Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Талқы 749 0 пікір 16 Қыркүйек, 2024 сағат 13:14

Жоғарғы соттың судьясы: «Ату жазасын бердім!»

Сурет: Uade Jibek Joly

ҚР Жоғарғы сотының судьясы, ҚР Судьялар одағының төрағасы Сәкен Абдолла «УӘДЕ» бағдарламасына берген сұхбатында 23 жылдық тәжірибесінде 2 мәрте ату жазасын тағайындау туралы үкім шығарғанын айтты.

«Мен азаматтық істерді де, қылмыстық істерді де қарадым. Қылмыстық істердің ішіндегі мен тағайындаған ең ауыр жаза – ату жазасы. Мен облыстық соттың судьясы едім, Оңтүстік Қазақстанда 1993-1994 жылдар болу керек. Жасы үлкен, оңтүстікке жақын азаматтардың естерінде шығар. Мына Шымкент пен Ташкенттің тас жолында екі ортада, таксисттерді ұстап, оларды буындырып өлтіріп, көліктерін иеленіп отырған үлкен бір топ болған. Мен екі адамға ату жазасын беретін үкім шығардым. Үкім барлық сатыдан өткенен кейін, Жоғарғы соттан кейін, президентке барады, президент оны бекітеді. Содан кейін барып олар атылады. Кейін сол орындалғаннан кейін, сол қағаз келеді. Соған дейін ол маған өте ауыр болды. Оның үстіне мен ол кезде отыз жастарда болған азаматпын. Күні-түні ұйықтамаған кездер болды. Уайым болды. Оны дұрыстап дәлелдеу керек, бекіту керек. Ол өте оңай емес», - деді судья.

ҚР Судьялар одағының төрағасы ату жазасын тағайындаған екінші жағдай туралы да айтты.

«Тағы бір жағдай. Өзінің анасының туған сіңлісінің үйіне барады, үйін тонайды, кейін апасы келіп қалады оны өлтіреді, шығып жатқан кезде оларды 4-5 жасар қыз, яғни бөлесі, терезенің пердесін ашып көріп қалады. «Бізді айтып қояды», - деп, үйіне қайта кіріп кішкентай қызды да өлтіреді. Өте көп эпизод болды. Бұған да ату жазасын бердім», - деді Сәкен Абдолла.

Айта кету керек, 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өлім жазасын жою туралы заңға қол қойды. Бұған дейін 2003 жылдан бастап Қазақстанда өлім жазасына мораторий енгізілген болатын.

Сұхбаттың толық нұсқасы:

;t=2623s

Abai.kz

0 пікір