туғанына 125 жылы толады деп жүрміз. Бір қызығы, бұл дата Жүсіпбекке қатысты құжаттарда көп кездесе бермейді. Тек биыл «Казахстанская правда» газетінде Марат Утеубаев деген тарихшы Ресей Федералдық тергеу бюросы мұрағатының мәліметіне сүйеніп, Жүсіпбек 1889 жылы туған дейді.
Ал өзі жазған жоғарыдағы өмірбаянында «1890 – сиыр жылы туыппын» дегенін білеміз. Осыны нұсқаға алар болсақ, 2014 жылы оның туғанына 124 жыл толады екен. «Егемен Қазақстанның» 2011 жылғы 28 желтоқсанындағы санында жарияланған «Құпиялы құлпытас» атты мақалада оның авторы Серікқали Бәйменше Мәскеу жақтан қолына түскен тағы бір құжаттарға сүйене отырып, Жүсіпбектің 1895 жылы туғанын айтады. Бұл датамен алсақ, биылғы жылы жазушының туғанына 119 жыл болады. Жүсекең өзінің Мәшекеңе жазған бір хатында «Сұлтанмахмұттан екі жас кішімін» депті. Олай болса, 1895 жылы туған болып шығады. Одан басқа, Баянауылдың Шоман ауылында тұратын, ескі әңгімелерден хабары бар Тұрсынбике Тұқбайқызы деген апамыз: «1896 жылы туған ағам Қожан Тұқбайұлы Жүсіпбек менен бір жас қана үлкен деп отыратын» деген әңгіме айтты. Бұлар Жүсіпбекпен ауылдас, бірге өскен адамдар. Байқап отырсақ, деректердің көбі Жүсіпбек 1895 жылы туды дегенге көбірек саятын сияқты.
Бұдан бөлек тағы бір дерек, 1914 жылдың 1 мамырында Жүсіпбек Оймауытұлына Павлодардың 2 кластық орыс-қазақ школасын бітіргені және 1917 жылдың 14 маусымы күні Семейдің мұғалімдер семинариясын бітіргені жайлы берілген куәліктерде оны 1892 жылдың 30 қарашасында туған деп көрсетеді. Олай деп есептесек, 2014 жылы оның туғанына 122 жыл болады. Осының барлығына қарап отырып, Жүсіпбек Оймауытұлының өмірбаянының кейбір тұстарын әлі де нақтылай, анықтай түсу керек шығар деп ойлаймыз.
Жүсекең өзі 1919 жылы Семейдің мұғалімдер семинариясын бітірдім дейді. Бұл жөнінде 1919 жылдың 2 шілдесі күні осы семинарияның директоры Семей облыстық «земская управаның» халық ағарту бөліміне мынадай құжат жіберіпті: «При этом перепровождаю вь Областной отдель Народного Образованія сльедющіе документы окончившаго вь 1918-1919 учебномь году воспитанника ввьеренной мне семинаріи, земского стипендіата Семипалатинской области Жусупбека Аймаутова: 1/ Свидьетельство обь окончаніи курса Семипалатинской учительской семинаріи за № 375/268; 2/Свидьетельство обь окончаніи курса Павлодарского 2-х классного училища за №146; 3/Удостовьереніе Степного волостного Управителя оть 3 января 1914 года и 4/ Свидьетельство о прівитіи оспы за №41»-делінеді.
Бір қызығы, осы оқу орнын бітіргені жөнінде мынадай тағы бір құжатты кездестірдік. Оның датасы 1917 жылдың 14 маусымы.
«Свидьетельство. Оть педагогического Совьета Семипалатинской учительской семинаріи на основаніи положненія обь учительских семинаріях 1870 г.
14 іюня 1917 года дано это свидьетельство окончившему полный курс ученія Жусупбеку Аймаутову, магометанского исповеданія, родившемуся 30 ноября 1892 года, вь томь, что он при ОТЛИЧНОМ поведеніи оказаль следющіе успехи»-деп, пәндерден алған бағаларын көрсетеді. Сонда осы екі құжаттың қайсын негізге алуға болады екен деп ойладық. Жазушының өмір жолын мұрағаттық құжаттар арқылы саралап көрсеңіз, бұл секілді сәйкессіздіктер (әсіресе, туған жылына байланысты) кездесіп тұратынын байқайсыз.
