Бейсенбі, 21 Қараша 2024
Саңлақ 3627 23 пікір 17 Қыркүйек, 2024 сағат 15:24

Ұлттық рухты оятқан Ұлы Дала дүбірі

Сурет kaz.orda.kz сайтынан алынды.

КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫ КӨККЕ КӨТЕРГЕН ҰЛЫ ДАЛА РУХЫ КӨК ТУЛЫ ЕЛДІҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯСЫНА ЖАЛҒАСУЫ ТИІС!

Көшпенділер ойыны көкке көтерген Ұлы Даланың Ұлттық рухын түсірмей, Ұлттық идеологиялық концепция қабылдап, жақсы жалғастырып алып кету керек!

Біз әлемге Көшпенділердің қарашаңырағы Көк түріктен көктеген Көк тулы Қазақ Елі екенін көрсеттік! Ұлы Дала дүбірі Ұлттық рухымызды көтеріп кетті Ұлы дала ордасына жеткен Көшпенділер аламаны дүрілдеп өтті! Дүниежүзілік көшпенділер олимпиадасының ашылуындағы ғұндар мен сақтардан, көк түріктер мен Алтын Орда, Қазақ хандығынан, Аттила, Томирис, Күлтегін-Тоныкөк, Шыңғыс хан-Жошы хандардан тартып, Қазақ Елінің Көк туы көкте желбіреуіне дейінгі күшті көріністер рух тербеді!
Астанамыздағы салтанатты ашылуының маңызы мен сән-салтанатын шетелдік журналистер мен сарапшылардың өздері Париж олимпиадасының ашылуынан жоғары бағалады!

Керемет өткен ашылу салтанаты мен барлық ойындар тек Мемлекеттік тіліміз - Қазақ тілінде және халықаралық тіл - ағылшын тілінде өтіп, әлемнің 89 еліне 89 тілге аударылып, тарап жатты. Бұл Тәуелсіздік алғалы 33 жылдағы рухани тәуелсіздіктің жарқын көрсеткіші! Қазақ тілі Қазақ Елінің басты тілі ретінде, әлемдік шарада тұңғыш рет мемлекеттік мәртебесін сезінді!

Қалың халықтың рухтанып, дүр сілкінгенін көргенде осындай дүбірлі шаралардың маңызы зор екеніне көзің жетеді!

Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ең шырқау шегі көкпардың ақтық сайысы - қазақ-қырғыз тартысы болды! Арқа төсіндегі “Қазанат” атшабарындағы айқай салған аттан мен ұран аспан астындағы ақша бұлттардың өзін желпіп жіберіп жатты… Дәл бұндай айқайы күшті ұранды Бразилиядағы футболдан өткен әлем чемпионаты да көрген жоқ шығар…

Қазақ-қырғыз көкпары нағыз дода болды! Қазақтар секілді ат жалында ойнап өскен қырғыздарың да нағыз көкжал көкпаршылар екен! Ойынның негізгі уақыты тең болып аяқталды. Бірінші таймда жеңіліп тұрған қазақтар екінші таймда 4:3 есебімен жеңіп тұрғанда, соңғы секундтарда қырғыздар есепті теңестіріп үлгерді!

Дегенмен, Көк түріктен көктеген Көк тулы ел - Көшпенділер қарашаңырағы - Қазақтар бәрібір басымдығын көрсетті. Қосымша уақыттағы ойында бірінші болып, қазақ батыры Құрбанбек Тұрғанбек Жеңіс салымын - Алтын салымды салып үлгерді! Бұл үшін қандай жанкештілік, қандай рух керек десейші!?
Жарайсыңдар, Қазақтар!
Негізі, егер көкпар әлемдік олимпиадаға кірсе, финалда алтынға тек қазақтар мен қырғыздар таласатыны анық екен!
Ал қазір - Әлемдегі ең мықты көкпаршылар - Қазақтар атанып, алтыннан алқа тағып, Көк туымызды көкке көтерді!
Бұл көкпарды көрген де арманда, көрмеген де арманда!

Атшабардың да орналасқан жері керемет екен! Қарсы алдыңда тұлпарлардың құйғытуы, шабандоздар көк туды желбіретіп шауып бара жатқанда көкшіл күмбездері көз тартқан көк мешіттің көрініп тұруы керемет көз тартатын көрініс! Ұлттық Рухың биіктеп, ұрандап кеткеніңді өзің де сезбей қаласың! Көкпардың Жеңіс салымы салынғанда, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар, бүкіл ипподромда отырған халық дүр көтерілді! Көк жүзін көк ту жауып кетті!
Міне, Ұлттық рух!

