Бейсенбі, 7 Қараша 2024
Бетбұрыс 163 0 пікір 7 Қараша, 2024 сағат 13:28

Бішкек саммиті өтті: Қандай мәселелер қаралды?

Суреттер Ақорда және ОТГ телеграм арналарынан алынды.

Қырғызстан астанасы Бішкекте сәрсенбі күні Түркі мемлекеттері ұйымының /ТМҰ/ 11-ші саммиті өтті.

Бұл іс-шараға Қырғызстан президенті Садыр Жапаров төрағалық етті, деп хабарлады оның баспасөз қызметі. Саммит тақырыбы "Түркі әлемін нығайту: экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және барлығы үшін қауіпсіздік" деп белгіленді.

Саммитке Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан қатысты.

Өз сөзінде С. Жапаров ТМҰ-ның халықаралық аренада жоғары мақсаттарға қол жеткізуге, өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға және ұйымға мүше мемлекеттер халықтарының өркендеуі үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше мүмкіндікке ие екенін атап өтті.

Саммит қорытындысы бойынша ТМҰ-ның 11-ші саммитінің Бішкек декларациясы, "Түркі жасыл көзқарасы: тұрақты болашаққа бірлік", Түркі әлемінің Жарғысы және Түркі мемлекеттері ұйымының туы қабылданды. Сонымен қатар, Бішкек қаласы 2025 жылы ТМҰ-ның цифрлық астанасы деп жарияланды.

Саммит аясында:

  • ТМҰ-ның азаматтық қорғау механизмін құру туралы;
  • Цифрлық экономика саласындағы серіктестік туралы;
  • Жасыл қаржы жөніндегі Түркі кеңесін құру туралы;
  • Түркі орталық банктер кеңесін құруға;
  • Жерді бақылауға арналған ТМҰ технологиялық спутнигін құру туралы;
  • ТМҰ-ның Үлкен түркі тілдік моделін әзірлеу бойынша меморандумдарға қол қойылды.

ТМҰ-да төрағалық Қазақстаннан Қырғызстанға өтті.

Түркі мемлекеттері интеграциясының қозғаушы күштері қандай?

Түркі әлемінің интеграциясы ‑ Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) арқылы ұсынылды. Бұл түркітілдес елдердің ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған маңызды мүмкіндіктерге ие жоба болып табылады. Себебі, бұл бірлестік түркі елдерін әлемдік саясаттың маңызды қатысушысы етеді. Сонымен қатар, түркі елдерінің интеграциялық процестері Қытай, Ресей және Батыс елдері сияқты ірі геосаяси ойыншылардың саяси шешімдеріне де әсер етеді. Түркілік интеграция осымен маңызды. Енді осы факторларды жеке қарастырайық:

1. Түркі әлемінің интеграциясындағы Қытай факторы

Қытай түркі елдері үшін, әсіресе, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан сияқты Орталық Азия елдері үшін маңызды рөл атқарады. Оның ықпалы Қытайдың экономикалық және стратегиялық бастамаларында айқын көрінеді. Қытайдың осы бағыттағы негізгі саяси құралы – «Бір белдеу, бір жол» жобасы. Ол жоба бойынша Қытай осы аймаққа инфрақұрылым мен логистиканы дамытуға елеулі инвестициялар құюды көздейді. Сол арқылы Қытай Орталық Азияны Қытай‑Еуропа байланысындағы құрлықтық бағыттың маңызды бөлігіне айналдыруды өздеййді.

Бір жағынан, қытайлық қаржыландыру Орталық Азиядағы инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді, ал, бұл аймақтың экономикалық интеграциясын жеделдетеді. Алайда, Қытай өз инвестицияларына тәуекелдер тудыратын жағдайлардан сақтанады. Сондықтан, Қытайдың осы аймақ елдерінде өз ықпалын күшейтуі бұл түркі әлемінің ішкі бірлігін әлсіретуі ықтимал. Өйткені, жекелеген елдер Қытаймен екіжақты әріптестікті күшейтіп, түркі әлемі интеграциясынан тәуелсіз өз стратегиялық автономды саясатын ұстануы мүмкін. Бұл ТМҰ‑ның интеграциялық даму бастамаларын төмендетуі мүмкін.

