Сәрсенбі, 9 Қазан 2024
Білгенге маржан 3613 1 пікір 9 Қыркүйек, 2024 сағат 10:11

Ұлттық құндылық: Тоғызқұмалақ һәм қазақ өмірі

Сурет kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Тоғызқұмалақ ойынын бұрынғы қазақ өмірімен салыстырып көрелік. Қазақ салтында көп балалы үй бір әкеге, ал бүкіл ру рубасы ақсақалға қатаң бағынған. Бала кәмелетке жеткен соң әкесі оны үйлендіріп отау құрады. Тоғызқұмалақтағы отауда тоғыз құмалақ болғандықтан, ол отаудың басы адам деген ишара береді.

Сөйтіп, балалар өскен сайын отаулар көбейіп, ұлғая береді. Әке байлығы өзінің жиғанымен ғана емес, балаларының, яғни отаулардың байлығымен де құралады.

Тоғызқұмалақ тақтасын осындай қазақ ортасы деп қарастыратын болсақ, онда ойнаушыны әкемен, ал отауларды оның балаларының отбасымен салыстыруға болады. Әкенің мақсаты өзінің қазанындағы байлығын көбейту. Байлыққа мал саны тәрізді дүниелік қана емес, адамның адамгершілігін өсіретін сабырлылық, мейірімділік, сый-құрмет, жақсы көңіл, ақыл сөз тәрізді рухани байлық та жатады.

Тоғызқұмалақта екі түрлі байлық бар. Бірі – қазандағы құмалақтар. Кім өзінің қазанында көп құмалақ жинаса – сол жеңіске жетеді. Сондықтан бұлар ойыншыны  жеңіске жеткізетін құмалақтар – негізгі байлық болып табылады. Екіншісі – отаулардағы құмалақтар. Бұлар қазандағы құмалақтарды көбейту үшін пайдаланады, яғни жеңіске жету құралы ғана.

Адам өмірінде де екі түрлі байлық болады. Бірі – адамның сүйіспеншілігін, мейірімділігін, сабырлылығын, даналығын, шыдамдылығын және басқа да адами қасиеттерін көрсететін рухани байлық, ал екіншісі оның денсаулығын, сұлулығын, күш-қуатын, қалтасындағы ақшасын және басқа да тәндік артықшылығын көрсететін дүниелік байлық. Дүниелік байлық мәңгілікті емес, өзгеріп отырады, ал өлген кезде адам одан мүлде айырылады. Рухани байлық, керісінше, мәңгілікті, ешуақытта кемімейді, өлгеннен кейін о дүниеде адамның азығы болады. Өмір мақсатына жеткізетін байлық та, осы рухани байлық. Бұл дүниеде адам рухани байлығын көбейту үшін өзінің дүниелік байлығын пайдаланады. Бұл тоғызқұмалақта қазандағы байлықты молайту үшін отаудағы байлықты қолдану тәрізді,

Осылай өмір көріністерін тоғызқұмалақпен салыстыратын болсақ, отаудағы байлық дүниелік байлық тәрізді бірде көбейіп, бірде азайып отырады, сондықтан ол өзгергіш дүниелік байлық болып табылады да, ал қазандағы байлық азаймайды, тек қана ұлғайып отырады және жеңіске жеткізетін тек қана осы байлық, сондықтан ол өмірдегі рухани байлық тәрізді. Тоғызқұмалақ дәстүрі мен тіршілік дәстүрі ұқсас – адам өзінің рухани байлығын ұлғайту жолында дүниелік байлығын пайдаланатыны тәрізді, ойыншы да қазандағы құмалақтарын көбейту үшін отаудағы құмалақтарды пайдаланады.

Енді әрі қарай салыстырып көрелік.

Баю үшін алу керек. Ал алу үшін әуелі беру керек. Сөйтіп, бастаушы болған ойыншы өзінің бірінші жүрісінде әке тәрізді бір отауынан бастап сол отаудағы байлықты үлестіріп бере бастайды. Ол отауға да өмір сүру керек болғандықтан, ол отаудағы байлықтың бір бөлігін қалдырады, яғни бір құмалақты қалдырады да, басқаларын үлестіреді. Үлестіргенде әуелі ең жақын отаудан бастайды. Себебі жақсылық жасауды ең жақыныңнан бастау керек. Жақсылықты жақыныңа жасай алмасаң, басқаға да жасай алмайсың. Бұл өмір заңдылығы. Сөйтіп, байлық жинау үшін ол біртіндеп ең жақынынан бастап үлестіреді де, алыстағыларға, тіпті, тақтадағы өзінің қарсы жағындағы отауларға көшеді. Соңғы тасы түскен қарсы жақтағы отаудағы барлық байлықты (құмалақтарды) алып өзінің қазанына салады. Осылай ол рухани байлық жинайды. Құмалағын берген отау қазір бос қалғанымен, ол одан азып кетпейді – ойын барысында оған байлық қайтадан жиналады. Себебі ол берді, ендеше берген қайта алады. Қарсы жақтан қостаушы жүрген кезде, ол да осылай өз қалауынша екінші жақтан бір отаудың байлығын түгелдей алуға мүмкіндігі бар.

