Сәрсенбі, 4 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 3072 18 пікір 4 Қараша, 2024 сағат 14:10

Қазақ қашан Ұлттық мемлекетке айналады?

Сурет qazdauiri.kz сайтынан алынды.

Қазіргі күндері еліміздегі қазақтардың саны жыл санап өскен сайын қазақ тіліндегі телеарналардың саны кем соғып жатыр. 

Қазақ мәдениетін, өнерін, ата тарихымызды, сонымен қатар, ұлттық әдебиетімізді ел арасында насихаттау үшін республика аумағында тек қазақ тілінде сөйлейтін телеарналардың санын қалайда көбейтуіміз қажет. Бұны соза берудің керегі шамалы. Әйтпесе, қазіргі өсіп келе жатқан жастарымыз өзге елдің тілі мен мәдениетінің шылауында кетіп бара жатыр. Қазақ  мемлекетінің алдағы болашағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету күн тәртібінде тұруы тиіс. Күнде «ертең» деп жүріп, уақытты өткізіп аламыз.

Қазіргі заманның саяси соғысы тілге ауысып бара жатыр. Қай мемлекет күшті болса, қасындағы әлжуас елдердің алдымен ұлттық тілдеріне ауыз салады. Күштінің идеологиясы – қарамағындағы немесе құрамындағы, сондай-ақ, айналасындағы елдердің тілін жоғалтса, ол ұлттардың дәстүрі де, салты да, ата-бабасының тарихы да әдірем қалатынын біледі. Халықтың ұлттық болмысы  жоғалатын болса, ол екінші үстем ұлттың құрамына кіреді. Біраз уақыт өткен соң, сіңіп те кетуі мүмкін.

Айналамызда ұлттық мемлекеттер - ал біз қашан!?

Мысалы, Ресейдің құрамындағы ұлттарды (кавказдықтарды қоспағанда) алайық: татардан бастап, қалмағы да, башқұрты да, шувашы мен якуты да, өзгелері де ана тілдерін баяғыда-ақ жоғалтқан.

Оларда қайбір дәстур қалды дейсің. Алдағы он-он бес жылдан кейін олар ұлт ретінде жойылуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде оларды ұлт деп санауға да, санасуға да келмейді. Ал, олардың атамекені болып саналатын  аумақтары, толыққанды орыстікі болып есептеледі.

Сол  секілді, қасымыздағы Ұлы Қорған иесінің (Қытай) жүргізіп отырған саясаты да  осы іспеттес. Алдағы отызыншы жылға дейін Шыңжаңда ұйғыр ұлты болмауы да мүмкін. Тілінен, дәстүрінен, дінінен айырылған соң,  ұлттың да құлауы көп қиындық тудырмайды.

Мысалы, Түрік елінің құрамындағы Күрдтердің саны (15-17 миллионның аралығы) көп болғанымен, олардың сол елде ұлт тұрмақ, диаспора болып қалуына да жағдай жасалмаған. Барлығы тек  түрік мектептерінде оқиды. Ұлттық баспасөзі, театры, мәдени орындары жоқтың-қасы және біздегідей саны кем болса да, кейбір ұлт өкілдеріне ұлттық мектептерін, театрларын, баспасөздерін ашып бермейді. Түріктер мұндай жетесіз әрекеттердің, ұлттық мемлекеттің мәңгілік не болмаса ұзақ өмір сүруіне кедергі келтіретінін, шаңырығын шайқалтатынын біледі. Сондықтан, ондай істерге рұқсат етпейді.

Бізге  де осындай саясатқа жақындауымыз керек-ақ.

Мысалы: Қырғыстанда біздің елдегідей ұйғырлардың ешқандай ұлттық мектептері жоқ. Тіпті, ұйғыр тілінде факультативтік дәрістер де жүргізілмейді екен. Мектептерін ашуға рұқсат етілмейді. Не театры, не ауыз толтырып айтарлықтай баспасөзі де жоқ. Ал, бізде мүлде өзгеше. Бұл, еліміздің кеңдігі ме, әлде кемшілігі ме?!

Жалпы, Ұлттық Мемлекет болу үшін, айналамыздағы елдердің жүргізіп келе жатқан саясатына да, олардың Мемлекет Құрушы Ұлт алдындағы жауапкершілігіне де жете көңіл бөліп, тәжірибе алуымыз қажет.

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1116