Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әне, көрдің бе? 1229 2 пікір 21 Қазан, 2024 сағат 13:33

Сауда-саттық: Орталық Азия тәліптермен таруласты ма?

Суреттер ulysmedia.kz, armiya.az сайттарынан алынды.

Таліптер лаңкестер тізімінен сызылып, Орталық Азия елдері Ауғанстанмен байланыс орнатуға кірісті. Бүгін сол туралы сөз етеміз...

Қазақстан Ауғанстанмен ОА-ның кез келген еліне қарағанда неғұрлым тығыз қарым-қатынаста болып келеді. Сарапшылардың пікірінше, тараптар Кабулмен сауда байланыстарын кеңейтуге мүдделі және белсенді ынтымақтастықты толық қолдайды.

Жоғары геосаяси және ішкі тәуекелдерге қарамастан, Ауғанстан Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып табылады. Ауған жағы сондай-ақ көлікті, тау-кен өнеркәсібін, телекоммуникация мен ауыл шаруашылығын, автомобильдер жеткізуді қоса алғанда, елде іске асырылатын экономикалық жобаларға қазақстандық компаниялардың қатысуын қарастыруда.

Өзбекстан да таліптерді экстремистер тізімінен алып тастауға бел шешіп кіріскелі отыр.

Бұл ретте Ташкент пен Кабул ынтымақтастығы 2023 жылдың шілдесінен басталды. Мәселен, Өзбекстан, Пәкістан және Ауғанстан өзбек темір жол желісін, Пәкістанмен байланыстыратын трансауған темір жолын салу туралы бірлескен хаттамаға қол қойды.

Трансауған жолының құрылысына Қазақстан да өз қызығушылығын танытты. Астана құрылыс материалдарын жеткізіп беретін жол құрылысына қатысуды қарастыруда. Бұл жобаларды іске асыру өңір елдері арасында жүктерді жеткізу уақытын шамамен 10 есеге қысқартуға және жүк тасымалы құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Қырғызстан биыл ауған әріптестерімен сауда, инвестиция, көлік, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және энергетика мәселелерін талқылау үшін Кабулға делегациялар жіберіп, ынтымақтастық саясатын белсендірек ілгерілету жолына түсті.

Бұл ретте ауған бизнес-қоғамдастығы Қырғызстаннан Ауғанстанның ішкі нарықтарында қажетті электр шамдарын, фармацевтикалық құралдарды, қант, бұршақ дақылдарын, маталар мен тігін өнімдерін импорттауға өз қызығушылығын білдірді.

Ауғанстан темір кенінің едәуір қорына ие, оның жалпы көлемі 2,2 млрд тоннадан асады. 2010 жылы Ауғанстан «Литийдің Сауд Арабиясы» деп атанды. Ал бұл металл электронды құрылғылар мен электромобильдерге арналған батареялар мен аккумуляторлар өндірісінде кеңінен пайдаланылатыны белгілі.

Ауған литийінің едәуір қоры Парун кен торабында - шамамен 3 млн тонна оксиді бар. Бұдан басқа, церий қоры бар, аз мөлшерде - лантан, празеодим, неодим, тантал, ниобий, цезия және бериллий кездеседі. Жалпы ауған ресурстарының жиынтық құны $1 трлн-нан асады деп бағалануда.

ОА-да Ауғанстанды ұзақ уақыт бойы лаңкестікпен, есірткі трафигімен және шексіз соғыстармен байланыстырып келді. Алайда «Талибан» билікке келгеннен кейін бұл көзқарас мүлдем өзгере бастады.

Ауғанстанның көршілерімен сауда-экономикалық интеграцияға қосылуы және халықаралық қоғамдастықтың ортақ танымына ие болуы үшін әлі де жасайтын қыруар шаруасы бар. Бірақ осы жолда алғашқы қадамдар жасалды.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2037