Жексенбі, 13 Қазан 2024
Әне, көрдің бе? 2544 1 пікір 1 Қазан, 2024 сағат 14:32

Исиба Ресей мен Қытайдың бас ауруына айналмақ!

Сурет википедиядан алынды.

Бұрын БАҚ жапондардың жан-таласа қарулану дүрмегіне ілесетіндігін жазған кезде қос көршісі оны шыбын шаққан құрлы елемеген-тін.

Ресейдің біраз жерін және Қытайдың көп аймағын бауырына басқан Жапония өз үнін естірте бастады. Қытай мен Ресей үшін төбелерінен жай түсірген жаңалық – Исибаның АҚШ ядролық әскерін Жапон жеріне шақырағаны болды.

Жапонияның билеуші Либерал-демократиялық партиясы (ЛДП) бұрынғы қорғаныс министрі Сигэру Исибаны өзінің жаңа төрағасы етіп сайлаған еді. Бүгін Жапонияда Фумио Кисида бастаған үкіметтің доғарысқа кеткені белгілі болды. Енді Жапонияның су жаңа премьер-министрі дәл осы Исиба болады деп күтілуде.

Сигэру Исиба қабығынан қар жауған, өң-түсі түксиген фотосуреттерімен БАҚ-та жиі көрінеді. Бірақ оның әлемдік саясатта қалыптасқан самурайлық бет-бейнесінен бөлек, өмір бойғы хоббиі - ұшақтардың, кемелердің және теміржол локомотивтерінің пластикалық үлгілерін құрастыруы да біраз нәрседен хабар береді десек жөн шығар.

Жапон саясатының 67 жастағы қарт бурасы сізді онда өз қолымен жиналған модельдерімен таныстырып қана қоймай, партия бойынша әріптестерінің күмәнді көзқарастарын алға тарта отырып, хоббилік қызығушылығының саяси себеп астарымен таныс етеді.

Ол өзінің журналистерге берген бір сұхбатында: «Америкалық елші, министр немесе флот қолбасшысы Жапонияға келген сайын мен оның қандай кемеде болғанын біліп, тап сол кеменің (пластикалық моделін) оның қолына табыс етемін. Содан кейін ол өз кезегінде жүзі бұл-бұл жанып: «Бұл мен болған емес», - дейді», - деп түсіндірді.

Бұл әрине «Қожасының кім екенін білген соң, итіне сүйек таста» дейтін шығыстық сынан өткен тәсіл. Бұл орайда Исибаның ұлттық рамен кеспесінің тарихы мен рецептіне қызығушылығының һәм дәмі мен аспаздық артықшылықтарын дәріптеуінің арты оған саяси өмір сыйлап, Жапонияның жаңа премьері парламентте билеуші «Парламенттік рамен тобын» құрғызып, өз отырыстарында маңызды жайттарды - жапон сауда маркаларын АҚШ-та ілгерілетуді, сыртқы нарықтарда ірі жапон корпорациялары мен қаржы-өнеркәсіп топтарының мүдделерін қорғауды талқылайтын дәстүрге айналдырды.

Исиба Жапонияда зияткер тұлғасы болып саналады. Ол ұзақ уақыт ЛДП Саяси зерттеулер жөніндегі кеңестің төрағасы қызметін атқарды. Оған дейін қорғаныс министрі, ауыл, орман және балық шаруашылығы министрі қызметтерін атқарған. Одан бөлек, Исиба халықтың қысқаруына қарсы күреске және префектуралардағы жапон шағын бизнесін жандандыруға жауапты портфельсіз министр болып жұмыс істеген.

Жапония бұдан былай ұстануы тиіс сыртқы саясатқа оның көзқарасы қандай?

Бірден айтпағымыз: Исиба - сенімді және дәйекті саяси қырғи. Ол Жапонияның өзін-өзі қорғау күштерін жапон аумағынан тыс жерлерде қолдануды көптеген жылдар бойы дәйекті түрде қолдап, алға тартып келді. Осы бір мәселедегі оның тастай қатқан ұстанымы түп-түгел қазір жапондық саяси және қаржы-өнеркәсіптік орталарында кеңінен таралған көзқарастарға толығымен сәйкес келеді.

Сондай-ақ, Исиба соғыстан кейінгі ел Конституциясының пацифистік ережелерін алып тастауды талап етіп, НАТО-ға ұқсас азиялық әскери блокты құрудың жақтаушысы болып табылатындығын айта кетпекпіз. Және ол өңірде АҚШ ядролық қаруын орналастыру керек деп есептейді.

Abai.kz

1 пікір