Тақ санды отау ашық, ал жұп санды отау жабық деп аталады. Егер соңғы құмалақ қарсыластың тақ санды құмалағы бар отауына түсіп, ондағы құмалақтарды жұп қылсақ (2, 4, 6, 10, 12), сол отаудағы құмалақтар ұтып алынып, өз қазанымызға салынады. Мұндай жүріс табысты жүріс болып табылады. Егер соңғы құмалақ қарсыластың жұп санды құмалағы бар отауына түсіп (3 құмалақтан басқа), тақ қылса немесе өз отауымызға түссе, құмалақ ұтып алынбайды. Мұндай жүріс жай жүріс деп аталады. Отаудағы жалғыз құмалақ көрші отауға жүргенде, орны бос қалады.

Ойын барысында жүруші алыс-беріс тәртібі бойынша бір отаудан алынған байлықты барлық отауларға бірдей салып шығады, яғни ол әуелі өзінің маңындағыларына беріп, қоршаған ортасын байытады. Егер одан асып кетсе, онда ол келесі жақтың отауларына береді. Берген сайын отаудағы адамдардың ризашылығын алып, байлық жинау арқылы өзінің рухани болмысын өсіреді. Мақсат – қарсы жақтағы соңғы берген отаудың байлығын өзінің қазанына салу. Ол үшін жүрістің алдында әуелі алатын отаудың жағдайын біліп алып, оны жұп санды ету керек. Сонда ғана ол отаудағы құмалақтарды өз қазанына салады.

Өмірде де түрлі жағдайлармен әркім беруге дайын бола бермейді. Мысалы, ол отаудың өзінің алда жоспары болуы мүмкін, не болмаса отау иесі әлі рухани жетілмеген сараң шығар. Осындай отаудан жүруші құмалақ ала алмайтын болғандықтан оның жүрісі жай жүріс болады. Ал егер ол өзінің жүрісін алдын ала жоспарлап, соңғы отаудың жағдайын жақсы біліп алып, оған беру арқылы оның көңілін ашып, бере алатындай жағдайын жасаса, онда оның жүрісі табысты болып, алу арқылы өзінің рухани байлығын молайтады. Тоғызқұмалақта бұл жағдай қарсыластың отауындағы құмалақтарды тақ сан етіп, яғни ашып алып, сонан кейін өзі жүріп, сол отаудағыны жұп етіп, өзінің қазанына салумен бірдей.

Не себептен отаудағы байлықты тақ сан емес, жұп сан болғанда ғана алуға болады? Мұны өмірдегі төмендегідей психологиялық сәтпен түсіндіруге болатын тәрізді. Жұп саны толықтықты білдіреді. Ондай отау сырттан қосымша дүние керек қылмайды, сондықтан жабық. Ал тақ саны толық емес. Ол қозғалысты, толығу барысын білдіреді. Сондықтан ол ашылып толық болуға ұмтылады. Жүруші өзінің құмалағын салып, ол санды жұп қылғанда отау толығып, өмір бір қалыпты үйлесімділікке келеді. Сол кезде жүрушіге разы болған отау иесінің көңілі толығып, өзінің байлығын оған оңай сыйлап береді. Осылай ол өзінің дүниелік байлығын беріп, рухани байлық алады. Ал рухани байлық келесі жүрістерде оған дүниелік байлықты, яғни құмалақтарды тартады. Осылай алыс-беріс дәстүрінде рухани байлық пен дүниелік байлық өзара алмасуда тығыз байланыста болып, бір-бірін толықтырып отырады.

Тіршілікте өмір соңында адамның тәжірибесі молайып, ол кімге қалай беріп, қалай алу  керектігін жақсы біледі. Сондықтан оған көп нәрсе кедергісіз оңай келетіні белгілі. Сонымен бірге, ол бала-шағасын өсіріп жеткізіп, енді оны солар асырайтын болады, не болмаса, қазіргі замандағыдай өзінің қоғамдық міндетін атқарғаннан кейін, зейнеткер болып, зейнет ақысын алып отырады. Енді ол тек қана рухани байлық жинауға мүмкіндік алып, оған жетілу жолы кеңінен ашылады.

