Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Тарих 814 2 пікір 16 Қазан, 2024 сағат 14:02

Қазақстан ежелгі заманда металлургия орталығы болған

Суреттер Qalam Global-дан алынды.

Қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген андроново мәдениетінің тайпалары қола дәуірінде металлургия мен қолөнерді жоғары деңгейде дамыта алған. Бұл туралы белгілі археолог Эмма Усманова Қарағандыда өткен Qalam Global дәрісінде айтып берді.

Андроново мәдениеті біздің дәуірімізге дейінгі II мыңжылдықта Оңтүстік Оралдан Батыс Сібір мен Тәжікстанға дейінгі аумақта қалыптасқан. Ал оның орталығы қазіргі Қазақстан аумағында орналасқан, мұнда андроноволықтар шебер металлург ретінде мыс, қалайы және басқа металдар бар кен орындарын игерген.

«Қазақстан қола дәуірінде Еуразияның ежелгі халықтары үшін нағыз шеберханаға айналды. Малахит және куприт сияқты тотыққан кен қола бұйымдарын жасаудың негізі болды, бұл тарихтың бағытын өзгертті», - деді Эмма Усманова Qalam Global дәрісінде.

Андроново мәдениетінде металлургия жай ғана қолөнер емес, киелі сый деп есептелген. Кеншілер мен металлургтер қоғамда жоғары мәртебеге ие болған, өйткені олардың еңбегі аймақтың экономикалық және мәдени дамуының негізін құраған. Сондай-ақ ұсталар да маңызды рөл атқарған: олар еңбек құралдары мен қару-жарақ жасап қана қоймай, жерлеу рәсімдерін де атқарысқан.

«Металмен жұмыс істеп, бүкіл өркениеттің негізін қалаған кенші мен металлург — сол дәуірді қалыптастырған кәсіп иелері. Олардың еңбегі қасиетті саналған, от және рухпен байланысты болған», - деп атап өтті ғалым.

Андроноволықтардың ең маңызды жетістіктерінің бірі — сульфид кенін балқытуға арналған шахталық пештер болды. Бұл технологиялар жоғары сапалы қола өндіруге мүмкіндік берді, салдарынан сауда мен экспортты дамытуға үлкен серпін берді.

«Андроноволықтар қолданған шахталық пештер сол уақыттағы нағыз технологиялық серпіліс болды. Бұл пештер кенді жаңа сапалы деңгейде балқытуға мүмкіндік беріп, қола өндіру процесін айтарлықтай жылдамдатты», - дейді ғалым.

Ол Қарағанды облысындағы Талдысай қонысы металлургиялық өндірістің маңызды орталығына айналғанын қоса кетті. Талдысайда мыс өндіру және руда балқыту жолға қойылыпты, нәтижесінде бұл жақтан шыққан қола бұйымдары Еуразия континентінің көптеген өңіріне таралған.

Қазақстан аумағында өндірілген металл бұйымдар Орталық Азияның түрлі аймағына, тіпті қазіргі Украина аумағына экспортталған. Бұл андроново мәдениетінің басқа халықтармен жоғары деңгейде дамыған сауда байланысын орнатқанын көрсетеді.

«Металлургия халықаралық сауданың қанат жаюына күшті серпін берді. Қазақстанда өндірілген қола бұйымдары алыс-алыс жақтарға жеткізілді», - деп атап өтті спикер.

Металлургиядан бөлек, андроново мәдениетінде басқа да маңызды қолөнер түрлері дамыған екен. Ұсталар қоланы қару-жарақ пен түрлі құрал жасау үшін қолданған, ал қыш құмырашылар пішіні, ою-өрнегі таңғалдыратын керамика жасаған.

«Саз - бұл мыңдаған жылдар бойы адамға қызмет еткен ыдыстар жасалатын топырақ. Әр ыдыс тек тұрмыстық зат қана емес, адамның табиғатпен байланысының белгісі де болған», - деп атап өтті Усманова.

Тоқымашылық та маңызды рөл атқарған. Андроново әйелдері матаны бояу үшін риян сияқты табиғи бояғыштарды қолданған, сондай-ақ күрделі ою-өрнектермен безендірген.

«Андроново мәдениетіндегі тоқымашылық — бұл ұрпақтарды байланыстырып, сол уақыттың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын айшықтайтын қолөнер түрі», - деді археолог.

Qalam Global дәрісі барысында бұдан бөлек Эмма Усманова қола дәуірі адамдарының тұрмысы мен үй-жайы, жерлеу ғұрыптары, киімі мен әшекейлері туралы да әңгімелеп берді. Сонымен қатар тыңдаушылар андроново киімінің үлгілерін көріп, қола дәуірінің заттары бейнеленген ашық хаттарды сыйға алды.

Анықтамалық ақпарат:

Эмма Радикқызы Усманова - қазақстандық белгілі археолог және тарихи реконструктор. Жеті монография мен 100-ден астам ғылыми мақаланы жеке өзі не басқа ғалымдармен бірлесіп жариялаған. Еуразия аумағындағы қола дәуіріндегі андроново мәдениеті, қола дәуірінің киімдері және көшпелілер мәдениеті бойынша халықаралық деңгейде мойындалған сарапшы. Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті (Қарағанды, Қазақстан) Сарыарқа археологиялық институтының жетекші ғылыми қызметкері. Сонымен қатар, бірқатар қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орнында ғылыми қызметкер.

Эмма Усманова Лисаков археологиялық экспедициясын басқарады. Оның бастамасымен ежелгі технологиялар және мәдени коммуникациялардың «Desht-Thor» халықаралық фестивалі ұйымдастырылған. Ғалымның қызметі «Қазақстан Республикасының құрметті мәдениет қайраткері» белгісімен атап өтілген. Лисаков қаласының құрметті азаматы, гуманитарлық зерттеулер саласындағы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, халықаралық Scopus Awards 2023 сыйлығының иегері.

Qalam Global – әлем тарихы мен мәдениетіне Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің көзімен қарайтын мультимедиялық жаңа жоба. Жобада Қазақстан, АҚШ, Канада, Ұлыбритания және Ресей зерттеушілерінен тұратын халықаралық топ жұмыс істейді. Qalam жобасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көреді.

Димаш Зиядин

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970