Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 1983 0 пікір 8 Қазан, 2024 сағат 15:14

Әдебиетші Рақыметолла Әпшеұлы жайлы не білеміз?

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды.

Осы заман Қытай қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, сонау 1950 жылдары-ақ, проза жандырында өз биігіне көтерілген сарабдал жазушы, драмматург, әдебиеттанушы, зерттермен, композитор, баспагер, сақа журналист Рақыметолла Әпшеұлының дүниеге келгеніне биыл 100 жыл, ал өмірден өткеніне 24 жыл болды. Соған орай шәкірті әрі дос бауыры, ақын Сәли Сәдуақастың он жылдың алдында жазған «Өмірдегі Рақаң» атты хроникалық эссесін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Эсседе автор Рахыметолла Әпшеұлы Қуановтың өмірдегі болымыс-бітімі, тағдыры, өмір жолы, кісілік ерекшеліктері, отбасылық жағдайлары жөнінде өзі көріп, білгендері туралы оқырманға жеткізуді мақсат еткен.


Өмірдегі Рақаң

Мемлекеттік түйінді ғылыми зерттеу темасының міндеттемесіне сай Шынжаң Қоғамдық ғылымдар академясы және оның Ұлттар институты ұйымдастырып жаздырған «Қазақ әдебиеті тарихы» атты кітаптың «Осы заман әдебиеті» бөлімінде Рақаң жөніндегі тарауды мен жазған едім. Жазушының көзі тірі кезінде жалпы жасампаздығы турасында «Қаламының қарымы қайтпаған қарт жазушы» деген мақала жазғам. «Жазушының жан сыры» деген айдарда екі мәрте сұхбат өткізген де жайым бар. Сол үшін, бұл жолы тек
өмірдегі Рақаң турасында ғана оқырмандарға сыр шертпекпін.

Жазушы Рақыметолла Әпшеұлы (1924 – 2000 ж.)

Рақаңды тұңғыш рет 1962 жылы көргенім есімде. Шынжаң университетінің
3-курсын тамамдап Аргұңнен (қазіргі Қазына институтының орнынан) Нанлияңға (осы күнгі Шынжаң университетінің ауласына) жаңадан көшіп келген кезіміз. Мереке, демалыс күндері кештерде студент-студенткалар жұп-жұп, топ-топ болысып биге не киноханаларға шұбырамыз. Ол кездер де көше автобуздары аз әрі ерте тоқтап қалтын. Сонысына орай автобузға отыратын жастарда көп болмаушы еді. Қашан болмасын «он бірінші автобус» деп аталатын екі аяқпен тартып кетуші едік. Жаяу жүрістерін «он бірінші автобус» атандырып алған тағы жастардың өзі. Бүгінгі жастар иә сенер, иә сенбес, ол кездерде Аргұңнан яки Шынжаң университетінен Иышөянға (№1-шипахана) жаяу барып билеп қайту деген студенттер үшін түк те әурешілік сезілмеуші еді. Қайта жолдың тіпті де алысырақ болуын тілеп тұратын кезіміз...

Ал, би болмай қалса, киноханаға барамыз. Бертінге дейін «Достық киноханасы» аталған кинохана мектебімізге бір-ақ бекет жерде. Киноханаға жуықтау көшеде Жазушылр ауласы бар. Олай-быллай өтіп бара жатқанымызда сол көшенің қиылысынан жазушыларды көріп қаламыз. Тәлейлі біреуіміз олардың бірнешеуін көріп қалсақ, жатаққа жетіп алған соң, ал, сайраймыз-ай келіп, Рақаңды тұңғыш көргенім есімде қалғаны да содан болуы керек. Бар болғаны көзіммен жер шұқып тұрып сәлем бергенім. Сәлемімді алған, алмағанын да аңғара алмай, ұсынған қолын имене тұрып әрең алдым да ұзай бердім. Қасында сөйлесіп тұрған үш кісінің беттеріне де қарағамын жоқ. Сөйтіп, Рақаңмен бірінші рет айқасқан тілім «ассалумағаликум!» ғана болып еді.

Арада алты жыл өткеннен кейін Рақаңмен бір аулада қоңсы көрші болдым. Екі үйіміздің арасында бір ұйғыр кісінің үйі бар. Оның аты да Рақыметолла еді. Топтасып тұра қалған бір үнсіздікте ұйғырдың әйгілі ақыны Тейіпжан Әлиев қарсысында тұрған Қақшаңа (Қаусылқан Қозыбаевқа): «Қақша, қарап тұрмай, бізді күлдіре тұрмайсың ба?!» дегенде, Қақшаң марқұм: ассалумағаликум, рахыметолла! деп оң жақ иығына, ассалумағаликұм рахыметолла! деп сол жақ иығына басын бұрса керек қой. Сол-ақ екен қораланып тұрған көп адам ду күліпті. Сөйтсе, Қақшаңның бір жағында қазақ Рақыметолла, бір жағында ұйғыр Рақыметолла тұрыпты емес пе! Жаңағы айтқан көршім – сол ұйғыр Рақыметолла еді. Сәл шамкөстеу әрі әйелін күндегіш кісі еді. Әйелі өзінен көп кіші әрі өңді адам болатын. Кей-кейде айелі: - Рақыметолла! деп шақырса. Марқұм Рақыметолла аға әтей: - Ау, ханым, не парманыңыз бар, міне мен! деп үйінен шыға келеді екен. Сондайда, күйеуінен именетін әйел: - Жо, жо...жоқ. сізді емес, өз күйеуімді шақырдым, - деп безек қағады екен. Ал, Рақаң: - А, солай ма? Мені шақырды екен деп дәмеленіп қалмадым ба? - деп қарық-қарық күліп үйіне кіріп кетеді екен. Рақаңның бұнысына ана Рақыметолла дардай шамданатын көрінеді. Содан әйеліне өз атын ататпай, лақап атын атайтын болыпты.

Алдыңғы қатар оңнан: Қажығұмар Шабданұлы, Рақыметолла Әпшеұлы, Оразанбай Егеубай. Артқы қатарда Шәкен Оңалбай, оң жағындағы Нұрсара Әтейбекқызы.

Біз көшіп барған кезде Қаусылқан Қозыбаевтың отбасы, Ырысбек Ауқанның
отауы, Айтқали Оспанның үйі, Омарғазы ағаның жатағы сол ауылада екен. Барып кірген үйіміз екі-ақ ауызды үй. Ертесі ерте тұрып, есігім алдына жаздық ошақ салудың қамына кірісіп жатыр едім. Қақпаның сырт жағынан Рақаң кіріп келе жатыр екен:

- Ассалумағаликум! - деп алдына бардым.

- Уағаликум уассалам! Сәли деген азамат сен болдың ғой! Рақыметолла деген ағаң болмын. Мына екінші үй менікі. Бірнеше айдың алдында той жасағаныңды Қаусылқаннан естігем. Ол кісі тойыңа барған екен. Екеуің жерлессіңдер ғой деймін? Және бұрыннан таныс сияқтысыңдар?

- Иә, таныспыз аға, біз Толы да «социалистік тәрбиеде» жүргенде Қаусылқан
аға мекеме атынан барып бізден хал сұрап қайтқан, мен де толылықпын аға.

- Жарайды, жарайды. Бірдеме істегелі жатырсың ба?

- Мына үйдің жаздық ошағы жоқ екен, соған ошақ салайын ба деп...

- О, бәрекелді! Ондай өнерің бар ма?

- Ошақ жасағандарға көмектесіп, көргенім бар еді. долбарлап бірдеме
қылармын деп...

-  Жә, онда мен әйтіп-бүйтіп ошақ жасап жүрмін. Қазір келем, көмектесіп
жіберейін. Көрші хақысы-құдай хақысы дейді ғой біздің қазекең, - деді де үйіне қарай беттеді. Не дерімді білмей, бірдем сілейіп тұрдым да қалдым. Көз алдыма алты жылдың алдындағы Рақаң елестей қалды. Енді міне, басқа бір Рақаңды көріп тұрмын. Айтқандай-ақ бірнеше минут өтер-өтпей Рақаң қайта келді. Қолғап киіп алыпты, қолында шапқы, сылақ темір.

