Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Абай мұрасы 1119 4 пікір 23 Қазан, 2024 сағат 11:22

Отарлау заңы және Абай поэзиясы

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

«Қазақстан қалай отарланды?» деген әлі күнге түйіні тарқатылмаған мәселенің бірі сияқтанады маған.

Тарих пәнінің оқулығы: «Қазақ хандығы 18-ғасырда біртұтас мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатып, Ресей империясының бодандығына тап болды. Сөйтіп, ұлтымыз тарихының үш ғасыр жалғасқан отаршылдық дәуірі бар» дейді. Бұл көңіл көншітпейтін тұжырым. Неге? Себебі, 19-ғасырда халықтың өмірі, санасы мен мінезі қалай өзгергенін Абай шығармашылығы бойынша сарапқа салсақ, бөтен уақыт, өзге  панорама шыға келеді. Жаңағы тұжырым әуелде жартылай бодан, онан соң ғана толық бодан болғандықты айналып өткендік. Табанды патшалық Ресейдің шекара аумағына әскери бекіністер салған уақытына ғана тіреу. Көзімнің жеткені сол, қазақ даласын толық отарлау патшалық Ресейдің 1868 жылғы «Жаңа закон» бойынша іске асқан. Демек, отаршылдық дәуірдің есебін неге осы датадан бастамасқа? Төменде Құнанбай мен Абай заманын салыстыра отырып, осы пайым дұрыстығын дәлелдемекпін. Жас ұрпақ санасы дұрыс қалыптануы үшін бұл маңызды шаруа деген ойдамын.

Көпке аян, Абай төңкеріліп, құбылған жаңа дәуірде ғұмыр кешті. Әкесі Құнанбай қаймағы бұзылмаған ескіліктің перзенті. Екеуінің жолы неліктен екі айырым болды? Мұны түсінуге алдымен Құнанбай заманына тоқталайық. Әлеуметтің психологиясы, тұрмыс-тіршілігі тұрғысынан қарасақ, әлемнің әміршісі Шыңғысхан мен оның ұрпағы хан Абылайға дейінгі бес ғасырда Ұлы Дала төсінде радикалды өзгеріс болған емес. Далалықтар тұрақты өмір сүрді. Қазақ хандығы шаңырағын алғаш шайқалтқан – патшалық Ресейдің 1822 жылғы «Степное положение» атты уставы. Ол бойынша қазақ даласы округке бөлініп, округ бастығы аға сұлтан, орынбасары орыс шенеунігі болды (халық оны «майыр» дейді). Мәселе сонда, бұл уставты отарлау заңы демектік орынсыз. Оған тартпайды. Ырқы да, тағдыр тізгіні де қазақтың өз қолында болды. Айталық, аға сұлтанды ел жуандары өздері сайлап отырды (тас салу құқығы бойынша).

Сөйтіп, 1822-1868 жылдары хандық жойылып, орнына аға сұлтандық билік келді. Қазақ елі аталған уставқа сәйкес басқарылды. Бірақ бұл реформа қалың бұқараны астан-кестен еткен жоқ. Яғни қарапайым халықтың өзгерген түгі де жоқ. Далалықтардың тұрмысы, салт-санасы мен мінез-құлқы, яғни сыртқы да ішкі өмірі бәз-баяғы қалпында қалды. Күллі дау-дамайлар ескілікті жолменен, ғұрпылық заңдарменен шешіліп жатты. Ең бастысы, күшіндегі заңға сәйкес жерінің, өзен-суының егесі де қазақтың өзі болып есептелді.

