Сейсенбі, 3 Желтоқсан 2024
46 - сөз 2480 5 пікір 5 Қараша, 2024 сағат 16:07

Қазақ киносы жайында: Қазақ пен саңырау құр

Сурет qazaquni.kz сайтынан алынды.

Кеше бір елдес ағам ауылға барып қайтқан сапары жайлы әңгімеледі.

Жерлестерінің құрмет көрсеткені ғой, қалалық ағамды құр атуға алып шығыпты. Ағамның аңшылыққа әуестігі жоқ, оның үстіне тышқан мұрнын қанатпайтын мейірбан адам еді. «Тал басында тізіліп отырған құрларды аяп, мылтығымды аспанға қарай атып, оғымды далаға қарай жіберумен болдым», – дейді, – бірақ құрлар қызық «халық» екен, атып жатса ұшпайды, қашан өзіне оқ тиіп құлағанша айналасына бейғам қарап отыра береді екен». Ағам осылай дегенде «Қазақфильде» кеше басталған «қазақ – қалмақ» соғысының әсерінен әлі айыға қоймаған алаң көңілім тіпті алай-дүлей боп кетті. Кезінде мен де атып едім бұл байғұс құсты. Құр атудың өзіндік тәсілі бар. Құрлардың ағаш басына қонақтайтын уағы болады. Сол кезде көлікпен жақын келіп, ең төменде қонақтаған құрдан бастап жоғарыда отырғандарына қарай ата бастайсың. Құрға аса мерген боп керегі жоқ, тек жаңағы тәртіпті сақтасаң яғни төменнен жоғары қарай атсаң болды – топырлатып түсіре бересің. Осылай атқан кезде биікте отырған құрлар төмендегі құрлар неге құлап жатыр дегендей, етекке үңіле бір қарап қойып жайбарақат отыра береді. Осылай өзіне оқ тигенше.

Темір көлік пайда болғалы бір ғасырдай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде құрдан басқа аң, құс атаулы машинадан үркуді, ол алыстан көрінсе қашып кетуді үйренді. Өйткені темір көліктің ішінде ажал оғын себетін екі аяқты «жануарлар» отыратынын олар да біліп алған. Ал саңырау құрлар – жоқ, көкжиектен көлік көрінсе еш назар аудармай отыра береді. Таяп келіп қол созым жерден атып жатса да селт етпейді, «Мыналар жынды ма, неге шырқ үйіріліп құлап жатыр» дегендей төменге бір үңіліп қойып отыра береді.

Бұл жағынан мені қазақ пен саңырау құрдың ұқсастығы қайран қалдырды. Расында солай, төмендегі халық шырылдап жатқанда, жоғарыдағылар міз бақпай қарап отыра береді ғой бізде. Сөйтіп отырғанда өздерінің қалай «атылып» қалғанын біліп үлгермей қалады. Біздің кейінгі үш жүз жылғы тарихымыз – осы саңырау құр синдромына ұқсайды. Биіктегі билік төмендегі халқы қырылып жатса да отыра береді. Соңынан өздері де құрбан болады. Түбінде қазақтың тағдыры осыған келе жатыр. Осылай кете берсе онсыз да кетеуі кеткен мына халық көп ұзамай тобырға айналып азып-тозып бітпек. Өйткені отыз бес жылға созылған рухани деградация өзінің шырқау шегіне жетті. Ел ішінде бас көтерер азаматтар қалмауға айналды. Жұртттың пейілі фанерщиктер мен сайқымазақтардың сосын надан молдалардың үстінде. Есті ерлерін сол сарттардың жолына құрбандық қылып шалуда.

Құндылық біткеннің түк құны қалмады. Жыландай жорғалап жоғарыға жетіп алған біліксіздер мен білімсіздер, ождансыздар мен арсыздар бәрінің түбіне жетіп болды. Мына түрімен кете берсе ертең ел-жерді кім қорғайды? Халықтың рухани сапасы мейлінше түсіп барады. Осылайша рухани тұрғыдан азғындалған халық өзін өзі сақтау инстингінен айырылуда. Екі аяқты «хайуандар» оқ жаудырып қырып жатса да бізді өлтіріп жатыр деп ойламайтын саңырау құрлар сияқты.

«Қазақфильмде» кешегі жаһанды жарып естілген жанұшыра шырқыраған жанайқай осыған келеді. Кеше бір топ киногер бірнеше жылдан бері қорқаулар талауына түсіп, жаннан кешіп жатқан ұлттық киноның өлім аузындағы жанайқайын естіртем деп шырқырай шырылдады. Бірақ қазақ қоғамы тап бір тал басындағы саңырау құр сияқты – естімеді. Өзін сырт көз ұстаған боп, бірақ қызықтап қарап отыр көзінің астымен. Ең сұмдығы – кезек өзіне де келетінін еш сезбейді...

Ерлан Төлеутай

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 857