Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Анық-қанығы 2381 6 пікір 18 Қазан, 2024 сағат 14:02

Қырғыздар «Қ» және «Ғ» деген әріптерімізге құда түсті

Сурет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сайтынан алынды.

Қырғыздар 1924 жылға дейін қазақтың төте жазуын қолданып, қазақ тілінде білім алғаны тарихтан белгілі. Қырғыз тілінде білім беру тек 1925 жылы ғана жолға қойылды. Биыл алғашқы қырғыз мектептеріне 100 жыл толып отыр.

Осы 100 бұрынғы үрдіс қайыра жаңғырды. Жаңғырды дейтін себебіміз - айыр қалпақтылар екі қазақ дыбысын өз төл әліпбилеріне енгізбекші. Енді осы жайында сөз етейік.

Мыңдаған жылдық әліпбилік ортақ жазу тарихы бар қазақ, өзбек және түркімендерге қарағанда қырғыз тілі жазу-сызуы тек КСРО кезінде ғана өмірге келген ұлт болып саналады. Оның себебі қырғыздардың түркіге сіңбе манжұр тектестігі. Не манжұр емес, не нағыз түркі емес, мыңдаған жылдық тарихы бар қырғыз тілі кеңес заманында түп-төркінінен қол үзді, байлығынан біраз айрылды, шұбарланды.

Бұл шұбарланудан әліпбилік ортақ жазу тарихы бар қазақ, өзбек және түркімен тілдері қағыс қалған жоқ десек артық айтпаймыз. Ісләм Жарылғаповтың сөз қабылдау мектебі бар қазақтар орыс сөздерін қазақшаға бейімдеуге бейіл болса, ондай аудармашылық мектебі қаылптасып үлгермеген қырғыздарда: бас тарту – «отказ кылуу», Отанды сүю – «родинаны сүйүү», бұғаттау – «блокада уюштуру», есептілік – «отчёттуулук»", бастық – «начальник», ресми – «официалды», баяндамалар – «докладдар» сияқты болып, орысша қалыбында қырғызша қосымша жалғанып кете береді.

Естеріңізде болса, азат ел болып саналатын түркі мемлекеттері ішінде тек екі мемлекет – Қазақстан мен Қырғызстан ғана кириллицада қалғаны белгілі. 2017 жылдан бастап латынға ұмтылған Қазақстан енді аптығын басып қалса, Қырғыз Республикасының күні бүгінге дейін кирилмен ірге ажыратуға еш ниеті жоқ.

Бізде басты проблема екінші буында еріндік «ұ», «ү» және «ө»-лердің «ы», «і» және «е» болып жазылуы айтылуда және кірме сөз қабылдауда ескерілмеуі болса, қырғызда «қ» мен «ғ»-ның бір кездері «к» мен «г» болып жазылып кеткені болып отыр. Мысалы қазақтар донер мен дрон сөздерін: айтылуы бойынша дөнөр мен дұрон деп қазақша жазайын десе, емледегі жазылым кедергі келтіреді. Қазақтар екінші буындағы еріндік айтылымды жоғалтса, қырғыздар «қ» мен «ғ» айрылып қалды.

Сол себепті де, көрші елдің тіл жанашырлары мен тіл мамандары ең құрығанда қырғыз кириллицасын жетілдіруді ұсынады. Өйткені қолданыстағы алфавиттің кемшілігі кесірінен қырғыз тілі түп қайнарынан қашықтап барады. Мамандар ең құрыса, қазақтың «қ» және «ғ» әріптерін қырғыз әліпбиіне қосу бастамасын дүркін-дүркін көтеріп келеді.

«Даанышман» студенттік-интеллектуалдық клубының төрағасы Әсел Орозбаева бастаған бастамашы топ қырғыз тілінің алфавиті мен орфографиясына өзгеріс енгізуді елдік деңдейде көтеру үстінде.

Әсел Орозбаева: «Қырғыз сөздерінде «к» және «г» мүлдем басқаша, қатаңырақ дыбысталады. Сол себепті олар кириллицадағы осы символдарына сәйкес, үндес келмейді. Сондықтан қазақтың «қ» және «ғ» әріптерін біздің ана тіліміздің алфавитіне енгізуіміз керек», – деп ұсынды.

Жазуы кеш дамыған қырғыздар енді екі әріп үшін күреске түсті. Біз сан ғасырлық жазу тарихы бар қазақтар кірме сөз қабылдауда ерін үндестігін енгізіп, бұрынғы тілшілер терминдеп үшін енгізген «ф», «х», «я», «ю», «ц», «э», «й», «ъ», «ь», «ч» дыбыстарынан басталатын және олар ұшырастын орыс тіліндік және орыс тілі арқылы енген кірме сөздерді қазақтың бабалардан мұраға қалған 28 төл дыбысына лайықтап, кірілдік жаңа әліпби қабылдауымыз керек. Бізге көпке дейін латындық және кірілік қос әліпбиіміз қатар қолдануға тура келеді. Сондықтан ондағы әріп саны 28 болуы ескерілуі керек.

Сонымен тағы қырғыздарға бет бұрайық:

Қырғыз тілі ҒЗИ-і орыс тіліндегі сол кездегі 33 әріпке қырғыз тілінің фонетикасына сәйкес келетін, соған тән төл дыбыстарды – Ғ ғ, Җ җ, Қ қ, Ң ң, Ө ө, Ү ү әріптерін қосты.

Алайда әліпбидің кейінгі нұсқасы өзгертілген түрде қабылданды. Кириллицадағы қырғыз алфавитін 1941 жылғы 12 қыркүйекте Қырғыз КСР Жоғарғы кеңесінің төралқасы ресми бекітті.

Онда қырғыз тілінің төл дыбыстары ретінде небәрі үш-ақ әріп қосылды, бұлар – Ң ң, Ө ө, Ү ү ғана.

Содан бері қырғыз лингвистері, тіл жанашырлары қазақтарға қызыға қарайды. Өйткені кеңес кезеңінде қазақтың көрнекті ғалымдары мен білікті қайраткерлері тегеурінді күресе жүріп, кириллицадағы қазақша әліпбиге қазақ тілінің 9 төл дыбыстарының бәрін енгізе алды. Бұлар – Ә ә, І і, Ң ң, Ғ ғ, Ү ү, Ұ ұ, Қ қ, Ө ө және Һһ.

Көрші елдегі қырғыздарға сөз соңында төл әліпбиіңді түзе, орыстық мәнерден қол үз демекпіз.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061