Жүсекең осы 1919 жылдың 28 желтоқсаны күні Коммунистік партия қатарына өтуге өтініш беріпті. (2 қор. 1 тізбе. 6 іс). Сол жылдан бастап мемлекеттік қызмет жүйесіне араласа бастаған сияқты. Губревкомның «Список лиц служащих в общем инородческом подотделе управления и инструкторско-информационной части»-деген құжатында губерниялық бұратаналар бөлімшесінің меңгерушісі Мұхтар Әуезов екені айтылып және оның үйленбеген бойдақ екені көрсетілген. Ал Жүсіпбек Аймауытовтың нұсқаушылар бөлімшесінің меңгерушісі екені жазылады және үйленген, отбасында үш адам бар деген дерек берілген. Бұл 1919 жылдың 24 желтоқсаны.
Бұдан кейін,1920 жылы Семейдің губревкомында Нәзипа Құлжанова, Кәрім Тоқтыбаев үшеуі аудармашы болғаны және Жүсіпбектің Знаменская көшесіндегі 5 үйде тұратыны көрсетіліпті. (72 қор).
Осы жылдың 22 наурызында Аймауытов, Самсонов, Большаков, Тюленев, Завадскийлер губревкомның мүшесі болып сайланады. Және Сибревкомның қаулысы бойынша, бұл адамдарға қызмет орны бөлінгенде, Жүсіпбек Аймауытовтың басқаруына үш бірдей бөлім – жер бөлімі, юстиция бөлімі және халық ағарту бөлімі беріледі. (72 қор. 1тізбе).
Сол жылы 26 шілдеде ол губревком сайлау комиссиясының мүшесі болып сайланады.
Осы 1920 жылы губревкомның «бұратаналар» бөлімі «киротдел», яғни қырғыз (қазақ) бөлімі болып өзгерген секілді. 1920 жылдың 22 қыркүйегінде аталмыш бөлімнің меңгерушісі болған Мұхтар Әуезовтің білімін әрі қарай жалғастырмақ үшін кетем деген өтінішіне байланысты, орны босап, ол жерге уақытша Жүсіпбек тағайындалады. (72 қор).
Сол кезде қазақ арасынан шыққан сауаттылардың аз болуынан ба, тек бір ғана 1920 жылдың ішінде Жүсіпбек бірнеше қызмет орнын ауыстырыпты. Одан соңғы он шақты жылдың жүзінде Жүсіпбектің қызмет бабымен біраз жердің дәмін татқанын байқаймыз. Мысалы, 1921 жылы ел астанасы Орынборға ауысқан Жүсіпбек одан кейін қайта Семейге келіп, одан Қарқаралыға ауысып, одан қайтадан Орынборға шақырылып, одан Ташкентке барып, Ташкенттен қайтадан Орынборға келіп, ең соңғы қызмет істеген жері Шымкент қаласы секілді. Осылай аттың жалы, түйенің қомында ғұмыр кешкен адам, айналдырған он шақты жылдың ішінде соншама дүниені қай уақытта қалай жазып үлгерді екен деп таңқаласың.
Өкінішке орай, қоғамды күйсеуінен жаңылдырған жыланпейіл заман келіп, қалың жұрт жарты ғасырдан астам уақыт бойы Жүсіпбек шығармаларынан көз жазып қалды. Қазақстан Орталық большевиктер партиясының комитеті 1937 жылдың 21 тамызында «Кітапханалар мен кітап сату жүйесінен алынатын алашордашыл, ұлтшыл бағыттағы әдебиеттердің тізімін» жасайды (№188). Бұл тізімге Жүсіпбектен басқа А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Елдес Омаров, Т.Рысқұлов, М.Тынышпаев, М.Әуезовтер кірген екен.
Сөйтіп Аймауытовтың: «Жан жүйесі» (1928-29 ж.ж.), «Жаңа Арқа» (1928-29 ж.ж.), «Қартқожа» роман (1928-29 ж.ж.), «Шернияз» пьеса (1928-29 ж.ж.), «Мансапқорлар» (тізімде роман деп көрсетілген – автор) 1928-29 ж.ж.), «Алтын сақина» (1928-29 ж.ж.), «Бәйбіше-тоқал» (1928-29 ж.ж.), «Соңғы таялым» (1928-29 ж.ж.), «Октябрь» пьеса, «Мағжанның ақындығы», «Тас мейман» – Пушкиннен аударма, «Жаман тымақ», «Синий бык» (Көк өгіз), «Қанапия-Шарбану», «Тазша, «Кур-куй» (солай жазылған – автор), «Методы комплекса», «Новый аул» второе издание, «Чтение», «Жаңа ауыл» (барлығы «Казиздатта» басылған) секілді дүниелері талай ондаған жылдар оқырмандар көзінен таса болады. Өзі 1930 жылдың 21 сәуірінде Мәскеуде атылып, сондағы Ваганьков зиратына жерленеді.