- Ал, онда лайыңды жаса, қане. Қайсымыз дагұң (шебер, ұста деген мағанада) боламыз? - деді де, менің жауабымды күтпестен, ошақ жасалтын бұрышты ыңғайлай бастады. Дәл сол кезде қасымызға Қаусылқан аға келе қалды да:

- Көмек керек пе, ей? - деп еді Рақаңа, Рақаң:

- Ойбай, не дегеніңіз тақсыр? Сіз жә деген төңкерісшіл бұқарасыз. Ал,
біз деген «жын-албастылармыз», бірдемеміз жұғып кетпесіне кім кепіл? - деп
қарық-қарық күле берді. «Сөйтіп, ілгіштеп сөйлемесең «албасты» боламысың?» деп Қақшаң да күліп жатыр. Сөйтсем, бұл екеуінің қалжыңдары екен. Қақшаңның әлі шетке тұрғызылмаған Рақаңдарға «жын-албастылар» қатарында мәміле жасалып, мекеме көлемінде қара жұмысқа жегіліп жүрген кезі екен.

Рақаңмен менің алғашқы таныстығым міне осылай басталған еді. Ол кездегі
жаңа тірлік – жас отауларда бүгінгі жас отаулардай аста төк тірлік қайда? Қоғамның да, базардың да құты қашып, сүреңсіз, адамдардың бәрі де жүдең-жадаң өмір өткізіп жатқан шағы. Қылаяғы екі қалаш нан алу үшін кемінде екі сағат кезек сақтайсың. Бір шиша таза арақ тапсаң, жерден жеті қоян олжалғандай қуанатын кезің. Алыпсатарлар ет, май арақ-шарапты үйлерінде жасырып сатады. Ішпек-жемек дүкендерінде сыра, сусын дегендерің атымен жоқ. Сонымен бір шәугім қара шайды сораптай жүріп, түс ауа ошақты салып болдық. Қолы-басын жуып тазаланған соң «үйге кіріп шәй ішіңіз!» дегеніме ұнамай, Рақаң үйіне кетіп қалды. Мен үйге кіруіме, - Аға қайда? - дейді Күлшікен.

- Кетіп қалды.

- Үйге неге ертіп кірмейсің?

- Ұнамай қойды.

- Ұят-ай, үлкен бір кісіге ошақ салдырып алып, құр ауыз қойа бергеніміз ұят емес пе?

- Енді қайтеміз?

- Бар, айтып қойып кел, бір жаққа кетіп қалып жүрмесін, соңыра келіп
тамақ жесін!

- Не тамақ жасамақсың?

- Ет асам! - дейді Күлшікен.

«Қайдағы етті?» дегендей бетіне бажырайя қараған едім, - Жәлем (шешесін солай атайтын) жіберген бір асым ет бар. Сүрі ет, бірер сыйлы кісілер келіп қалама деп сақтап жүргем. Біздікіне келе қоятын мына кісіден үлкен сыйлы кісі де жоқ шығар, соны асайын десем Айтқали ағалардың ошағы босамай қалды. Өткенде Оразқаннан келген бір шиша арағыңды да тығып қойғам. Оразқан ол кезде Бейжіңде ұлттар баспасында істеп жүрген кезі болатын. Біз той жасағанда келе алмай, артынан біреуден төрт шиша «Бейжің ерекше өнімі» делінетін «Арготу» арағын жіберіп берген болатын. Демек, соның біреуі бар болды. Қуанып кеткендігімнен аузыма басқа сөз тұспей:

- Онда, Қақшаңды да шақыра салмаймыз ба? - деппін ғой асығыс-үсігіс.

- Оны өзің біл, бағана екеуі «қалжыңдасып қалды» деп едің ғой. деседе, ағадан (Рақаңды айтады) жөн сұрарсың, «болады» десе, Қақшаң аға жаңа
ғана үйіне кіріп бара жатқанын көрдім, үйінде болатын шығар? Рақаң бетімді қайтармады, «барайын бауырым, астан үлкен емеспін ғой. Бірақ, ана ауылдас ағаңды (Қақшаңды демекші) ерте барсам қалай, бол ма? - деді.

- Үйбай аға, ерте барғаныңыз не? Өзім-ақ барып шақырмақпын, - деп шыға
жөнелдім. Сөйтіп, тасмаңдай тағдырымның шекесі жіпсіп, көңіліме бір қуаныш ұялап, рахатты бір сезімге бөленген сәтім-ұядай күркемнің түтіні ұша бастағанына енді ғана үш айдың жүзі болғанда екі үлкен ағамның басын қосып дәм татырған сол сәтім болған еді. Қалай ұмытарға?! Тамақ түсірер кезде Айтакеңді – Айтқали Оспанұлын да шақырып келдім. Сол күні біз егжей-тегжейлі танысқан едік. Рулық жақтан Рақаң мен Күлшікен аға-қарындас. Ал, жас жағынан әке мен қыз жолында екендіктерін біліскен еді. Рақаң, Күлшікеннің әкесімен түйдей құрдас болып шыққан. Марқұм Рақаң сол күннен бастап бұ дүниеден көз жұмғанға дейін Күлшікенді «қызым», кей-кейде «қарындасым» деп өтті.

Оңнан Сәли Сәдуақас (артындағы баласы Қанат), Рақыметолла Әпше, Бақтыр Иманғали, Тоқтарбек Тағай, Зәтелбай Қасен, Ғани Саржан. Алыңғы жақтан Шәкен Қалиолла, шете мәмбет қатарлылар.

Содан бір ай өтер-өтпей Рақаң «ұсталып» кетті. Рақаң мен Өмікеңнің
қашан, қалайдан-қалай «ұсталып» кеткенін, тар есік, тас босаға-түрмеге қалай қамалғанын мен «Тарбағатай» журналының 2012 жылғы №1-санында жарияланған «Өмірдегі Өмікең» атты хроникалық эссемде толық жазғамын. Деседе, көлденең көк атты ішінара «жазғыштардың» оқырман қауымды адастырмауы үшін бір жәйітті қайталап айта кетуді жөн санаймын. Рақаң мен Өмікеңді – Омарғазы Айтанұлын әу баста ұстаған ұйым Шынжаң университетінің «6388» аталтын бұқаралық ұйымы болатын. Ол адамдардың көбі қазірде бар. Шынжаңдағы екі лагерге бөлініп кеткен бұқаралық ұйымдарды бірлікке келтіріп, автономиялы райондық Төңкерістік комитет құрылғаннан кейін әр екі үлкен бұқаралық ұйым өз беттерімен ұстап алып «мырза қамақта қамап қойған» адамдарды түгел заң тарауларының анықтап бір жайлы етуіне өткізіп беру туралы қаулы қабылдағаннан кейін, Шынжаң университеті «6388» нің қолындағы «қамаудағы» көп адамдар қатарында Рақаң мен Өмікең де Сақшы назаратына өткізіп берілген болатын. Сол көп адамдар қатарында мәселелері анықталып, істің ақ-қарасы айырылғанға (1968 жылы қарашадан 1976 жылы қарашаға дейін) 7-8 жылдың өте шыққаны рас. Бірақ, олар сотты болмаған әрі оларды әу баста заң тараулары қолға алмаған. Ал, олардың айтылмыс «мәселелері» 1976 жылы Сақшы назараты мекемеге қайтарып жібергеннен кейін біржайлы етіліп, шара қолданылған болатын. Кейін екеуі де 1981жылы түбегейлі ақталып, атақ-абыройлары қалпына келтірілді.

Рақаң қамауда жатқан сол 7-8 жылдарда біз Рақаң отбасымен көрші отырдық. Өзі ұсталып кеткенде, үлкені 5-6 жаста, кішісі 3-4 жаста екі кішкене қызы мен әйелі қалған артында. Ал, олардың көрген қиыншылықтары мен
тартқан жапа-машақаттарын мен айтып жеткізе алмаймын. Бірақ, соларды көріп жүріп, көңілімде түйген бір түйінім: әлде бір кездейсоқ ауыру-сырқауға немесе тосын келеңсіздіктерге жолығып көз жұмбаса, адам баласы жоқтықта, жөп-жөнкі аштықта, жан төзгісіз суықта бірде түлкі құрсақ, бірде аш жүріп те тірі жасай береді екен. Сол екі қыз, сөйтіп жүріп-ақ оқып, ержетіп дардай мағлұматты білім алып, қоғамның бір-бір жарамды қолғанатына айналды.

