Қазақстандықтар патриотизмді қалай қабылдайды?
Қазақстандық патриотизм – бұл азаматтардың өз елін сүюі, оның егемендігі мен тәуелсіздігін қорғауға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, және ұлттың мәдени құндылықтарын сақтауына негізделген сезім мен әрекет. Бұл ұғым Қазақстанның көпұлтты қоғамында ерекше маңызға ие, себебі ол әрбір ұлт өкіліне ортақ бірегейлік пен бірлікті қалыптастырады. Қазақстандық патриотизм ұлттың тарихына, тіліне, мәдениетіне деген құрмет пен мақтаныштан тұрады.
Қазақстанның унитарлы мемлекеттілігі – ұлттық патритизмнің кілті
Қазақстан – унитарлы мемлекет. Бұл дегеніміз елдің барлық аумағында біртұтас заңнамалық жүйе және орталықтандырылған билік бар екендігін білдіретін мемлекеттік форма. Қазақстанның унитарлы құрылымы мемлекеттің тұтастығын сақтап, аймақтар арасындағы ынтымақтастық пен бірлікті нығайтуға бағытталған. Бұл жүйе елдің ішкі саяси тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Өйткені, аймақтар арасындағы автономияның шектеулі болуы сепаратизм мен дезинтеграция қаупін азайтады. Сондықтан, қазіргі кезде Қазақстан мемлекеті сепаратистік қаупі бар өңірлерге қатысты өте сақ, әрі, нәзік саясат жүргізіп отыр. Ең бастысы, унитарлы, яғни, «бір ұлт ‑ бір мемлекет» саясатын мейлінше демократиялық кескінде жүргізу – мемлекет қауіпсіздігі үшін өте маңызды.
Қазақстанның табиғи байлығын халық игілігіне айналдыру
Қазақстанның табиғи ресурстары, әсіресе мұнай, газ, көмір, металл рудалары мен жер асты байлықтары халықтың әл-ауқатын арттырудың негізі болып табылады. Елдің экономикалық тұрақтылығы мен дамуындағы басты мақсат – бұл ресурстарды тиімді пайдаланып, оны халықтың игілігіне бағыттау. Осы мақсатта Қазақстан Үкіметі мемлекеттік саясат пен реформалар арқылы шикізаттық сектордан алынатын табысты әлеуметтік бағдарламаларға, денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылымды дамытуға бағыттауға тырысады. Сондықтан, ел байлығын халық игілігіне айналдыру – отандық патриотизмді берік қалыптастырудың экономикалық тұтқасы деп санауға болады.
Қазақстан халқының демографиялық өсімі нені білдіреді?
Қазақстан халқының демографиялық өсімі соңғы жылдары тұрақты қарқынмен өсіп келеді. Халық санының өсуіне табиғи өсім мен көші-қон үрдістері әсер етеді. Қазақстанда туу көрсеткіші жоғары және денсаулық сақтау саласының дамуы өмір сүру ұзақтығын арттырып келеді. Сонымен қатар, демографиялық өсімге экономикалық даму, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы, және көші-қон саясаттары да ықпал етеді. Демографиялық өсім, сонымен қатар, қазақстандықтардың ұлттық мәдени платформасын біртекті етуге жетелейді. Әлемдік аренадағы барлық жетістіктер «Қазақ» брендімен таныла бастайды. Ол спортта, өнерде, өндірісте, ғылым мен білімде «Отандық өнім» атымен танымал болады. Бұл, ұлттық патриотизмнің берік болуының ішкі және сыртқы факторларын біртұтас қамтитын өрлеу жолы.
Ұлтаралық қатынастағы патриотизм мәселесін жетілдіру
Қазақстанның көпұлтты қоғамында ұлтаралық татулық пен патриотизмді дамыту маңызды. Патриотизмді жетілдіру үшін барлық этнос өкілдеріне бірдей құрмет көрсету, тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік саясат осы бағытта азаматтардың барлығын ортақ құндылықтарға біріктіруді көздейді, бұл өз кезегінде қоғамның тұрақтылығы мен ынтымақтастығына септігін тигізеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы мәселеде маңызды рөл атқарады, ұлттар арасындағы бірлікті нығайтады. Әрине, қазір Ассамблея жұмысына сын көп айтылуда. Себебі, Ассамблея өз жұмысында әлі күнге дейін «Көпұлтты мемлекет» шартын басшылыққа алуда. Алайда, оның жұмысы тек «»Унитарлы мемлекет» шартын қаьбылдағанда ғана өз нәтижесін береді. Басқаша болуы мүмкін емес.
Ұлттық патриотизм – сыртқы агрессияға қарсы күш
Ұлттық патриотизм елді сыртқы агрессия мен қауіптерден қорғауда маңызды рөл атқарады. Патриотизм ұлттың бірлігі мен ынтымағын арттырып, азаматтарды өз отанының тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қорғауға үндейді. Сыртқы агрессияға төтеп беру үшін қоғамның барлық мүшелерінің патриоттық сана-сезімі жоғары деңгейде болуы қажет, бұл ұлттың қорғаныс қабілетін күшейтеді.
Ұлттық патриотизм – Қазақстан Республикасының тұрақты дамуының қайнар көзі
Ұлттық патриотизм Қазақстанның тұрақты дамуының негізі болып табылады. Ұлттың мәдени және рухани құндылықтарын құрметтеу, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қосу патриотизмнің ажырамас бөлігі. Азаматтардың өз елінің болашағына деген жауапкершілігі мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына ықпал етеді. Ұлттық патриотизм әрбір азаматтың өз елінің дамуына үлес қосуына түрткі болады.
Патриотизм – білім мен ғылымға сүйенеді
Патриотизм білім мен ғылымның дамуына тікелей байланысты. Елдің интеллектуалдық әлеуеті, білімді азаматтары патриотизмнің маңызды көрінісі. Патриоттық сезім тек қана эмоциялық құндылықтарға емес, сонымен қатар ғылыми жетістіктер мен білімге де негізделуі тиіс. Білім мен ғылым арқылы елдің болашағы үшін маңызды мәселелер шешіліп, ұлттың дамуына қажетті инновациялар енгізіледі. Жалпы, білімді адамдар көп нәрсеге толерантты болатындықтан, олар өз ұлтының саяси және рухани сапасын арттыруға өлшеусіз үлес қоса алады.
Патриотизм – адамдардың нақты іс-әрекетінің көрінісі
Патриотизм тек сөз жүзіндегі ұғым ғана емес, адамдардың күнделікті нақты іс-әрекеттерінде көрінетін құбылыс. Елдің дамуына үлес қосу, қоғамдық жұмыстарға атсалысу, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету және өз еліңді құрметтеу – патриотизмнің шынайы көріністері. Бұл азаматтардың қоғамға деген жауапкершілігін көрсетеді және патриотизмнің қоғамдағы рөлін нығайтады.
Иә, бізге қоғамдағы өткір мәселелерді сынауға рұқсат етілген. Бірақ, сынай отырып, әрбір азамат «Өзіне өзге Отан берілмегендігін» ұғар болса, онда әркім де өз сынынан нақты қорытынды жасауға мүмкіндік алады...
Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz