Дүйсенбі, 28 Қазан 2024
Ой түрткі 690 0 пікір 24 Қазан, 2024 сағат 12:28

Адам әділетсіздікпен қалай күреседі?

Көрнекілік сурет egemen.kz сайтынан алынды.

Қашан екені есімде қалмапты, бірақ оқиғалар тізбегін сол күйінде жаттап қалғаныма қарағанда айналамдағы құбылыстарды тәп-тәуір ажырата алатын жаста болуым керек.

Бірде, шешем екеуіміз нағашы жақтағы қыдырысымызды аяқтап автобуспен өзіміз тұратын қалаға қайтып келе жатқанбыз. Жолаушылап шыққан адамдар аз болғандықтан бос қалған орындардың бірінен екіншісіне ауысып, қызықтап келе жатқам, әбдебір уақытта, алдыңғы жақтан шешеме әлденеге дауыс көтере айқайлаған билетші әйелдің шаңқылы жүргімді дір еткізді. Дәрменсіздігіме тісімді қайрап артқы орындардың бірінен шешем жақты қалт жібермей бақылып отырмын. Бәрінен бұрын, шешемнің жөнді жауап қайтара алмағанына қатты жәбірлендім. Билетші әйелге кектене қарап, қалаға жеткенше оны қиялымда сан мың түрлі азаппен рахаттана азаптап шықтым. Қытай аңызындағы жын-шайтандармен шайқасатын, 72 түрлі сиқырының арқасында жеңбейтін бәлесі жоқ, бала біткеннің қаһарманы саналатын тас маймыл - Су Укұңның бейнесіне ендім. Сөйттім де терезеден бе, жоқ автобустың төбесін қақ жарып кірдім бе, әйтеуір, дауыл тұрғызып мен жетіп келгенде Су Укұңды түрінен тани кеткен билетші әйелдің маған үрейлене қараған жүзі тым аянышты болды. Тағы да сол маймылдың жын-шайтандарды азаптайтын сыйқырының бірін қалдырмай түгел сарқып, шешеме жасалған «жауыздықтан» мейірімім қанғанша есе қайырдым. Әйел жалбарынды, жалынды, істеген ісіне өлердей өкінді. Анамнан тізерлеп кешірім сұраған кезде мен тіпті масайрап кеттім.

Әділетсіздікті алғаш санамен сезе бастаған бала кезінде-ақ адам онымен қалай күресуге болатынын ойлай бастайды.

Бірақ, бұл кездегі біздің қорқыныш ұялаған көзіміз шалған әделтсіздіктің суреті тым қарабайыр. Ол суретте үнемі мыналар ғана бейнеленеді: өзіміздің жақсы көретін жандарымыз - әке-шешміз не аға-қарындастарымыз және оларды әртүрлі жағдайда ренжітетін үнемі жеккөрінішті екінші жақ. Ал, ұрей мен ашудан қалтыраған жас бала жақындарына жасалып жатқан әділетсіздікті тезірек жеңіп тастағысы келіп асығады. Өйткені, ол білетін ертегі-аңыздарда батырлар қылыштарын жалғыз-ақ сермеп жеті басты Диюды да, ашатұяқ Жезтырнақты да жер жастандырған ғой. Бірақ, туыстарына болысуға физикалық күші, интелектуалды әлеуеті тұрғысынан да шарасыз бала қиялында сол батырлардың бірінің табиғаттан тыс алып күшін өзіне дарытады да жәбір көрсетушілердің мықтап тұрып сазайын беріп бір шетте жұдырығы түюлі қарап тұрады. Бала әділетсіздікке қарсы алғашқы күресінде осылайша тылысым күшке, таңғажайыпқа сенуден бастайды.

