Сейсенбі, 3 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 2245 6 пікір 18 Қыркүйек, 2024 сағат 17:57

Қазақ тілінің тағдыры: 1995 жыл һәм бүгінгі жағдай

Сурет: dingek.kz

Мен сонау 1991-ші жылдан бастап Ақмола облысы, Есіл аудандық әкімдігінде ұзақ жылдар қызмет еттім.  Ол кезде біздің Ата заңымызда қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал, орыс тілі – ұлтаралық тіл болатын. 

Содан, 1995-ші жылға дейін облыс әкімшілігіне ауданнан жіберілетін бүкіл есеп беру және өзге де мәліметтерді мемлекеттік тіл болып саналатын қазақ тілінде ғана жіберіп жүрдік. Аудан  әкімдігінде істейтін қызметкерлерді қазақ тілінде еркін жазып, анық сөйлеп, сонымен қатар,  әкімдікке өз жағдайларымен келіп жататын адамдармен мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасауға бейімдеу үшін, қала мектебінен қазақ тілінен арнайы сабақ беретін мұғалім алдырып, аптасына екі, кейде үш рет сабақ берілетін еді. Сүйтіп, әкімдіктегілердің барлығы қазақ тілінде еркін жұмыс жүргізуге үйреніп қалып еді. Осылай жалғаса берер ме еді, қайтер еді? Егер, 1995-ші жылы Ата заңымызға өзгеріс енгізіліп, орыс тілі ресми тіл болып жарияланбағанда...

Содан бастап облысқа қазақ тілімен қатар, орыс тілінде де есеп беру, өзгеде мәліметтерді жібере бастадық. Осылайша, мемлекетік тіл – қазақ тіліне орыс тілі теңесіп алды. Егер қазақ тілі мемлекетік тіл болып, жеке-дара қала бергенде, осы күндері еліміздегі бүкіл мемлекеттік жұмыс ана тілімізде жүргізіліп, қазақ тілі дүркіреп, дамып кетері еді ғой. Сол, 1995-ші жылғы референдумда орыс тілін не үшін, кім үшін ресми тіл қылып енгізгенін әлі күнге дейін түсінбей-ақ, қойдық! Тегі өзінің осы жоғарғы орынға келетінін сезіп, экс-президенттің құлағына қасындағы біреулер сыбырлады ме екен?.. Әлде, мемлекеттің, болашаққа ұстаған өзге бір мақсаты болды ма?..

Қазір енді, көріп жүрсіздер, Ата заңымыздағы осы өзгерістер елімізді екі қоғамға, қазақ халқын екіге бөліп тастады. Қазақтың өсіп келе жатқан жастарын, әсіресе, орыс мектептеріндегі қазақ бүлдіршіндерін өз атамекенінде жүріп, ана тілін білмеуге, ұлт дәстүрінен ажырап қалуға, сондай-ақ, неше ғасыр ата-бабамыздан, келе жатқан дәстүрлі, мұсылман дінінен мүлде алыстап кетуіне жол салып берді. Осылайша, қазақ халқының болашағын тұмшалап, апатты жағдайға алып келді.

Жоғарыда газетін оқып, интернетке қарап, көрінген елдін тілін білемін деп, сөздігін жаттап жүрген адам, төменгі халықтын арасында не болып жатқанын қайдан біледі?! Ұлттың болашағына қарасатын, оған қамқорлық жасайтын биліктің түрі анау.  Әрине, жасап жатқан жақсы тірліктері де  бар, жоқ дей алмаймыз. Дегенмен ең негізгі нәрсені - Абай мен Мұхтардың, Жамбыл мен Ғабит Мүсіреповтің және Мағжан мен Мұқағалидың, Мемлекет құрушы қазақ елінің ана тілін осыншалықты қожырату, оған жүрдім-бардым қарау кімге керек, не үшін ?!

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 857