30 жылдан бері майшаммен іздеп, таппай жүрген Ұлттық кодымыз осы - Ұлттық рух! Ұлттық рух дегеніміз - Ұлттық код!

Ұлттық рухты көтеріп кеткен сайыс Көкпар ойыны болды! Ешқандай көзге сүйел болар әділетсіздік болған жоқ! Нағыз текетірес, тең шайқас болды. Сонда да күштілік пен ептілік жеңді! Тақымымызды қысып, көз алмай, демімізді ішімізге тартып қарап отырдық!

Көкпарда қамшы сілтенбей қалмайды қай кезде де! Тіпті, бас жарылып, қол сынып та жатады. Өйткені, бұл ат үстіндегі айқас! Шаршы тақта үстіндегі шахмат емес… Қырғызстанда өткен көкпарда біздің еңкейіп салым алып жатқан шабандозымызды қырғыз шабандозы әдейілеп атпен соғып талдырып түсіріп, ол жансақтау бөліміне түсіп, жаны әзер аман қалғанда да, қазақ көкпаршылары қырғыз көкпаршылары секілді ойбайламақ түгілі, қыңқ еткен жоқ!

Қырғыз көкпаршыларының күміс медальды мойындарынан алып алғандарымен, ақшасын қалталарына салып алғандарына қарап-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Ал Қазақ Елінің гимнін тыңдамай кетіп қалуы қарапайым этика ауылынан алыстығын айтпағанда, Көшпенділер ойыны ережесін бұзу!

Шындық керек болса, көп тарап кеткен видеода анық көрініп қалғандай, қазақ шабандозы Құрманбек алтын салым салғанда, шеңбердің дәл ортасына тура түскен көкпарды қырғыз шабандозының шеңбердің сыртына шығарып тастап жатқаны әшкере болып, әділетсіздік қайда екені көрініп қалған…

Сол қамшы сілтенгені үшін ғана көкпарды көрмей-ақ “ойын әділетсіз болды” деп екі жақтан да соғып жатқандар көкпар түгілі аттың қай жағынан мінетінін де білмейтіндер! Ал қырғыз көкпаршылары ойынды “әділетсіз” деп жатса, “жеңілген күреске тоймайды” деген мақал бар… Өздерін “ер халықпыз” деп жүрген қырғыз ағайындар “Жеңілгенді мойындау да ерлік” екенін естен шығармауы керек…

Жазда спорт министрлігі депутаттарды жинап, Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындық барысымен есеп бергенде, айтқан едік: “Біріншіден, Дүниежүзілік Көшпенділердің 5-ші ойыны түрік әлемінің қарашаңырағында өтіп жатқанда деңгейі бұған дейінгі төрт ойынның төресіндей күшті өтуі керек. Екіншіден, өзіміздің төл ұлттық спорттарымыздан, қазақша күрес пен көкпар, бәйге, аударыспақ, құсбегілік, жамбы ату, теңге алу, тоғызқұмалақтан алтын алмасақ, ұлтымызға сын!” деп. Соның бәрі дерлік орындалды! Ал дүниежүзілік көшпенділер ойынына кеткен шығын Ұлттық рухтың дүр көтерілуімен ақталып тұр!

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан 114 медаль жеңіп алып, бірінші жалпы командалық орынға ие болды. Оның 44-і Алтын, 33-і күміс және 37-сі қола жүлделер.
Қазақстан үшін ойындарда 21 спорт түрінен бақ сынаған 216 спортшы өнер көрсетті. Медаль бойынша үздік 5 Ел қатарына кірді:

Қазақстан-114 медаль,
Қырғызстан-64 медаль,
Өзбекстан - 34 медаль,
Ресей-46 медаль,
Түркия-6 медаль.

Ұшқыр бәйгеден 3200 метрге жарыста барлық жүлделі орындарды Қазақстан жылқылары иеленді. Үздік бәйгеде мәреге 19 жылқыдан мәреге жеткен үш жүйрік те Қазақстанның дүлдүлдері. Аламан бәйгеде үш жүлделі орынның екеуін алтын-күмісті Қазақстан жеңіп алды, үшіншісіне Қырғызстан ие болды.
Теңдесі жоқ теңге ілуден де, аударыспақтан да қазақ жігіттеріне теңесер ешкім табылмады! Түркістандық Бағдат Төлтай қатарынан тізіліп жатқан 7 теңгенің бәрін іліп алып шығып, алтыннан алқа тақты!