Түрмеден қайта оралғаннан кейін де Рақаң оларға көп ес қата алмады. Оның себебі төменде айтылады. Түрмеден шыққаннан кейін де ұйымдық жақтан Рақаңа жылы шырай көрсеткен ешкім бола қойған жоқ. Айтқали екеуіміз ғана сәлемдесіп, ораты бола қалғанда дәмдес болысып, анша-мұнша шүйіркелесіп жүрдік. Ол кез Рақаңның «ердің жасы – елуге» енді ілінген кезі. «Жазсам, сызсам» дегенді аузына да алмайды. «Редакторлығымды қайта істесем, болмағанда басқадай жұмыс істесем» дегенді көп айтады. Ол тұста жалғыз журналдан басқа қазақ қызметшілері жұмыс істейтін орын да жоқ еді. Ұйымдық жақтан «жұмыс істейтін орын жоқ деді ме, әлде журналда істеу толымдылығы жоқ» деп есептеді ме, Рақаңа «пенсияға шықсаңыз» депті дегенді естіп жүрдік. Ол да рас сөз екен. Оны мен 1990-шы жылдардың соңына ала қолыма түскен Рақаңның екі парша қолжазбасынан ұқтым. Қолжазбаның біреуін қазақша, біреуін ұйғырша жазыпты. Екеуі де қазір менің қолымда сақтаулы тұр. Екеуінде де «жұмысқа орналсу, жұмыс істеу» талап етілген.

Рекеңнің Айтқали екеуімізге көбірек жақындасып, көңілкүйін айтатын
себебін де өзінен ұқтық. Мен университтетті бітіре салып «социалистік тәрбие қозғалысында» үш жыл жүріп келген, мекеменің кәсіптік жұмыстарына журнал қалпына келгеннен кейін ғана араласып жүрген «таза кәдір» (бұл Рақаңның өз сөзі). Ал, Айтқали мекемедегі қазақ кадрларының ішіндегі жалғыз партия мүшесі болғандықтан, біздің сөзіміз жоғарыдағыларға өтеді деп ойлайды екен марқұм.

Расында да солай болды. Менен гөрі Айтқалидың ұсынысы өтімді болды. Сөйтіп, біз «өзіміз бақылап істетеміз» деген сілтаумен Рақаңды ақыры журнал редакциясында істеуге алып келдік. Рақаңның қуанышында шек жоқ. Жұмысқа белсене араласты да кетті. Жасының үлкендігі әрі мекемеге келіп-кетуінің қиындығына байланысты редакциялау міндетін көбінше үйінде отырып істеп жүрді. Көбінше сүйектілеу шығармаларды редакциялайды. Арада бірер жыл өткен күз күндерінің біреуінде Рақаң оқыстан аяғын
сындырып алып, төсек тартып жатып қалды. Екі қызы кішкене, әйелі дымкастау, оның үстіне Рақаңның бірінші әйелінен қалған екі ұлымен шығыса алмайды. Шығысқанды қойып олар Рақаңа келсе, бұл кісі үйді тастап, екі қызын жетелеп безіп береді. Рақаңның аяғы сынғаннан кейін де жеңгеміз сол дағдысынан жазбады. Азат пен Елшаттың қарасы көрінді болды, үйден шыға жөнеледі. Иә, Рақаңа жөндеп қарамайды. Нәтижесінде Айтқали, Жұман, Оразқан төртеуіміз ақылдасып жеңгемізге «бүгіннен бастап Рақаңды біз кезектесіп қараймыз дейік, оны естісімен ол бәрібір төркініне кетіп қалады, сонан соң Азат пен Елшаттың келіп, әкелерін күтімдеуіне жол ашылады. Өзімізде кезектесіп қарасайық» деген байламға келіп, ойымызды Рақаңа айтқан едік. Марқұм керемет қуанып кетті әрі «осы әйелден мені құтылдырыңдаршы, әнеу екі сәбиімді демесем, мына әйелден әбден мезі болдым!» деп шынын айтты. Біз келісіп алған жоспарымыз бойынша жеңгемізге сөз салып едік, іс ойлағанымыздай болды да шықты. Ол кісі сол
күні-ақ екі қызды жетелеп төркініне кетті де қалды. Енді қайту керек?
күндіз-түні екі ұлы бар кезектесіп қарауын қарармыз-ау. Ал, тамағын қайтеміз? Үнемі базардан сатып жеуге Рақаңның қалтасы көтермейді. Айлығы әлі толық қалпына келмеген, тек тұрмыс қаражатын ғана алатын кезі, оның өзі де қолына толық тимейді. Сонымен біз және Рақаңның екі ұлымен ақыл қортып Рақаңды алдымен, жайлырақ, болмағанда бір уақ тамақ жасап беретіндей жағдайы бар бір орынға апарып орналастырайық, сонан соң кезектесіп қарармыз деген байламға келдік. Сонымен, ақылдаса келе, Рақаң өзі жақсы аралсатын досы – Тоқай Шериязданның ауласына көшіріп апаруды лайық көрдік. Рулық жақтан Тоқай маған аға болып келеді. Сондықтан, ол кісінің мақұлдығын алу міндеті маған жүктелді.

Тоқай аға, үлкен мінезді, дарқан көңілді, жомарт пейілді, бір беткей кісі еді марқұм. Жеңгеміз Ардаучияу асханасының аспұзылдарының біреуі болтын. Ол кісі де жылы қабақ танытты. Өз үйлерінің қарсысындағы шағындау складтарын босатып, тазалап қоятын болып келісті. Ішіне хочияң ошақты Тоқай аға: «Өзім жасап беремін, ертең өзің келіп көмектес, керпіш, топырақ бәрі бар, артынан балалар ақтай салады, Рекеңе сәлем айт, алаңсыз болсын, бәйбішем мен төрт қызым Рекеңды аш қалдырмас, қайта ертелі-кеш әңгімелесіп тұрғаныма жақсы болды, мына ауланы қойып, мына көшеде бірде-бір қазақ жоқ екенін өзің білесің, кей-кейде зерігіп қалушы едім, келсін Рекең» деп жолға салды. Бірер күннен кейін, есімде анық қалуынша ұшқындап қар жауып тұрған бір күні Айтқали, Жұман, Оразқан төртеуіміз бір қоларбамен Рақаңды Тоқай ағаның ауласына көшіріп бардық. Біздің әкелерін жөткеп әкеткенімізді ұлдары Азат пен Елшат та білмей қалды. Сол күні кеште келіп, мән-жәйді менен естіді.

Солдан Сейіт Сейдахмет, Омарғазы Айтан, Рақыметолла Әпше, Шәкен Оңалбаев.

Тоқай ағаның ауласына көшіп баруы Рекеңнің тұрмысына үлкен өзгеріс әкелді. Жасырары жоқ, үйінен жалғыз қара тон, бір жөнсалдау көрпе, бір жастық пен сырмақтай көнетоз кілемнен басқа ештеме қолымызға ілікпеген. Мөлшері ілікке алтындай жасау-жабдықтарын жеңгеміз төркін жағына тасып әкеткен секілді. Онымен есептесетін, оған бола іш жиятын Рекең бе?!

Тоқай ағаныкіне көшіріп апарғаннан кейін біз қатысты басшылрға қайта-қайта
айтып жүріп, Рақаңның түрмеде жатқан кезінде жазалау сипатында ай сайын тартып қалынған ақшасын (айлығын) өндіріп, он үш мың неше жүз юаньды қолына әкеліп табыс еттік. Әбдірешиттің әйелі Рақия, Жұманның әйелі Сәбила, Күлшікендерге міндеттеп орын-көрпелерін жаңалаттық. Сонымен, Рақаң майрағай да тайрағай болды да қалды. Қомақты мол ақшаның игілігімен ішіп-жем, ас-суы да сапаланып, денсаулығы да тез қалпына келе бастады. Айналасы үш ай қыста өңденіп, семіріп, көктемде балпиып орнынан тұрып, екі балдақпен жүріп кетті. Сол жылы жазда Толының Қоңыробасаз жайлауындағы облыстың кезекті бір ақындар айтысына барып, сол
сапарында Әжен апайымызбен табысып қайтты...