Тоғызқұмалақта да солай. Ойынның соңында құмалақтар мен жүріс азайып, кейбір отаулар бос қалады. Тәжірибелі ойыншыға қарсыласының құмалағын пайдаланбай-ақ, тек қана өзінің отауындағы құмалақтарды қарсыласының бос қалған отауларына салып, яғни тек қана өзінің құмалақтарымен өзінің қазанындағы байлығын молайтатын тәсіл (комбинация) бар. Осы тәсіл арқылы тақтадағы жағдайға байланысты ол, мысалы, өзінің 5 құмалақтан қарсыластың бос қалған отауына құмалақ салып, оның 2-ін, 8 құмалақтан, оның 4-ін, 10 құмалақтан, оның 6-ын ұтып өз қазанына салып алуына болады. Осылай ол қарсыласының отауындағы (дүниелік) байлығын көбейтіп, оған жүріс беріп, бірақ өзінің қазандағы (рухани) байлығын көбейтеді.  Бұл тәсілді пайдалану үшін ойыншы өзінің отауларындағы байлығы өзіне керекті жүрісті қамтамасыз ететініне, сондықтан атсырауға түспейтініне сенімді болуы керек.

Бұл арада алыс-беріс заңдылығы да сақталады. Тіршілік өмірде бұл өзінің дүниелік байлығын кедейлерге беріп, олардан рухани байлық алуымен бірдей. Осылай ол кедейлердің дүниелік өміріне көмектесіп, өзіне рухани байлық жинайды. Осылай ол өзінің дүниелік байлығын рухани байлыққа айналдырады. Мысалы, исламдағы зекет беру, яғни  малдың, не болмаса дүниенің 1/40 бөлігін кедейлерге беру, яғни рухани жолға беру дәстүрі осының бір көрінісі.

Бұл өмірде жинаған дүниелік байлықты келесі өмір үшін рухани байлыққа айналдырудың тағы бір мысалын келтірейік. Көңіліне көп тоқыған даналы адам өзінің рухани байлығын көбейту үшін қартайған шағында сыртқы өмірге көп жүгінбейді. Ол енді өзінің ішкі дүниесіне үңіледі. Өмірден дұрыс сабақ ала білген адамның ішінде мол байлық бар. Ол сол байлықты рухани байлыққа айналдырып, өмірдің түпкі мақсатына жете алады. Кәртейген кезде ой-өрісін бір Құдайға шоғырландырып, дұға не болмаса, пікірмен (мұсылманша фікірмен) шұғылданатын жетілген адамдар осылардың  қатарына жатады. Бұрын ондай даналы адамдар көп болған.

Тоғызқұмалақта бір отаудағы құмалақ саны ойын кезінде басқа отауларға қарағанда едәуір көбейіп кеткен жағдайда ол отау ойыншының ең бай отауы болғандықтан, оны қысқаша «бай» деп атайды. «Байлар» бар ойын қызықты және тартымды болады. Екі ойыншы да өзінің барлық жүрісін осындай «байларға» түсу мақсатында құрады. Сондықтан ойын үстінде белгілі бір мақсатсыз уақытта байларды екі айналымға дейін ұстау өте қауіпті. Айналым дегеніміз бір отаудан жүрілген құмалақтың солдан оңға қарай барлық онсегіз отауға қатар түсіп, өз орнына қайта келуі.

Байлық кімге болса да үлкен сын. Өмірде бай болған адам басқалардан өзін бөлектеп, көкірегі көтеріліп, өзгені менсінбей кетуі мүмкін. Ал оған қараған басқа отауларда қызғаншақтық, көреалмаушылық пайда болып, дау-жанжалды көбейтіп, түбінде бүкіл ортаға зияны келеді. Осыны түсінген әке барлық отаулардың жағдайын бірдей ұстауға ұмтылады. Кейде түрлі жағдайлармен белгілі бір отау дараланып байып кетеді. Бай отауға келімсектер де көбейіп, оңай олжаға құмар адамдардың нысанасына айналады. Алыс-беріс дәстүрін толық меңгермеген, әлі рухани толып жетілмеген отаулар байлығын дұрыс пайдалана алмай, орынсыз реніш тудырады. Сөйтіп бұл үлкен сын болып, рухани жетілуіне бөгет болады.  Сондықтан, ақылды әке бір отаудың оқшауланып кетуінен сақ болып, ол отаудың байлығын басқаларға таратып отырады. Бұл өмір заңдылығы.

Бұл заңдылық тоғызқұмалаққа да енген. Ойын күшті болу үшін «байлардың» саны  бір айналымнан аса бастағаннан-ақ, оларды отауларға таратудың пайдалы жағын қарастырады. Себебі қарсы жақтың көздегені де сол отауға түсіп, оның байлығын алу болып табылады.