Екінші жағынан, Қытайдағы этникалық түркілерге, әсіресе ұйғырларға қатысты қатаң бақылау аясаты екі арадағы мәдени және этникалық байланыстарды шектейтін фактор қатарына жатады. Бұл түркі елдерінің Қытайға деген сенімсіздігін арттыруы мүмкін.

2. Түркі әлемінің интеграциясындағы Ресей факторы

Ресей, жақын көрші және Орталық Азиядағы дәстүрлі геосаяси ойыншы ретінде, түркі елдерінің интеграциясына айтарлықтай әсер етеді. ТМҰ-ға кіретін елдердің көпшілігі бір кездері Кеңес Одағының құрамында болған және Ресеймен экономика, қорғаныс және саясат салаларында тығыз байланыстарын сақтап келеді. Ресей Қазақстан сияқты бірқатар түркі әлемі елдерінің ірі сауда серіктесі болып табылады. Сондай-ақ, Ресей Қырғызстан, Өзбекстан және аймақтың басқа елдерінен келген мигранттарға маңызды жұмыс орындарын ұсынушы ел болып табылады.

Екінші жағынан, түркі әлемінің интеграциясының дамуын Мәскеу өз ықпалына қауіп ретінде қарастыруы мүмкін. Әсіресе, Ресей ТМҰ интеграциясының өз ықпалынан тыс экономикалық және саяси байланыстарын кеңейтуге жол ашуы мүмкіндігінен қауіптенеді. Бұл жағдайда, Ресей түркі елдерінің «шамадан тыс автономиясын» тежеу ​​мүмкіндіктерін іздеуі мүмкін. Мысалы, бұл жерде Ресей өз саясатын Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) сияқты өзінің бақылауындағы баламалы аймақтық интеграциялық бастамаларды ілгерілетуді ұсыну арқылы жүзеге асыруды көздейді. Дегенмен, Ресей Орталық Азияның көпвекторлы саясатын қолдауға мәжбүр. Егер, бұл координация Ресей мүдделеріне қайшы келмесе, Ресей түркі әлемінің ішкі үйлесімділігін нығайтуға аса сақтықпен ықпал ете алады.

3. Түркі әлемінің интеграциясындағы Батыс факторы

Батыс елдері, ең алдымен, АҚШ пен Еуропалық Одақ елдері де түркі әлемінде маңызды рөл атқарады. Олар демократиялық реформаларды, экономикалық тұрақтылықты және цифрлық технологияларды дамытуға қолдау көрсетеді. Батыс пен Ресей, сондай-ақ Батыс пен Қытай арасындағы шиеленісе бастаған қайшылық аясында, Батыс елдері Орталық Азия елдерінің осы екі ірі көршісінен тәуелсіздігін нығайтуға мүдделі. Сол себепті, Батыс бұл аймақтағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ынталы.

Түркі елдері сонымен қатар Батыс елдерімен технологиялық және экономикалық әріптестікке мүдделі. бұл олардың экономикаларын жаңғыртуға және әртараптандыруға ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар, Батыс елдері түркі мәдени мұрасын сақтау және түркі тілдерін оқып-үйрену бағытындағы мәдени бастамалар мен жобаларды қолдайды. Алайда, түркі елдері көбінесе тепе-теңдік саясатын ұстануға тырысып, Ресей және Қытаймен тікелей қақтығыстан аулақ бола отырып,  Батыспен байланыстарды нығайту үстінде.