Тағы бір айтарымыз, түйе көтерген, темірден түйін түйген Темір Сыпатай балуанымыз бастамашы болып жүрген “Толағай-Алыптар айқасын” Көшпенділер ойынына қосуға сол кездегі Спорт министрі Ермек Маржықпаевқа айтып жүріп, өзіміз үлес қосып едік. Елімізге 18 елден алыптар келіп, дүрілдеген сайыс өтті. 180 килолық алыптар келгенде, көпсайыстан алтынды Түркістан облысындағы Арыстың арысы 110 килолық Азамат Мақұлбек жеңіп алып, “Алыптардың алыбы” атанғаны керемет болды!

Кешегі қазақты әлемге танытқан Алаштың аттары аңызға айналған балуандары Қажымұқан, Балуан Шолақтардың ізбасарлары бүгін де ортамызда жүргеніне көз жеткізіп, алып күштің алапат көріністеріне куә болдық.

Иә, елдің еңсесін көтеріп, қайрат пен жігер сыйлайтын осындай Алыптар аламанын Ұлттық спортымыздың бір саласы ретінде тіркеп, мемлекеттік қолдау жасауымыз керек.

Алып қана жеңеді арпалыста әр,
Айқаспенен келеді сан табыстар.
Қазақ деген Қажымұқан, Балуан Шолақ,
Туа берсін Толағай, Алпамыстар!-
деп ақ батамызды бердік алыптарға.

Отан қорғау неден басталады?

Ең алдымен ұлттық-патриоттық тәрбиеден басталады. Ұлттық спорт нағыз батырларды дайындап шығарады. Отан қорғайтын, күшті, қуатты жігіттер қандай болатынын алыптар айқасынан, ұлттық спорт түрлері сайысынан көріп, риза болдық.

Былтыр Астанада өткен сайыста Алаштың алыптары қазақтың ұлттық киімдерімен қатар тұра қалғанда, арпалысқан сайыста алапат күшті ақиқатқа айналдырып, елді таңғалдырғанда ұлттық рухымыз көтеріліп, қанымыз ойнап шыға келген еді. Ойнап жүрген балаларды да, ойынын тастай салып, көздерінде от ойнап, микрофоннан: “Мен де батыр боламын, барлығын жеңемін! Алға, Қазақ Елі!”- деп айқай салдырып тұрған ұлттық рух! Міне, Алаш жұртына қазақтың үні, ұлттың рухы келді деген осы!

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ БАТЫРЛАРЫ ҰЛТТЫҚ РУХТЫ КӨТЕРДІ!

Иә, “Дүниежүзілік Көшпенділер ойынын олимпиада деуге болады” деп, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі айтқандай, әлемнің 89 елінен іріктелген кілең үздік спортшылардың аламаны ешбір олимпиададан кем емес!
Кешегі әлемді шулатқан қазақ-қырғыз көкпары сайысының өзі неге тұрады?!.

“Әр қиындықтың да өз жақсылығы бар” дегендей, біржағынан қазақтардың жеңісін мойындауға ерліктері жетпеген қырғыздардың шу шығарғаны да жақсы жарнама болды! Жанжал болмаса, әлем Көшпенділер ойынына көңіл аудармайтын еді! Әлем футболдан да күшті спорт бар екенін білді! Бұндай жарнаманы ешқандай ақшаға сатып алып та жасай алмайсың?!.

Ендеше, мемлекет басшысының өзі олимпиадаға теңеп жатса, Көшпенділер аламанының алтын алған жеңімпаздарын неге олимпиада чемпиондарындай құрметтемейміз?!.

Мысалы, осы “Алыптар айқасы” олимпиадаға кірсе де, осы атан түйедей алыптар жиналар еді де, атан жілік Азаматымыз “Алыптардың алыбы” атанып, алтыннан алқа тағар еді. Ендеше неге чемпиондарымызды құрметтемеске? Азамат та, кешегі көкпарда ең көп салым салған үздік шабандоз Түркістандық Абылайхан Нысанбай да, алтын салымды салған Жамбылдық шабандоз Құрбанбек Тұрғанбек те, жалпы ұлттық спорттың бар түрінен жеңімпаз болғандардың бәрі де көлік мініп, үй алып жатқан Олимпиада жеңімпаздарынан кем емес!

