Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5264 0 пікір 14 Ақпан, 2014 сағат 06:29

ТҰРМЫС САНАНЫ БИЛЕЙ МЕ?

Немесе ашық қоғамның заңдылықтары

Немесе ашық қоғамның заңдылықтары

Ақылды бір халықтың басына жата-жастана оқитын кітабынан мынадай бір тіркесті кезіктірген едім. Онда екі адам моржа тазалайды, біреуінің бет-аузы күйелеш болады. Жұмыстан соң екеуі бірінің бетіне бірі қарайды. Сонда алдымен кім жуынуға барады? Сұрақтың жауабын ойланбай беретіндер «әлбетте, күйелеш болған адам жуынуға алдымен бармай ма?» дейтіні даусыз. «Бірақ, — делінген кітапта, — жуынуға алдымен күйелеш болған адам бармауы мүмкін, себебі, ол қарсысында тұрған адамның бет-аузының таза екенін көрген соң, «мен де таза екенмін!» деп ойлап қалуы мүмкін, сондықтан ол жуынуға алдымен бара қоймайды, қайта анау адам таза болса да, қасындағы адамның күйелеш түрін көрген соң, «мен де күйелеш екенмін» деп алдымен жуынуға кетуі мүмкін» дейді. Бір қарағанда дұрыс сөз. Тіпті «солай екен, ә!» деп сеніп те қаласың. Дегенмен, соңғы қортынды бұл емес. Кітапта былай делінген: «жоғарыдағы екі түрлі ойға да сеніп қалмаңыз, себебі, оның бәрі алдамшы болуы мүмкін. Ойлаңызшы, екі адам бірдей жұмыс істесе, қалайша бір адам күйелеш, енді біреуі таза болуы мүмкін? Әсілінде, олардың екеуі де күйелеш! Екеуі бірдей жуынуға барады!» Бұдан не түюге болады? Мұнда, айтылған үш түрлі жағдай қалайда бөліп қаралуы тиіс дүниелер. Олай болмаған жағдайда, жоғарыдағыдай адасу орын алуы мүмкін. Мұндайда жеке адам емес, қоғам адасса, қиын.  

Жоғарыдағы сөз менің ойыма бірден «Тұрмыс сананы билейді!» деген тіркесті салды. Осынау сөйлем, Маркстен бе, әлде Дарвиннен бе, қайдан шыққаны белгісіз, кешегі кеңестік-коммунистік қоғамда өте танымал болды, оның айнымас ақиқат екеніне бүкіл қоғам сенді, сендірді. Біз осы сөзге қазір де сенеміз. Ол сөз бір ұғымды айқайлап айтып тұр, ол — адамды кедейлік мәжбүрлеп адамдықтан шығарады! Бір қарағанда бұл да дұрыс сөз. Кедейліктің сұрқай дүние екені шындық. Алайда, қоғамдық сана тек қана кедейліктен тұрмайды ғой. Әлде кедейліктен басқа сана жоқ па?! Әлбетте бар.  Бірақ, ол бұл тіркесте тасада қалып жатады.

 «Тұрмыс сананы билейді» деген осы сөзді төбесіне көтеріп, халықты бір тудың астына жинап, қолдарына қару беріп, соған дейінгі қоғамды төңкеруге, күреске айдап салған коммунистік қоғам ешқашан кедейлікті жоя алмапты. Оның орнына шырқап кеткен шағында ғана (ат төбеліндей билеушілер мейлінше еркін, бай-бақуатты өткенімен) халқына өлместің күнін көретін түлкіқұрсақ күйді ғана жасай алған. Ол кезең адам еңбек ететін, бірақ, оның игілігі мен жемісін мемлекет, оның басында отырған адамдар жасаған идеология көретін заман еді. Коммунизм идеясының құлауының өзінде де осындағы тасадағы өтіріктің түбінде көрнекіленуімен қатысы бар. 1979 жылы «мәдениет төңкерісін» аяқтаған қытайдың билік басына келген Дэн Сяопин Жапонияға мемлекеттік сапармен барады. Жапондықтар қытай басшысын өздеріндегі ең жүрдек қалааралық пойызға отырғызады. Сол сапарда жолдың жиегінде қаз-қатар тізілген үйлерді көрген қытай басшысы «мынау әсем үйлер кімдердікі?» деп сұрайды. Сонда жапондықтар «ол біздің дихандардың үйі ғой» депті. Сол сапардан қайтқаннан кейін қытай басшысы өзінің отыз жыл бойында өтірік ұрандармен ғана өмір сүрген, есесіне аш-жалаңаш отырған бір миллиард халқының сұрқай тірлігін көз алдына келтірсе керек,  «Социализм — кедейлік емес! Даму — бәрінен маңызды!» деп, қытайды нарықтық шаруашылыққа бастайтын реформа жолына бұрады.  Бұл жолы қытай коммунистері тұрмыс сананы билейтінін шындап түсінді. Түсінгенде, жоғарыдағыдай жалаң, бірбеткей, халықты адастырған жолда емес, тура мағынасынан түсінді. Сол арқылы өздеріне аз да болса тыныстайтын орай тапты.  

