Сенбі, 21 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5697 0 пікір 3 Наурыз, 2014 сағат 03:39

«ҚАЗАҚТАР»

Жуырда М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Қ. Ысқақ пен Шахимарденнің «Қазақтар» пьесасының кезекті қойылымын «Нараду» мәдени-танымдық клубының өкілдері көріп,  өзара пікірлескен едік. Театртанушылар мен мәдениеттанушылардың, өнер майталмандарының бағасын әлдеқашан алып үлгірген спектакльге қайта оралуымыздың себебі сан алуан. Біріншіден, бұл қойылымның көтерер жүгі салмақты, тақырыбы ауқымды әрі бүгінгі ұрпаққа аса қажет; «Қазақтардың» драматургиясы кәсібилігімен, иірімділігімен, тереңдігімен құнды – мұндағы әр сөз көрермен рухын желпіндіріп қана қоймайды, намысын қайрайды, жігерлендіреді, уытты ой салады; тағы бір артықшылы, режиссердің ізденгіштігі, эпикалық тынысы кең пьесаны жақсы игергендігі. Осы үш өлшемді нысана еткен клуб мүшелері  қойылымды талқыға сала отырып, бүгінгі қазақ руханияты мен сахна өнерінің хал-жайы туралы ой бөлісті.  

 

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ,  журналист

ӘЛ-ТАРАЗИДІҢ ТАРАЗЫСЫ

Жуырда М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Қ. Ысқақ пен Шахимарденнің «Қазақтар» пьесасының кезекті қойылымын «Нараду» мәдени-танымдық клубының өкілдері көріп,  өзара пікірлескен едік. Театртанушылар мен мәдениеттанушылардың, өнер майталмандарының бағасын әлдеқашан алып үлгірген спектакльге қайта оралуымыздың себебі сан алуан. Біріншіден, бұл қойылымның көтерер жүгі салмақты, тақырыбы ауқымды әрі бүгінгі ұрпаққа аса қажет; «Қазақтардың» драматургиясы кәсібилігімен, иірімділігімен, тереңдігімен құнды – мұндағы әр сөз көрермен рухын желпіндіріп қана қоймайды, намысын қайрайды, жігерлендіреді, уытты ой салады; тағы бір артықшылы, режиссердің ізденгіштігі, эпикалық тынысы кең пьесаны жақсы игергендігі. Осы үш өлшемді нысана еткен клуб мүшелері  қойылымды талқыға сала отырып, бүгінгі қазақ руханияты мен сахна өнерінің хал-жайы туралы ой бөлісті.  

 

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ,  журналист

ӘЛ-ТАРАЗИДІҢ ТАРАЗЫСЫ

«Қазақтар» - эпикалық тыныстағы кезеңдік шығарма. Қызық, біз қазақтың тарихын қай кезден бастарымызды әлі күнге білмей келеміз. «Түркі дәуірінен», «Жоқ, сақ дәуірінен»... Осындай тартыстар кезінде алғаш дербес хандық болып құрылған ХV ғасыр өзінше бір белесті кезең екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Бірақ, парадоксты қараңыз, «қазақ» деген этноним жеке-дара атала бастаған сол кезең туралы бірде-бір көркем фильм жоқ. Сондықтан «Қазақтар» ең алдымен тақырыбымен құнды шығарма.

Екіншіден, бұл тарихи тақырыптағы қойылым болғанымен, қай кезде де өзектілігін жоймайды. Мысалы, Торғын Тасыбекованың аузымен айтылатын: «Бауыр мен бауыр бір-біріне оқ атса, ақ сүтімді көкке сауам» дейтін сөзі соңғы кездердегі оқиғаларға ескерту секілді қабылданады. Мұнда сапалы драматургия бар және сол драматургияның өн бойына өрілген ұстанымдар бар. Халықтың ұстанымы, биліктің ұстанымы, халық пен биліктің арасындағы қарым-қатынастың ұстанымы. «Ханның айтқанының бәрі заң емес, халық деген мал емес» дейді, «Халықтың қарғысына ұшырағанша қазір  өлгенім артық» дейді хан, сонымен бірге «Хан шатыры қайда болса, халық сонда» дейді. Билік пен халықтың арасындағы үйлесім, бір келісімге келу, тоқайласудың моделі осындай болса керек.