Көк туымызды көкке көтеріп, мемлекеттік әнұранымызды шарықтатқан Азаматты, көкпаршыларымызды Түркістан облысы, Шымкент қаласы қалай қарсы алуда? Барлық жеңімпаздарды олардың облыстары лайықты қарсы алып, құрметтеуі тиіс! Бұл рухымызды биіктетер ұлттық, мемлекеттік маңызы зор, патриоттық тәрбиесі мол мәселе!

Ұлы даланың жылқының ғана емес, қырандардың да иесі екенін көрсеткен Құсбегілер сайысында ұлттық рухымыз қыран көтерілер қияға самғады!
Бүркітпен аң аулауда финалға шыққан 12 құсбегінің ішінен "Алтынды" қазақстандық бүркітші Серікбек Күнтуған жеңіп алды.

Алтын және күміс жүлде иеленген бүркітшілерге автокөлік сыйланды! Міне, үлгі алатын үздік қолдау! Бәрін күшті ұйымдастырған Республикалық “Құсбегілік” федерациясының президенті Берік Уәли бауырымызға ел алғысы зор!

Қорыта айтқанда, осындай дүбірді шаралардың Ұлттық рухтық деңгейде, халықтық мейрам болып өте бастағаны қуантады. Әлемнің әр түкпірінен келген туристер этноауылдағы әр киіз үйге кіріп, ұлттық тағамдардан дәм татып, ұлттық қолөнер бұйымдарын тамашалап, бәрі жарыса суретке түсіп жатқандары қандай жарасымды!

Мысалы, айтыс өтіп жатқан ең үлкен киіз үй тектес залға шетелдіктердің кіріп кетіп, орын жоқ болғандықтан көгалға отыра кеткенін көргенде, түрегеп тұрған қазақтардың бәрі жайғасып отыра кеткені бір сәулелі сәт болды!

Бұрынғы өткен үлкен шаралардың қалай өткенін еске түсіре алмаймыз. Мысалы, ЭКСПО-ға 3 млрд доллар жұмсалғанынан басқасы есімізде жоқ. Өйткені ол ұлттық рухта, халықтық мейрам ретінде өткен жоқ!

Ал бұрынғы қала күндері бұрынғы президентті туған күнімен құттықтаудан шенеуніктердің шеруі мен жағымпаздық жарысы болатын. Тіпті, ел қынадай қырылып жатқан пандемияда 2020 жылы 6 шілдеде отшашу шашып, елдің соңғы үмітін аспанда өртеп жіберген... Сол кезде біз бұндай санаға сыймас ессіздікті “Зират үстіндегі отшашу” деп жазып, “Қазақ үні” газетінде сынағанбыз.

Шетелден шақырған даңғазасы көп әншілердің қалтасын қазақтың қаржысына толтырып жіберетін шулы думандар өз алдына жеке әңгіме. Енді Көшпенділер ойыны көтерген ұлттық рухты түсірмей, Ұлттық идеологиялық концепция қабылдап, жақсы жалғастырып алып кету керек!

Кешегі әлемдік деңгейде өткен сайыстарда мерейімізді өсірген Ұлттық спорт түрлеріміз тек Көшпенділер ойынында ғана еске түспей, оларға мемлекеттік қолдау жасауымыз керек! Спорт министрлігіндегі біздің талабымызбен қысқартылып жатқан ешкім білмейтін қаптап жүрген 180 спорт түрін (барлық елде 18-ден артық емес) үш есе қысқартудан үнемделген қаржыны осы ұлттық спорт түрлеріне бөлу керек!

Бұл негізгі ұлттық спорт түрлерін спорттық жоғары оқу ордаларының негізгі пәндері қатарына енгізу керек. Әрине, ЖОО, арнаулы колледждер және мектептердегі денешынықтыру сабақтарына да кіргізген жөн.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынының даңқы әлемге тарап жатқаны қуанышты! Көк тулы Қазақ Еліндегі “Ұлы Дала дүбірі” Көшпенділер даңқын көкке көтеріп, жақсы жалғасын таба бергей! Ұлттық рухымыз биіктеп, Көк туымыз көкке өрлей берсін!

Қазыбек Иса,

ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1431
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3198
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5099