Сейсенбі, 3 Желтоқсан 2024
Әдебиет 5279 9 пікір 4 Қараша, 2024 сағат 12:26

Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз (Жалғасы)

Суреттер Н.Маханның мұрағатынан және adebiportal.kz сайтынан алынды.

Басы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз...

Жалғасы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз

Жалғасы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз

Жалғасы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз

Жалғасы: Мұхтар Мағауиннің «Мені» туралы бірер сөз 

Алтыншы бөлім

Атап өткеніміздей, М.Мағауин Кеңес өкіметін өте жек көреді. Сондықтан болар, Кеңес өкіметіне қызмет еткендерді де жақтыра қоймайды. Ол Сәкен Сейфуллин турасында былай дейді: «Рас па, өтірік пе, әлдеқалай құлақ шалған, Сәкен Сейфуллинді итке талатып өлтіріпті деген сөзге орай жазып едім. Аяушылық жоқ. Ыза мен таба бар. Ыза – түсінікті, таба... күнә болмас, біз де пендеміз. Асыл ағаларым түгел айдалды, атылды. Халқым түгелге жуық қырылды. Сол кезде сыбай сері біреу: «Советстан, біздің стан, Совстан... Так-так-так, Трат-тат-тат...», – деп, ереуілдейді де жүреді. Кім қалай жүрмеді. Бірақ, бұл кісі – табиғатында дарынды жан еді. Ұлттық идея әуел бастан жұқпаған, сондықтан дарынын сатты». («Мен» 96-бет)

Қаттырақ кеткен. «Ұлттық идея жұқпаған, дарынын сатты», – дейді. Осы тұста автормен азырақ пікірталасқа барғымыз келгіміз отыр.

Бірінші айтпағымыз, Сәкеннің:

Советстан, біздің стан,

Совстан, – деп жырлаған «Экспресс» өлеңі жиырмасыншы жылдардың бірінші жартысында жазылды. Ол кезде сталиндік репрессия машинасының іске қосылмаған, халықтың басы аман, бауыры бүтін кезі. Сталиндік репрессияның алғашқы кезеңінің іске қосылған уақыты – 1929 жылдардың соңы мен 1930 жылдардың басы. Бұл кезде алғашқылардың бірі боп, «алашордашыл-ұлтшыл» деген айыппен Ахмет Байтұрсын, Жүсіпбек, Мағжан, Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермековтер тұтқындалды.

Ал, Сәкеннің «Экспрессі» жарық көрген уақыты, 1921-28 жылдар арасындағы Кеңес өкіметінің ең бір жаймашуақ –  НЭП дәуірі еді. (НЭП – Новая экономическая политика. Жаңа экономикалық саясат. ЖЭС.)

Бұл кезең – ірі жер иелері мен үлкен завод-фабрика қожайындары ғана аса ірі байлар деген атаумен мүліктері тәркіленіп мемлекетке өтіп, жер – шаруаларға, завод-фабрика –  жұмысшыларға, билік – Кеңес (совет) депутататтарына беріліп, жеке шаруашылығы мен кәсібін дамытамын дегендерге  мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, олар өндірген өнімді мемлекеттің өзі сатып алатын, Лениннің «Кооперация туралы» еңбегіндегі ойларының толық жүзеге асқан уақыты. ЖЭС яғни, жаңа экономикалық саясат тұсында халықтың әл-ауқаты көтеріліп, мемлекеттегі жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 11 пайызға дейін көтерілген уақыты болды. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Мысалы үшін: жалпы ішкі өнімі  жоғары болып есептелетін Қытайда 2023  жылы ЖІӨ – 5 %  болса, АҚШ-тағы ЖІӨ – 2,1 % болған.

Бар болмысымен социализм идеяларына сенген Сәкен, НЭП тұсындағы халықтың тұрмыс-жағдайының көтерілгенін көзімен көрген соң, жаңа қоғамдағы жақсы өмір басталды деп түсінген болуы әбден мүмкін.

Тұрмыс пен өмірде өзгеріс болған кезде, халық өмірінің айнасы әдебиетте де өзгеріс болуы – заңдылық! Мұның нақты мысалы: ХХ ғасырдың басындағы орыс әдебиетіндегі натурализм, футуризм, реализм, символизм мен Мағжан құрған «Алқа» әдеби ағымдары мен қазіргі Тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиеті. Қазіргі қазақ жазушылары: өмір өзгерді – әдебиетке де өзгеріс керек деп түсіндіріп жүр. Меніңше, Сәкен де дәл солай ойлап, бүгінгі эстрадалық музыка жанрындағы «рок», «рэп» секілді қазақ өлең құрылысына да өзінше жаңалық енгізуді ойлады. Барлық өлеңдеріне емес, кейбір өлеңдерінің буын санына қарай отырып, Мағауин мысал келтірген «трат-тат-тат» деген секілді ұйқас буындар арқылы өзгеріс енгізді.

