Жұма, 6 Желтоқсан 2024
Жаһан жаңғырығы 812 16 пікір 5 Қараша, 2024 сағат 15:49

АҚШ-тағы сайлау: Трамп жеңе ме, әлде Харрис жеңе ме?

Коллаж oxu.az сайтынан алынды.

Бүгін АҚШ-та тарихи күн. Президент сайлауы өтіп жатыр. Басты үміткерлер – Доналд Трамп пен Камала Харристің қайсысының бәсі басым түсетінін болжап айту қиын.

Қазірге дейін АҚШ-тың 80 миллионға жуық халқы алдын-ала дауыстарын беріп үлгерген. Олардың қатарында қазіргі президент Жо Байден мен вице-президент һәм президенттікке үміткер Камала Харристе бар. Десе де, дауыс есептеулер әлі басталған жоқ. Сондықтан, ол жайынды кейінірек жаза жатамыз. Әзірге Доналд Трамп пен Камала Харрис кім, олар жүріп өткен саяси жол қандай деген сұрақтарға жауап беріп көрейік...

Сурет hashtelegraph.com сайтынан алынды.

ДОНАЛД ТРАМП КІМ?

Ол АҚШ-тың 45-ші президенті. Кәсіпкер һәм миллиардер. АҚШ саясаты мен бизнесіндегі ең танымал адамдардың бірі.

Саяси мансабы:

1990-шы жылдардың соңында Трамп елдің саяси өміріне белсене араласа бастады. Ол «Республикалық партия» қатарынан шығып, 2000 жылғы президенттік сайлауда өзінің кандидатурасын «Реформалар партиясынан» ұсынып, вице-президент ретінде тележүргізуші Опра Уинфрині таңдаған. Бірақ ол кездеТрамптың жолы болған жоқ. Бірнеше праймеризде жеңгенімен, президенттік жарыстан шығып қалған.

АҚШ президенті лауазымы:

Трамптың жолы 2016 жылғы сайлауда болды. 2016 жылғы қарашада өткен сайлауда Трамп жеңіске жетті. 2017 жылғы 20 қаңтарда ұлықтау рәсімі өтіп, ресми түрде президенттік қызметіне кірісті. Ол кезде Трамптың қарсыласы – демократ Хиллари Клинтон болды.

Трамп 2020 жылғы сайлауда да үміткер болып шықты. Ол жолы «Республикалық партия» атынан додаға кірді. Бірақ, президент Жо Байденген есе жіберді. Ол жеңілісін мойындаған жоқ. Тіпті, өзін жеңімпаз деп жариялады. артынша жақтастарын жинап, ауқымды митингтер өткізді. Бұл тартыстың соңы Капитолийді басып алу ісімен аяқталды. Ол «майданда» бірнеше адам қаза тапты.

Трамп жеңілгенін 2021 жылдың қаңтарында ғана мойындады.

2023 жылы Трампқа қарсы 4 қылмыстық іс қозғалған. Ал осы жолғы президенттік дода кезінде оған кемі 2 мәрте қастандық жасалды. Алғашқысы – 2024 жылдың шілдесіндегі Пенсильваниядағы митинг кезінде оқ атылса, екіншісі – 2024 жылдың қыркүйегінде Флоридадағы гольф клубының маңында қастандық жасалды. Алғашқы қастандық кезінде Трамптың құлағына оқ тисе, екінші қастандықта оған ешқандай залал келмеген.

Сурет novayagazeta.ru сайтынан алынды.

КАМАЛА ХАРРИС КІМ?

Камала Харрис - АҚШ вице-президенті. Ол бұл қызметте істеген бірінші әйел, сондай-ақ, бірінші афроамерикандық һәм үнді-американдық әйел адам. АҚШ президенттігіне «Демократиялық партиядан» таңдалған үміткер.

Камала Харрис Сенатта:

2015 жылы Калифорния сенаторы Барбара Боксер өзінің отставкаға кететінін жариялайды сөйтіп, оның орнына талас басталды. Бұл лауазым үшін күрестің соңғы кезеңіне екі демократ - Харрис пен Лорретта Санчес шықты. Олар «республикашыл» кандидаттарды басып озды. Сөйтіп, 2016 жылы Харрис тарихтағы бірінші үнді-американдық сенатор атанды.

Сенатта Харрис ұлттық қауіпсіздік және үкіметтік істер жөніндегі комитеттің, барлау жөніндегі арнайы комитеттің, сот жүйесі жөніндегі комитеттің және бюджет жөніндегі комитеттің мүшесі болды.

Вице-президент қызметі:

2019 жылы Харрис АҚШ президенттігіне үміткер болды. Ол өзінің кандидатурасын Мартин Лютер Кинг күнінде жариялады. «Мен қоғамды қайта құруға тырыспаймын. Мен адамдарды түн ортасында оятатын проблемаларды шешуге тырысамын», - деді ол.

Бірақ кейіннен Харрис жарыстан шығып, Жо Байденнің кандидатурасын қолдады. Сәйкесінше, Байден Харристі вице-президент ретінде таңдады.

2020 жылдың қорытындысы бойынша «Time» журналы Жо Байден мен Камал Харристің тандемін - «жыл адамдары» деп жариялаған.

Вице-президент ретінде Харрис оңтүстік шекарадағы көші-қон мәселелері, сайлау құқықтарын қорғау және түсік тастау құқығын қорғау сияқты мәселелерге жетекшілік етті.

2024 жылғы президенттік сайлау:

Бастапқыда 2024 жылғы президенттік сайлауға «Демократиялық партиядан» Байден басты үміткер болып қатысқан. Ал Харрис онымен бірге вице-президенттікке сайланады деп болжанған болатын. Алайда 21 шілдеде Байден өз кандидатурасын партия мүддесі үшін алатынын мәлімдеді. Осылайша, «Демпартияның» басты үміткері Камала Харрис атанды және ол қысқа мерзім ішінде Доналд Трамптың көрсеткіштерін қуып жетті.

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1463