Қойылымда екі бетбұрысты кезең бар: біріншісі ағайынды Қойгелді мен Тойгелдінің бірін-бірі өлтіруі. Соған дейін өзбектермен бір болайық деп бел шешіп отырған Жәнібек хан қос бауырдан қалған Мойынсызды көргенде райынан қайтады. Бір бала қалайша бір халықтың тағдырына өлшеу болды? Олай болатыны, қанша «бауыр» дегенімен, өзбек пен қазақты біріктіретін –билеуші сұлтандардың бір Шыңғыстан тарағаны ғана екен. Әйтпесе салт-санасы, таным-түсінігі, тұрмысы мүлде бөлек. Шариғат заңын түбегейлі ұстанған өзбек пен «Қазақ құлшылық етуге қарсы емес, құл болғысы келмейді» дейтін қазақтың айырмашылығы аз емес. Бұған Жәнібек екі елде жүрген туған бауырлардың бір-біріне деген қиянатын көргенде көзі жетеді. Екінші сондай бетбұрысты кезең – Нигар ханымның өлімі. Қасым сұлтан тып-тыныш өмір сүре берер ме еді, бірақ оған Мұхаммед Шайбанидің адамдары тыныштық бермейді екен, өз отауында өлтіріп кетуге әзір екен. Сондықтан ол атқа қонды, таққа отырды, әскерді бастады, елді жұмылдырып, «ханға да, қараға да ортақ» заң қабылдады. Жауының өзін жаншыған жоқ, ақылды билік құрды. Қазақ әбден шегінерге жер қалмайынша ұйықтап жатуы мүмкін, бірақ сындарлы сәт туғанда сілкінеді, сол кезде оның алдында төтеп берер құдірет жоқ. Драматургия қазақы психологияға сай өрілген. «Қатын – жолда» дейтін қазақтың азаматтарын қос-қостан әйелдің етегіне байламай-ақ, басқа шиеленістер табуға болар ма еді, бірақ бұл драматургтердің таңдауы.

Актерлердің бәрі режиссер бола алмайды, бірақ Тұңғышбай әл-Таразидің «Томирисінен» кейін, «Қазақтарынан» кейін кең тынысты шығармаларға бара алатын режиссерлік қарымын байқаймыз. Ал Жәнібек хан рөлінде ол қандай екен дегенде көбі «еңсесі түсіңкі» деп пікір білдіруі мүмкін. Бірақ сахнада сол кездегі қара халықтың әбден қажыған күйсіз халін көрсету мүмкін болмағандықтан, күллі қазақтың басына түскен жағдайды Жәнібек хан арқалап тұрғандай қабылдадым өз басым. Ол өзбекке қосыларын да, қосылмасын да білмейді, ұлынан да, батырлардан да, Керейден де, бәрінен сұрайды, бәрінің пікірін білгісі келеді, әрі-сәрі күйде – бір жағынан еріктің аздығы, бір жағынан дала демократиясының көрінісі. Алшаң басып, арқырап сөйлейтін Абылай ханды да осы сахнадан көргенбіз, ал Жәнібек ханның иығына бүкіл қазақ даласындағы тауқыметтің салмағы түскендей. Мені басқа сұрақ мазалайды – осы Тұңғышбайлардың буыны кеткеннен кейін біздің хандарды, даналарды сомдайтын әртістер бар ма? Қазіргі актерлердің бойынан осындай тұлғалық биіктік, тұлғалық тереңдік табыла ма? Және де керісінше, көпшілік сахнасында жүрген жігіттер көшедегі есерсоқтар секілді тым арзандау, қарабайырлау болмау керек еді, қалай да жүріс-тұрыстарына бір ірілік керек еді. О баста Қасым ханды сомдаған Ғани Құлжановтың бойынан сырбаздық, сұлтандық қалыпты көрсек, Асылбек Боранбайдың жігерлі, қайсар образдың суретін салғаны ұнады. Сценографияға, әсіресе костюмдерге тәнті болдық. Шапанды киген Қасым қандай, шешкен Қасым қандай? Бірден тұлғаланып сала береді... Қорыта келгенде, бұл қазіргі сахнаға әлі де керек қойылым.