Тарихқа – тарих көзімен қарау керек. Сол уақыттарда Сәкенннің бұл жаңалығы, жазба әдебиеті енді қалыптасып келе жатқан жаңа замандағы қазақ әдебиетінде – үлкен жаңалық ретінде қабылданды.

НЭП уақыты – Кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихының ең жұлдызды, бақытты дәуірі еді. Бұл кезеңде жер – шаруаға, завод-фабрика – жұмысшыларға, билік – Кеңеске беріліп, ұлтшыл деп танылған буржуазияшыл «Алашорда партиясының» мүшелеріне 1919 жылдың 6 сәуірінде Лениннің қол қойған жарлығымен кешірім жасалғандықтан, партия көсемі Әлихан Бөкейхан ғана Мәскеуге жер аударылып, Ахмет Байтұрсынұлы Қазақстан Халық-ағарту комиссары, М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедов, С.Асфендияров секілді Алаш зиялылары тарих, әдебиет, медицина ғылымдары саласында жұмыс жасап, Жүсіпбек «Психология», Мағжан «Педагогика» ғылыми еңбектерін жазып, Қ.Сәтпаев «Алгебра», Қ.Кемеңгерұлы «Химия» оқулықтарын жазған уақыты.

Бірақ, бұл «бақытты НЭП кезеңі» 1921-28 жылдар арасында ғана болды. 1928 жылы Сталиннің бұйрығымен ауқатты адамдар «бай» атауымен жаппай кәмпескеге ұшырап, зорлықпен ұжымдасқан колхоздар құрылып, сталиндік репрессия машинасы іске қосылды да, 1937 жылы сол машина толық күшіне енді.

Ұлт зиялылары бірінен соң бірі ұсталып, халық жаппай қырғынға ұшырап, өзінің де басына қауіптің қара бұлты төніп тұрғанда «Советстан, біздің стан...» деп жырлайтындай Сәкен адами сезім атаулыдан жұрдай мәңгүрт емес еді ғой.

Егер, Сәкен М.Мағауин тілімен айтқанда «дарынын сатқан, ұлттық идея жұқпаған адам» болса, ол өзі сабақ беретін Қазақ Педагогикалық институтындағы (КазПИ) қазақ студенттері үшін 1925 жылы «Қазақ әдебиеті» деген ғылыми-монографиялық оқулық жазар ма еді?

Осы оқулығының алғы сөзінде Сәкен: «Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеушілер Радловтың, Диваевтің, Мелиоранскийлердің жаңылыстары (қателіктері Н.М.) тым көп. Сондықтан, қазақ әдебиеті туралы бірдеме жазу, ескі ел әдебиетін іздеп, құрастырып, жинастыру өте қажет екендігі соңғы жылдары қатты сезіледі», – дейді. (С.Сейфуллин. Шығармалар жинағы. Алматы –1964). Сондықтан да болар, ол ішіндегі ескі әдеби нұсқаларды жинастыру мақсатында, ел ішіндегі белгілі адамдарға «сауын» айта отырып, түрлі ғылыми экспедициялар ұйымдастырды. Соның нәтижесі – «Ескі әдебиет нұсқалары» хрестоматиясын 1931 жылы құрастырып, сол жылы Қызылорда қаласында баспадан шығарды. Салыстырмалы түрде айтсақ: А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» – 1926 жылы баспадан шықса, Сәкеннің «Қазақ әдебиеті» зерттеу еңбегі 1925 жылы, Байтұрсынұылың «Әдебиет танытқышынан» бір жыл бұрын жарық көрді. Меніңше, екі автордың да ұстанған мақсаты біреу болды. Ол – өз ұлты қазақ халқын ертерек өркениетті ұлттар қатарынан көру еді.

Сәкен өзінің «Қазақ әдебиеті» еңбегінде «Ноғайлы дәуіріндегі әдебиет нұсқаларына» тоқтала отырып, Асан Қайғыны – Асан атымен атап, Қазтуған, Шәлгез жыраулар атын атай отырып, Мұрат секілді ақындардың шығармаларын сөз ете келе, халық ауыз әдебиетін қазақ тарихымен сабақтастыра саралаған. Біз сөз басында, Қазақ әдебиеті тарихында Қазтуған, Шәлкез (кейбір деректерде Шалкиіз) жыраулар шығармашылығын зерттеп, белгісіз жыраулар атын алғаш рет Мұхтар Мағауин атады десек те, С. Сейфуллин өзінің 1925 жылы жазған «Қазақ әдебиеті» еңбегінде бұл екі жыраудың атын М. Мағауиннен тура жарты ғасырдай бұрын атапты.