Жүріс жасаған кезде отауларға құмалақ салмай немесе екі-үш құмалақ бөліп алып жүруге болмайды. Бұдан кейін жүріс кезегі қарсы жаққа көшеді. Қарсы жақтың да мақсаты сіздің тақ санды бір отауыңызға өзінің соңғы құмалағын салып, ол отаудағы құмалақтарды өз қазанына салу болып табылады. Екі жақтың жасаған жүрістері бір жүріс болып саналады. Осы тәртіппен жүріс алма-кезек ауыстырылып отырады.

Қоғамның дұрыс жетілуі үшін тәртіп және әділет керек. Сондықтан әке ешкімді дараламай, барлығына бірдей қарап, байлықты барлығына бірдей үлестіреді және бір отаудан тек қана байлықтың бір бөлігін ғана алмай, тәртіп бойынша басқа отаулардай етіп түгел алады. Алған адам беру керек. Осылай алыс-берісте тепе-теңдік орнайды. Сондықтан, тоғызқұмалақта да екі жақ бірдей жүріс жасап, алыс-беріс толық орындалған соң ғана бұл жүрістер бір жүріс болып есептеледі.

Ойыншылар құмалақтарды шахмат, дойбыдағы сияқты пайдаланбайды. Құмалақтарды қарсы жаққа да өткізе алады. Жеке құмалақтар екі жақтың отауларына ауыса түсіп, оларда бұрыннан жатқан құмалақтардың санына өзгеріс енгізеді. Осылай отаулардың сапасы өзгеріп, олар байырақ, не болмаса жұп-таққа айналып жатады. Отаулардың жақынға не болмаса алысқа жетуі өзінің ішінде жатқан құмалақтардың санына байланысты. Мысалы, жүрілетін отаудың ішінде бір ғана құмалақ жатса, ол оңға қарай бір-ақ отауға қарғи алады. Келесі жүрісте болмаса, оның бірден екі-үш отау қарғуға күші жетпейді. Ол үшін көбірек құмалақ керек. Егер ойыншы өзінің бір отауы арқылы қарсы жақтың екінші бір отауын шабуылдағысы келсе, сол жүрілетін отауға құмалақ жинай бастайды. Осылай отаулардағы құмалақтардың азайып, көбеюі олардың әсерлік күшін арттырады, не кемітеді.

Басқа ойын түрлерінде әрбір ойыншының өздерінің ақ, не қара тастары болып, ол тастар екінші жақтың меншігіне өте алмайды. Тоғызқұмалақта олай емес. Екі жақтың құмалақтары (тастары) да бір түсті, сондықтар олар бір жақтан екінші жаққа араласа береді. Яғни, әрбір құмалақ қазір бір жақта болса, келесі жүрісте ол екінші жаққа шығып кетуі мүмкін. Құмалақтар ешкімнің меншігінде емес, олар айналымдағы ақша байлығы тәрізді еркін қозғалады. Қазір біреуді байытса, келесі жолы басқаны байытады. Осылай бір қолдан екінші қолға өтіп, оңай қозғалады. Бұл көшпелі өмір көрінісі.  Үздіксіз қозғалыс көшпенді адамға қандай еркіндік берсе, тоғызқұмалақтың бұл ерекшелігі де ойыншының байлық жинауына сондай еркіндік береді.

Өмірде кімнің ақшасы көп болса – сол адам бай. Баю үшін әркім өзінің ақшасын көбейтеді. Тоғызқұмалақта да солай. Отауларда неғұрлым құмалақтар көп болса, солғұрлым ойыншының байлығы көп болып, жүрісі молаяды, әрі шабуыл күші артады. Осылай ол жеңіске еркін жетеді. Егер ойыншы қарсы жақтың бір отауын алғысы келсе, ол өзінің соған сәйкес отауына байлық жинауы керек. Отаудың байлығы неғұрлым көп болса, ол солғұрлым алысқа түсе алады. Өмірде де бай адам өзі тәрізді ауқатты адамның үйіне еркін барып, онымен өз қалауынша алыс-беріс жасай алады. Ал кедей адам біреудің үйіне барғысы келсе, әуелі ойлануы керек – барған жер оны көңілдегідей қабылдай ма, жоқ па.  Бай адамға қарағанда оның мүмкіндігі шектеулі, сондықтан ол баратын жеріне еркін бара алмайды.

