Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Мәдениет 730 1 пікір 5 Қараша, 2024 сағат 12:43

Қазақстан-Франция: Мәдени әріптестіктің жаңа көкжиегі

Суреттер Ақорда және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің телеграм арналарынан алынды.

Президент Тоқаев ресми сапармен Францияға барды. Париж әуежайында Қазақстан Президентін Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро қарсы алды.

Бұл президент Тоқаев пен президент Макронның үшінші жолығуы. Осыған дейін: 2022 жылы Қазақстан президенті Елисей сарайына барған. 2023 жылы Франция президенті Ақордаға келді.

Ақорда таратқан ақпарға сүйенсек, бұл сапар барысында «сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту» мәселелері талқыланбақ. Сонымен қатар, Қазақстан президенті француз іскер топтарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізетіні айтылған.

Суреттер Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Орталық Азия өңірі – ЕО қол жеткізуге тырысып жатқан табиғи қазбаларға бай. Оның үстіне ОА-ның басты драйвері – Қазақстан инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар ұсынушы мемлекет. Осы жолғы сапар барысында Қазақстанда салынатын АЭС құрылысына деген Франция тарабының ұсынысы та талқы болады деп күтілуде.

Бүгін біз президент Тоқаевтың Францияға жасаған сапары аясында Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени-гуманитарлық әріптестікті кеңейту бойынша атқарылған жұмыстарға азды-кем шолу ұсынбақпыз...

Сурет ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің телеграм арнасынан алынды.

ҚОС МИНИСТР ҚАНДАЙ КЕЛІСІМДЕРГЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ?

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Францияның мәдениет министрі Рашида Датимен кездесіп, мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы бірқатар маңызды келісімдерге қол қойды.

*Кездесу барысында тараптар музейлер және мәдени мұра саласындағы ынтымақтастық ниеті туралы декларациясын, сондай-ақ ҚР Ұлттық музейі мен Гиме музейі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды қоса алғанда, бірқатар келісімдерге қол қойды.

* Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты күшейту және «Courants du Monde» бағдарламасы аясында қазақстандық мамандарға арналған тағылымдамалар ұйымдастыру ұсынылды.

* Сондай-ақ, музей сараптамасы бойынша тәжірибе алмасу, тарихи мұраны сақтау және музей ісіне жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

* Екі елдің министрлері креативті индустрия, оның ішінде, сән саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Аида Балаева этникалық сәнге және оның әлемдік деңгейдегі көрсетіліміне назар аударуды ұсынды.

«Қазақтың тарихи және мәдени мұрасын жаһандық гуманитарлық кеңістікке насихаттау және интеграциялау — мемлекеттің мәдени саясатындағы басымдықтардың бірі», - деді Аида Балаева.

«Біз киноөндіріс саласы, қазіргі заманғы қазақ әдебиетін Францияда және керісінше француз әдебиетін бізде таныстыру, концерттік ұйымдардың өзара іс-қимылы және балалар контентіне қатысты бірлескен мәдени іс-шаралар өткізу мүмкіндіктерін қарастыруымызға болады», - деді А. Балаева.

Сурет ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің телеграм арнасынан алынды.

ӘЙГІЛІ ЛУВР МУЗЕЙІ - МӘДЕНИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КӨКЖИЕГІ

Онан соң ҚР Мәдениет және ақпарат министр Аида Балаева мен Лувр музейінің президент-директоры Лоранс де Кар екі ел арасындағы мәдени жобаларды талқылады.

Тараптар Қазақстан музейлері мен Лувр арасында бірлескен семинарлар мен конференциялар өткізу арқылы тәжірибе алмасу мүмкіндігін талқылады. Ынтымақтастық көрме қызметімен қатар, ғылыми-зерттеу, археологиялық зерттеулер, ғылыми материалдар жариялау және музей ісіндегі тәжірибе алмасу бағыттарын да қамтуы мүмкін.

«Бізді Қазақстанның мәдени мұрасын зерттеу бойынша бірлескен ғылыми жұмысқа қатысты ынтымақтастық қызықтырады. ҚР Ұлттық музейінің жанынан реставрация орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан Лувр музейінің ғылыми, кадрларды даярлау, көрмелер ұйымдастыру бойынша қолдауын алғымыз келеді», - деп атап өтті Аида Балаева.