Әрине, Кеңес дәуірінде өмір сүріп, социализм идеологиясына шексіз сенген автор, өз еңбегінде таптық көзқарасын айқын білдірген. Ол кезде қоғамдық ғылымдардағы қандай еңбек болса да, таптық көзқарастан тыс жазылмайтын. Мұның жарқын мысалы ретінде, алдынғы тарауларда айтып өткен М.Әуезовтің Асан Қайғы туралы айтқан екі түрлі пікірін еске алсақ та жетеді.

Қалай десек те, Сәкеннің 1925 жылы жазған «Қазақ әдебиеті» монографиялық оқулығы мен 1931 жылы жазған «Ескі әдебиет нұсқалары» еңбегі – күні бүгінге дейін  өздерінің құнын жоймаған аса бағалы ғылыми еңбектер.

«Фарс» жоқ әлде «тағдыр тәлкегі»? Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы бойынша 2014 жылы, Алматы қаласы, «Әдебиет әлемі» баспасынан жарық көрген «Классикалық зерттеулер» көптомдығының 25  томындағы «Қазақтың жыраулық мұрасы» бөлімінде Сәкеннің «Билер сөзі» және «Ноғайлы дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары» еңбегі мен Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» ғылыми монографиясы бірге басылыпты.

Бұл деген, Сәкен де ұлт тарихы мен әдебиеті үшін Мұхтар Мағауин секілді еңбектенді деген сөз. Мүмкін, керісінше... М.Мағауин де С.Сейфуллин секілді ұлт тарихы мен әдебиеті үшін еңбектенді... Тек, Сәкеннің Мұхтардан айырмашылығы Сәкен Мұхтардан көп бұрын, 1925 жылы «Қазақ әдебиет» деген ғылыми-монографиялық еңбек жазып, Қазақ әдебиеті ғылымынң бастауында тұр.

Ақын Мағжан Жұмабаев өмірін көп зерттеген белгілі қаламгер Жайық Бектұровтың «Тағдыры қиын талант» (Бес Арыс. 305-344-бет. Естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалар. Алматы, «Жалын» – 1991) атты зертеу еңбегіне қарағанда, Сәкен 1936 жылы, соның алдында ғана қиыр солтүстіктегі Архангелскідегі Карелиядан айдаудан қайтқан Мағжанды Алматыға Үкімет арқылы шақыртып, оны күтіп алып, үйінде қонақасы беріп, құрметпен қарсы алған. Түрмеден енді босап шыққан Мағжанға қаржылай жәрдем, пәтер тауып беріп, жұмысқа орналасуына көмектесіп, оған аударма бергізіп, қаражат табуына мүмкіндік жасаған. Екі ақынның ертеректегі студенттік шақтары мен өмірлерінің Омбы кезеңіндегі жеке қарым-қатынасы жақсы болған еді деп айта алмаймыз. Соған қарамай, Сәкеннің таршылықта жүрген Мағжан ақынды Үкімет, Жазушылар Одағы арқылы шақыртқызып алуға ықпал етіп, оған жан-жақты көмек көрсетуі – адамгершілік һәм ұлт әдебиетінің болашығын ойлау деген сөз. Ол қазақ әдебиетіндегі Мағжанның орнын жақсы түсінген. Тек Мағжанның ғана емес, Ахмет Байтұрсынұлының да ұлт мәдениетінде алатын орнын, Сәкен жақсы білді. Білмесе, 1923 жылы, өзі Совнаркомның төрағасы болып тұрған кезінде, Ахмет Байтұрсынұлы елуге толғанда, Ахметтің ұлтқа сіңірген, ұлт алдындағы еңбегін түгел атап, «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды («Еңбекші қазақ» газеті №64 1923жыл)» деген мақала жазар ма еді? Сәкеннің осы аталған мақаласына қарсы «Степная правда» газетінде Ахмет Байтұрсынұлын ұлтшыл деп қаралаған А.Әйтиевтің «Фактические поправки» атты мақаласы басылады. Дәл осы «Степная правдаға» Сәкен Ахметтің ұлт алдындағы қызметін атай отырып, А.Әйтиевке қарсы «Түзеткенге түзету» атты орыс тілінде мақала жазады. Сәкеннің бұл мақаласын «Степная правда» баспаған соң, қазақ тілінде Ахмет Байтұрсынұлының ұлт алдындағы қызметін екінші рет атай отырып, «Еңбекші қазақ» газетіне «Тағы да Ахмет туралы» деп Әйтиевке жауап мақала жазған.