Рақаң өз өмірінде үш мәрте некеленген кісі. Бірінші әйелінің аты – Бағи.
Көзі тірісінде автономиялы райондық Ойын-сауық үйірмесінде артиска болған, білімді, мәдениетті, іске шөгел, тұрмыста пысық, өте құнытты, ауыл-аймақ, ел-жүрт, көрші-қолаңдарға сиымды, ақжарқын, кішпейіл адам болыпты. Ауру салдарынан дәм-тұзы ертерек таусылған кісі екен. Рақаңның ол әйелінен Азат, Елшат деген екі ұлы болғанын жоғарыда елестетіп өткенбіз. Білетіндердің айтуынша Азат пен Елшат Рақаң екінші мәрте үйленгеннен бастап нағашы апа, нағашы ағаларынікінде өсіпті. Нағашы ағалары – Тұрсын дейтін азаматты біз бәріміз жақсы танитынбыз, сабырлы да салмақты, ісік-желігі жоқ, кәсібіне шөгел, берекешіл, Рақаңды да қатты сыйлайтын. Рақаң түрмедегі кезінде отбасына бас-көз болып, қолынан келісінше қайыр-шапағатын аямаған азамат еді. Түрмеден шыққаннан кейінгі Рақаңның барлық жұмысының басы-қасында сол Тұрсын жүруші еді. Тоқай ағаның ауласына көшіп барғаннан кейінгі Рақаңның сыртқы жұмыстарына жұмсайтын қолғанатының біреуі де Түрсын болған еді. Әйелі Нәзирада Рақаң десе ішкен асын жерге қоятын жайдары әйел еді. Сол екеуі Азат пен Елшатты өз бауырларындай, тіпті өз балаларындай аялап, әлпештеп өсірді. Біз Тұрсынның шешесін де көргенбіз. Керемет ақжарылқап, мейірімді, бойындағы шыбын жаны Азат пен Елшаттың үстінде тұратын аяулы ана еді марқұм. Ал, Рақаңа деген сүйіспеншілігі тіпті де бөлекше еді.

Рақаңның екінші әйелінің аты – Рабиға болтын. Ұлты – татар, қыз күнінде пошта салсында істеген екен. Аралықта жұмыстан шегеріліп қалғанын Рақаңнан естігемін.

Үрімжіде туыс-туғандары недәуәр көп, солардың көмегімен стажын тірілтіп, пенсия алатынын естігемін. Қазір бар-жоғын білмеймін, жүріс-тұрыс, сөз-әрекеті біртүрлі, көршы-қолаңдардың бірде-біреуіне ат ізін салмайтын, әуелдесеңіз, күні бойы өз үйінен де дала-түзге көп шыға бермейтін бұқпалау адам еді. Рақаң оны қалайдан-қалай алғанынан хабарым жоқ. Ал, Рақаңның басына күн туып, мертігіп қалғанында иә өзі жөндеп қарамай, иә Азат пен Елшатты үйге кіргізбей әңгіме шығарғанын әбден білемін. Күп-күндізде есігін іліп алатын әдеті бар екен. Рақаң төсекте жатып, қанша айтсада есікті ашпай қояды екен. Содан Азат пен Елшат маған келеді, менде не амал бар? Рақаңды Тоқай ағаның ауласына көшіріп әкетуіміздің бір себебі де сол еді. Әмалиятта, ол Рақаңнан бұрын үйінен кетіп қалған болтын.

Ол әйелден Рақаң екі қыз көрді. Үлкенінің аты – Ләлә, кішісінің аты – Діләра.
ұлкені мәлім техникумды бітіріп, жұмысқа орналсып, бір шофер жігітпен той жасап кеткен. кішісі бір жоғары оқу орнынан оқу бітірседе, ыңғайлы жұмыс орны табылмай, киім-кешек саудасымен шұғылданып жүретін. Біз Қазақстанға көшіп кеткенге дейін Үрімжідегі Дашызы сауда сарайының 5-қабатында саудамен айналысатын. Қазірде сонда ма білмеймін. Рақаң, Тоқай ағаның ауласындағы кезінде екі қызын бір ертіп апарып көрсеткенім есімде, Рақаң марқұм қуанып, екеуінеде дардай ақша ұстатып жібергенін көргемін. Қанша дегенмен бала емес пе, екеуі ақшаларын көрсетіп, шешелеріне мақтанып барса керек қой, содан былайғы жерде татар жеңгеміз екі қызына Рақаңның маңайын бастырмай қойды. Кейінірек, үлкен қызы Ләләнің бір-екі мәрте Рақаңды іздеп барғанын естігем. Рақаңды «Әти» деуші еді.

Араларында не сөз, не мәміле болады, одан хабарым жоқ, оны маған Әжен апай өзі айтқан-ды.

Рақаңның үшінші мәрте некеленген әйелінің аты – Әжен, толылық, сүйегі керей ішінде меркіт еді. Өтірікті шындай, ақсақты тыңдай қып өзін Рақаңның ең жанашыры етіп көрсеткісі келген бір жазғыш ағамыз Рақаң туралы жазбасында Әжен апайдың атын «Кәжен» деп жазыпты. Жаңсақ жазылып кеткен шығар десек, бір емес, бірнеше жерде солай атапты. Бүгінгі реалдық ертеңгі тарих болтынын ойлап, Рақаңның кейінгі әйелінің азан шақырып қойылған аты да, қайтыс болғаннан кейін құлпытасына жазылған аты да – Әжен екенін айта кетуді жөн көрдім. Бүкіл мекемедегі Қабден Балықшы мен Омарғазы Айтаннан басқа бәріміз ол кісіні «Әжен апай» дейтінбіз. Рулық жағынан Қабден ол кісіні жеңгесініп, қалжыңдасып жүретін де Өмікең «Әжен» деп атын атайтын. Өйтетіні, Өмікең Толыда мұғалім болып жүрген кезінде, Әжен де ересек оқушыларының біреуі болыпты.

Әжен апай Рақаңның өз басын қатты құрметтеп, жақсы күтіп, 18 жылын
берекелі өткізді. Былайша айтқанда, Әжен 18 жыл бойы Рақаңның іргесінен май ағызған құтты қадам әйел болды. Расындада Әжен апайымыз үлкенге үлкендей, кішіге кішідей мәміле жасауды білетін, мекемедегі бәріміздің де әйелдерімізді айрандай ұйыта білетін, «әкем, көкем» деп жүріп талай-талай шенді-шекпенділергеде өз қажетін шештіре алтын тіл-жақты, қолы-ашық, дәм-тұзы мол, дастарқаны берекелі кісі еді марқұм. Содан болар, ол кісілердікінен қысы-жазы қонақ үзілмеуші еді.

Екеуі де қонақ келуін тіленіп отыратын, қонақ келсе қуанып кететін кісілер еді марқұмдар. Сонау 80-жылдардың басында қазіргі Нанлияң ауласындағы екі
семиялылар ғимараты салынып, мекемедегі қазақтардан көбіміз сол екі ғимараттан бір-бір үйге ие болдық. Онда, екі ғимараттың сырты ақ сыр мен сырланулы болғандықтан, өзіміз «Ақсарай» атандырып алғанбыз. Рақаң батыс жағындағы бинада, қалғанымыз шығыс жағындағы ғимараттамыз. Сонымен, тағы Рақаңдар бастап бір қыс бойы үй жуу мен өткізгеніміз әлі есімде.

Сонда менің жазған:

«Бәріміз тең сыйлаған,
Қазы-қарта жинаған.
Келіп отыр Рекең,
Батыстағы бинадан», - деп Рақаңа арнаған «Дастарқан» өлеңімнің бір шумағын айтып, марқұм Өмікең: - Әсіресе, әнеу «қазы-қарта жинаған» деген жолыңнан Рекең мен Әженнің образы шығып тұрады ылғи» деп күлдіруші еді. Шындығы да солай еді. Әсіресе, Рақаң, марқұм жылқы етіне керемет құмар кісі еді. Қайтыс боларынан үш күн бұрын үйіндегі бір қыз баланы жұмсап (өзі ұлттық шипаханада больнцияда жатқан болатын) Күлшікенге қазы пысыртып жегені де күні кешегідей есімде тұр. Пысқан қазыны Күлшікен екеуіміз өзіміз апарып жегізіп қайттық. Бірақ, көп жей алмады марқұм, жанында әлгі қыз бен өзінің Арайы бар екен. Арай, Әжен апайдың ұлынан бауырына салып алған немересі еді. 2-3 жас кезінен бастап Үрімжіге апарып алған, шал-кемпір екеуінің жаны соның үстінде, әсіресе, Рақаң ерекше жақсы көретін-ді. Рақаң марқұм жазып қалдырған ең соңғы осиетінде де Арайдың атын ерекше атапты, ол өсиет жөнінде төменде тоқталамын.

