Бейсенбі, 21 Қараша 2024
Ақмылтық 1790 10 пікір 4 Қазан, 2024 сағат 12:46

АЭС-тің аласы ішінде ме?

Сурет Әміржан Қосанның жеке мұрағатынан алынды.

немесе референдум қарсаңындағы бір ескерту мен үш ұсыныс

Сонымен, бүрсігүні бір ай бойына қалың елді жасанды емес, шынайы түрде толғандырған қос сұрау белгісіне нүкте қойылмақ. Және де ол нүктені билік емес, халықтың өзі қоймақ.

Бір нәрсе анық: билікті қанша сынасақ та, бұл жолы мемлекет өміріндегі аса маңызды жан-жақты талқылауға мүмкіндік берілді. Әрине, «ауру қалса да, әдет қалмайды», яғни азаматтардың белсенділігін шектеуге бағытталған, демократияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қисынсыз фактілер де орын алды. Мұндай сорақылықтарды «Жаңа Қазақстан тұсындағы солшылдықтың балалық ауруы» деп қабылдауға болатын шығар.

Әрине, АЭС салуды қолдауды билік партиясы қолға алғандықтан, ресми түрде ол топтың дауысы басымырақ естілгендей көрінді. Оның есесіне, АЭС салуға қарсылар қазіргі заманғы технологиялық және коммуникациялық мүмкіндіктерін, соның ішінде Интернет пен әлеуметтік желілердің әлеуетін мейлінше тиімді пайдаланды. Бұл жерде дәстүрлі БАҚ пен әлеужелілердің өзара бәсекесінің куәсі болдық. Кімнің сөзінің өтімді, кімге аудитория көбірек сенетінін, кімнің қимыл-әрекетінің тиімділігі қандай екенін алдағы дауыс беру көрсете жатар.

Бұл жолғы референдумның бір ерекшелігі сол: бір қарағанда, таза экономикалық, энергетикалық, экологиялық проблема боп көрінген мәселе бара-бара қоғамдық, саяси, геосаяси, керек десеңіз, жалпыұлттық, мемлекеттік сипат алып кетті. Оны билік те түсініп отырған болар.

Сол себепті мен бір ескерту мен үш ұсыныс айтқым келеді.

Ескертуімнің моральдық астары бар. Осы жолы АЭС салуды қолдау мен қолдамауды жалау етіп, ел алдына ұрындатып шыққан әрбір саяси партияның, жеке тұлғалардың өз сөздері үшін саяси жауапкершілігінің мерзімі 6-қазанмен шектелмейді, өйткені өмір ол күннен кейін де жалғаса бермек. Қандай шешім қабылданса да, оның оң немесе теріс нәтижелері үшін нақты жауапкершілік сол ұйымдар мен адамдарға жүктеледі. Бір ай бойына созылған үгіт-насихат науқаны барысында қоғам кімнің кім екенін көрді, олардың сөздері мен істерін жадында сақтап қалды.

Ұсыныстарымның бәрі референдум өткізгелі тұрған билікке қатысты.

Біріншіден, референдумда дауыс беру таза өтсе, әрбір азаматтың дауысы әділ есептелсе, дауыс беру мен оларды санауды бақылауға ниет білдірген белсенділердің құқы бұзылмаса. Әйтпесе, іс насырға шауып кетуі әбден ықтимал. Ондай наразылықты саяси реванш алғысы келетін «ескіқазақстандықтар» мен Қазақстанға көз алартқан сыртқы күштер өз мүддесіне сай пайдаланып кетсе, не болмақ?

Екіншіден, сайлауалды талас-тартыстан байқағаным сол: жұрттың біразы АЭС тақырыбын таза саясиландырып, АЭС салуға қарсылықты билікке, соның ішінде Тоқаевқа қарсылық деп қабылдап, сол ойды көпшіліктің санасына сіңдіруге тырысып жатқан сыңайлы. Қазір қоғамды қақ жарған тақырып біртұтас ұлтты ыдыратпауы үшін билік АЭС салуды қолдамаған қоғам өкілдерін «Жаңа Қазақстанның» немесе жеке Тоқаевтың жаулары ретінде қабылдамағаны абзал. Әйтпесе, жағдай ушығып кетуі әбден мүмкін. Әрі мұндай теріс саясат президент Тоқаев жариялаған «еститін мемлекет» идеясына қарама-қайшы келеді емес пе?

Үшінші ұсыныстың орны өзгешелеу. АЭС салуға қатысты қоғамдық пікірталас барысында екі жақтан да айтылған орынды идеялар мен білікті кадрлар 6-қазаннан кейін де Әділетті Қазақстан құру ісіне тартылса.

Әміржан Қосан

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1431
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3197
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5094