Қазақ хандығының заңдары 1868 жылға шекті күшінде қалғанына дәлелдер алайық.  Көпке аян, Кеңгірбай, Ырғызбай, Өскенбай қолданған Тобықтының жерін кеңейту саясаты осы елдің старшыны болған Құнанбайға көшті. Ол емін-еркін жалғастырды.  Тобықты ішіндегі талай ата, ру өз орнын екіншіге беріп, өздері Құнанбай көрсеткен жерлерден жаңа күзеу, жайлау, қыстау алысты. «Тобықты рулары Құнанбай тұсында үлкен аударысқа түскен. Бұл аударысты жасаушы Құнанбай» – деп жазады Мұхаң Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасында. Сол сияқты поляк Адольф Янушкевичтің естелік кітабынан аян, 1847 жылдары сұлтан Барақ пен би Құнанбай сынды тұлғалар таңның атысы күннің батысына дейін мәжіліс құрып, елдік істерді шешумен болады (аты-шулы Қодар-Қамқа оқиғасы соның бірі ғана). Қазақ даласында мешіт, медреселер көптеп ашылуы да көп жайды аңғартса керек. Мәселен, Семей қаласында Тінібай Каукенұлы және татар көпестері, Көкпекті өңірінде Тана мырза Тілемісұлы, Қарқаралыда Құнанбай Өскенбайұлы мешіт-медресе салдыртты. Қай қайсысы да 1868 жылғы «Жаңа заңға» дейінгі құрылыстар. Аталмыш заң күшіне енгеннен соң Семей өңірінде бірде-бір мешіт я медресе бой көтерген емес.

Сонымен, қайталап айтқанда, патшалық Ресейдің «Степное положение» атты уставы дәуірінде (1822-1868 жж.) далалықтардың күллі тұрмыс-тіршілігі өз заңымен және ғұрпылық әдет-салтымен басқарылды. Елді Әбілпейіз (Жаңасемейде халықаралық айырбас базарын ашқан сұлтан), Барақ, Құнанбай сияқты жақсылар биледі. Әзірге қазақ елі «Ресейдің анық баурап алған отары» (Әуезов) болған жоқ. Болды, бітті. Ел бодан ба, әлде бодан емес пе? Анықтаушы критерий – қазақ болмысы, ел-жұрттың ішкі өмірі болса керек-ті. Әскери бекіністерге бола, оқулықтарда «үш ғасыр бодан болдық» деп санаға таңбалағаннан не ұтпақпыз?

Енді ХХ ғасырдың екінші жарымындағы қазақ халқының тарихи хәліне келейік. Мұхаң Абайдың алғашқы өмірбаянында Қарқаралы округіне аға сұлтан  болғанға дейінгі Құнекең өміріне тоқтала келе, Абай да әкесінің жолын қуғанын: «Сонымен, Абай 70-ші жылдарға шейін бір жағы әкесінің ығында болса, екінші жағынан сол әкесінің басындағы міндеттерді барлық жауларымен, барлық талас-тартыстарымен түгелімен өз басына аударып, өз міндетіне ала бастайды» деп көрсетеді. Иә, Абай атқа мінгенде мүлдем басқа дәуір орнықты.

Мұхаң «70-ші жылдар Абай ел ісін әкесінің қолынан алды» дегені – 1868 жылғы «Жаңа низам (закон)» деген заң күшіне енгенін айтқаны. Ол бойынша қазақ даласы округ орнына губернияға бөлінді. Губерния уезге, уез болыстарға бөлшектенді. Кешегі крепостной орыс шаруалары қазақ даласына ағылуға мүмкіндік алды. Неге? Өйткені, жаңа заң қазақ жері мемлекеттік меншік деп жариялады. Салдары ең ауыр сорақылық, халықтың өмірі тек қана ақ патша заңына бағынып, бәрін орыс ұлығы реттейтін болып бекітілді. Бір сөзбен айтқанда, қазақ елі «Ресейдің анық баурап алған отары» болып, отарлық қамытын толық киді. Абай заманының ерекшелігі, міне, осы!