Рақаң, 1995 жылдан ауырғыштап жүрді де, 1997 жылы жазда №2-шипаханаға бальнцияға жатып қалды. Жауапты шипагері «жақын туыстарыңызбен жолықсақ» деген екен. Бір күні Шәміс екеумізді шақырды марқұм. Біз барған соң, жауапты шипагері: «Науқасының сипаты жаман, операция жасағанмен өнім бола қоймайды, жасы да ұлғайып қалған кісі екен, операцияны көтере алмауы да мүмкін, сондықтан, бірнеше күннен кейін үйіне қайтармақпыз, аурудың қазіргі беталысына қарағанда, енді көп өмір сүре алмауы да мүмкін. Сондықтан, дайындық жұмыстарыңызды жасай беріңіздер дегелі шақырдық» деді. Бізде не амал бар? Алдамалап, Рақаңның көңілін азырақ орнықтырған болдық та, салып ұрып Әжен апайға барып, шипагердің өзімізге айтқандарын қаз-қалпында жеткіздік. Ол кісі бір жылап алды да «өзім де сезіктеніп едім, болады, дайындығымды жасай жүрейін, өздерің де көбірек тілдесіп, келіп-кетіп тұрыңдар» деп сабасына түсті. Соңынан бір апта өтер-өтпей Рақаңдар Дөрбілжіндегі мұңғұл емкөске емделуге кетіпті деп естідік. Сол кеткеннен күзде бір-ақ оралды. Рақаң недәуәр реттеніп, өңденіп алыпты. Айтуларынша мұңғұл емкөске емес, Жайырдағы бір туысынікіне барып, күтініп қайтыпты.

Сол туыстары отырған жердегі «Бақалы бастаудың» суы шипа болыпты. Ол үйден кірпінің майы, жылан, аюдың өті, табаны, бұғының қаны, т.б емдік рөлі
бар делінетін заттардың бәрі табылушы еді, соларды да істететінін біліп жүрдік. Ненің шипа қылғаны бізге беймәлім, әйтеуір Рақаң недәуәр жақсы болып кетті. Кей-кейде Әжен апай «ой, сол шипагерлерің де кейде анық-қанығына көз жеткізбей тұрып, өтірік айта салды екен ғой» деп сырттай Рақаңа жауапты болған шипагерді жазғырып қояды. Сонымен қыс өтіп, келер жазында бір аптадай ғана ауырып жатып, Әжен апайымыздың өзі қайтыс болып кетті. Қораларының алдындағы көшенің қорыс-қопасын шығарып қазып тастаған, қораға машинаны қойып, екі доңғалақты арбада кіре алмайтын кез еді. Сонымен, Әжен апайдың мәйітін бір шақырымдай жерге дейін көтеріп апарып машинаға салып әрең жерлеп қайттық. Мешітке апаруға мүмкіндік болмағандықтан, мен Мысырқан деген молла кісіні алып келгемін, сол кісіге зират басына барғанда жаназа оқыттық, ал, Рақаң содан кейін де екі жыл өмір сүріп, 2000 жылы 22-тамыз күні 76 жасында пәни
дүниеден өтті. Жазып қалдырған өсиет хатында, өзін Толыға апарып жерлеуді, оған мүмкіндік болмаса, қабырыстандықтың биіктеу бір жеріне қоюды өтінген екен әрі бұл турасында Толының әкімі Қозыбек пен хабарласуды тапсырыпты. Рақаң қайтыс бола салып, мен ең әуелі Қозыбек ағамен тілдестім. «Күн ерекше ыстық, қолайлы көлік табуымызда қиындау болып тұр, сондықтан, мұндағылар осы Үрімжіге жерлесек деп жатыр, сізше қайтсек болар?» деген едім, ол кісі Үрімжіге жерлеуге қосылатындығын айтты. бірақ, жерлеуге де, жетісіне де мәлім жағдайлармен келе алмады. Рақаңның жалғыз қарындасы Дәнә апай, Тарбағатайдың бұрынғы уәлиі Нұрмұхаммет ақсақал және менің көне дос-сабақтасым Ниғымет Мәнібазар қатарлы бір топ туыс-туған, құда-жегжаттары, Әжен апайдың ұл-қыздары келіп, жетісін өткізіп бір-ақ қайтты.

Жетісі ақырласқан соң Шәкен аға екеуіміз ойдан-қырдан келген барлық туыстарының басын қосып жақсы сөздерімізді айтып, Рақаңның көзі тірісінде жазып Шәкен Оңалбаевқа, маған және Жұман Әбішке табыстап кеткен өсиетін оқып бердік (мен оқыдым). Жоғарыда айтылған жазғыш кісі Рақаңның соңғы жұмыстарын өзі бас болып жиыстырғандай-ақ «мен ғана сөйттім, бүйттім» деп күпиіпті, әрі «жетісі өтісімен оның үйіне біреу жүгін кіргізіп жатты, керекке жарайтын үй мүліктерін жамағайын адамдары таратып алды. Тек мен артында қалған кітаптары мен қолжазбаларын жинап алған немерелес інісі Нұрахымет Сейтзадаұлына «бауырым, айтеу ағаңның мұраларын жақсы сақта» деген сөзді дауысым бұзылып әрең айттым» депті. Айтып отырғанының бәрі өтірік. Рақаң қайтыс болып бір айдан соң ол үйді мекеме маған берді. Мен тұп-тура 40 күн үйді жасатып, 11-айдың 2-күні ол үйге көшіп кірдім. Аралықта 70 күн (екі ай он күн) өткеннен кейін, ал, «керекке жарайтын үй мүліктерін жамағайын адамдары таратып алды» дегені де артық сөз. Рақаң өзінің киімдері мен бірнеше кілем-кілшелерінен өзге дүние-мүліктерін Арайдың иелігіне қалдырғанын ашық жазған. Рақаңның өсиеті әрі ең соңғы жазбасы болғандығы үшін де өсиетнаманы қаз-қалпында оқырмандар назарына ұсынуды лайық көрдім. Толық текісті төмендегідей:

«Шәкен Оңалбай жолдасқа тапсыру (бұл жазу Рақаңның өз жазу потчеркі одан кейінгі жазу басқа адамның жазуы, Рақаң ауызша айтып, сол адамға жаздырғаны анық) бір күн ауру, бір күн саумын, көңіл-күйім де жақсы емес, бір күні тоңқайып қалсам, жоқты-барды бірдеме үшін ырың-жырың болып аруағымды тебіренткім келмейді. Сондықтан, ішкім де Араймен (жоғарыда айтылған кішкене қызы) таласып, Арайымды мазалмаңдар, Арайымды жүндемеңдер, басын ашып айтсам... депті де туыстары Зұлхарға, Рамазанға, Болатқа, Сараға, Қанипаға, Шағуанға, Рәмиқанға, Қажытайға және Дәлапыразға (қарындасы Дәна, азан шақырып қойылған аты солай екен, әдетте Дәна деуші еді) берілсін деген киім-кешектері мен көне-жаңасы аралас төрт кілемдерін атапты да, үйдегі қалған барлық дүние-мүліктердің бәрі-бәрі Арайдікі, Әженнің 3 қызы Әжен өлгенде аларларын алып болған. Ардақта 1000 (мың юан) бар, оны оқу ақысы үшін Арайға тапсырсын» депті. Ардақ – Әжен апайдың бұрынғы күйеуінен қалған кенже қызы, Әжен апаймен ілесіп келіп, Рақаңның алдында ержетіп, оқып, сол үйден ұзатылып, тұрмысқа шыққан-ды, қазір Іледе тұрады. Ал, өсиетнаманың соңы былай жазылыпты: «Бүкіл журнал-кітаптарым, қолжазбаларым Нұрахыметке тапсырылады, және сол үйде сақталады. Мен өлгенде Қозыбекке (Толы ауданының бұрынғы әкімі) дереу хабар беріңдер, сүйегімді қоятын жер сол жерде белгіленген, Әженді де сонда көшірмек, бір қабырдың ішінде жатпақпыз, жағдайы келмесе осы қабырыстандықтың биіктеу жеріне қойа салыңдар. Вынландағы (әдебиет көркөм-өнер бірлестігі немесе Жазушылар одағы) жолдастарға тілегім: проза-әңгіме, повесть, романдарыма Сәли ие болсын, поэзияларыма Шәкен ие болсын, мақалаларым мен очерктеріме Жұман ие болсын, егер, жинақ болып шығарылар болса, қалмақы шығып жатса, қабырымды жаңалуға жұмсалса, артық қалып жатса, Арайдың оқу пұлдарына жұмсалса.