Оның өнер мен әдебиетке шындап араласып, табиғи дарынының бастау бұлағын алғаш ашқан жері Семей екені белгілі. Өнерге жаны ғашық жас Жүсіпбек жаңа ғана қаз тұрып келе жатқан театр өнері мен әдебиетке құлшына араласады. Біз көбінесе оның жазушылығын айтамыз да, ал режиссерлік, актерлік қырын ескере бермейміз.
Семейлік (абайлық) шежіреші-этнограф Бекен Исабаев өзінің «Ұлылар мекені» кітабында: «1914 жылы Абай Құнанбаевтың өмірден озғанының 10 жылдығы Семей қаласында аталып өткенде, Кеңгірбай бидің немересі, «Абай» романының белгілі кейіпкерлерінің бірі Базаралының ұрпағы Тұрар ханым «Біржан-Сара» спектаклінде Сараның рөлінде ойнап, Біржан рөлін сомдаған Жүсіпбек Аймауытовқа қарсы айтысып, тарих парағына жазылған кісі», – дейді.
Жүсекеңнің көп айтылмай жүрген тағы бір қыры – оның сазгерлігі. Белгілі сахна қайраткері, Қазақ ССР-інің халық әртісі болған Жәмила Шашкина апамызды халық біледі. Бұл кісі былтыр туғанына 100 жыл толған белгілі жазушы Зейін Шашкинның бірінші қосағы. «Жүсекең кезінде Жәмиланың әпкесі Кәмила деген кісіге ғашық болып, «Кәмила» атты ән шығарған екен. «Осы әңгімені Жәмила шешеміз өзінің 90 жылдық тойында айтқанын естідім» – дейді өткен-кеткеннен хабары мол баянаулалық Рамазан Нұрғалиев атты азамат. Зейіннің жасы Жүсіпбектен біраз кіші болғанымен, екеуі де Баянауыл округіне қараған бір елдің – Қыр болысының қазақтары. Сондықтан таныс-біліс болғандары даусыз. Аталмыш әңгімені растағандай, Қарағанды облысының «Орталық Қазақстан» газетінде Төлеубай Мансұрұлы деген әріптесіміз: «Осындай думан-тойдың бірінде Жүсіпбек Аймауытовтың өзі Жәмиланың Кәмила мен Қайкен деген туған апаларының өнеріне өте тәнті болып, ән шығарған ғой. Осы әнді Қарағандыдағы қазақ театрының сахнасында Қайрат Байбосынов ағамыз әуелете шырқағаны есімізде», – деп жазады.
Бұл әңгімені Алматыда тұратын Жәмила шешеміздің қызы Қарагөз Шашкина апамыз да қуаттап, кезінде осындай әңгімелерді ертеде құлағы шалғанын айтып, өз анасы және Кәмила, Қайкен әпкелерінің бірге түскен суретін салып жіберіпті.
Тағы бір айта кететін нәрсе, халық әні делініп жүрген «Екі жирен». «Қызыл бидай» әндерін ертеде Қызылтау елінің қариялары «Түсіпбектің «Екі жирені», «Түсіпбектің «Қызыл бидайы» деп отырады екен. Осының мәнісін білмекке, Астанадағы Қайрат Байбосынов ағамызбен хабарласқан едік.
– Бұлар халық әндері ғой, дегенмен, Жүсекең кезінде өзінің жүрек сырын осы әндердің әуеніне салып айтуы мүмкін. Себебі, мен Қарағандыда сахнаға шығып, «Екі жиренді» орындарда Жәмила апамыз: «Қайратжан, осы әннің қайырмасын «Кәмила, Қайкен, құдашам Зайкен, тұрмайсың уағдаңда, сені қайтем», – деп қайыршы, ертеде Жүсіпбек Аймауытов ағамыз солай айтушы еді», – деп еді дейді.
Қазақ әндерінің тарихынан мағлұматы мол Қайрат ағамыз осылай десе де, халыққа белгілі «Екі жирен» әнінің бірнеше нұсқасы бар екенін білеміз. Осының бірі Жүсіпбектікі емес пе екен деп ойлап қойдық...