Сөйтіп, Жаңа заң қазақтың мінезі һәм тұрмысы радикалды өзгеруіне әкелді. Оның зобалаңы бірден емес, он жылдай уақыт өткенде ғана су бетіне шыққан еді. Абай 1879-1880 жылдары «Жаңа закон» атты ұзақ өлеңін жазып, қазақтың құрдымға бет алғанын жанайғайымен жеткізеді (өкінішке қарай, бұл құнды туынды Абайдікі емес делініп, жинақтардан сырт қалуда).  Жаңа заң салдарын әшкерелеу 1884-1886 жж. поэзиясын да көктей өтеді. Мысалға:

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
...Алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып,
Аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып.
Ант ішіп күнде берген жаны құрысын.
Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,
Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын!
...Осы күнде осы елде дәнеме жоқ
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.
...Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың,
...Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

Осы айтқандары Абайдың қазақты сынап, мінегені делінді. Бұл – кешегі күн. Бүгінгі таңда жас буынға ақын сойылдың ұшын отарлық саясатқа бағыттаған, қаулаған ұрлық, қулық империяға бодандық салдары деп ұқтырсақ дұрыстық. Өйткені, елдің сиқы небары 15-20 жылда бұзылғанын ақынның көзі көрді. 1890 жылғы «Бай сейілді» өлеңінде: «Елде жақсы қалмады» деп күрсінеді. Бұрынғы ел іші «сен тұр, мен атайын» дейтін жақсы-жайсаңға толы еді. Мысалға «Абай жолы» эпопеясында Құнанбай айналасы, ел жақсылары (Қаратай, Сүйіндік, Байдалы, Байсал, Бөжей, Байқұлақ, Бітімбай, Жанқожа, Байұзақ т.б.) күн ұзақ кеңес құрудан босамай, ел жұмысын тындырып жүрмей ме. Жүз құбылған уәдесіздік, жалақорлық, бірін-бірі аңду, арамдықты еп көру, қу, пысық атану сияқты нашар мінездер өрши алмады, небір қисық-қыңыр ебін тауып, жөнге салынды. Абай тұсында осынау дала демократиясы, яғни халықтың өзін-өзі басқаруы алғаш рет көзден бұл-бұл ұшты. Жаңа заң тұсында қалыптасқан келесі атқамінер орта (Оразбай, Жиренше, Абыралы, Дүтбай, Көжекбай, Әбен, Жақсылық т.б.) алдыңғылардай «бір пейілді», «іргелі» бола алмады. Орыс ұлығынсыз өздігінен ештеңе шеше алмаған болыс, билерден не қайыр? Оларды тек орындаушы-функционер де де қой.

Міне, осы айтылғандар Құнанбай мен Абай екі жолмен жүріп, екі басқа заң аясында билік құрғанының айдай айғағы. Құнекең ұзын арқан, кең тұсау заманда, Абай 1868 жылғы отарлау заңы қыспағында өмір кешті. Әке мен баланың, Мұхаң айтқандай, «екі түрлі заманның туындысы» болуы осымен өз түсінігін табады.

Отаршыл биліктің бет-пердесін тұңғыш сыпырған жан – Абай деген ойымызды бекіте түсейік. «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман» өлеңінде бай, би мен болыс, елубасы,  тіпті жас балаға шекті бұл күнде аларман дей келе:

Жұрт жүр ғой арамдықты еп көрем деп,
Тоқтау айтқан кісіні шет көрем деп.
Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен,
Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп? -

деген сауал тастайды. Арамдықты тиятын билер еді, олардың сиқы мынау:

Ел жамаған билер жоқ,
Ел қыдырып сандалды.
Қызығы кеткен ел бағып,
Қисыны кеткен сөз бағып (1886).

Құр сандалған билер уақыт өте келе, пара алуға төселіп алды:

Өсімге қол жайды,
Тай алып серкешке.
Алмаса ол тайды,
Дап-дайын көрмеске.
Кедей би жантайды
Сауыр мен өркешке.
Саумаққа ол байды,
Кеңесер би кешке (1894).

Міне, Абай поэзиясы – билердің біртіндеп бүлінуінің айнасы.

Қарапайым қалың жұрт енді кімге жүгінбек? Әділеттілік сақшысы ояз бен сот (судия)  болса керек-ті. Бұлар туралы «Жаңа закон» өлеңінде Абай:

Оязной мен судия – ендігі ұлық,
Олардың жалақысы тым-ақ толық.
Еркі жоқ ел, иен мал кез болған соң,
Олар қылмай қала ма астамшылық? –

дейді (өзі болыс болған ойшыл астамшылықты білмесе айта ма).

