Сенбі, 12 Қазан 2024
Дін мен тін 1639 22 пікір 29 Тамыз, 2024 сағат 13:23

Тәңіршілік – діни толеранттылық бастауы!

Коллаж: Abai.kz

Адамзат қоғамы «Инновациялық өмір» деп аталатын бүгінгі таңдағы прогресті бағытқа бұрылды. Бұл – қоғамның даму эволюциясындағы, әсіресе, соңғы жылдардағы әлеуметтік уақыттың жеделдеуі мен жаңашылдыққа деген бетбұрыстар мен қоғам өмірінің әрбір саласындағы болып жатқан өзгерістердің жиынтық нәтижесі. Әрине, шындығында, ол тек қана жаңаны бетке ұстайтын үздіксіз, мүлтіксіз, үнемі алға ілгерілеу емес. Бұл процесс дәстүршілдік пен жаңашылдықтың бірлігі мен қайшылығы арқылы жүріп отыратын диалектикалық үрдіс.

Әрине, ғылыми айналымда «Тарих қайталанады», не болмаса, «Жаңаның барлығы ұмытылған ескі» деген тәмсіл бар. Біз қаншама «жаңашыл» боп кетсек те, адамзат өзі жүріп өткен тарихи жолын басы‑бүтін ысырып тастай алмайды. Бұл қоғам өмірінің қай саласына болмасын қатысы бар мәселе. Соның бірі ‑ қазіргі замандағы әлем халықтарының және өркениетті қоғамдардың дінге қатысты  ұстанатын саясаты:  зайырлылық, дінаралық келісім, діни толеранттылық, көпконфессионалдылық пен әрқилы діндердің бейбіт қатар өмір сүруі т.б.

Бұл парадигманың түп‑төркіні (генезисі) – көне Тәңіршілдік дүниетанымынан тамыр тартады. Бір қырынан, қазіргі діни сенімдер мен діндердің көпшілігіне негіз болған Тәңірлік көне дүниетаным өзінің қазіргі діндерге тән ортодоксальді, схоластикалық, манифесттенген, доктриналық сипатының жоқ екендігімен және заманға бейімделе алатын құрылымымен, өзінің ішкі базисінің тұрақтылығымен өміршең болып отыр. Тәңіршілдіктегі орын алған жоғарыда айтылған діни‑саяси стратегиялық ұстанымдардың негізгі бағдарлары адамзаттың діни тарихында, діни пайымдауларында, дін философиясында әрқилы бағыттарда қарастырылды. ХҮІІІ ғасырдағы француз, неміс, орыс ағартушылары да бұл салада айтарлықтай еңбек етті. Мәселен, Л.Н. Толстойдың «Сурат кофеханасы» туындысындағы (аударма) оқырманға ұсынылған ең басты идея – көпконфессионалдылық және діни төзімділік болатын.

Ал, көнетүркілік және кейінгі түркілік дәуірлердегі түркі халықтарының әлемді жаулап алу нәтижелері оңтайлы болып, олар қол астына біршама халықтарды бағындырғанмен, көне түркілер оларға Тәңірлік сенім мен Тәңірлік дүниетанымды «күштеп таңу» саясатын жүргізбеді. Бұл тарихты дүр сілкіндірген Аттила мен Шыңғысхан империяларының дінге қатысты ұстанған саясатынан анық байқалады: олар өздері жаулап алған халықтардың діни ұстанымына тәңірлік сенімді сіңірмек түгілі, әрбір халықтың өз сенімдерін сақтауына мүмкіндік берді, ол халықтардың әрқайсысының діндеріне белгілі бір деңгейде «құрметпен» қарады. Бұл империялар жаулаған елдерге «Барлығы міндетті түрде біздің өмір салтымызбен және тек қана Тәңірлік сеніммен жүруі тиіс» деген қағида енгізбеді.

Әрине, кейбір өзге халықтарға билік жүргізген  түркі текті әміршілер өз дәстүрлерінің оңды, тиімді, өміршең жақтарын жоғалтпады. Кейбірі Тәңірлік сенімдерін өзге елдерде дәстүрге де айналдырды. Мәселен, тарихта аты қалған Бейбарыс сұлтан, Бабыр шаҺ сынды билеушілердің діни кеңестері туралы деректер бар. Онда Тәңірлік сенімнің ізі байқалады. Сондықтан, Шыңғысхан қаншама қатал соғыс жүргізсе де, оның діни ұстанымы «Шыңғысханның діни зайырлылық үлгісі» деп атауға болатын ұстаным екендігіне бүкіл тарих куә және ол бүгін де өте өзекті болуға сұранып тұрған үлгі.