 

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ, жазушы

МОЙЫНСЫЗ КІМ?

Бұл қойылым «Қазақта тарих болмаған», «Қазақта мемлекет болмаған» деген қыңыр пікір лаулап, айтыс-тартыстар жүріп жатқан кезде сахналанды. Қойылымды сол жойдасыз байламдарға авторлардың ішкі қарсылығының көрінісі деп те ойлауға болатындай. Әрине, тек қана сол мақсат болды десек, қателесеміз. «Қазақтардан» алар әсер, түйер ой көп. Сан-салалы жіліктеуге, өрбітуге болады. Тарих өткелегіне салып жіберсеңіз, нақты оқиғаларға қайшы тұстары көп. Авторлардың тарихи танымына сай жазылғаны анық. Қасым хан хандық құрылар тұста әлі ат жалын тартып мінбеген, Жәнібектің тоғыз ұлының кенжесі. Десе де, авторлар неге Қасым ханға тоқталды дегенге ой жіберу керек. Бүкіл қазақ хандарының ішінде таққа отырмай тұрып хан атанған жалғыз-ақ адам – осы Қасым хан. Сол тұрғыдан алып отыр. Шындығында Қазақ хандығы Қасымға дейін-ақ қалыптасып үлгірген. «Хан шатыры қайда болса, халық сонда" деген сөз бар пьесада. Қасым осы жүйені ұстанған. Оның ордасы әр мезгілде әр аймақта болған. Халық ханды емес, хан халықты іздеген.

Қойылым неге өзбекпен қарым-қатынасты арқау етті? Ол кезде біздің өзбектен басқа бәсекелесіміз, дұшпанымыз болған жоқ па? Жетерлік еді. Бұл жерде авторлар діни мәселені арқау ету үшін әрі ой өрілімінің жинақылығы үшін әдейі қазақ-өзбек қарым-қатынасын таңдаған. Осы қойылым қойылар тұста Қазақстандағы діни ахуалдың шиеленісе бастағаны белгілі еді. Қазақ хандарының бәрі Сырдарияның бойындағы қалалар үшін соғысқаны мәлім. Өзбектер әрі етене көршіміз, әрі сыр алдырмас бақталасымыз болатын. Сол бақастық пен бәсекелестік талай ғасыр бойы толастаған емес.     

Қасым ханның өткірлігі мен бірбеткейлігін Асылбек Боранбай жақсы кейіптеді. Қойылымда Жәнібек ханның (Т. әл-Тарази) еңсесі түсіңкі, иығы салбыраңқы. Батыл шешім аз. Әрине, ол ауыр кезең, ел басына күн туған шақ, десе де, кейде ханның қатал да өткір мінезін де көрсетуге болар еді. Хандық сұс пен мысты сезе алмағанымды несін жасырайын. Дегенмен, Жәнібек ханның бір шешімге келе алмай, рубасылардан барша кеңесшілерінен кеңес сұрауы – хандықтың қиын тағдырын сипаттаса, екіншіден, Қазақ хандығының әу бастан дала демократиясына бойсынғанын сеземіз. Шын мәнінде, хан қарашадан, қараша ханнан бөлек болған емес. Хан өзі ғана шешім қабылдамаған. Осы көрініс қойылымның соңында Қасым ханнан да байқалады. Қасымда Жәнібекке қарағанда батылдық бар. «Айттым, бітті» дейді. Осы кесімділігімен ыдырай бастаған билікті қолына алады. Біз осы образға назар салуға тиіспіз. Бұл Қалихан мен Шахимарденнің бізге қарата айтқан шешімдері. Ел билеушінің қалай болуы керектігін нұсқауы... Өз басым әдебиетімізде хандарға арналып көркем шығармалардың көп жазылғанын қалаймын. Бізде тарихи шығармалар жетерлік, алайда ұщымдысы аз. Көбі рушылдық пен белгілі бір аймақтық сипаттан аса алмайды. Біздің тарихымызды кімдер жазды, қалай жазды, қашан жазды? Бодандықтан құтылған жұрттың тарихи танымы қайта сараланады. Оған бүгінгі жастар да атсалысуы тиіс. Мен Қалихандар мен Шахимердендердің орнын басар, тілі шұрайлы, ділі бекем жас жазушы-драматургтер енді бола ма, болмай ма дегенге алаңмын...