Сәкен туралы Мұхтар Әуезовтің бел шәкірті, белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхаммедханов өзінің «Шәкәрім» атты ғылыми зерттеу еңбегінде: «Шәкәрімнің «Ләйлі – Мәжнүн» поэмасын 1934 жылы Сәкен Сейфуллин бастырып шығарды», – деп жазады. (Бес Арыс. 39-бет. Естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалар. Алматы, «Жалын» – 1991)

Ойлап қараңыздаршы, Абайдың туысқан іні-шәкірті, жан-жақты өнер иесі, қазақ халқының аса талантты философ – ақыны Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын Сәкеннің баспадан жарияға шығарған уақыты – 1934 жыл. Осы уақыттан үш-ақ жыл бұрын яғни 1931 жылы – Совет өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастырған бандылардың бастығы, байдың ұрпағы, өзі қажы деп оққа байланып, «халық жауы» аталған Шәкәрім ақынның поэмасын өміріне қатер төнсе де, басын бәйгеге тігіп жарияға шығарып берген Сәкенді, қалайша ұлттық идеядан жұрдай болып, «махұрым қалған еді» дейміз?

Тек бұл емес, Сәкен ұлттық байлығымыз – халық ауыз әдебиеті нұсқаларын жинауға белсене ат салыса отырып, өзі Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болған 1920-25  жылдары кеңсе іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге барынша күш салды. Бұл іс сол тұста біршама алға жылжып, кейіннен Қазақстанды Голощекин басқарған тұста қайтадан кері кетті.

Меніңше, Сәкеннің ұлт алдындағы ең басты қызметтерінің бірі, ол – жазба құжаттардың бәрінде де «киргиз» аталып кеткен қазақ ұлтының тарихи атауын өзіне қайтаруға барынша күш салуында еді.

Сәкен 1922 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты мақала жазады. Жалпы, Сәкен бұл мәселені өзі Қазақстан Халық Коимссарлар Кеңесінің төрағасы болып тұрған 1920-25 жылдары күн тәртібінен түсірмеген секілді.

Ресей империясына бодан болған ХVIII ғасырдың бірінші жартысынан бастап, барлық құжаттарда, тіптен, өздері қазақ халқынан шыққан ұлт ғалымдары бола тұра, өз ұлты – қазақ халқы туралы ғылыми еңбек жаза отырып, өздері де өз ұлты қазақ халқын «киргиз» деп атауға мәжбүр болған Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Ә.Бөкейхандар арманы орындалып, Совнарком Сәкеннің қатты күш салуымен, 1925 жылы бұрын «киргиз» аталып жүрген қазақ халқына, өздерінің тарихи қазақ деген атауы қайтарылып берілді.

Ол социализм идеяларына сенді де, халқы үшін Кеңес өкіметіне адал қызмет етті. Сенімі үшін адамды кінәлау, бұл – адамгершілік идеяларына қайшы ұғым.

Қазақ әдебиетінің алыптары Шәкәрім, Мағжан, Ахмет Байтұрсынұлының ұлт әдебиеті алдындағы еңбектерін ескеріп, қолдан келгенше олардан бар жақсылығын аямаған,  «Ескі әдебиет нұсқаларын» құрастырып және «Қазақ әдебиеті» деген ғылыми оқулық жазған, кеңсе іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге барынша күш салып, ресми құжаттарда «киргиз» аталып кеткен, өз ұлты қазақ халқының тарихи есімін өздеріне қайтарып беру жолында білімі мен күш-жігерін аямаған Сәкендей асыл азаматты біз қалайша «дарынын сатты», «ұлттық идея әуелден жұқпаған» деп айта аламыз?! Меніңше, бұл жерде М.Мағауин қатты қателесті. Тек бұл жерде ғана емес, ол Шыңғыс Айтматов туралы да қаттырақ айтып, қателікке жол берді.

Ол Ш.Айтматов туралы былай дейді: «...әлде бір заманда Әулие-Атада зооведтехникум бітірген, Қазақ әдебиетінің арқасынада қатарға қосылып, қазіргі қазақ қаламгерлерінің бар нәрін сорып отырған, орысша біліп, опасыз заманның орайын тапқан, үкіметтің қолпаштауымен үлкен дәрежеге жеткен, шала сауатты аталас жазарманның аузына қараған біздің қауым өз өрісін өзі тарылтып қана отыр. Оның да дабырасы өтер, біз де дүниеден кетермеіз «ойбай бауырымға» жетерміз, келесі буынның алдынан әлде тараншы, әлде сарт, тағы бір «Адамзаттың Атасы» тартылмасына кім кепіл?», – дейді. («Мен» 360 - бет)

Көркем әдебиет стилінде де, публицистикалық стильде де алдына қара салып, ешкімге дес бермейтін М. Мағауиннің соңғы сөйлемін мүлдем түсінбедік. «... келесі буын» – дейді. Әр заманның өз сұрқылтайы бар. Қазіргі мәселе ол туралы емес.

«Әулие-Атада зооветтехникум бітірген», «аталас жазарман», «Адамзаттың Атасы» деуіне қарағанда әңгіме өзегі – Шыңғыс Айтматов.