Есейе келе бұндай тылсым күштің көмекке келмейтінін, бізге денеміздегі сүйек пен бұлшық еттен болатын қара күш қана ес қататынына көзіміз жете түседі. Тұмсықтан жегізуді батырлық санайтын орта мектеп оқушысы жауыздықты да тұмсықтан асатам деп ойлайды. Өкініштісі сол, біздің тұла бойымыздағы жаратылыстың өзінде әуел баста-ақ әділетсіздік орын алып қойған ғой. Мектептегі денесі ірілер мен орташалар тарапынан жасалатын әлімжеттікке бірінші боп дене тұрқы шағын оқушылар ұшырайды. Ал зәбір көрушілер кешкісін бөлмелерінде көздерін тарс жұмып алып өздері құсаған әлсіздерді күштілердің текпісінен құтқаруға қашанда уағымен үлгеретін Зорро мен Робингудке айналып әділет жолындағы кескілескен шайқастың ішіне сүңгіп кетеді.

Ал, жігіт жасынан өткен соң Құдайды танып білу басталады да, әділдіктің орнағанын көзіңнің тірісінде көре алмайтының іштей қынжылтса да, бізге тізесі батқандардың пешке жол тартқан еврейлерше тамұқ қақпасынан сүйретіле еніп,  мың шақырымнан жеткен тозақ отының лебінен үйітіле бастаған шаш-түктері мен  ауыздарынан шыққан ыстық жалынға шыдамай  зар иелеген бейшара хәлдерін бір шетте тұрып рахаттана тамашалаймыз деген арман-тілекпен тағы да сан-санақсыз күндер біреулердің текпісіне бөксемізді тосып жүре тұруымызға тура келеді. 1990 жылы АҚШ бастаған одақтастары Ираққа қарсы әскери жорығын бастағанда мектепте оқып жүрген біз теледидардан қызықты бір ақпаратты естідік. Ирақтағы имамдар жиылып әлде бәрі бір уақытқа келіскен бе, әйтеуір, әскери техникалары әлдеқайда озық жау қолына қарсы дұға оқып құмды дауыл тұрғызса керек. Мұсылмандар қашанда бір болу керек деп ойлайтын біздер сол дауыл жау әскерін техникаларымен қоса құм қиыршығындай ұшырып әкетсе екен деп шын тіледік. Бірақ, одан кейін ол туралы ештеңе айтылған жоқ. Бәрібір де, сол дұғалардың күші ме, мыңдаған сарбазы майданда ажал құшып, қалалар мен кенттер  әуе соққыларынан жаппай қираса да Садам Хүсейін сол соғыстан бақандай 16 жыл өткенде барып кәрі Буштың емес, бала Буштың қолынан ақыры дарға асылды.

Бұлай күтудің берекесіздігін және әділдік осы өмірде орнау керек деп санайтын «шыдамсыздар» партияларға, жаңа басшыларға дауыс беріп, үкімет шығарған заңдарға сену керек дегенге тоқтайды. Бірақ, басшылар келіп-кетіп, заңдар толықтырылып, бұрынғысынан кемелдене түссе де біздің көрген қорлығымыздың не азайып, не жеңілдемегеніне қайранбыз. Бақсақ, адамға қарсы жасалатын әділетсіздіктің басы сол басшылар мен заңда екенін түсіне бастаймыз.

Кітаптардағы ойдан шығарылған батырлар мен романтизм жасаған қаһармандар орнататын әділдіктің шын өмірде болмайтынын кітаптардың өздері көрсетті. Олар біздің әділдікке сусаған жанымызды рахаттандыру үшін жасалған әлемнің сүйікті кейіпкерлері еді. Бала күннен жан түкпірінізде өзіңіз құдайдай сенген теңдік іздеген жан баяғы ертегі-аңыздағы жеңімпаз батыр, шын өмірдегі адамның физикалық күші, тамұқ, билік пен заңның бәрі әділдік орнату үшін емес, табиғатта бар әділдікті кирату үшін келген күш екенін танып жетеді. Ақыры соңында, заңнан да, құдайдан да үміті кесілген пендеге әділетті өз бойындағы нашар қылықтармен күресу идеясынан іздеуден басқа шара қалмайды.

Әмір Қабшықбайұлы

Abai.kz

0 пікір