Спектакльдің шығармашылық құрамына ризамыз. Өз басым, Ерлан Біләлдің шеберлігіне таңданғанымды жасыра алмаймын. Өзбектердің дәл өздері секілді көрінді маған.

Қойылымдағы ең үлкен образ – меніңше, Мойынсыз бітімі. Дулыға Ақмолда – кішкене кейіпкерден үлкен образ жасай білді. Драманың өзегі – бостандық үшін күрес, елдікті сақтау. Ал осындағы Мойынсыз кім? Қасымның әрі құлы, әрі ұлы. Шексіз адал. Айтқанын екі етпейді. Сатқындық жоқ бойында.  Осы кейіпкердің атының өзінде айрықша мән жатыр. Мойын болмаған жерде, бас бола ма? Мойынсыз адамға бостандық берудің қандай қажеті бар? Спектакльдің ең соңында бізге өте ауыр сұрақ қояды. Бостандық деген не? Бас болмаған жерде, бостандық бола ма? Бұл – жүркке салмақ салар сұрақтар... «Құлды жазалағың келсе, бостандық бер» деуші ме еді. Бассыз, бағытсыз, мақсатсыз бостандықтан ауыр трагедия жоқ. Еркіндік – егер соны қадірлеудің, мәңгі қорғаудың жолын білмесең, уытты қасіретің. Өз үніңе өзің тұншығасың. Көшіңді адастырмайтын бас керек! Кіл Мойынсыздардан құралғандар ләппайдан арғыны көздемейді. Еркіндікті тілейді, қазақ болғысы келеді, ал бірақ... Бәлкім, бұдан өзге де ой мен астар көп. Бұл осы спектакль арқылы авторлардың қалың бұқараға салған салмағы, қойған сұрағы...

 Басты қалай табамыз, қалай қорғаймыз, қалай қорғанамыз? Әлі де өзекті, әлі де қажетті сұрақ.

 

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

АЛ НАГИР-ХАНУМ ШЕ?..

«Қазақтардың» драматургиясында шашау жоқ. Қалихан Ысқақтың қабілетіне ешкім шәк келтіре алмайды. Ал Шахимарден – қазақ көркем ойының бөлек құбылысы. Осы театрда қойылған «Үкілі Ыбырай», «Ақан сері» спектакльдерін көрмесек те, театртанушылардың жылы пікірін оқығанбыз. Бір ғана «Томиристің» өзі орташа мәнердегі он қойылымды орап алады! Ағамызды жыға танымайтын кісілерге «Балкон» фильмін көруді ұсынар едім. Олжас Сүлейменов туралы түсірілген бұл туындыны телеарналардың көп көрсетпейтіні өкінішті. Қазақтың кәсіби драматургы кім десе, мен ойланбастан осы кісіні атар едім.