Автор Шыңғыс Айтматовты «опасыз заманның орайын тапқан», «үкіметтің қолпаштауымен үлкен дәрежеге жеткен», – деп айыптайды.

Меніңше, Шыңғыс Айтматов «опасыз заманның орайын тапқан» жоқ. Автордың айтып отырған «опасыз заманы» – Кеңес өкіметі кезеңі болса, Шыңғыс Айтматов дәл осы Кеңес өкіметінің: «социализмді мадақта», «соның жетістіктерін жырла», – дейтін «социалистік реализм» деп аталатын әдеби үрдістен бойын аулақ салып, тысқары тұрды. Шыңғыс Айтматов бірде-бір шығармасында социалистік құрылысты мадақтамапты. Айтматовтың ең алғашқы көлемді шығармасы «Қашқын», кейінгі атауы «Бетпе-бет» – Ұлы Отан соғысынан қашқан совет жауынгері туралы болса, кезінде Луи Арагон «Махаббат туралы ұлы поэма» деп бағалаған «Жәмилә» повестінің бас кейіпкері Жәмилә – соғысқа кеткен күйеуін күтпей, сүйгенімен қашып кеткен келіншек  болатын.

Кезінде «Жәмилә» повесті туралы «Не деген сұмдық? Отанын қорғап от кешіп жүрген Совет жауынгерінің жары, азаматына опасыз болып шықты! Социалистік Отанымызда осындай жағыдай болуы мүмкін бе? Гүлденген социализмде Жәмилә бейнесі кімге үлгі? Жазушы әдебиетіміздің социалистік реализм бағытынан неге ауытқиды?», – деген секілді дауды қырғыз ағайындардың өздері бастаған болатын. Кейіннен бұл дауды Шыңғыстың жазушылық талантына сеніп, болашағынан үлкен үміт күткен біздің Мұхтар Әуезов Одақ көлеміндегі өзінің үлкен беделін сала отырып, басқандай болған. Әуезовтен соң, халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты, француз жазушысы Луи Арагонның Европа баспасөздерінде Ш. Айтматовтың «Жәмиләсін» «Махаббат туралы ұлы поэма» деп бағалаған мақаласынан соң, Шыңғыс социализм сыншыларының солақай сынынан құтылып, «Жәмилә» әлем тілдеріне аударылып, өз оқырманын тапты.

Кеңестік социализмде айтуға болмайтын тақырыптарды қозғаған бұл екі шығарма – бірі Отан соғысынан қашқан сатқын туралы, екіншісі, майдандағы күйеуі – Совет жауынгерін тоспай сүйгенімен қашып кеткен «опасыз келіншек» туралы болса да, кәдімгі өмірдегі әділет пен гумманизмді һәм махаббат бостандығын жырлаған шынайы шығармалар болатын.

Ал, енді Кеңес дәуіріндегі орман қорықшысының отбасы суреттелетін Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесінде» орман қорықшысы «отбасылық диктатор» – Оразқұл мен оның айналасындағылар табиғатқа ғана экологиялық апат әкеліп қоймай, өздері де «рухани экологиялық апатқа ұшыраған Совет адамдары еді». «Қош бол, Гүлсары!» повестіндегі Гүлсары тұлпар да, «Гүлсары» есімді аттың адам бейнесіндегі прототипі іспеттес Танабай да Кеңестік дәуірдің әміршіл-әкімшіл жүйесінде өмірлері қор болған қос мұңлық болса, «Жанпиданың» (Плаха) бас кейіпкерлдерінің бірі Базарбай – социализмдегі «барлық адамдар бірдей жұмыс жасап, бірдей өмір сүруге тиіс» дейтін социализмің өзінің түбіне жеткен «теңгермешілік» заңына өмір бойы қарсы болып, ақырында өзі осы заңдылықтың адамдар арасындағы қаскөй нәтижесінің құрбандығына айналған трагедиялық бейне. Дәл осы «Жанпидада» автор Кеңестік социализмге жат құбылыс деп есептелінетін нашақорлық пен наркомафияны, айтуға болмайтын тақырып – дін мәселесін де сөз етеді.

«Жанпида» – «Плаха» деген атпен орыс тілінде жазылған шығарма. Өлімге кесілген адамның басы шабылатын дөңбек ағашты орыс тілінде – «плаха» деп атайды. Өлім алдындағы адамның соңғы рет көретіні де осы – «плаха» дөңбегі. Социализмдегі Кеңестік жүйені іштен шіріткен ең күрделі мәселелерді реалистік тұрғыда шынайы суреттеген жазушы, бұл – социализмнің соңғы тынысы дегендей, социалистік құрылысты сынаған шығармасының атын «Плаха» деп атапты.

Шындығына келгенде, Кеңестік дәуірдің келеңсіз жақтарын Шыңғыс Айтматовтай сынаған бірде-бір Совет жазушысы болған жоқ.