Көшпелі адамның өмірі табиғат байлығын жинауға байланысты. Тоғызқұмалақ ойыны да осының көрінісі. Қазіргі спорт ойындары жеңу үшін қарсыластың күшін азайтып, оны құртуға негізделген. Яғни ойыншы қарсыластың тастарын жеп, азайтуға ұмтылады. Тоғызқұмалақта олай емес. Тоғызқұмалақтың мақсаты қарсыластың тасын жеу емес, өзіне байлық жинау. Байлық жинау көшпелі дәуірден келе жатқан әдіс, соның көрінісінің бірі. Ежелгі адам жеміс-жидек, жабайы өсімдіктердің дәндерін, тамырларын жинап және аңшылықпен шұғылданып, аңдардың терісін, жүнін жинап өз қажетіне жаратып дағдыланған. Кейіннен малды қолға үйреткеннен кейін оны табиғат байлығын жинауға пайдаланды. Мал далада жайылып, күн қуатынан пайда болған шөпті жеп, өзінің жүні, сүті тәрізді денесінің физиологиялық құбылыстарына айналдырды. Адам малдың жинап әкелген сол байлықтарын пайдаланды. Сөйтіп мал адам үшін табиғат байлығын жинайтын құралға айналып, өмір тірегі болды. Мал табиғаттың бір бөлігі болғандықтан,  бұл адамды табиғаттан бөлген жоқ, керісінше, жақындата түсті. Осылай көшпелі адам табиғаттан бөлінбей, үнемі оның бір бөлігі сезініп отырды. Табиғаттан өзіне керегін мал арқылы жинайды. Адамға ештеңе жасап керегі жоқ, тек қана малдың жайылымына жағдай жасаса болды. Мал адамға керектілерді өзі даладан жинап әкеледі. Сондықтан көшпендінің өмірі мал санына байланысты болды, ал мал саны табиғат құбылыстарына байланысты. Осылай түбінде адамның өмірі табиғат құбылыстарына тікелей тәуелді болып, адамды табиғатқа көңілін көп аударып, онымен тығыз байланыста болуға мәжбүр етті. Адам табиғат құбылысын барлап, оның сырларын түсіне біліп, өмірін байланыстырып отырды. Мысалы, көшкен құстар мінезі бойынша, жан-жануардардың әрекеттеріне қарап табиғат өзгерістерін барлады. Табиғат құбылыстарын білу жайлауға шығу, қыстауға қайту мерзімдерін анықтауға мүмкіндік берді.  Табиғат Жоғары Жаратушының бір көрінісі болғандықтан, адам үнемі Соның ықпалында болып, өмірдің әрбір  сәтінде Оның шапағатын сезініп отырды. Осылай адам өзін әлемнің бір мүшесі ретінде сезініп, оның рухани дамуы эволюция жолымен табиғи түрде болды.

Көшпендінің өмірі мал санына байланысты болса, тоғызқұмалақшының да жеңісі жинаған құмалақ санына (байлығына) байланысты.

Тоғызқұмалақ жүректі тазартып қана қоймай, сонымен бірге ақылды да жетілдіреді. Өзіне ұқсас басқа ойындарға қарағанда тоғызқұмалақ күрделірек және үлкен еске сақтау қабылетін талап етеді. Шахмат тәрізді басқа ойындарда тақтадағы жағдайдың өзгеруі бір жүрісте бір тастың орын ауыстыруымен ғана шектелетін болса, ал тоғызқұмалақта бір жүрісте бір емес, бірнеше құмалақ бірден орын ауыстырады. Сөйтіп, бір жүрістің өзінде бүкіл тақтадағы жағдай толық өзгеріп кетуі мүмкін. Тақтадағы жағдай жүріс сайын өзгеріп, ойынды қызығырақ ете түседі. Бұл ойыншының ақылын жетілдіріп, есте сақтау қабілетін шыңдайды, ойлау қабілетін өсіреді. Әрбір жүрісте ойыншы өзінің шеберлігіне байланысты өзіне тиімді жағдай жасауға тырысады.

Тоғызқұмалақ ойынында адамның ақылы мен жан дүниесі қатар пайдаланылады. Адам өмірді ақылымен және жан дүниесімен қабылдайды. Ақыл адамның көңілін өмірдің сыртқы құбылысына, оның сымбатына бағыттаса, ал жан – ішкі сырына, түпкі мәніне бағыттайды. Ақыл миды пайдаланса, ал жан жүректі пайдаланады. Осылай, адам баласында өмірді қабылдайтын екі орта болғандықтан, екі түрлі – Батыс және Шығыс – мәдениеттері қалыптасты. Бұл мәдениеттердің ерекшеліктері көшпенді және отырықшы өмір айырмашылығынан да пайда болады. Екі мәдениет адамдарының өмір құбылыстарын қабылдаулары екі түрлі. Батыс адамы өмірді ақылмен қабылдайды, ал шығыс адамы жүрекпен қабылдайды. Бұл екі мәдениет өкілдерінің өмір түсініктері, ойлау жүйелері, мінез-құлықтары әртүрлі болғандықтан, олар кейде бір-бірін  түсінбей жатады.