Тарихи жадыны тірілту қашанда қиын. Біздің тарихи жадымыз мифтер мен аңыздардың қоймасы іспетті. Тарихи тұлғаларды ертегі мен эпостың кейіпкері деп қана түсінеміз. Одан арылудың бір жолы – тарихи дәуірлерді кезең-кезеңімен киноға, деректі фильмдерге, театр қойылымдарына айналдыру. Сөйтіп өзімізге жақындату. Олардың рухани ұстаздарың екенін еріксіз түрде сезінуге жету. «Қазақтар» - сол мақсаттың басы. Қазақтың алғашқы ханынан соңғы ханына дейін сериалды қойылым жасауға әбден болады. Кинолардағы үзік-үзік образдар тұлғалардың шынайы болмысын одан арман күңгірттендірмесе, халыққа жақындата алмады. Соның орнын көркем образдар арқылы театрлар толтыруға ұмтылса, бір кетігіміз бүтінделер еді.

«Қазақтардағы» тағы бір ерекшелік – көрермен тарихи жүлгелерді, оқиғаларды бүгінмен салыстыруға мүмкіндік алады. Әсіресе, өзбек-қазақ байланысының шытырман халін, Қазақ хандығының буыны бекір тұсын бүгінгі, дәл бүгінгі кезеңмен салыстырмай, қоса ой жүгіртіп, «Сол кезеңдегі оқиғалар тағы қайталанып жатқан жоқ па?» деген байлам жасамай тұра алмайды. Діни ахуал – Тойгелді мен Қойгелді қасіреті – қазіргі қазақ қоғамы үшін таңсық емес! Тіпті одан жүз есе күрделі. Драматургтердің қазақ қоғамындағы ең өзекті әрі нәзік тақырыпты  қалай дәл басқанына тәнті боласыз. Дәл осы Қасым хан дәуірінен кейін қазақ тарихында «бұлғақ» кезең басталғанын, оған себепкер діни дүрдараздық екенін ғалымдар айтып жүр. Осы жерде Қ. Ысқақ пен Шахимарденнің Қазақстандағы жаңа ғасыр келбетін, діни ахуалды саналы, мүмкін бейсаналы түрде тұспалдағанын байқайсыз. Шариғат жолын ту еткен қазақ-өзбек Қойгелдінің (Ү. Сейітмет) жеме-жемге келгенде әйелін пышақпен бауыздап жіберуі бізге авторлардың ескертпесі секілді. Дін дегдары мен дүмшенің арасы – жер мен көктей. Ұлт пен діннің тұтастығы болмайынша, мұндай қаніпезерліктер тиылмақ емес. Осы бір түйінде тұспал мен астар көп. Қазір қазақ-өзбек, қазақ-араб, қазақ-орыс, қазақ-үнді, қазақ-еврей азаматтар көп... Будандар... Қандағы будандықтан, жандағы будандық әлдеқайда қауіпті. Айналаңызға қараңыз!

Драматургтердің Қазақ хандығының құрылу ситуациясын тек хандар өмірбаяны арқылы емес, сол кездегі қарапайым қарашаның жағдайымен беруі ұтқырлық. Тойгелді мен Қойгелдінің анасы (Т. Тасыбекова) Қасымға қарата айтатын: «Сендердің түктерің кеткен жоқ. Мына біз, қарапайым халық зардабын тартудамыз. Сендердің биліктерің мен байлықтарың үшін біз жапа шегудеміз. Біз, жамағайын жұрт қашан бөлініп едік. Міне, екі бірдей баламнан айырылдым» деген сыңайдағы жанайқайы көп жағдайда қарашаның белгілі бір тобына ел, ұлт ұғымынан гөрі, тыныш өмірдің қымбат екенін ишаралайды. Мемлекет, ұлттық мүдде, хандық тағдыры – жалпылама ұғымдар екенін, адамның жаны қарақан басына іс түскенде қиналатынын мегзейді. Шындығы да сол...   