Сайып келгенде, тәңірлік сенімнің зайырлылық пен діни төзімділік қағидаттарын былайша жинақтап көрсете аламыз:

1. Тәңірлік сенім діни фанаттықтан ада, тіптен, олай болуы мүмкін де емес ‑ тарихта «Тәңірге бағынышты бол» деген ұранмен болған соғыстар мүлде кездеспейді. Себебі, Тәңірлік дүниетаным прототүркі халықтарының эволюциялық даму барысында табиғи түрде қалыптасқан діни дүниетанымы болғандықтан, ол ешқашан ресми түрде идеологияланып, насихатталып институцияланбаған. Өйткені, оған қажеттілік те жоқ еді, онда «Бүкіл дүние Тәңір жаратылысы» ‑ мәселе сонымен шешіледі. Ол басқа діндер сияқты шектен тыс уағыздауды қажетсінбейді.

2. Тәңіршілдікте басқа да діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне мүмкіндіктер беріледі. Мәселен, бұған Шыңғысхан империясындағы діни саясат немесе көне Сауран қаласындағы сол дәуірдегі діни өмірді сипаттаушы саяхатшылар мен саудагерлердің, және басқа да куәгерлердің «бұл қалада сан алуан дін өкілдерінің бейбіт қатар, тату-тәтті өмір сүре бергендігі» туралы да айтылатындығы дәлел бола алады. Сондықтан да, Тұран даласында Будданың тастағы графикалары, христиандық шіркеулер, исламдық мешіттер және басқа тарихи мұралар мүмкіндігінше, қиратылмай сақталып қала берген. Түркілік империяларда «діни көзқарасы үшін қудаланғандар» туралы, немесе, «тәңіршілдікке қарсы көзқарасы үшін қысымшылық көргендер» туралы ақпараттар мүлдем жоқ. Мұнда өзге дін өкілдеріне «адасу» деп айдар тағатын жеккөрушілік сезімдер болмаған (Иә, қазір тәңіршілдер догмаланған дінді сынайды. Алайда, ол дінге деген қысым емес. Олар дінді емес, діни фанатизмді сынайды).

3. Тәңірлік сенім, негізінен алғанда, мемлекеттік саясатқа араласпайды.

Әрине, «Тәңірдің таңдаулы ұлдары» идеологиясы бойынша көнетүркілік руна жазуларында оларды  «Қаһан» деп ерекшелейді.  Бірақ дәл осындай ұстаным барлық түркілік мемлекеттерінде болып еді деуге еш негіз жоқ. Ондай ақпараттар кездеспейді. Сонымен қатар, Тәңіршілікте арнаулы дін өкілдерінің саяси билік иесі болғандығын да елестету қиын. Иә, бақсылардың Хан кеңесшісі, көріпкелі, мемлекет пен ел билеушінің өмірін сақтаушы т.б. болуы тарихта кездеседі. Бірақ ол «қызмет» діни статустан гөрі (дін таратушы) «мемлекеттік деңгейдегі қауіпсіздік қызметкерінің» роліндегі теоретик-практик іспетті;

4. Тәңіршілдікте қатаң діни шарттар қойылмайды. Онда өмір сүру шарттары мен қағидаттарының барлығы қамтылған біртұтас «әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институты» бар. Ол рухани, мәдени, саяси, әлеуметтік, экономикалық, тұрмыстық, этикалық т.б. салалардың барлығын қамтиды. Бірақ, тәңіршілікте «тәңірлік рәсімдерді орында» дейтін мәжбүрлеу жоқ. Ол ешкімге күштеп таңылмайды, тәңіршілікті қорқытып-үркітіп мойындаттыру кездеспейді. Ешкім де тәңірлік рәсімді орындағаныңыз немесе орындамағаныңыз туралы сізден жауап алмайды. Өйткені, Тәңірлік сенім еркіндік алаңы және діни дискурс пен сұхбаттастық алаңы. Онда кез келген мәселе бойынша сын айтуға әркім хақылы. Бірақ, «Көкте бір Тәңір, жерде Қаһан» деген идеология «ойға не келсе соны жасауға болатын анархиялық қоғам» құруды мақсат етпейді. Мұнда да өзіндік бір құқықтық ережелер мен тәртіптерді сақтау қажеттілігі бар: «ата-баба аруағын қорлады», «аруақ атты», «ата салтты бұзды» және т.б. айыптаулар діни сипатқа ие емес. Ол айыптаулар қоғамдағы заң бұзушылық пен адамгершілік нормаларды аттап кетудің жазасы іспеттес болған.