Кедейшілікті, жоқшылықты жеккөруден басталған дүниетаным біртіндеп саяси ұстанымға айналғанда, ол өзінің әуелгі түп негізінен ауытқып, «байлықты, баюды құрту» дегенге қарай бет бұрды. Енді бар зұлматтың шығар түп-мекені — байлық, соны құртып-жойса, бәрі оңға басатындай көрінді. Әсілінде, кедейшілікті жеккөру сөзсіз түрде байлықтан бас тарту дегенді білдірмейтіні белгілі. Бірақ, коммунистер солай деп қарады және соған өздері сеніп қана қоймай, халықты да сендірді. Бұл арада бәрін бір таяқпен айдаған, бір қоғамнан екінші қоғамға ойланбастан секірген (әлгіндегі беті күйелеш адамның, соңынан беті таза адам да жуынуға алдымен барады дегенге сеніп қалған сияқты), көзі қарайған радикалды дүниетанымның рөл ойнап тұрғанын байқау қиын емес. Бұндай сана-сезім билеген қоғамда тыныштық болмайды, халық үнемі төңкеріске, соғысқа, қашанда әлдебір баса-көктеп төніп тұрған жауға қарсы дайындықта өмір сүреді және сондай өмірді қалыпты тұрмыс деп бағалайды. Билік халықты сондай тынышсыз күйге дайындау үшін шынайы өмірмен еш қабыспайтын әлгіндей шолақ ойларды үсті-үстіне дәріптеп, оларды төркініне ешкім үңілмейтіндей етіп санаға сіңіруге барын салады. Ондайда бара-бара тіпті кедейліктің өзі бақыт саналады.  

Жүрісінен жаңылмаған қоғам мұндай тынышсыздыққа жол бере қоймайды. Бастысы, халық пен билік өз тұрғыларынан ауытқып, өзгенің еркін шектеуге бара алмайды. Заң үстемдік құрады. Қолында билігі мен байлығы бар адамдар одан аса алмайды. Бұл арада қоғамдық сананың көп түрлілігі бірдей рөл ойнайды. Қоғам біртекті биліктің ұсынған көзқарасымен ғана емес, көп негізді дүниетаныммен өмір сүреді. Бұл түйін зайырлы елдің табан тірер түп тиянағы.  

Зайырлы ел ретінде қаралатын АҚШ-та бір қоғамдық ұйым «сенің ойыңдағы біздің елдің батыры кім?» деген сұрақпен азаматтар арасында сауалнама жүргізген. Сонда көп дауыс жинаған он адамның ішінде Вьетнам соғысына қатысқан екі әскери адамның аты аталады. Оның біреуі соғыста жаудың қолына түсіп қалып, түрмеде жан төзгісіз қиындықтар көре жүріп, 6 жыл дегенде бостандыққа шыққан әскер. Екіншісі сол соғыста 9 вьетнамдықтың жанын аман алып қалған адам. Соңғы жауынгер қолға түскен қарапайым вьетнамдықтарды қырып салмаққа ниеттенген әріптесіне «сен егер мына адамдарға оқ шығарсаң, мен саған оқ шығаратын боламын» деп қару кезеген екен. Жұрт үшін бұл екі адам биліктің ресми «батыры» аталатын К.Пауэл (1992 жылы Орта Шығыста Ирактағы соғысқа басшылық еткен, АҚШ армиясының Бас штаб бастығы міндетін атқарған армия генералы) сияқты тұлғалармен бірдей бағаланады. Мұнан біз аталған ел азаматтарының әлеуметтік құн көзқарасының көп түрлілікке негізделген ерекшелігін байқаймыз. Олар үшін батырлық — жаудан қорықпау, отан үшін жан қия білу ғана емес, сонымен бірге басқа да шарттарды қамтиды, айталық, соның бірі басқаның өміріне құрметпен, жауапкершілікпен қарау. Міне, бұлар аталған қоғамның белгілі деңгейде өзін ретке сала алатын,  билік пен халықтың тұрғысы жақындасқан,   радикалдыққа жол бермейтін қуатқа ие екенін аңғартады. Шынайы елдік патротизм де осындай біртұтастыққа жеткен ортада өркендейді. Ондай ортаның қоғамдық санасы да өзгеше болады. Айталық, ондай ортадан төмендегідей адамдар шығуы мүмкін.