Көріп отырсыздар, Абайдың әлеуметтік поэзиясы  дәстүрлі ел билеу жүйесі астан-кестең болғанын жеткізеді, сондай-ақ, елді алатайдай бұзған отарлау заңы екенінің дәлелі болуымен де құнды.

Абайдың 1909 жылғы тұңғыш жинағында «Халық туралы» делінген онға тарта өлеңге жасалған шолудан шығар қорытынды: қазақ анық бодан ел болуының бастауы – «Жаңа закон» заңы. Патшалық Ресей зеңбірегін сүйреткен  әскерімен жерімізді жаулап алса, елдің өзін заң-законімен отарлап, баурап алғаны шүбәсіз. Қаймана қазақ қашан, қалай бұзылды? Ғалымдар іздеп таба алмай жүрген осы сауал жауабына «оған мен себепкер» деп «Жаңа низам» заңы сұранып-ақ тұр. Ал, әзірге мойындалмай жүрген «Жаңа закон» өлеңі  35 жастағы Абайдың отаршылдыққа қарсы алғашқы үні!

«Патшалық отарлау саясаты, – дейді Мұхаң, – қазақ халқының жерін алғанда, оның шұрайлысын, сол патшалықтың оң қолы боп саналатын казак-орыстарға, помещиктерге, әр алуан өндіріс орнатқан капиталистерге, чиновниктерге алып берді. ... Орыс шаруалары қалың топ болып, Қазақстанға ауысып келе бастайды. Қазақ елі патшалық Россияның анық баурап алған отары болды» (М.Әуезов. Абай Құнанбайұлы. Монография. – Алматы, 1995. – 5 бет).  Ұлы жазушы «Жаңа закон» - сойқанды заң дегенді осылай аңдатқан. Реті келген соң айтқан жөн, халық түзеле ме, я бұзыла ма, оны басқа емес, дұрыс закон шешеді. Абайға жүгінейік: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» (37-сөз). Көрдіңіз бе, «қолымда билік болса» демеген, «закон қуаты бар болса» деген. Заңды биліктен жоғары қойған. Егер бүгінгі біздер де заң-зәкөнге арқа тіремесек, ел күткен түбегейлі өзгерістердің болуы неғайбіл!

Қазіргі таңда мәселе тереңіне үңілмей үстінен қалқып: «Абай орысшыл болған, ақ патшаға қарсы жақ ашпай, оның билік жүйесіне адал қызмет еткен» деп жарапазан айтып жүргендер баршылық. Сондықтан осы мәселеге тоқтала кетпекпін. Біріншіден, жігіт ағасы Абай жер аударылған, саяси жаламен қудаланған жандармен көп сырласқан. Сондықтан қатаң цензура жәйін, мәселен, «қулық сауған заңы құрсын»  деген бір ауыз сөзіне бола, итжеккенге айдалу қаупін жақсы білді. Әйтсе де, отарлыққа қарсылық, оған лағынеті тұнған астарлы өлеңдері аз емесін аңдап отырмыз. Екіншіден, отарлық жүйе жалғыз қазақты емес, бүкіл жер-жаһанды орап алды. Әлді әлсізді езіп жаншыды. Тіпті Индия сияқты алып елдер де қолына қару алып, күресе алмады. Осыны көріп-біліп отырған Абай:

Түзетпек едім заманды,

Өзімді тым-ақ зор тұтып, –

деген әуелгі райынан бас тартқан. Неге? Себебі, отарлық кесапаттан қарусыз құтылудың, халық пен халықты теңестірудің Құдай салған жолы барын көре білді. Ол – ғылым-білім жолы (оны кейінгі алашшыл жастар үлгі етті). 1890 жылдан былайғы шығармашылығы заманды түзеуге, адамның мінезін сынауға емес, оның жан дүниесіне жарық түсіруге бағыттап, жантану ілімін қалыптауға жұмсалғаны сондықтан. Сөйтіп, Абай тау көтерген Толағай сияқты жалғыз өзі-ақ ұлттың ой-санасы, тілі мен әдебиетін бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге көтерді. Міне, осынау Жаратқан Иеміздің Конфуций, Гете, Шекспир сынды қазаққа берген жарқын генийін жазықты қылу мүмкін бе? Мүмкін екен...