Ескерту: мен өлген соң үкімет қояды, артынан 10 айлық ақша босатады, осымен Әженді көшіру, қабырымды тұрғызуға жұмсалса деймін»
5.2. 2000 ж. Рақыметолла Әпшеұлы (осыли қолы қойылған).

Одан соң тағы: «Кім де кімнің қарсы шығып килігуіне болмайды, осы бойынша болады» делінген (аты-жөні мен соңғы екі сөйлем сөз де Рақаңның өз жазу потчеркісі бойынша жазылған) өсиетнаманың (бұл атауды мен қолдандым – С.С) дәл жоғарыдағыдай жазылғандығына көздерін анық жеткізу үшін, оның бір нұсқасын (көшірмесін) редакцияға апарып бердім. Өсиетнама бастауыш мектеп оқушыларына арналған шақпақ жолды дәптердің екі бетіне жазылған екен. (Өсиетнаманың бір нұсқасы менде, әлі
сақтаулы тұр) Шәкен ағада да болуы керек.

Әділ де адалдығына әрі сол тұстарда мекемеміздегі ең үлкен басшымыз болғандығы үшін де Рақаң өзінің соңғы жұмыстарын ең алдымен Шәкеңе – Шәкен Оңалбаев ағамызға тапсырған болуы керек. Ал, біз – Жұман Әбіш екеуміз танысқан күннен бастап ең ақырғы тынысы тоқтағанға дейінгі Рақаңның ең жақын өтіскен қаламдас, кәсіптес әрі қолғанат бауырлары еді. Соған да өзінің рухани еңбек жемістері – шығармаларының тағдырын бізге аманаттай кеткені анық-ты. Рақаңның жетісінен кейін өз өсиеті бойынша барлық кітап, жазбалрын Нұрахымет алып кеткен. Сол кеткеннен ол жігітті көргеміз жоқ. Мен білгенде Рақаңның «зор төңкерістен» кейін көзі тірісінде жазған үш үлкен шығармасы бар болатын. Біреуі «Нұрпай» атты роман, біреуі «Айпара» атты повесть, енді біреуі «Жаладан арылу, жарадан жазылу» атты повесть. Аталған екі повесті де «Шұғылада» жариялнған. Соңғысының редакциясын мен істегем. Бір-ақ екеуі де кітап болып шықпаған еді. Жасырып-жабары жоқ, «Нұрпай» мен «Айпараның» кезінде кітап болып шықпай қалуына Рақаңның өзі себепші болғандығынан бәріміз де хабардар болтынбыз. Ол кісі баспаның талабын қабылдай алмады. Нәтижесінде шығармалары кітап болып шықпай қалды. Ал, 13 жылдан бері ол шығармаларының із-дерегінен мүлдем хабарым жоқ. Рақаң көзі тірісінде «Балпан», «Тас бастау», «Шұғыл бұрылу», «Сөре алдында», «Озғандар мен тозғандар» атты өлең, әңгіме, дыраммалар жинағын шығарған қаламгер, сын-зерттеу салсындағы еңбектері де жинақталмай, құрастырылмай қалды.
Рақаңның ән шығаратын әрі келістіріп ән айтатын да өнері бар еді. Өмікеңнің сөзіне жазылған бір әнін бәріміз қосылып хор етіп те айтушы едік. Ол әні қазір Қызыр Жүнісұлының әуенімен радиостанциясының консерт программаларында айтылып та жүр. «Шұғыланың» 60 жылдық тойында да шырқалды, Рақаң өзі «жасаған 16 әнім бар» деуші еді, менше, олары да жиналмай қалды. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, Рақаңның композиторлық қасиеті дарыған үлкен ұлы Азат гармоншы, кіші ұлы Елшат автономиялы райондық Ойын сауық үйірмесінің әншісі еді. Бірақ, өмірлері қысқа болып, екеуі де Рақаңнан бұрын қайтыс болып кетті. Арттарында ұрпақ қалмады.

Әжен апай қайтыс болып, Рақаң мен Арай ғана қалған кезде мен Рақаңмен
екінші әйелінен туылған екі қызын табыстырып қоюды ойлап бірталай жол жүріп, Рақаңды да, кіші қызы Ділараны да мақұлға келтіріп едім, не себептен болды екен «ертең кезігетін» болған күні Рақаң уәдесінен тайып, кішкене қызымен жолықпай қойды. Қанша айтсам да тіліме көнбей қойды. Болмаса, Ділараны да жарым күн айналдырып әрең иліктірген едім, Ділара әкесімен табысса, Ләләсі өзі-ақ Рақаңды табатынына сенімім бар еді. Рақаң марқұм не үшін сөйтті? Ол жағы маған күні бүгінге дейін жұмбақ.

Рақаңның қырқын Әжен апайдың Толыдағы ұлы мен қызы беріпті деп естігем.

Ал, жыл нәзірін Шәуешектегі қарындасы Дәна апай берді. Нәзірге мен де қатынастым. Нұрмұхаммет ақсақалдың бәйбішесі, әпекеміз – Тұрдықан апай, Рақаңның інісі Зұлхар, Дәна апайлар нәзірге келген жамағаттың алдында менің Рақаңа жасаған қолғабыстарыма рақымет айтып, арқама шапан жапты. Ертесі түсте үйіне дәмге шақырды. Сол жолы Дәна апай «ендігі үлкен бір арманым – ағамның артында қалған мұраларын жинақтап, баспадан шығартып, оқырмандарымен табыстырсам деймін» деген еді. Мен «ол үшін Нұрахыметпен байланыс жасаңыз» дегем, оның соңы қалай болды? Мүлдем хабарым жоқ. Бірер жол іздеп барсам Дәна апай бұрынғы үйінен көшіп кетіпті, бір мәрте ол кісі қызымен бірге мені іздеп барған екен, мен үйде болмай қалдым. Содан бері әлі кездесе алмай жүрміз. Ал, Рекеңнің барлық жазбалрын сақтауға алып кеткен Нұрахымет не тіршілік істеп жүр? Одан да
хабарым жоқ.

Рақаңның екінші әйелімен тұрған кездегі отбасы тіршілігін айтуға аузым
бармайды. Өте қораш, аянышты тұрмысқа марқұм Рақаң қалай төзгеніне де таңмын. Бірақ, солақай саясаттың, қоғамның, пенделік ындынның көз түрткісі ет жүректі адамды бәрінеде еріксіз көндіреді екен, оны көзіміз көрді. Рақаң Әжен апаймен тұрмыстанғаннан кейін де басы артық дүние – мүлік
жинамаған кісі еді. Әрі ол кездегі отбасы шаруашылығының ыстығы-суығы, бар ауыртпалығы Әжен апайымызға тәуелді болды да, Рақаң сол үйдің үнемілік қонағы іспетті құрметтелумен күн өткізді. Марқұм Рақаң әжен апайды алғаннан кейін мені «балдызымсың» деп қалжыңдаушы еді. Сондай орайларда кейбір ішкі ойларымды батырыңқырап айтып та алтынмын. Әсіресе, шығармашылығы туралы, өзім редакциялап жариялған соңғы повестін «Шырғаңның» қолына су құйып беруге де жарамайтын болбыр шығармаң деймін деп шамырқандырып алған да кезім болған-ды. «Сіздің ең
биігіңіз «Шырғаңыз» бен «Шырықты бұзған шыбар тіліңіз» дегенді де айта жүріп, ақыры құлағына сіңісті еткенім сонша, кейде қызып отырып өзі де солай айтып қалушы еді марқұм. «Айпараны» оқысам, «Шырықты бұзған шыбартілді» жазған Рақаң еді дегенге сенгім келмейді» деп те қитығына тиген кезім болған еді. Шынжаң халық баспасы да «Айпараның» кемістігі тіл жағында екенын айтып, Рақаңды иландыра алмай қойған болтын. Баспаның пікірі дұрыс еді, расында «Айпара» тілі шыбар повесть еді. Бірақ Рекең ол кемістігін мойындамаған беті «Айпарасын» қаңтарып кетті...