 Мұхаммад Шайбани образы (Е. Біләл) шынайылығымен ұтымды. Мойынсыз – спектакльдің екінші, Қасым ханнан кейінгі геройы. Дулыға Ақмолданың қандай роль берсе де, жандырып жіберетіні сүйсінтпей қоймайды. Нагир-Ханум бейнесін Дәрия Жүсіп өз биігінде орындады. Нагир-Ханум қайшылықты образ. Бір қарағанда, өзбектердің жансызы секілді, бірақ қойылымның соңында өзбектердің Қасымды өлтіруге сәлемдеме ретінде жіберген жыланы шағып өлтіреді. Бұл көрермен көкейіне: «Нагир Қасымды сүйгендіктен қобдишаны ашты ма, әлде біреуге ор қазам деп жүріп, соған өзі түсті ме?» деген сұрақ тастайды. Әртүрлі тұжырым жасауға еріктісіз. Д. Жүсіптің шеберлігі де осында, қойылымның өн-бойында екі образға қақ бөлінеді, және аяғына едйін сыр алдырмайды. Ал Қасым ханның  (А. Боранбай) жігерлі, отты көзқарасы, уытты да өткір ойлары көрерменін ширықтырып-ақ жібереді. Нагир қайтыс болған соң ес жиып, атқа қонуы – сүйген адамынан айырылғандағы өшпенділіктің тұтануы емес, ең бастысы өзінің пендеуи нәпсісін жеңуі деуге болатындай. Сұлулыққа құмарлық та, ағайыннан жыраққа кетіп, ордасын оңаша тігу де нәпсі, Қасым сол нәпсісін жеңді, немесе өлтірді... Нагирдің драма жүйесіндегі құбылмалы бейнесі не назар салсаңыз, осылай да тұжырым жасайсыз.

Мені тәнті еткені, пьесаның соншалықты ауыр ой мен тегеурінді сөзге құрылғанына қарамастан, қойылымдағы актерлердің соны көрерменге шынайы жеткізе білгендігі. Тарихи қойылым болғандықтан да, мұндай шұрайлы тіл жарасып-ақ тұр. Егер, басқа бір қойылымда осы мәнердегі сөздер айтылса, құлағымыз жауыр болуы да мүмкін. Өз орнын таппаған қызыл сөздің обалына қалатындар көп бүгін. Бірақ, Шахимарден мен Қалихан қанат қақтырған кесек ойлар әр жүрекке рухани шуақ түсірмей тұрмайды. Режиссер Тұңғышбай әл-Таразидің ойлы пьесаның әрбір линиясын үзбей-жұлмай алып шыққанына ризамыз. Өзі де сөз білгірі, бұрынғының билерінше көсіліп сөйлеу қансіңді «дерті» болғандықтан, драматургтер көздеген межеге алқынбай жеткені байқалып тұр. Мұндай қабысудың көптеген қойылымдарда болмайтыны шындық.    

 

Мәулен ҚАЛИЕВ, өнертанушы

СӨЗ ҚҰДІРЕТІ

Бұл спектакльдің басты ерекшелігі – қойылымның актуалдылығы мен құрылымының тартымдылығы. Актуалдығы патриоттық деген ұғымды қалай жеткізуімен сипатталады. Театрға келген  әр көрермен рухын жанып отырады. Сахна майталмандары да жанын салып ойнайды. Бұл қойылымда ең бастысы ұлт ретінде біз үшін тарихтың қаншалықты маңызды екенін, хандық биліктің жалпы тарихымыздағы алар орнын терең бағамдай түсесің. Ханның бұйрығы бүтіндей бір халықтың тағдырын шешетіндігі анық. Дегенмен дұрыс шешім қабылдай алған Қасымхан спектакльде өзінің қасқа жолын көрсете білді. Бірақ сол қасқа жолдың өзі бір күнде жүйеленбегені шындық, қантөгіс, арпалыс, құса арқылы қаланған.  

Дін мәселесі де спектакльде орынды көтерілген. Ислам діні еліміздің негізгі діні бола тұра, ұлтымыз түркі дүниесіне тән тәңірліктен де айырылмағандығы кей эпизодтарда көрініс тауып жатты. Театр қойылымы ретінде мұнда шекспирлік асқақтықты да байқауға болады. Қойгелді, Тойгелді, Шолпан сынды кейіпкерлердің арасындағы кішігірім трагедиялық қойылым осының айғағы. Бәлкім, қойылымның ең өзекті тұсы да осы эпизодтармен тікелей байланысты.