Терең философиялық ойға құрылып, ғұмыр жүзіндегі адамдар арасындағы қарым-қатынас шынайы психологиялық тұрғыдан суреттелгендіктен болар, Айтматов шығармаларындағы қоғамдық сыни ойларды біреу түсінді, біреу түсінбеді. Бұл енді әркімнің пайым түсінігіне байланысты мәселе...

Кеңестік дәуірдегі социализмнің қатал сыншысы болған Ш. Айтматов, қандай шығарма жазса да шынай өмірдегі кәдімгі қарапайым адамдар туралы жазды һәм жеріне жеткізе жазды.

Ш. Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетінде» ұрпақ сабақтастығы мен ұрпақ жалғастығы үшін болған «тіршілік үшін күресі» суреттелсе, «Кассандра таңбасы» мен «Ғасырдан ұзақ күнде» – өткені мен тарихын, тілі мен ділін ұмыттыру арқылы, тек адамдар арасындағы ғана емес, мемлекеттер арасындағы да күштілердің әлсіздерге жүргізетін «мәңгүрттендіру» саясатының түп негізгі ақиқат шындығын ашып көрсетеді. Бұл аталмыш шығармаларында Айтматов нәсілі мен тегіне, көзінің түсі мен діни наным-сеніміне қарамай, күллі адамзатқа ортақ өзекті мәселелерді терең философиялық иірімдер арқылы сөз етеді. Мүмкін, сондықтан да Шыңғыс Айтматов – «Адамзаттың Айтматовы» деп аталған болар.

Қателеспесем, шығармаларында көтерген адамзаттық құндылықтардың әлемдік деңгейдегі мәселелері үшін Шыңғыс Айтматовты алғаш рет  «Адамзаттың Айтматовы» деп атаған, белгілі әдебиет сыншысы, фольклорист ғалым, М. Мағауин өзінің «Менінде» «ұлтшыл тұлға» деп баға берген Рахманқұл Бердібаев ағамыз болатын. Аузы дуалы екен. Адамзаттық өзекті мәселелер айтылған жерде Айтматов есімі қатар аталып жүр. Бір сөзбен айтқанда, Шыңғыс Айтматовты «Адамзаттың Айтматовы» деп көкке көтерген де өзіміз, «Адамзаттың Атасы» деп кекетіп жүрген де өзіміз. Біз қалай атасақ та, шығармалары арқылы әлемдік деңгейге көтерілген Шыңғыс Айтматовтың біз айтқан түрлі пікірлер үшін «қылшығы қисаяды екен» дегенге өз басым сене қоймаймын. Себебі, шығармалары арқылы «Жердің тартылыс күшінен» шығып кеткен Айтматов, бізге тым биіктен қарап тұр.

Жоғарыда айтып өткен «Мәңгүрт» дегеннен шығады, Айтматовтың «Ғасырдан ұзақ күніндегі» мәңгүртті сөз еткенде, кейбіреулердің: «Айтматов мәңгүртті біздің Әбіш Кекілбаевтан алыпты», – деген қауесет сөзі еске түсіп отыр. Тек бұл ғана емес, Шыңғыс Айтматов өз шығармалар сюжетіне ауыз әдебиеті үлгілерін пайдалануды да қазақ жазушыларынан үйреніпті, – деген түрлі қауесет әңгімелер «Ешкі жетектеген екеудің» тұсында өріс алған-ды.

М. Мағауиннің Ш. Айтматов турасында: «... Қазақ әдебиеті арқасында қатарға қосылды... қазіргі қазақ қаламгерлерінің бар нәрін сорып отырған», – деген («Мен» 360 – бет) сөзі осы орайда айтылса керек.

Рас, Ш.Айтматов өз шығармаларына ауыз әдебиеті (фольклор) үлгілерін сюжет орайына қарай ғажайып түрде, тігісін жатқыза үйлестіре білген тамаша жазушы. Бірақ, бұл әдебиетте Ш. Айтматов ойлап тапқан, немесе, Ш. Айтматовтың «қазақ жазушыларынан үйренген» тың тәсілі емес.

Белгілі бір халықтың ауыз әдебиеті үлгілерін немесе көктен түскен қасиетті кітаптар: «Таурат», «Забур», «Інжіл» мен «Құран Кәрімнен» алынған белгілі сөздер мен сюжетті өз шығармаларында суреттелетін оқиға орайына қарай үйлестіре кірістіру – көне Грек  әдебиетінен басталып, бүгінгі таңдағы Әлем әдебиеті тарихында бұрыннан келе жатқан қалыпты әдеби үрдіс.

XX ғасырдың 20-30 жылдарында жазылған М. Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» (Мастер и Маргарита) тіптен, одан арырақта өмір сүрген Достоевский шығармаларында «Інжілден» алынған сөздер мен сюжеттер молынан ұшырасады.