Батыс мәдениеті ақыл-ойды шыңдап, адамның көңілін өзінің ішкі дүниесінен сыртқы денесіне бұрды. Ол өзінің ақыл-есін, психикасын шыңдады. Осылай техникалық өркениет пайда болды. Бірақ бұл адамның жан дүниесін суалтты. Батыс мәдениеті өркөкіректік, көре алмаушылық, агрессия, сабырсыздық тәрізді қасиеттерді тәрбиелесе, ал шығыс мәдениеті мейірімділік, шыдамдылық, сабырлылық тағы с.с. адамгершілік қасиеттерді тәрбиелейді. Сондықтан Шығыс пен Батыс дәстүрінде тәрбиеленген адамдардың мінез-құлықтары екі бөлек. Ежелгі қазақтар өзінің ішкі өміріне көбірек көңіл бөлген. «Ұят болады» деген сөздің халық арасында үлкен маңызы бар. Бұл сөз адамды жаман істерден алшақ ұстайтын тәртіп, оның межесі тәрізді. Бірақ Шығыс мәдениеті жан-дүниесі жетілген болса да, ақыл-ойды шыңдай алмағандықтан, дүниелік жетілуде артта қалса, ал Батыс мәдениеті рухани суалды. Осылай бір қанаты әлсіреген құстай, жетілу бағытынан ауытқып, екі мәдениет те тоқырауға түсті. Соның нәтижесінде қазіргі заманда адамзат қоғамы көптеген қиыншылықтар көріп отыр. Ендігі мақсат – екі мәдениеттің жетістіктерін біріктіру.

Тоғызқұмалақ ойыны осындай мәселенің шешімін табудың бір жолы деуге болады. Өйткені, ол адамның ой-өрісін дамытып қана қоймайды, сонымен бірге, оны дұрыс түсініп ойнаса, жан дүниесін жетілдіруге де мүмкіндік береді. Сөйтіп, техникалық өркениет күш алып, бүкіл әлемге жайылудың әсерінен адамның жан дүниесі рухани суалып, оның орнын дүниелік құндылықтар басқан біздің дәуірде бұл мәселенің үлкен маңызы бар.

Тоғызқұмалақты рухани жетілу үшін ойнаған адамның қатарлас нәзік әлемдерге кіруге мүмкіндігі мол. Мұндай жағдайда жүрек нәзік әлемдермен байланысып, барлық хабар жоғарғы әлемдерден (қазақша айтқанда тылсым дүниеден) келеді. Табиғатпен тығыз байланыстағы көшпелі халықтар арасында ондай адамдар көп болған. Оның бір дәлелі – «суырып-салма» ақындар мен ақындар айтысы. Ақындар айтысы тек көшпелі халықтар арасында ғана тараған. Европа халықтарының арасында бұл жоқ. Себебі олардың сөз және ойлау жүйелері ақыл арқылы болып, логикаға негізделген. Мысалы, қазіргі заманда әлемдік тілге айналған ағылшын тілі толығымен логикалық негізде. Батыс өмірін ақыл басқарады. Ал Шығыста бөлек – өмірді жүрек басқарады.

Айтыс кезінде ақылмен ойлау мүмкін емес, себебі уақыт аз, сондықтан, тек қана жүрекке келген сөз ғана айтылады. Бұрынғы заманда жүрек қабілеті жоғары болғандықтан әрбір қазақ ауылдың алты ауыз өлеңін құрастыра алатын. Той-жиында соған негізделген түрлі жарыс-ойындар болатын.

Тоғызқұмалақта да ойынға толық берілген кезде тек ақылмен ғана емес,   тылсым дүниеге кіріп жүрек арқылы ойнауға мүмкіндік мол.  Ми көп жұмыс жасамайды. Бұндай жағдайда адам шаршамай, ұзақ уақыт ойнай береді.

Тұздық алу. Тоғызқұмалақта бір рет қарсыластың отауын түгелдей ұтып алуға да болады. Оны ежелде «тұзды үй» деп атаған. Бүгінде «тұздық» дейді. Тұздық алу үшін жүріс жасаған кезде қарсыластың екі құмалағы бар отауына сіз таратқан құмалақтардың соңғысы түсуі керек. Сонда сол отауда қалыптасқан үш құмалақпен бірге отау да ұтып алынып, сол отау ойынның соңына дейін сіздің меншігіңізге айналады. Яғни жүріс жасалған сайын тұздық алынған отауға түсетін бір құмалақ міндетті түрде сіздің қазаныңызға салынып отырады. Тұздық алынған отауға арнайы белгі қойылады. Тұздық ойында бір рет алынады және № 9 отаудан ешқашан алынбайды. Сондай-ақ тұздық аттас отаулардан алынбайды. Мәселен, егер бастаушы сіздің № 2 отауыңызға тұздық қойса, сіз оның № 2 отауына тұздық сала алмайсыз.