Сондай-ақ, тәңірлік дүниетанымда Тәңір қалауына қарсы әрекеттерге «Жаман болады», «Бұлай етуге болмайды!» деп кесіп айтатын  әрқилы тиымдар жүйесі де кері кету мен құлдырауды шектейтін тұрмыстық-моральдік-құқықтық реттеушілік қызмет атқарған.

5. Тәңір өзін мадақтауға, өзін үнемі ұмытпай есіне алғызуға, адамзатты қорқытуға, құл қылуға (құл ұстауға), циклды түрде жалбарынуды талап етуге, жасаған істері мен жақсылықтары үшін алғыс естуге т.б. ешқашан зәру болған емес.  Тәңірлік сенім адам еркіндігі мен құқығын жоғары бағалайды. Әрине, Тәңірге алғыс айтуға, одан өтініп, қажетті нәрсеңізді сұрауыңызға, өз деңгейіңізде аруақтар мен тәңірге де сиынуыңызға мүмкіндігіңіз бар, бірақ қатаң уақыт белгіленбейді және неге сыйынбадың деп ешкім де сөкпейді.  Бұл ритуалдар әйгіленіп, баршаға жарияланып, институцияланып, қатаң ресмиленіп кетпейді. Ол жеке дара, әрбір адамның өзінің орындауына болатын немесе болмайтын еркі. (Бірақ, мұны «Тәңір өзіне жалбарынғандар үшін барлық нәрселерді жасай беруге рұқсат беретін жеңілдік карточкасын береді»  деп ұқпау керек). Дегенмен,  қазіргі таңда да тәңіршілдік аясында ұлттық салт-дәстүрлерді орындауға сізді ешкім күштеп мәжбүрлемейді, оны орындау-орындамау туралы Жоғарғы күштерге ешкім есеп бермейді.

Себебі, ұлттық дәстүрлерді сақтау – әлдеқандай бір қажетсіз, маңызсыз, адам игілігіне зиянын тигізетін т.б. салттарды емес,  негізінен, адам үшін өмірдің өзегіне айналған, яғни, өмір сүрудің шарты болып келетін салт‑дәстүрлер, ырым-тиымдар, әдет-ғұрыптар т.б. практикалық-прагматикалық маңызы бар ережелерді үсынады. Бұл – өмірді сүру не ғұмыр кешуі ілімі.

Енді, «Тәңірлік  шамандық» туралы бірер сөзге тоқталайық. Кейбіреулер оны «фанаттық» деп бағамдайды. Шындығында,  бұдан «тәңірлік дүниетанымды мойындағандардың барлығы бақсы болып кетуі қажет» деген түсінік тумайды. Ол ‑ тек санаулы ғана адамдарға берілетін құдыретті тылсым, іріктелген, сұрыпталған, ата-бабасының рухы арқылы (генетикалы) тасымалданған киелі қасиет болып саналады. Яғни, тәңірлік дүниетаным барша халыққа «бақсы болыңдар», «бақсы ритуалдарын орындаңдар», «оған бағыныңдар» деген насихаттар жүргізбейді.  Керісінше, тәңіршілікте бақсы ритуалдарына сақтықпен қарау орын алған. Мәселен, бақсының қобызын ұстауға, киімін  киюге көбіне тиым салынған. Бақсы ешкімді өзіне сендіруге мәжбүрлемейді, ешкім сенбесе де оның қуаты азайып қалмайды,  оған жалбарынып та қажеті жоқ, ол өзгелердің сенген-сенбегендігіне мұқтаж да емес, ол ешқандай да діни уағыз жүргізбейді. Бақсы – ритуалдық деңгейдегі салт-дәстүрді сақтаушы. Ол елден өзіне құрмет пен мәртебе күтпейді. Бірақ көмек сұрап келгендерге көмектесуді өз міндетіне алған гуманист жан.