Батыстық инвестициялар мен экономикалық ынтымақтастық ТМҰ шеңберіндегі интеграциялық процестерді, әсіресе, тұрақты даму және цифрлық экономика салаларын күшейтеді. Батыс түркі елдеріне цифрлық және инновациялық технологияларды дамытуда қолдау көрсете алады. Бұл аймақтық интеграцияға ықпал етіп, ресейлік және қытайлық технологияларға тәуелділікті азайтуға көмектеседі.

Жалпы алғанда, Қытай, Ресей және Батыстың түркі әлемінің интеграциясына ықпалы әр түрлі және күрделі. Қытай экономикалық дамуға ықпал етмен бірге, өзінің стратегиялық рөлін нығайтуы – Орта Азия мен Қазақстанда алаңдаушылық тудыруы мүмкін. Ал, Ресей түркі әлемі елдерімен байланыстарды сақтай отырып, қолдау көрсетумен бірге, қысым да көрсете алады. Ал, Батыс елдері экономикалық және мәдени жобалар арқылы демократиялық реформалар мен жаңғыртуды қолдайды. Бірақ түркі әлемі елдері кез келген сыртқы ойыншыға тәуелділіктен аулақ болуға тырысуы қажет. Сондықтан ТМҰ да өздерінің көпжақты саясатын сақталуына мүдделі. Басқаша айтсақ, Түркі әлемі интеграциясы сыртқы саясаттың көпбағыттылығын және ішкі бірлікті сақтауды талап етеді.

Қорытынды қандай?

Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 11-ші саммитінде әрбір қатысушы ел өз ұлттық мүдделерін айқындайтын бағыттар бойынша ұсыныстарын білдірді, әрі ұйым аясындағы өзара ықпалдастық пен ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылды. Түркия, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның бағытын толығырақ қарастырайық.

ТМҰ Саммитіндегі Түркия бағыты

Түркияның Түркі мемлекеттері ұйымындағы бағыты — аймақтағы жетекші мемлекет ретінде өзінің ықпалын арттыру және түркітілдес елдермен көпжақты қарым-қатынасты тереңдету. Президент Реджеп Тайып Ердоған Түркияның ТМҰ-да стратегиялық тұрғыда маңызды рөл атқаратындығын бірнеше рет атап өтті. Түркия үшін ТМҰ — тек экономикалық ынтымақтастық алаңы ғана емес, сонымен бірге мәдени, саяси және әскери байланыстарды нығайтудың да маңызды құралдарының бірі. Түркия, әсіресе, әскери ынтымақтастық және қауіпсіздік саласында өз тәжірибесін бөлісуге мүдделі, аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін өз үлесін қосу ниетінде. Сонымен қатар, Түркия цифрлық экономика, жасыл энергетика және инфрақұрылым жобаларында да белсенді болып, осы бағыттарда түркі мемлекеттерімен бірігіп жұмыс істеуге дайын.

Түркияның басты мақсаттары — Түркі әлемін цифрландыру, экономикалық интеграцияны тереңдету және саяси әріптестікті арттыру. Түркия ТМҰ аясында экономикалық өзара байланыстарды нығайтуға, қаржылық, мәдени және білім беру салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтылады. Түркияның аймақтағы басты бағыты — өзінің геосаяси және экономикалық мүдделерін қорғау, түркі тілдес мемлекеттердің дербестігін қолдау және олардың халықаралық аренадағы ықпалын арттыру. Түркие осы жолы Қырғызстанның 62,3 млн доллар сыртқы қарызын кешірді. Бұл шын жанашырлықтың шынайы белгісі.

ТМҰ Саммитіндегі Қазақстан бағыты

Қазақстанның ТМҰ саммитіндегі бағыты — Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлін нығайту және көпвекторлы сыртқы саясатты жалғастыру. Қазақстан, өз тарихи және мәдени ерекшеліктерін ескере отырып, ТМҰ аясында әртүрлі мәселелер бойынша бірігуге ұмтылуда. Елдің басты мақсаты — Түркі мемлекеттерінің экономикалық интеграциясын тереңдету, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және энергия саласында ынтымақтастықты арттыру.