Жүсіпбектің сазгерлігі жөнінде баянауылдық белгілі өлкетанушы Алтынбек Құрманов төмендегідей бір әңгімені баян етті. «Тоқсаныншы жылдары осы өңірдегі Торайғыр ауылына Моңғол жерінен Мүтай атты ақсақал қоныс аударып келіп еді. Өзі сол жақта ескіше әжептәуір білім алған, Оспан батыр, Қалибек хакім секілді Шығыс Түркістанның саяси қайраткерлерін көзімен көріп, жанында болған адам екен. Әлгі кісімен сөзіміз жарасып, ара-тұра әңгіме-дүкен құратынбыз. Ақсақал жас уағында Шығыс Түркістандағы «Үш аймақ» көтеріліске қатысыпты және өзінің айтуынша, Қалибектің көмекшілерінің бірі болғанға ұқсайды. Сонда мыңдаған адам сарбаздар сапқа тұрып, әкери маршпен адымдап, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ғаскер жыры» өлеңін бір кісідей шырқайды екен. Ақсақал жаңағы әнді кей уақта өзінше ыңылдап айтып, кәдімгідей әруақтанып отыратын. Мен ол кісіге: «Әннің авторы Жүсіпбек Аймауытов өзіміздің баянауылдық жерлесіміз» – дегенімде, әлгі кісі: «Жүсіпбек осы өңірдікі ме еді?!», – деп таңқалып еді», – дейді. Қарап отырсақ, Жүсекеңнің өлеңдері сол кезде Алтайдан әрі асып, сол жақтағы қандастарымызға да жігер мен намыс берген екен.
Жүсекеңнің ұлт алдындағы қаламгерлік қызметін айтқанда, қайраткерлігін ұмытуға болмайды. Қай жерде жүрмесін, бар арманы – шамасы келсе туған халқына жақсылақ жасау болған Жүсіпбек Семейде губерниялық қызметте жүргенде өзі туып-өскен Қызылтау өңірінде жаңа ауылдың іргесін қалауға қол жеткізеді. Халық оны сол кезде «Мәдени кіндік» деп атаған екен. Мұрағаттық құжаттарда бұл ауыл «Культпункт» деп көрсетіледі. Аталмыш ауылда сол кезде бастауыш мектеп, балабақша, тіпті тіс жұлатын дәрігерге дейін жұмыс істеген екен. Бұл – Жүсіпбектің халықты қайтсем де Еуропа тұрмысына жақындатам, көзін ашам деген ниеті екені белгілі. Белгілі жазушы Дихан Әбілев атамыз осы «Мәдени кіндіктегі» мектептің директоры болып жүргенде Баянаула жерінде «Баянтау» газеті ашылып, оған Ғалым Малдыбаев редактор болып барады да, Диханды өзіне орынбасар етіп алады. Одан кейін аласапыран заман келіп, ашаршылық жылдары халық тоз-тоз болып кеткенде, бұл ауыл да иесіз қалған секілді. Қазір сол «Мәдени кіндіктің» орны ғана жатыр. Кірпіші мен ағашын кейін Баянауылдың орталығына құрылыс салуға пайдаланыпты.
Жүсекеңнің қай жерде болмасын, осындай игілікті шаруаға мұрындық болып, оң істерді ұйымдастыра жүретінін байқаймыз. 1925 жылы оның біраз уақыт өкіл болып Семейден Алтайдың Күршім жеріне барғанын «Абай» журналының 2009 жылғы екінші санында Әлтай Есқалиұлы деген адам жазады. Жүсіпбек ол жақта да Мысбаев Мейраш, Әділхан, Дариға атты болыстардан қаржы жинап, темір шатырлы Мәдениет үйін салдырады. 1945 жылы өртеніп кеткен бұл үйді көргендер бір жағында мешіт, бір жағында дәрігерлік бөлме бар еді дейді екен. Тағы бір жерде темір шатырлы кеңсе мен клуб салдырып, ол 1926 жылы пайдалануға берілген екен. Жүсекеңнің Алтайға сапары осымен ғана түйінделіп қалмай, атақты «Ақбілектің» де сюжетін сол жақтан тапқаны белгілі...
Осылай Жүсіпбек Аймауытовтың туған жылы жайлы сөз қозғаймыз деп, біраз әңгіменің басын қайырдық. Зиялы қауым биыл 125 жыл толады деп, елеңдесіп отыр. Павлодар облысының әкімдігі алдағы тамыз айына белгілеп отыр дегенді құлағымыз шалды. Ескерткіші де қойыла жатар. Бірақ мына жақта дүбірлесіп тойлап жатқанда, Жүсіпбектің сүйегі Мәскеу жерінде қалғаны жаныңа батады. Жоғарғы жақта осыны ескеріп, жөн сілтер біреу болып, бір уыс сүйегі өзінің Қызылтауына жеткізілсе, жазықсыз оққа байланған жазушының рухы мәңгілік ырза болар еді деп ойлайсың.
Сайлау Байбосын
"Қазақ әдебиеті" газеті