Ш. Айтматовтың «Бұғы ана» туралы аңызы баяндалатын «Ақ кеме» повесті – 1970 жылы алғашқыда «Новый мир» журналында, дәл сол жылы Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан жеке кітап болып басылып шығыпты.

Ал, қазақ жазушылары ішінен «Адам-Ата мен Хауа-Ана» туралы мифологиялық аңызды бүгінгі күн турасындағы өзекті мәселелер бағдарында бірінші болып пайдаланған Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнар» романы Алматы қаласы, «Жазушы» баспасынан 1972 жылы жарық көрді. Санамалап келгенде «Бұғы ана» аңызы баяндалатын Ш. Айтматовтың «Ақ кеме» кітабы, М. Мағауиннің «Адам-Ата мен Хауа-Ана» аңызы айтылатын «Көк мұнарынан» екі жыл бұрын жарық көрген екен. Сонда, «...кімнен кім үйреніп, кімнің нәрін кім сорған» болып шығады?

Енді Ш. Айтматов Әбіш Кекілбаевтан алыпты деген «мәңгүрт» хақында.

Ақиқатына келгенде, Әбіш Кекілбаевта «мәңгүрт» образы жоқ. Мәңгүрттер туралы бір ғана эпизодта айтылатын Әбіш Кекілбаевтың «Күй» повестінде; қолға түскен тұтқындарды құлақ кесті құл – мәңгүртке айналдыру үшін, олардың тақыр бастарына жас сойылған түйенің мойнағын қаптап, ыстық күнде жиырыла кепкен түйе мойнағын тесіп өте алмай, кері өскен шаш басын бұрғылап тескендей болған тұтқындардың жаназабы – қолға түскен тұтқын көзімен әдебиеттегі баяндау стилінде суреттелген. Бар болғаны осы. Одан арғы мәңгүрттердің өмірі Әбіш повестінде суреттелмейді. Сондықтан да, Әбіш повестінде мәңгүрт образы жоқ. Айшықтап, мәңгүрт образын жасап, сол өзі жасаған мәңгүрт бейнесі арқылы белгілі бір идеялық ой айтуды, Әбіш Кекілбаев өз шығармасында мақсат етпеген де секілді.

Ал, Ш. Айтматов «Ғасырдан ұзақ күнде» мәңгүрт бейнесі арқылы терең философиялық тұжырымдар жасай отырып, түрлі тәсілдер арқылы күштінің әлсізге жасайтын қан-қасап, қаскөй зорлығы – мәңгілік құлдық өмір мәңгүрттікті суреттеп, мәңгүрт образы арқылы әлемдік деңгейдегі «мәңгүртизм» терминін қалыптастырды. Жазушының түрлі ақпарат құралдарына берген сұхбатына қарағанда, ол мәңгүрт туралы алғаш рет алпысыншы жылдардың бас жағында белгілі Манасшы Саяқбай Қаралаевтан естіген.

Бір тақырыпты бір мезгілде екі адамның бірдей жазуы – әдебиет тарихында жиі болмаса да, ұшырасып тұратын жағдай.

Ұзаққа бармай-ақ, кешегі Кеңестік дәуірдің сексенінші жылдарында жарық көрген орыстың белгілі жазушысы Валентин Распутиннің «Живи и помни» повесті – елуінші жылдарда жарық көрген алғашқы да «Қашқын» кейіннен «Бетпе-бет» боп өзгертілген Ш. Айтматов повестінің сюжетін де, идеясы мен тақырыбын да, тіптен, шығарма мазмұнындағы кейбір эпизодтарды да айна-қатесіз бірме-бір қайталайды. Ш. Айтматовтың «Бетпе-беті» Распутиннің «Живи и помни» повестінен ширек ғасырдай уақыт бұрын жарық көрсе де, Ш. Айтматов: Распутин менің шығармаларымның тақырыбы мен идеясын қайталады, немесе ұрлады, – деп шу көтерген жоқ. Распутиннің «Живи и помни» повесті жарық көргеннен кейін ақпарат құралдарында берген барлық сұхбатында, мұндай жағдай әдебиетте бола береді деп, Ш. Айтматовтың өзі В. Распутинді қорғаштағандай болған.

Ал, біз бір-біріне мүлдем ұқсамаса да, «мәңгүрт» деген атауына бола, талдап, дәлелдеп, байыбына бармай жатып: «... ойбай, Шыңғыс Айтматов Әбіш Кекілбаевтан көшіріпті», – деп, жарияға жар салдық. Ыңғайсыз жағдай ғана емес, ұяттау тірлік болды...