6. Тәңірлік сенімде нирвана, монахтық, сопылық т.б. аскеттік өмір сүру мәнері насихатталмайды. Өмір шаттықпен, қуанышпен, адамға берілген барлық мүмкіндіктерді игілікпен пайдалануға, бақытты, дәулетті ғұмыр кешуге тағайындалған. Тәңірлікте өмір жалған емес, ол – шындықтың өзі. Мысалы, «Ішелік те, желік, Ойналық та, күлелік, Мынау жалған дүние кімдерден кейін қалмаған!» (Шалкиіз жырау) деген қағидамен өмір сүруді құндылық санайды. Немесе: «Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екеміз, Күдеріден бау тағып қамқапты киер ме екеміз. Жағасы – алтын, жеңі жез – сауыт киер ме екеміз..» деп өмір шаттығының эстетикасын жоғары бағалайды. (Ал «жағасы алтын, жеңі жез» сауыт көне сақ дәуіріндегі алтын киімді адамнан жетіп, қазақ ділінде сақталғандығын көрсететін архетиптер. Бірақ бұл өз алдына жеке зерттеуді керек ететін құбылыс)

7. Тәңірлік дүниетанымды «сенім» деп алсақ, онда мұнда ешқандай да «екіұдайылық» («екіжүзділік» десе де болады) жоқ екенін байқаймыз. Тәңірлік наным‑сенімде ондай үрдіс болмаған және болуы да мүмкін емес. Тәңіршілікте «өтірік тәңіршіл», «жалған тәңіршіл», «тәңіршілдікті имитациялау» т.б. кездеспейді. Өйткені, ешкімнің де жалған тәңіршілдікпен шұғылдануы мүмкін емес. Мұнда Тәңір «бар, не, жоқ»! Адамға тәңіршіл болғандығы үшін әлдеқандай бір қаражат алу, биліктен қолдау табу, өзге бір діни мәртебелерге ие болу қажет емес. Мұнда адамның өзін өзгеден асқақ санауы т.б. кездеспейді. Тәңір алдында бүкіл жаратылыс тең: өсімдіктер де, құмырсқа да, жан‑жануар да, адам да – Бір Тәңір жаратылысы. Сондықтан, «жалған тәңіршілдік» ақымақтық немесе есі ауысқандық болып саналады. Егер, жалғандық болса қалған жағдайда, оны «ар жазасы» мен «аруақтар атуы» күтіп тұрады. Қазақ халқы да сол үшін аруақтар қарғысынан қатты қорыққан.

8. Тәңірлік ілімде өз ішінен «жікке бөлінушілік», «әртүрлі ағымдар құрып алушылық» сияқты бөлектену түсінігі жоқ. Біртұтас тәңірлік жаратылыс «біртұтас дүниетанымды» құрайды. Ал, «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген мәтел көп жағдайда басқа халықтардағы дәстүрлерінің әрқилылығына қатысты қолданылған және мәтін астарында оларды да түсінуге болатындығы туралы ой ниет жатады. Қазақ даласы кең болғандықтан, салт-дәстүрлер арасында сәл-пәл айырмашылықтар болуы да ықтимал. Бірақ түпкілікті, іргелі, бірін-бірі жоққа шығаратындай қайшылық бізде болмаған. Тәңірлікте тек құрылым ғана бар: тәңірлік мифология, тәңірлік дәстүрлер мен өмір салты, тәңірлік этика, тәңірлік философия т.б. тұтасып, үнемі өзін-өзі қайталайтын бірегей жүйе құрайды. Сондықтан онда «Ұмай-Ана бағыты», «Көк Тәңірі бағыты», «Ғұрыпшылдар бағыты» деген сияқты жікке бөлінушілікті білдіретін түсініктер жоқ. Тәңірлікте әлем көп сатылы, бірақ – біртұтас. Сол себепті мұндай «жіктелу» үрдісі болмаған және болуы да мүмкін емес.

Ал шамандық  ‑ «тәңірлік элемент» ретінде қабылданған сыңайлы. Өйткені, әлемнің үштік құрылымы, рух беруші әруақтар, кие т.б. түсініктер екеуіне де ортақ. Шамандықтың діни төзімділігі (толеранттылық) мен бейімделгіштігі соншалық, кей жағдайда, оларда басқа дінді қабылдаушылық кездеседі. Мәселен, қазіргі Сібір халықтарындағы шамандардың кейбірі христиан, кейбірі буддизмге жуықтайды т.б.