«Абай патшаға қарсы күреспеген, орысшыл болған» деп жүргеннің бірі – Мұхаметкәрім Қожырбайұлы деген ақтаулық журналист. Ол «Абайдан үлгі алған алаш арыстарының тағдыры» атты мақаласында қазақ оқығандарының орыстан әйел алуы отарлық жүйенің салдары дей келе, мұны Абайдан көреді.    Әрі қарай: «Тәуелсіз ел болғанымызға 32 жыл болса да... еліміздегі 5807 мектептің 1885 мектебі таза орыс тілінде, 2147 мектебі аралас. Аралас деген аты болмаса, кілең орыстілді» дейді. Сорақылықтың көкесі осы, әрине. Бірақ оған Абайдың қатысы қанша? Деколонизация саясаты болмағанына осыдан 120 жыл бұрын қайтқан дананы кінәлі етсек жетіскен екенбіз! Рухани катастрофаны, империялық ұрдажық салдарын Абайдан көріп, халықты адастырмайық, ағайын!  Негізі, ұлттың рухани ұстазын тәркі ету – алмаға түскен құрт сияқты. Зардабы орасан. Күллі руханият пен тәрбиені іштен кеміріп, солдырады. Сондықтан Абайға қарсы шабуылға, қарадүрсін жалаға тосқауыл қоятын, хакімге тас атқан шіркіндерді заң алдында қатаң жауапқа тартатын уақыт келді деген ойдамын.

1868 жылғы отарлау заңына қайтып оралайық. Империяның әуелгі 1822 жылғы заңы (уставы) бойынша хандық билік аға сұлтандық билікке ауысты, бірақ онан қазақтың жан дүниесі жүдеген де, төгілген де жоқ. Ақ патшаны  Кенесары хан көтерілісі (1837-1847) қатты шошытқаны белгілі. Сондықтан қулық-сұмдығы мол, қазаққа енді бас көтертпейтін «Жаңа закон (низам)» даярлауға тапсырыс берілді. Ұлы Абай болыстық қызметті осы «жаңа закон» тұсында атқарды, бар бәленің басы деп оны жете таныды. Алайда кеңестік цензура «Отарлау заңы және Абай поэзиясы» деген тақырыпқа қара құлып салды. Айтқызбады. Турасын айта алмаған Мұхаң да: «Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу де қиын. Бұлардың қай-қайсысы болса да заманның туындысы. Бірде заманның ұлы болса, бірде сол заманның құлы да болған» деген емеуірінмен ғана шектеледі.

Сонымен, тоқсан сөздің тобықтай түйіні: жер-жаһанға «орысқа үш ғасыр бодан болдық» деп жар салу ақиқаттан алшақ әрі пайдасыз нәрсе. Қазақ елі толық мағынадағы отар ел болғаны 1868 жылдан деп тарихшы ғалымдар мойындаса құба-құп. Абай поэзиясы осы датаны шегелеу керектігінің бұлтартпас айғағы. Ескі заң өтті, кетті, оны қозғау неме қажет дерсіз, бәлкім. Табанға кірген шөгірді суырып алу оңай, ал сансыраған сананы сауықтыру, ондағы қара таңбаларды өшіріп, рухымызды көтеру қиынның қиыны. Тәуелсіздік дәуірде осыған көз жетті. Отарлау заңы 150 жыл бойы қазақ елін іштен ірітіп-шіріте келе, ұлтты агонияға жеткізді қазір. Бұл қате пайым ба, оның ізінен, татынан қоғамдық санамыз айығып, тазарып болды ма, әлде? Мұның жауабын оқырманның өзіне қалдырған жөн болар деген ойдамын.

 Асан Омаров,

абайтанушы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2042