Жазушы М. Мағауиннің «Менін» талдаған соң Мағауин-Айтматов қарым-қатынасына соқпай кету мүмкін емес. Себебі, сонау 2002-2003 жылдары М. Мағауиннің Ш. Айтматов пен М. Шаханов туралы жазған «Ешкі жетектеген екеу» атты мақаласы көпшіліктің есінен әлі шыға қойған жоқ.

М. Шаханов – қай кезде де ісі мен сөзі бір жерден шыққан, биік мінбелерден ұлттың тілі мен ділін қорғаған қазақтың бітуар дарынды ақыны. Айтқан пікірімізді дәлелдеп жатудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Бұл  – анық дүние!

Дәл қазіргі мәселе М. Шаханов емес, Мағауин мен Айтматов турасында. Сөз басында айтқанбыз, тағы да қайталаймыз: М. Мағауин пенде ретінде сүрінсе, дәл осы «Ешкі жетектеген екеудің» тұсында сүрінді. Кез-келген жазушының екі қыры бар. Бірі – жазушылық, екіншісі – пенделік. Жазушы жазу столында отырғанда ғана жасампаз суреткер (творец). Жазуын тоқтатып, жазу столынан көтерілді бітті, ол – пенде. Ұлт тәрбиешісі санашыл-зияткер болғандықтан болар, қалың көпшілік жазушы бойынан пенделікті көргісі келмейді. Зәуде бір пенделігі біліне қалса, оған үлкен қызығушылықпен, тіптен басқаша көзбен қарай бастайды. Осындай себептерге байланысты болса керек, Мағауин және Айтматов-Шаханов арасындағы кезіндегі дау – қалың көпшілік арасындағы түрлі пікірлерге себеп болды.

Мен үшін Айтматов пен Мағауин қарым-қатынасы түк те қызық емес. Дәл осындай қарым-қатынасқа әлем өнер тарихындағы мәдениет қайраткерлері арасында мысал жетерлік. Моцарт пен Сальериді айтпай-ақ қояйын. Себебі, Сальери өз заманында Моцартқа қарағанда таланты басым музыкант болып есептелген дейді. Алайда, бүгінгі ұрпаққа  сол кезде Сальериден таланты төмен болып есептелінген Моцарт шығармалары жетті.

Айтматов пен Мағауин қарым-қатынасы – XVI ғасырдағы Еуропа «Қайта өрлеу»  дәуірінің ұлылары «Давид» пен «Тікенін алып отырған бала» туындыларының авторы итальян мүсіншісі Микеланджело мен кескіндеме өнерінің қайталанбас құбылысы, «Мона Лиза» (Джаконда) мен «Тайная вечерня» секілді туындылардың авторы Леонардо да Винчи немесе ағылшынның ұлы драматургы Шекспир мен данышпан жазушы Лев Толстой қарым-қатынасын еске түсіреді.

Мүсінші Микеланджело қызу мінезді, бейпіл ауыздау адам болса керек. Леонардо да Винчиді көрген жерде аузына келгенді айтып, жеке намысына тиіп, дәлелі болмаса да «сен қызтекесің» (голубой, гей) деген сөздерді айтатын көрінеді. Ал, да Винчи болса Микеланджелоны «тас қашаушы» деп кекетеді екен. (Еңбегі көп, ақысы аз тас қашаушылар жұмысын, ол кезде төменгі таптан шыққан адамдар ғана атқаратын көрінеді.)

М. Горький өзінің Чехов туралы естелігінде: «Бірде А. П. Чеховпен бірге Толстойдың үйінде түстендік. Дастархан басында Толстой тек Шекспирді жамандаумен болды», – дейді. Кейін мен үйден шыққан соң Чеховтан:

– Неге біздің шал (Толстойды айтып отыр Н. М.) Шекспирді соншалық жек көреді?, – деп сұрағанымда, Чехов:

– Өзің ойлашы, әлем әдебиетінде біздің шалмен қатар, иық теңестіріп Шекспирден өзге кім тұра алар еді? Өзімен қатар, иық тірестіріп, теңесіп тұрған адамды ешкім де жақсы көрмейді, – деп жауап берді дейді А. П. Чехов.

Меніңше, Мағауин мен Айтматов арасы да осыған ұқсас әңгіме. Сондықтан да, Мағауиннің Айтматов туралы айтқан «пенделік» сөздері, менің қызығушылығымды еш уақытта оятқан емес. Мен Мағауинді жазушы һәм ұлт тарихын түгелдеуші бірегей ғалым ретінде құрметтесем, Айтматовты жазушы ретінде аса жоғары бағалаймын. Тарихта кімнің қандай орын аларын алыс болашақ қана айқындаса керек.

Сондықтан да болар, М. Мағауин өзінің «Менінде»: «Ұлт үшін еңбек ет – ең үлкен үлгі осы дейді.» («Мен» 360-бет)

Алтыншы бөлімнің соңы

Жалғасы бар

Нұрғали Махан

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 864