9. Тәңірлікте «діни кәсіпкерлік» немесе Тәңірді қандай да бір пайда мен табыс көзіне айналдыратын құрал ретінде пайдалану мүлде кездеспейді, болуы да мүмкін емес. Өйткені, Ар мен Намыс («Армысыздар» деп амандасу осыдан) Тәңір атын, Ауақтарды «саудаға салуға» қатаң тиым салады,. Мәселен, онда «қаражат жинайтын арнайы тәңірлік мекемелер мен орындар» болмаған. Екіншіден, «аруақтар дүниесі» саудаға салмақ түгілі, тіл тигізуге де болмайтын өздігінше бір асқақ әлем болып саналады. Сондықтан, қазақ даласында діни ритуалдарды пайда көзіне айналдырғандар бұрын соңды кездеспеген. Сондықтан болар, ХІХ ғасырда бұрындары мүлдем болмаған, ұлттық таным-түсінікпен үйлеспейтін «діни кәсіпкерлікпен айналысушы дүмшелік» қазақ даласында қатты сынға ұшыраған:

«Қотыр ешкі, ақсақ қой
Пидиядан келген деп,
Осы күні бір пара
Білімі жоқ көңілі зор
Дін мен күнге бірдей сор
Моллаға қалған күн құрсын..»  (Ғұмар Қараш. Замана.-А.: Ғылым, 2000.-236б.)

10. Тәңірлік ілімде ғылым, білім, ағарту да басты орынға шығарылады, ерекше құндылық ретінде бағаланады. О. Сүлейменов айтқандай, оның бастаулары тым көне дәуірдегі Шумерлік мәдениетпен байланысып жатыр: Гильгамеш дыбыстық өзгеріске ұшыраған атау, шындығында ол, Билгамеш (білгіш) деп оқылуы тиіс (Сүлейменов О.О. Шығармалар жинағы. 4-том. Атамзаманғы түркілер (Тарихқа дейінгі түркілер).-Алматы: Олжас ктапханасы, 2016.-284б. (104б.). Сондай-ақ, Білге (білімді) қаһан атау да білімді қадірлеуден туындаған, М. Қашғаридің «Диуани лұғат-ат түрік» сөздігінде де, Ж. Баласағұнның «Құтадғу білік» (Құтты білім) еңбегінің атауларында да білім, бітіг, білік, лұғат (лұғат алу) т.б оқу мен білімнің құндылығы көрініс табады. Қазіргі тәңіршілдік бағыт та жалпы діни сенімге көбірек берілмей, ілім-білімге ұмтылатын ұрпақ дайындау мәселесіне айрықша көңіл аударып келеді...

11. Тәңірлік мифология көпқырлы, сан алуан, тым көне заманда пайда болғандықтан, оның кейбір тұстары ұмыт болған, қайсібір қырлары бұрмаланған болуы да ықтимал. Дегенмен, Тәңірлік мифология шындық ретінде танылмайды, көне «Грек мифологиясы», «Қытай мифологиясы», «Скандинавия мифтері» сияқты аңыздық желісі бар көне дәуірден жеткен өзіндік бір құндылық деп қана бағаланады. Ешкім де тәңірлік мифтерге шынайы сеніп, сол мифтер бойынша өмір сүріп, оны тікелей тарихи оқиғалар ретінде түсінбеген. Мүмкін, кезінде миф тәрбиелік мәні бар рәміздік ойлау мен тұспалды ойлардың жиынтығы деп бағамдаған болар. Сол себепті, олар ертегілерге айналған немесе олардың құрамына енген. Мысалы, тәңірлік мифтер қазір де халықты оған сенуге мәжбүрлейтін, үгіттейтін, оны насихаттайтын манипуляциялар емес, байырғы әфсаналар, ертегілер ретінде ғана мойындалады.

Қорыта айтқанда, қазіргі заманғы діни төзімділік, діни зайырлылық, көпконфессионалдылық, еркін ойлылық т.б. дінге қатысты  құндылықтар біздің көне заманғы тәңірлік дүниетанымның бойынан табылады. Тіптен, Тәңірлік дүниетанымның осы бір ерекше сипаттары қазір де оның болуына, сақталуына, тасымалдануына, сабақтасуына сеп болып отыр десек қателеспейміз. Тәңірлік  дүниетаным, қазіргі діни оппортунистер айтатындай «Бұл бізге дінге қатысты ұстанатын қағидалардың, нормалардың, ережелердің, заңдардың барлық талаптарын қанағаттандыру үшін «сырттан әкелінген» дүние емес. Ол жасанды түрде бейімделмеген. Ол өзінің табиғаты жағынан әу-бастан осылай құрылымданған тұтас наным‑сенім формасы.

Сондықтан, қазақ халқының қазіргі Тәңірлік төл дүниетанымы ‑ жалпы діни ортада «діни фанаттыққа жол бермеудің алдын алатын өзіндік қорғаныш тетік қызметін атқарады» деп нық пайымдауымызға болады.

Берік Аташ, философия ғылымдарының докторы,

Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист. 

Abai.kz

22 пікір