Марқұмның бір ерекшелігі – шамырқанса жайдың бұлты секілді айтарын
жітірмелете түйдек-түйдегімен төгіп тастап, соңынан ілезде ашылып, жайыла
қалушы еді.

Солдан Рақыметолла Әпше, Несіпбек Айт, Сәли Сәдуақас. Үрімжі.

Рақаң нағыз «кедей-жомарттың» өзі еді. Ол кісі мекемеде касіптік ғылыми атақ бағалудан бұрын пенсияға шығып кеткендіктен ғылыми атақ ала алмады. Егер ғылыми атақ бағалуға ілінген болса, бәрімізден бұрын жоғары ғылыми атақ сол кісіге бұйырған болар еді. Өйткені, ол кісінің баспагерлік ыстажы 1947 жылдан бастап есептелетін-ді. «Шұғылаға» да 1957 жылдан бастап редактор болған екен.

Сонымен, пенсияға да бұрынғы төмен жалқысымен шыққан-ды. Сонысына қарамай, ерлі-зайыпты екеуі де қонағуар, пейілдері көл-көсір кісілер еді. Замандастары Күнгей, Мағаз, Мәлік Шипан ағалардан тартып өлкенің жер-жерінен келіп апталап, айлап жатып кететін үлкенді-кішілі қонақтарды былай қойғанда, арғы беттен келген Қабдеш Жұмаділ, Жәркен Бөдеш, Несіпбек Айтов, Ахымет Жүніс, т.б лардың Рақаңның дәм-тұзын татпаған бірде-біреуі жоқ еді. Бұрын таныстықтары болмасада, Айтқали Оспан екеуміз ертіп барып таныстырғанымыз үшін Қазақыстанның көрнекті ақыны (қазір мемлекеттік сыйлықтың иегері) Несібпек Айтовты әйелімен, екі балсымен, жандарындағы жолсеріктерімен қосып он күндей күтіп, разы-хош қып аттандырғанын бәріміз білеміз. Несіпбек қазір Астанада президент мәдениет орталығында бөлім жауаптысы әрі Қазақыстан Жазушылр одағы Астана бөлімшесінің төрағасы міндетін атқарады. Әр жылы бал-шағасымен бізге таяу жердегі Алакөлге
келіп демалып қайтады, кезігіп жүреміз, Астанаға барған сайын үйінеде барып тұрам. «Біз Қытайға барғанда»... деп сөз бастаса болды, Рақаң мен Әжен апайға деген борыштарлығын аузынан тастамайды. Сонау бір жылдары Қазақыстаннан барған Заманбек Жәкенов деген жазушының да, Мәлік Шипан ағаның да ол үйде айлап-айлап жатқанын білемін. Әрине, жатқан жері жайлы, күтімі жақсы болмаса, біреудікінде біреу ұзақ жата алма? Тіпті бір қалада тұрып-ақ Ғани Саржан ағаның Рақаңдікіне келіп 3-4 күн аунап-қунап жатып кететін де кездері болушы еді. Жас шамалары дардай парықты болсада екеуінің жаны құрдас кісілер екенін, Ғани ағаның Рақаңды ылғи «Ыр лаухан» (Ыр қария) деп атайтынын білуші едік. Ал, Рақаң бара қалса, Ғани ағада құрақ ұшып, алында құрша жорғалушы еді. Рақаң, Омарғазы Айтанды да қатты құрметтейтын, әсіресе, Өмікеңнің білімдарлығына, білімінің ұшан-теңіз молдығына ерекше тәнті болып отыратын-ды. Бірақ, Өмікең поэзиясы жөнінде басқаша көзқараста екендігін де жасырмай, жалтақтамай ашық айтқан еді. Ол туралы мақала
жазып жариялған кездері де болған.

Оңнан Тоқтархан Ақметжан, Құрманәлі Оспан, Омарғазы Айтан.

Рақаңның бір ерекшелігі өзіне ұнаған, ұнамаған шығармалары туралы
көзқарасын бүркемелемей ашық айтатын. Айтқанда да дәлел-спатымен, ғылыми жүйесімен, теориялық анықтамасымен қосып, иландырып айтатын, сондай дағдысынан да болар, менің «Сарана» деген жинағымды апарып берген күнімнің ертесі кеште үйіме келіп, құтты болсын айтып мақтаған еді. Іле-шала мақала жазып, «Шынжаң газетінде» жариялатты. Жинағыма өте әділ, жүйелі, ғылыми баға беріпті. Кем-кетігін де дәп басып көрсетіпті. Ерекше иланып разы болдым. Мақалсының темасы «Сарана» еді.

Жасым кіші болса да мен Рақаңмен бірталай жерлерде сапарлас болған адаммын. 1980-шы жылдардың басында «өмір үйрену, жасампаздық тәжірибе алмастыру» мақсатымен әр ұлт ақын-жазушыларынан 90 ға жуық адам Іле өңіріне барды. Үрімжіден мен, Іледен Жүмаділ Маман мен олардың кассірі Арзыгұл деген әйел тағы бір сауандық азамат төртеуіміз айтылған адамдардың тұрмысына жуапты болдық. Сол сапардан қайтар кезде Рақаң екеуміз бөлініп қалып, Құлжада бір апта жүрдік. Уағында қайтайын десем де мені Рақаң жібермей қойды. Бізге Мәлік Шипан аға қосылды. Сол
жүрісімізде Рақаң бір жасап қалып еді марқұм.

Тағы сол 80-жылдардың ішінде екеуміздің Толыдан бірге қайтып «104»
деп аталтын жол айырығында машинамыз бұзылып, екі сөтке бойы машинадағы 40 тай қойды сарбалақ жұлып беріп, кәтелмен су тасып суарып баққан көрінісіміз әлі көз алдымнан кетпейді. Ол – Рақаңның 60 қа ілінген кезі, «Сіз жатып демалыңыз, күн өте ыстық екен, күн өтіп кетіп, ауырып қалсыз» дегенімізге қарамай, шофер екеуміз не істесек, соны істеп еді марқұм. Маған сеніп алғаны соншалық, үйіне келгенде, Толыдағы туыстары машинаға басып жіберген малдарын әкелейік десе, үйіндегілерге «Сәли біледі, соның берген малдарын әкеліп алыңдар, Сәли болған соң, туыстардың берген малдарының түрі-түсінеде қарамаппын» депті
ғой марқұм, жіберген адамы төрт тоқтыны алып барғанда: «А, екеу сияқты еді ғой, төртеу ме екен?!» деп қайран қалды дейді. Рақаң, мал-мүлік дегенге солай сүле-сапа қарайтын кісі еді марқұм.

Рақаңның  70 жасқа толуына орай шығармашылық ғылыми талқы жиыны 1994жылы тамызда Дөрбілжін ауданында өтті. Жиынды Тарбағатай аймағы, Дөрбілжін ауданы, Шынжаң Жазушылр қоғамы бірлесіп ұйымдастырды. Жиынның дайындық жұмысынан ақырласқанына дейінгі барлық қимылдарының басы-қасында мен жүрдім, дайындық жұмысы дейтінім, жиынды өткізу, қашан, қайда өткізу жөнінде аймақтық Үгіт бөлімі мен Мәдениет мекемесі бір бекімге келе алмай жарым жыл өтті. Уәлиге
(ол кездегі уали Алпысбай еді) айтамыз бен тағы неше ай өтті. Аудан бәріне
мақұл болып тұрған, аудан әкімі Қаукен а дегеннен белсенді позиция ұстанып, қолдап-қуаттап шыққан, тек аймақтың емеурініне ғана қарап тұрған болтын. Содан, Шәуешекке кезекті бір аймақтық ақындар айтысына келе қалған бір орайымда барлық мән-жәйді Қызайжан фушужиға (паритяның орынбасар хатшысы) айтқан едім, ол кісі екі сөзге келген жоқ, табанда үгіт бөлімінен Мұқтар Сәдуді, мәдениет мекемесінен Озат Кәсімбайды аймақтық қонақ үйге шақыртып алды да, былай да былай орналстыру жасайсыңдар, деп жиынның өтетін уақытын, орнын, күн тәртіптерін орналстырып берді. Содан кейінгі жұмыстары Қаукен әкімге жүктелді. Ал, Қаукен әкім: «Сәке, аймақтың орналастыруы бойынша істейміз, бірақ, біз бұндай жиынды өткізіп көрмегенбіз, тәжірибеміз жоқ, сондықтан сізге сүйенеміз, қалай болсын десеңіз солай істейміз, мен қасыңызға екі жігіт қосып берейін, үшеулеріңіз бір жоба жасап шығыңыздар, сонан соң, сол бойынша орналстырайын» деп маған салмақ салғандай болды, мен үстінде мақұл болдым.