Тұздық тамақтың дәмін келтіріп, құнарын арттырады. Сондықтан қазақ асында тұздықтың аса маңызды орны бар. Тоғызқұмалақта да тұздық алған адамның ойыны құнарлы болып, оған ойын барысында  үлкен артықшылық беріледі. Себебі, тұздық алынған отау ойыншының меншігіне айналып, оған түскен байлықтың барлығы оның қазанына түсіп отырады.

Қазақ өмірінде бұл сәтті қыз берумен салыстыруға болады. Қазақ «Құда мың жылдық» деп құдасын қатты сыйлаған. Қыз алған жақ қалыңмал берген. Тоғызқұмалақта бұл отаудағы үш құмалақ. Қазір үш құмалақ қана болғанымен (қалыңмал) ойын барысында ол отауға  түскен әрбір құмалақ (әрбір байлық) сенікі болып, бұл отау баюдың нағыз бұлағына айналуы мүмкін. Қазақ қызының күйеуін «күйеу бала» деп атап, оны өзінің баласымен теңеген. Ендеше отаудың иелері өзінің қызы мен күйеу баласы болса, ондағы түскен байлық та әкеден алыс кетпеуге тиісті. Тоғызқұмалақ ойыны осыны меңзеп отауға түскен байлықтың барлығын әкеге беруі содан да болуы мүмкін.  Екінші жақ та құралақан болмайды – ол қыз алып, өзінің отауын көбейтіп, рухани байлығын молайтады деуге болады.

Дәстүр бойынша қыз алған үй құдасына үлкен сый-құрмет көрсетіп, күтіп, қайтарда қалағанын беріп, риза етіп, шығарып салады.  Енді қыздың әкесі алдағы уақыттарда да қызының үйіне еркін барып, қонақ болып, керегін ала алады. Осылай екі жақтың арасында өзара сыйластық қарым-қатынас орнайды. Бұрынғы заманда қыз беру салты, жеке адамдар ғана емес, тайпалар, мемлекеттер арасында да алыс-беріс орнатуда үлкен орын алған. Құда болып, туыстасқаннан кейін екі жақта өзара келісушілік, сыйластық болып, бейбіт өмір орнаған. Ата-бабамыздың осы маңызды әдет-ғұрыпы тоғызқұмалаққа да кіріп, «тұздық» деп аталып, ойында маңызды орын алуы осындай себептерден болса керек.

Айырбас. Кейде байлыққа ойнағанда тұздықты құмалаққа айырбастайды. Ойын барысында байлықты байлыққа, тұздықты тұздыққа айырбастайтын кездер болады. Бұның барлығы ойынның тактикасы мен ойыншының қалауына байланысты болады. Осылай ойын күрделене беріп, адамның ойлау қабілетін, ынтасын, ой-өрісін өсіріп отырады. Күнделікті өмірде де түрлі айырбастар болып жататыны белгілі.

Ат. «Ат» деп ойын барысында жүрілетін құмалақтарды атайды.   Мәселен, бір отауда сегіз құмалақ жатыр делік. Оның арты, яғни соңғы құмалақтың түсер жері – әлгі отаудан солдан оңға қарай санағанда сегізінші отауда жатыр. Сонда ойыншы: сегізінші отауға менің құмалағым жетіп тұр дегеннің орнына: «атым жетіп тұр» деп сөйлейді.

Бұрынғы қазақ халқының тұрмысында аттың маңызы үлкен болған. «Ат – ер қанаты» деген сөз бар. Ат көшпенді қазақ үшін ұшқан құстың қанатындай болып, Евразияның кең даласында еркін қозғалуға мүмкіндік берді. Өзінің сыйлаған, жақсы көрген адамына қазақ ат міндіреді.

Тоғызқұмалақ ойынында атпен байланысты екі атау бар. Олар «атсырау» және «ат». Бұл атаулардың өзі тоғызқұмалақ ойыны қазақ өмірінің бір көрінісі екенін дәлелдей түседі. Ерте кездерде қазақ халқы алыс жолдарға сапар шеккенде, қосағына ат алып жүретін болған немесе айшылық сапарға шыққанда әрбір бекет сайын ат ауыстырып мінетін болған. Тоғызқұмалақ ойынында да осыған ұқсас жайлар кездеседі. Мысалы, бір отауда жиналға «байды» алу үшін кәдімгідей-ақ ат жинау керек. Ол аттарды «байға» жеткенше әрбір отауға тастап отырасыз. Сонда соңғы атыңыз  байға жеткенде оны аласыз.