Қазақстан ТМҰ ішінде өз ықпалын сақтап, халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша белсенді рөл атқаруға тырысады. Ел экономикасында ерекше орын алатын ауыл шаруашылығы мен энергетика саласында түркі елдерімен ынтымақтастықты арттыру маңызды болып табылады. Қазақстан сондай-ақ ТМҰ-ның кең ауқымды геосаяси мәселелерге қатысты бірегей ортақ көзқарас қалыптастыруы үшін жағдай жасауға тырысады. Әсіресе Қазақстанның аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мен стратегиялық сауда жолдарын дамытуға баса назар аударатыны байқалады.

ТМҰ Саммитіндегі Өзбекстан бағыты

Өзбекстанның ТМҰ саммитіндегі бағыты — экономикалық даму мен аймақтық ынтымақтастықты кеңейтуге негізделген. Өзбекстан, соңғы жылдары аймақтағы маңызды экономикалық ойыншы ретінде танылуда, осы бағытта өзінің күш-жігерін ТМҰ аясында да арттыруды көздейді. Өзбекстан үшін ТМҰ-ның маңызы, ең алдымен, экономикалық және энергетикалық салаларда ынтымақтастықты тереңдету арқылы ұлттық дамуды ынталандыруда.

Өзбекстанның басты мақсаттары — көлік инфрақұрылымын жақсарту, жаңа технологиялар енгізу, ауыл шаруашылығында жаңа тәсілдер мен өнімділікті арттыру. Сондай-ақ Өзбекстан ТМҰ аясында саяси және мәдени байланыстарды да нығайтуды көздейді. Өзбекстан үшін ерекше маңызды болып табылатын мәселе — Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда және логистика салаларында жаңа бастамаларды енгізу. Өзбекстан соңғы жылдары аймақтық саясатта белсенді рөл атқарып, оның ішкі нарығын халықаралық нарықтармен интеграциялау саясатын жүзеге асыруда.

ТМҰ Саммитіндегі Қырғызстан бағыты

Қырғызстанның ТМҰ саммитіндегі бағыты — аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық даму мен әлеуметтік бағдарламаларды дамыту. Қырғызстан, өзінің экономикалық жағдайын жақсарту үшін Түркі мемлекеттерімен ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылады. Қырғызстан үшін ТМҰ — тек экономикалық дамудың алға жылжуы үшін емес, сондай-ақ түркі тілдес елдермен әлеуметтік және мәдени байланысты нығайту үшін маңызды алаң болып табылады.

Қырғызстанның басты бағыттары — ауыл шаруашылығын дамыту, цифрлық экономика және жасыл энергия саласында ынтымақтастықты арттыру. Қырғызстан, сондай-ақ, ТМҰ аясында білім беру, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік қызметтер саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Елдің сыртқы саясатының басты мақсаты — халықаралық қатынастарда теңгерімді саясат жүргізу, экономикалық және сауда байланыстарын кеңейту, сондай-ақ Түркі әлемінің бірлігі мен болашағына үлес қосу.

Қорытынды сөз: ТМҰ саммитіндегі әр елдің бағыты олардың ұлттық мүдделері мен аймақтағы стратегиялық мақсаттарына сай келеді:

Түркия өзінің әскери, экономикалық және мәдени ықпалын арттыруға ұмтылса, Қазақстан геосаяси тұрақтылықты сақтап, Орталық Азиядағы көшбасшылығын нығайтуға тырысады.Өзбекстан экономикалық даму мен аймақтық ынтымақтастықты күшейтуге көңіл бөледі, ал Қырғызстан әлеуметтік және экономикалық даму үшін Түркі мемлекеттерімен тығыз байланыстар орнатуды көздейді.

Барлық елдер ТМҰ аясында интеграциялық процестерді тереңдетіп, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүдделі.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1107
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2080
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2075