1 шілдеден бастап Қазақстанды не күтіп тұр?
2026 жылғы 1 шілде Қазақстанның саяси-құқықтық жүйесі үшін маңызды кезеңнің басталуы болмақ. Дәл осы күні бүкілхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция толық заңды күшіне енеді. Соған сәйкес мемлекеттік басқару жүйесі, жоғары өкілді билік құрылымы, бірқатар саяси институттар мен заңнамалық нормалар түбегейлі өзгереді. BAQ.KZ тілшісі алдағы реформаларға қатысты сарапшылардың пікірін сұрап білді.
Сарапшылардың пайымдауынша, бұл өзгерістер елдің саяси архитектурасын қайта қалыптастырып, мемлекеттік институттардың жұмыс істеу қағидаттарын жаңаша сипатқа көшіреді.
Саяси жүйе “қайта жүктеледі”
Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, 1 шілдеден бастап күшіне енетін институционалдық өзгерістер елдің саяси жүйесіне елеулі трансформация әкелмек.
Саясаттану тұрғысынан мұндай қадамдар “қайта жүктеу” (reset) ретінде бағаланып, мемлекет үшін жаңа мүмкіндіктер терезесін ашады, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, жаңа конституциялық нормалардың мазмұны елдің алдағы дамуында шешуші рөл атқарады.
Егер бұл өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтып, мемлекеттік органдардың есептілігін арттырып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін нақты қорғауға бағытталса, бұл биліктің қоғам алдындағы саяси легитимділігін күшейтеді. Ал ішкі тұрақтылық пен тиімді институттар – кез келген елдің халықаралық беделін айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Мұндай жағдайда мемлекет реформаларға, модернизацияға бейім ойыншы ретінде қабылданып, оның инвестициялық тартымдылығы арта түседі, – дейді Жанат Момынқұлов.
Сонымен қатар саясаттанушы өтпелі кезеңнің белгілі бір тәуекелдері де бар екенін атап өтті.
Үкіметтің доғарысы мен Парламенттің таратылуы қысқа мерзімді саяси белгісіздік туындататыны анық. Әсіресе партияаралық динамика мен алдағы сайлау процесі бұл кезеңнің шиеленісті өтетінін айқындайды. Саяси элитаның бірлесіп жұмылуы, партиялардың белсенділігі және электораттың сенімі билік тұрақтылығының ең негізгі кепілі болмақ. Дегенмен, бәсекенің шектеулі болуы сыртқы бақылаушылар үшін елдегі саяси процестердің ашықтығына қатысты сұрақтар туғызуы мүмкін, – дейді ол.
Сарапшы халықаралық қауымдастықтың бағасы реформалардың сапасына тікелей байланысты болатынын айтады.
Егер өзгерістер нақты институционалдық нәтижелерге алып келсе, елдің имиджі “қолмен басқарылатын саяси өзгерістер” немесе “эволюциялық демократия” үлгісі ретінде нығаяды. Ал реформалар тек элиталық қайта бөлініс деңгейінде қалып қойса, бұл ішкі және сыртқы сенімге кері әсер етуі ықтимал, – дейді саясаттанушы.
Құрылтай құрылып, Парламент жұмысын тоқтатады
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимовтың айтуынша, 1 шілдеден бастап референдумда қабылданған жаңа Конституция толық күшіне енеді.
Бұл конституциялық реформа негізгі заңның 84 пайызын қамтыды. Ең бастысы – мемлекеттік басқару жүйесі мен мемлекеттік-құқықтық үлгі өзгереді. Мемлекеттік органдардың өзара қарым-қатынасы, билік тармақтарының жұмыс істеу тетіктері қайта қалыптасады, – дейді ол.
Профессордың айтуынша, негізгі өзгерістердің бірі – екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтайдың құрылуы.
Ең жоғары заң шығарушы орган ретінде бір палаталы кәсіби Құрылтай сайланады. Сонымен қатар мемлекеттік құрылымға вице-президент институты енгізіледі. Бұл саяси биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған институт. Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесі құрылады. Осы өзгерістердің барлығы мемлекеттегі саяси архитектураны өзгертеді, – дейді заңгер.
Оның айтуынша, 1 шілдеден бастап “Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы” заң күшіне енеді.
Осы күннен бастап Сенат пен Мәжілістен тұратын қазіргі Парламент өз қызметін толық тоқтатады. Президент жаңа Құрылтайды сайлау туралы жарлыққа қол қояды. Сайлау бір-екі ай көлемінде өтуі мүмкін. Құрылтай 145 депутаттан тұрады және олар бес жыл мерзімге сайланады, – дейді Ибрагимов.