2005 жылы АҚШ-тық үш азаматқа әрбіріне ішінде құны бір миллиард доллардан тұратын үш хат келіп түседі. Алғашқы хатты алған Хел есімді фермер ұзақ жылдар қоршаған ортаны қорғау ісімен айналысатын еді. Аталған ақшамен ол өз ісін одан ары дөңгелетіп, Африканың сусыз өңіріне су құбырын тарту, тоспалар салу ісін қолға алады, кедейліктен әбден жапа шеккен құрлықтың көкейтесті мәселесін шешуге атсалысады. Екінші хатты алған Петр есімді адамға көп жұрт бизнесіне қаржы қосу туралы өтініш етіпті. Бірақ, ол бұл өтініштердің бәріне «жоқ!» деп жауап берген. Оның орнына әлемдегі кедей елдердегі кәмелетке толмаған қыздар мен жас әйелдердің білім алуы мен кәсіптену ісіне қаржы қосып, сол салада жұмыс атқарады. Петр «өкініштісі, кедей елдерде кәмелетке толмаған қыздар мен жас әйелдер тұрмыс тақсіретінен «жоқ!» деген сөзді айтуға шарасыз, сонымен бар өмірі қорлықпен өтеді. Мен сол жағдайды мүмкіндігінше өзгерткім келеді», — деген. Үшінші хатты алған  Люси атты әйел өзіне тиесілі қаржымен АҚШ-тың шығыс бөлігіндегі мектептерде оқитын 5 жастан 18 жасқа дейінгі кірісі төмен отбасынан шыққан, жалғызбасты аналардың қарауындағы балаларға қамқорлық жасайтын әлеуметтік орындар ашқан. Осылайша үш азамат ұзақ жылдар алдарына қойған мақсаттарын одан ары іс жүзіне асыруға мүмкіндік алыпты. Алайда, олардың өз тірлігі сол баяғы күнінен онша өзгеріп кетпепті.

Бұл адамдарға қаржы сыйлаған олардың әкесі, бүгінде әлемдегі ең ауқатты адамдардың бірі — У.Баффет (2007 жылы 62 миллиард доллар қаржысымен әлемдегі бірінші бай адам аталған) еді. Үш баласына қаржы берумен бірге У.Баффет мырза өсиет хат жазған. Онда «мен бай-бақуатты отбасында дүниеге келдім, сол үшін өмір маған жеңіл деп ойлайтындармен келіспеймін. Мен өз балаларымның бұлай өмір сүруін қаламаймын. Сендер қазір өз тапқандарыңмен өздеріңді асырап, жақсы өмір сүріп жатырсыңдар. Бұл мені қуантады. Бүгін жұрт менің байлығымның кімге қалатынына көп бас қатыруда. Мен өз байлығымның 99 пайызын қайыр-сақауат ісіне беруді жөн көрдім. Иә, мен сендердің әрбіріңе  бір миллиард доллардан қаржы беріп отырмын. Сендердің де қайыр-салауат ісімен айналысуларыңды тілеймін. Ондағы ойым, сендердің де өмірде ең жақсы нәрсе — басқаларға көмек қолын созу екенін, әкелерің жиып-теріп кеткен мал-мүлікпен өмір сүру емес екенін  түсінсеңдер деймін», — делінген. Бір айта кететін жағдай, 2006 жылы У.Баффет өз байлығының 99 пайызын қайыр-салауат ісіне атаған соң, әлемдегі тағы бір ауқатты адам Б. Гейтс те  оған серік болып, өз байлығының басым бөлігін аталған салаға аударатынын жария еткен.

Міне, бұл зайырлы елдің, заң алдында теңдік үстемдік құрған, парақорлықты ең лас дүние санайтын, адал еңбегімен байыған азаматтары бар мемлекеттің қоғамдық санасының туындысы. Бұл да «тұрмыс сананы билеуінің» бір түрі.

Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ

"Алматы ақшамы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566