Сөз құдыретін асқақтатқан, екі ауыз сөздің өзін көркемдікпен шебер үйлестірген ұлттың ұрпағы бола тұрып, тарихи, оның ішінде хандық дәуірді сипаттайтын қойылымды қарапайым ауыз екі тілмен жеткізу кешірілмес күнә екенін түсінген драматургтер көркем сөзді актерлердің ауызына сала отырып, көрерменді сөз құдіретін сезінуге шақырады. Диалогтарда айтылған сөздер рухтандырып қана қоймай, ерекше ләззатқа бөлейді. Әрине бұл бірінші кезекте драматургтердің зор еңбегі.

Өз басым  "Қазақтар" тарихи қойылым болғандықтан, мейілінше тарихи деректерден ауытқымағандығын қалар едім. Келер ұрпақтың Қасымхан сынды хандарды тарихи фактіге сай келмейтін кейіпте танығандығын құп көрмеймін! Көркем дүние бір бөлек, шындық әрқашанда шындық болып қала бермек. Сол себепті әр дүниеге лайықты көзқарас тудыру үшін көркемдік тәсілді шындыққа жұмыс істеткендігіміз дұрыс шығар. Қалай десекте осындай тарихи шығармалардың көптеп жазылуын, және олардың сахналануын, көгілдір экранда көрсетілуін қолдаймын.

 

Айдана АЛАМАН, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің кіші ғылыми қызметкері

«ҚАЙТА БІР ҚАРАСА...»

 Спектакльдің құндылығы тарих пен сол тарихты кемеліне жеткізіп бере алған пьесада, ұтқыр құрылған диалогтарда жатыр. Себебі бұл жерден режиссураның озық үлгісінен бұрын, дрматургияның мықтылығын байқадым өз басым. Шахимарден аға драматургиялық құрылымын пьеса жазудағы барлық шарттарды қолдана отырып жасаған. Әсіресе, «бас кейіпкердің қателігі» әдісі жақсы қолданылған. Геройлардың қателесуі, оның да пенде екендігі көп қойылымдарда ескерілмей жатады. Қойылымда қателіктің өзін іңкәр сезіммен көмкеріп берген. Дұрыс емес шешім қабылдаған шарасыз Жәнібек хан, өзбек әйеліне мойын бұрған Қасым сұлтан... Қазақ сахнасындағы тарихи қойылымдардың көпшілігінде билік, саясат тұрғысына немесе махаббат жағына көп басымдық беріп кетеді. «Қазақтарда» осы тақырыптар теңдей таразыланған. Сонысымен де ұтқыр.

Ендігі кезекте бұл қойылымды тыңнан сүрлеу салуға талпынып жүрген жас режиссер қойып көрсе деген ұсынысым бар. Себебі бұл тарих кітабын том-томдап оқығысы келмейтін жастарға, кішкене де болса тарихтан хабар беретін тағылымдық қойылым. Сондықтан да, тағы да өзгеше режиссерлік шешімдермен көмкеріп, сценографиясын жаңғыртып, көрермендерді одан сайын тарту керек. Себебі бұл қойылымның тақырыбы да, пьесаның жазылу мәнері де соған лайық. Оны әр режиссер әртүрлі мәнерде қоюына болады.

Сценография – қойылымның өзегі. Бір қызығы, бізде әр қойылым сайын жетілдіріп, өзгертіп отыруға көп көңіл бөлінбейді. Алғаш қаалй сахналанды, соалй қала береді. Қазір техника даму үстінде, сахналық безендірілудің неше үлгісі шығуда. Осындай сәтте неге қойылымды жаңаша кейіпте дамытуға болмайды? Бұдан 7-8 жыл бұрйынғы үлгімен қалу ыңғайсыз секілді көрінді. Әрине, бұл жайында режиссердің өзі шешім қабылдайды. Біздікі бірегей туындының бағы арта түссін деген тілек қана.

 

Дайындаған Т. ӨСКЕНБАЙ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1931