«Атсырау» ережесі. Ойын аяқталуға жақындаған сайын әр ойыншының отауларындағы құмалақ кеми бастайды. Әр құмалақ ұтып алынған сайын немесе тұздыққа түскен сайын қарсыластардың жүріс мөлшері азая береді. Сондықтан ойын соңында қарсыластардың бірі өз отауларында жүріс жасай алмай қалатын жағдай да кездеседі. Ойыншылардың бірінің отауларындағы құмалақты бірінші тауысып алып, жүріссіз қалуы «атсырау» деп аталады. Мәселен, қостаушы атсырауға ұшыраса, бұл жағдайда бастаушы қосымша бір жүріс жасап, барлық құмалақтарды өз қазанына салып алады. Егер сол кезде қазандағы жиналған құмалақтар саны 81-ден көп болса, онда бастаушы жеңімпаз атанады. Сөйтіп атсырауға түскен қостаушы ұтылады.

Егер «атсырау» жағдайында қосымша жүріс жүрілген кезде, құмалақтар амалсыздан, не болмаса, өзара келісім бойынша қарсыластың отауларының біріне түсіп, жүріс беретін болса, ойын әрі қарай жалғаса береді. Сонымен қатар ойыншы ойын барысында 82 құмалақ жинаса да, нәтиженің дәлдігі үшін ойынды соңына дейін ойнауы тиіс.

«Атсырау» тәрізді тәртіп зияткерлік ойындардың басқа түрінде кездеспейді. Тоғызқұмалақтағы бұл тәртіп қазақ халқының өзіндік дүниетаным ерекшелігі болуға тиісті. «Атсырауға» түскеннен кейін екінші жақ бір жүріс жасауы керек, яғни беруі керек. Ал қалай беруі оның өзіне байланысты. Сондықтан бұл жүрістің үлкен мәні бар. Табиғатпен үйлесімді өмірдегі адам басқа жандарға зорлық-қиянат жасамайды, керісінше қолынан келген  көмегін беріп, одан аямайды. Жоғары рухани жетілген адам сұрап келген пендені қумай, керісінше, оған өзінің соңғы тілім нанын беретіні тәрізді, ат сұрап келген адамға қазақ тіпті өзінің соңғы атын беруге даяр болған. Осылай ол өзі қиындықта қалса да, басқаны құтқарады. Тоғызқұмалақта халықтың осындай дүниетанымы орын алған.

Тоғызқұмалақта атсырау, оның ішінде соңғы жүріс жасау дәстүрі ойынды қызықты етіп, оның құнарын арттыра түседі. Атсырауға түскен адам бірден «жеңілді» деп есептелмейді. Егер екі жақ келіссе, екінші жақтағы ойыншы тағы бір жүріс жүріп, қарсы жаққа өзінің құмалағын салып, оған қосымша жүріс береді. Осылай екі жақтың қалауы бойынша ойын әрі қарай жалғаса береді. Себебі тоғызқұмалақта негізгі мақсат жеңіске жету емес, ойынның барысы.

Осылай тоғызқұмалақтан атсырау дәстүрі арқылы қазақ халқының мейірімділік, адамгершілік қасиеттерін көре аламыз.

Ал егер ойыншы ойынды жалғастырғысы келмесе, онда басқа жүріс жасап, отаудағы құмалақтарды өз қазанына салып жеңіске жетеді. Осылай ойын аяқталады. Ойыншылардың еркіне шек қойылмайды.

Басқа дәстүрлер тәрізді атсырау да өмір көріністерімен тығыз байланысты. Өмірде де дұрыс алыс-беріс жасай алмай, қоғам дәстүрін бұзған адамның тіршілігі де соған сәйкес бейберекет болатыны белгілі. Берудің мәнісін білмей, қолдағы барын орынсыз шашып, байлығынан айырылған адамдар ерте кезде де болған. Өзін елге көрсету мақсатымен орынсыз малды ысырап жасап, не болмаса қолда барын ешкімге бермей сараңдық жасап, жұрттан шеттеп, сыртта қалған адамдар елдің қолдауынан айырылады, байлығы да саусақтың арасынан аққан су сияқты азая береді. Осылай, ойыншының аты біткендей – оның өмірдегі жинаған байлығы бітіп, жүретін жүрісі біткендей – оның өмірі бітеді.

Қазақтың байлығы ат болатын болса, ол атсыз, қанатынан айырылған құс тәрізді қозғалыссыз қалады. Көшіп-қону кезінде оған басқалардан ат сұрауға тура келеді. Бұл көшпелі қазақ үшін өліммен тең болған. Тоғызқұмалақтағы «атсырауды» қазақ өміріндегі «ат сұрау» деп түсінетін болсақ,  екі сөз бір мағынаны білдіретінін көреміз.

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

1 пікір