Жиын ашыларға екі күн қалғанда айтылған жоба да дайын болып, әкімнің мақұлдығынан өтті. Ертең жиын деген күні Шәміс Құмар, Айтқали Оспан, Жұман Әбіштер де келді. Рақаңдар келіп, аудандық қонақ үйдің екі бөлмелі ең тәуір үйіне орналасты. Рақаңның кіші ұлы Елшат, келіншегі Күлданаларда келді. Ертесі түске дейін аймақтан, көрші аудандардан, ауылдардан келетін қонақтарды тостық та, түстен кейін жиын аштық. Мен, Рақаңның өмірбаяны мен шығармашылығы жөнінде баяндама жасадым. Аймақтың орынбасар уәлиә (моңғол) аймақ атынан құттықтау сөзін сөйледі. Шәміс Жазушылар қоғамы атынан сөз сөйлеп, Рақаңа шапан жапты, соңынан, әрқайсы аудандар, ішінара мекемелер, ауылдар, жекелер жазушыға ілтипат білдіріп, сый-сияпат көрсетті. Кешінде Қаукен әкім қонақ үйдің асханасына дастарқан жайдырып, үлкен қонағасы берді. оның арты концерт нөмірлері мен
биге ұласып кетті.

Ол түні алыс-жақыннан келген жанашырлары Рақаңды да, Әжен апайды да көз ілдірмеді. Ол кісілер орналасқан үйлер таң атқанша дыр-думанға бөленді. Ертесі болатын қимылды әрі денсаулығын ойлап, таң сызыл бере мен Рақаңды өз жатағыма ертіп шығып екі сағаттай көз ілдірдім. Әжен апай келіні мен менің қызым жатқан жатаққа барып азырақ тынығып алды. Екеуінің де қуанышында шек жоқ. Әсілінде жиын болған күні кеште үлкен қонағасы беру-күн тәртібінде де, біз жасаған жобада да жоқ еді. Оны менің қасымдағы екі жігіт біледі екен. Бірақ, Қаукен әкім оларға маған айтпауды бұйырыпты. Сөйтсем, ол әкімнің өз орналстыруы екен. Онысын мен үлкен іскерлікке, азаматтыққа, өнерге деген үлкен құрметке баладым. Ертесі тағы да Қаукеннің тікелей орналстыруы бойынша Рақаңның балалығы өткен бір ауылға бардық. Халық көп жиналыпты, сөйленбеген сөз, айтылмаған ән, шертілмеген күй қалмады. Ауыл халқы жазушыға ат міндіріп, атан жетелетіп
қайтарды. Алдынала жасалған жоба бойынша қимыл екі күнде аяқталуы керек еді. Бірақ, біз-сырттан барғандар 3-4 күн аялдап қалдық. Күндізде-түнде де бірінен кейін бірі шақырған ел, кетер-кеткенше қонақ үйде тегін жаттық, қыдыртатын көлігіміз, жол бастаушыларымыз түгел аудан жағынан орналстырылып жатқанын біліп жүрдік. Ара-арасында әкімнің өзі де уақытын бөліп бірге болды. Сөйтіп, екі күндік жиынымыздың дыр-дуы бір аптаға созылып барып, жан-жаққа тараған едік.

Рақаң өміріндегі ең мағыналы, ең қуанышты күндер солай өтіп еді. Ол да қазір сағына еске алтын тарихқа айналды. Менің жасаған адамгершілігіме, қолғабысыма, әсіресе, өзі мен шығармашылығына байланысты ой-толғамдарыма разы болғандығы үшін де мінген аттарының біреуін маған көлденең тартып еді. Бірақ, мен алмадым, «Бүл – менің сізге міндірген атым болсын»! деп атының шылбырын өзіне ұстатып, Әжен апайымның кидірген шапанына рақыметімді айтып аттанған едім. Менің білуімше, Рақаңның шығармашылық талқы жиыны – тарбағатай тарихындағы көзі тірі қаламгерге (тіпті, өзгеде көзі тірі өнер адамдарына) ашылған бірінші реткі талқы жиыны еді. Аталған жиын сол ерекшелігімен де тарихи әрі реал маңызға ие болғанын білеміз. Содан бері де үлкенді-кішілі талай-талай шығармашылық талқы жиындары өтіп келеді. Бірақ, бәрінің басы Дөрбілжіннің билік басында Қаукен бауырымыз тұрған сол – 1994 жылы тамыз айынан басталатындығын қалай айтпасқа?! Қаукенның қартайған шағында ауыз толтырып айтатын, сағынып есіне алтын елеулі бір еңбегі де сол болатын шығар, бәлкім?

Рақаңның үлкен ұлы – Азат кішірек кезінде өкпесіне суық тиіп ауырған екен. Содан қалған зардап па? Сексенінші жылдардың ішінде көбірек ауырғыштап
жүрді де, ақыры – сол өкпе ауруынан Иышөянда қайтыс болды. Елшат тоқсаныншы жылдардың ортасында жасырын жүрек талмасы ұстап, тұйықсыз қайтыс болды. Біз – Айтқали Оспан, Жұман Әбіш, Оразқан Адаспай төртеуіміз Азаттың да, Елшаттың да соңғы жұмыстарының басы-қасында болдық. Азат өмірден үйлене алмай өтті, Елшат үйленседе артында ұрпақ қалмады. Өзі қайтыс боларынан бірнеше ай бұрын келіншегінен ажырасып кеткенін кейін естідік. Бірақ, келіншегі Рақаң отбасымен өте тату-тәтті, сыйласып өтті. Елшаттың өлімі кезінде де Рақаң үйінің отымен кіріп, күлімен шығып жүрді. Кейін, Рақаңның алдынан өтіп, ақ батасын, разылығын алып, басқа біреумен тұрмысқа шықты, тұрмыстану тойына Рақаңның өзі де барып қатынасып еді марқұм!

Автор Сәли Сәдуақас

Рақаң марқұм көзінің тірісінде, әсіресе, өмірінің соңғы жылдары екі ұлының өзінен бұрын дүниеден озғанына өзегі өртене күңіреніп «мен өлген соң артымда атымды атап аят оқитын жоқшым да қалмайтын болды ғой»... дегенді айта беруші еді. Ондайда, «алдымен алаңсыз өліп алыңызшы, аят оқу дегенді содан кейін көрмейміз бе» деп әзілдеуші едім мен. Ол сөзіме кейде өзі де күліп, тез сергіп кетуші еді. Менің 2004 жылы қайтыс болған қызым – Салтанаттың қабірі мен Рақаңның қабірі қатар екі районда, қызымның басына барған сайын Рақаңада барып жүремін. Биыл да шілденің 3-күні Салтанатпен бірге Рақаң, Өмікеңдердің (Омарғазының) басына барып құран оқып қайттым... Марқұмның аруағы разы болғай!

Қадірлі оқырманым: осызаман Қытай қазақ әдебиетінің көрнекті уәкілдерінің бірі, сонау 1950 жылдары-ақ проза жанрында өз биігіне көтерілген сарабдал жазушы, драмматург, әдебиеттанушы, зерттермен, композитор, қарт баспагер, сақа журналист Рақаң – Рахыметолла Әпшеұлы Қуановтың өмірдегі болымыс-бітімі, тағдыры, өмір жолы, кісілік ерекшеліктері, отбасылық жағдайлары жөнінде өз білгендерімді сіздерге жеткізуді мақсат етіп осы хироникалық эссемді жаздым. Аяулы ағамыздың 90 жылдығы атсыз-атаусыз өтіп кетпесе екен деген де ойым болды, қымбатты уақыттарыңызды сарып етіп оқып шыққаныңызда айтылған жазбам ой-санаңызға «е, бұл дүниеге Рақаң – Рахыметолла Әпшеұлы деген де бір азамат аға келіп-кеткен еді-ау» дейтіндей ұғым қалыптастыра алса, өзімді көздеген мәреме
жеттім деп есептеген болар едім.

Марқұмның жатқан жері жәннат, топырағы торқа болғай!

Сәли Сәдуақас, ақын.

Төте жазудан аударып дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5381