Министр қазақстандық мамандар үшін мастер-класстар мен тағылымдамалар ұйымдастыру  кәсіби білім алмасу мен Қазақстанда музей ісін жетілдіруде маңызды қадам болатынын атап өтті.

Сурет ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің телеграм арнасынан алынды.

ЮНЕСКО-ҚАЗАҚСТАН: ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ ҚОРҒАУ

Францияға сапар аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ЮНЕСКО Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Эрнесто Оттонемен кездесті.

«Қазақ мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында кітаптарды аудару және бірлесіп шығару саласында табысты ынтымақтастық орнатуға болады. Мен ЮНЕСКО жобаларының, соның ішінде бірге атқарған жобалардың сәтті жүзеге асырылуы үшін барлық күш-жігерімді саламын», - деді А. Балаева.

Тараптар Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы мәдени ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, атап айтқанда, Дүниежүзілік мәдени мұра ескерткіштерін қорғау, материалдық емес мәдени мұраны зерттеу және насихаттау, креативті индустрияларды дамыту мәселелерін талқылады.

Сурет ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің телеграм арнасынан алынды.

«ҚАЗАҚСТАН: ҰЛЫ ДАЛА ЖАУҺАРЛАРЫ»: 3 МЫҢ ЖЫЛДЫҚ МӘДЕНИЕТ ФЕНОМЕНІ

Бүгін Францияның әйгілі Гиме музейінде «Қазақстан: Ұлы Дала жауһарлары» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлем тарихындағы Ұлы даланың үш мың жылдық ерекше мәдени феноменін паш ететін көрмедегі бірегей экспонаттардың маңыздылығын атап өтті.

«Кейінгі жылдары Қазақстан мен Франция арасындағы байланыс артып, жаңа серпін алды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эммануэль Макронның өзара сапарлары екіжақты ынтымақтастықты нығайта түсті. Әріптесім, министр ханым Рашида Дати мен Гиме музейінің президенті, доктор Янник Линтцке осы көрмені ұйымдастыруда көрсеткен қолдауы үшін, сондай-ақ, Гиме музейі ұжымына жоғары деңгейдегі кәсіби біліктілігі мен үйлесімді жұмысы үшін ерекше алғысымды білдіремін», – деді Аида Балаева.

Экспозицияда Қазақстанның Ұлттық музейі мен «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының коллекцияларынан алынған 35 сирек артефакт ұсынылған. Олар Қазақстан тарихының негізгі кезеңдерін паш етеді.

«Музейдің биік миссиясы – өткеннің мәдени құндылықтарын көрсете отырып, заманауи тарихты жасау. Көрмеге қойылған ең құнды жәдігерлер алғаш рет шетелдік көрерменге заманауи, жаңашыл форматта ұсынылып отыр. Бүгін біз жаңа тарихтың – елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың даму тарихының куәсі болып отырмыз», – деді министр.

Көрермендер көшпелі мәдениеттің және мемлекеттіліктің дамуын бейнелейтін құнды мұраларды тамашалай алады, олардың қатарында ғұн-сармат кезеңінен бастап Қазақ хандығына дейінгі жәдігерлер бар. Көрменің ерекшелігі – көрерменге Қазақстан мәдениетінің санғасырлық тарихы мен бай қазынасын терең тануға мүмкіндік беретін иммерсивті мультимедиялық контент.

«Көрмеде Қазақстанның бес «Джокондасы» қойлған. Бұл көрменің идеясы бір жыл бұрын Франция президентінің Қазақстанға сапары кезінде туындады. Оның мақсаты – көрерменге Қазақстан мәдениетін, оның әлемдік тарихта алар орнын таныстыру. Көрме ежелгі тарихтан бастап 18-ші ғасырдағы Қазақстанға дейінгі аралықты қамтыған. Бұл – Қазақстанның пейзаждарын, дыбыстарын, әсіресе, осы өркениеттің бес кезеңін бейнелейтін бес шедеврді немесе шедеврлер ансамблін көрсететін иммерсивті саяхат», – деді Гиме – Азия өнерінің ұлттық музейі директоры Янник Линц.

Көрме 2025 жылдың 24 наурызына дейін жалғасады. 5 қарашада, көрмені Қазақстан мен Франция Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макрон тамашалайды.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036