Азаматтар үшін қандай мүмкіндік пайда болады?
Жамаладен Ибрагимов жаңа Конституциядағы азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар нормаyы ерекше атап өтті.
Олардың бірі – ұсталған азаматтардың құқықтарын міндетті түрде түсіндіру туралы норма.
Әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негіздері мен оның құқықтары түсіндіріледі. Әлемдік тәжірибеде бұл Миранда ережесі деп аталады. Құқық қорғау органдары азаматқа оның қандай бап бойынша ұсталғанын түсіндіруге, үндемеу құқығы бар екенін айтуға, адвокат шақыруға және телефон соғуға құқығы бар екенін хабарлауға міндетті, – дейді заң ғылымдарының докторы.
Тағы бір маңызды өзгеріс – азаматтардың Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығы.
Егер азамат қандай да бір заң нормасы өзінің құқықтары мен бостандықтарын шектеп тұр деп есептесе, Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады. Ең маңыздысы – бұл өтініш үшін мемлекеттік баж төленбейді, – дейді ол.
Сонымен қатар адвокаттардың мәртебесі конституциялық деңгейде бекітіледі.
Енді адвокаттар сот процесінде прокурорлармен және басқа қатысушылармен тең дәрежеде әрекет ете алады. Бұл азаматтарға көрсетілетін құқықтық көмектің сапасын арттырады, – дейді профессор.
Қазақстан Халық Кеңесіне қарапайым азаматтар да қатыса алады
Жаңа Конституция аясында құрылатын Қазақстан Халық Кеңесі консультативтік-кеңесші орган ретінде жұмыс істейді.
Бұл орган 126 мүшеден тұрады. Оның 42 мүшесін этномәдени бірлестіктер, 42 мүшесін қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар, тағы 42 мүшесін мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер ұсынады, – дейді Ибрагимов.
Оның пікірінше, бұл қарапайым азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.
Экономикада қандай өзгерістер болады?
Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, 1 шілдеден бастап халық күнделікті өмірде байқайтын бірнеше маңызды жаңалық күшіне енеді.
Олардың бірі – Ұлттық тауарлар каталогының іске қосылуы.
Енді саудамен және өндіріс саласымен айналысатын кәсіпкерлер өз тауарларын ұлттық каталогқа енгізуі керек. Әр өнімнің суреті, сипаттамасы, шыққан жері, көлемі, қолданылу мақсаты сияқты мәліметтер көрсетіледі. Бұл елдегі тауар айналымын бақылауға және үлкен аналитика жүргізуге мүмкіндік береді, – дейді депутат.
Оның айтуынша, тұтынушылар да QR-код арқылы кез келген өнім туралы толық ақпарат ала алады.
Сонымен бірге маркетплейстер жұмысына қатысты жаңа талаптар енгізіледі.
Бұрынғыдай тауарды бейресми жолмен әкеліп сату мүмкін болмайды. Сауда тек ресми тәртіппен жүргізілуі тиіс, – дейді Қошмамбетов.
Депутат тағы бір маңызды жаңалық ретінде құны 200 долларға дейінгі жеке пайдалануға арналған тауарларға бұрынғы жеңілдіктердің сақталатынын айтты.
“Тенге” емес, “теңге”
1 шілдеден бастап Салық кодексіне де ауқымды терминологиялық өзгерістер енгізіледі.
Ең көзге түсетін түзетулердің бірі – ресми құжаттардағы “тенге” сөзінің “теңге” болып жазылуы.
Бұл ақша реформасы емес және ұлттық валютаның өзгеруін білдірмейді. Өзгеріс тек құжаттардағы жазылу нормасына қатысты.
Сонымен қатар Салық кодексінде бірқатар терминдер жаңартылады. Мысалы, “республикалық референдум” тіркесі “бүкілхалықтық референдум” болып өзгереді, ал кейбір нормаларда Парламент атауының орнына Құрылтай термині қолданылады.
Сарапшылардың пікірінше, 1 шілде тек заңнамалық өзгерістер күні ғана емес, Қазақстанның саяси және институционалдық дамуының жаңа кезеңінің бастауы болмақ.
Алдағы айларда жаңа Құрылтайды сайлау, мемлекеттік институттарды қайта қалыптастыру және жаңартылған Конституция нормаларын іске асыру жұмыстары басталады. Бұл өзгерістердің тиімділігі мен нәтижесі олардың қағаз жүзінде емес, нақты өмірде қалай жүзеге асатынына байланысты болмақ.
Abai.kz