Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Арылу 11768 7 пікір 11 Қараша, 2024 сағат 12:15

Қазақтың тойы: Бос мақтан, баянсыз дүние...

Суреттер alash.kz, ardak.kz, qarmaqshy-tany.kz сайттарынан алынды.

Автордың тақырыбы: Тойға бармайтын қазақ

Менің бір жақсы жолдасым бар. Жүрген жеріне танымал, жаны қазақ азамат. Қарапайым ауылда туып-өсіп, ауылдың мектебін бітірген, жоғары білім алып, барлық жерде үздік оқып, ғылыми дәреже алған жігіттердің біреуі. Қазіргі лауазымы да ойдағыдай, жанұялы, 2 баласы бар.

Көп жылдар бойы араласып, кейде өзара кездесіп, ақылдасып жүретін жолдасымның бойынан байқаған бір қасиет – оның тойға бармайтын әдеті.

Басында көп назар аудармай, өзімнің де тойға баруға, соның ішінде, құдалыққа бару, мерейтойлар, шілдехана, сүндетке отырғызу, туған күнді атап өту, лауазымды жуу, зейнеткерлікке шығу тойларына бара бермейтін басым әлгі досым осы күнге дейін бір тойдан көрмегеніме соңғы кезде ғана көңіл аудара бастадым.

Алайда, ортақ таныстарымыз, достарымыз бар дегендей, атамыз қазақ айтқандай «өмір бар жерде, қаза бар», - дегендей, жаңағы досымның жаназалар мен ас беру салттарынан үнемі қалмайтынын да білемін.

Жақында сол досымды көріп қалып, көптен қоя алмай жүрген сұрағымды қойдым. «Осы сені бірде-бір тойдан көрмеппін. Сен әдейі тойларға бармайсың ба, әлде басқа бір себептері бар ма? Жақын достарың, туған-туысқандарың ренжімей ме?» - деп сұрақ қойдым. Менің сұрағыма: «Иә, тойға бармайтын қазақтың біреуі мен боламын. Оның да себептері бар»,- деді.

Оның айтуынша, ең басты себебі - тойға кететін шығындардың қынжылтатыны... Жағдайлары келетін адам болса, сөз жоқ, жағдайлары жоқтар да несие алып, қарызға белшесінен батып, жұрттан қалмау үшін жанын салуында. Бұған қоса, тойды өткізетін асабалардың дөрекі ойындары, оғаш әзілдер, қарт адамдардың секіріп билеуі, ойдан шығарылған салт-дәстүрлердің жүргізілуі себеп екен.

Тағы бір келісе алмайтын, оны нағыз қынжылтатын мәселе - тойға жасы кішкентай сәбилер немесе оқушы балалардың баруы. Тойлар үнемі кешкі кездерде өтеді, соған қарамастан кішкентай балалар мен мектеп оқушылары үлкен жұртпен бірдей билеп, тамақ ішіп, той тойлап, мәре-сәре болуда.

Осы бағыттағы әңгімені жалғастырғанымызда, ойдан шығарылған салт-дәстүрлердің көбейіп келе жатырғандығын, кейбір тойлардың ішіне машинамен, жан-жануармен кіру, жарысып сыйлық беру, әртістердің қалтасына ақша тығып, өлең айтып тұрған әншімен жағаласып суретке түсу мәселелерін қынжыла айтты.

Сосын еліміздің әр өңірінде тойлардың әртүрлі өтуі, бірегей бекітілген сценарийлердің жоқтығы да сөз болды. Көршілес елдерде соңғы кезде осы салаға тоқтау қойыла бастады. Көршілес Өзбекстанда тойға қонақ шақыру, тойды қай кезде өткізу мәселелерін жергілікті ауылдық, аймақтық басшылар қадағалайды деген ұстанымның пайда болғаны да сөз болды.

Досымның айтуынша, біздерде жаназа шығару, ас беру шаралары да бірегей сценариймен өтсе деген өтініші бар. Еліміздің Діни басқармасымен ас бергендегі дастарханның мәзірі бекітілсе де, оны көбі әлі күнге дейін орындамай келеді. Ас берген дастархан тойға жазылған дастарханнан кем  емес жерлер де бар. Бұған жауапты тек үй иесі емес, сол жерге құран оқуға келген имамның да жауапкершілігін ескерген жөн деп ойлаймын деп атап өтті тойға бармайтын қазақ.... Тіпті еліміздің кейбір өңірлерінде қайтыс болып кеткен адамдарды еске алу кезінде жұртқа киім тарату, молдаларға ақша немесе шапан жабу салттары орын алған жайларды да естиміз. Әрине, жаназа шығару, мүрдені жерлеу, ас беру қайтыс болған адамның туысқандары үшін бір сынақ қой. Алайда осы бағыттағы шаралар да бір ретке қойылса нұр үстіне нұр болар еді.

Бүгінгі тойлардың көпшілігінде ысырапшылдыққа жол беріліп жатқанын көріп жүрміз. Қасиетті Құранда: «Мал-дүниеңді орынсыз шашып-төгіп, ысырап қылма! Шүбәсіз ысырапшылар шайтанға бауыр...», - делінген (Исра сүресі). Сондай-ақ, ардақты пайғамбарымыз бұл жөнінде: «Адамды адасу жолына жетелейтін нәрсе – ысырапшылдық пен тәкаппарлық», - деген екен. Демек, тойдағы ысырапшылдық жақсылыққа бастамасы анық. Дінімізде ысырапшылдықтың үлкен күнә екенін бұқараның есіне салып отыруға тиіспіз. Бұл әсіресе белшесінен қарызға батып, той жасап жүргендерге үлкен сабақ болар еді.

Ас-тойларды өткізудің қағида-ережесін жасау да қоғам дертіне айналып келе жатқан ысырапшылдыққа жол бермеуге септігін тигізер еді. Бұл орынсыз сән-салтанатты, жарысып той жасау мен керек болмаса да, зәулім сарайлар салуды шектер еді. Есесіне босқа ысырап болып кетіп жатқан қаражатты қайырымдылыққа, адамдарды, әсіресе жастарды жақсылыққа баулуға, ауруды емдеуге, ашты тойындыруға, жалаңашты киіндіруге, жалпы имандылық ісіне жұмсауға болар еді.

Тойда ақша, азық-түлік ысырапшылдығынан бөлек, уақыт ысырапшылдығы да бар. Уақыт - аса бағалы құндылық.  Білетіндер атақты ақын Қадыр Мырза-Әлі даңғаза думандар мен даурықпа бас қосулардан аулақ жүретін деп айтады. Ол тіпті әдебиетіміздің алып ақсақалы С.Мұқановтың өзін тойына шақырғанын, бірақ оған бармағанын «Иірім» кітабында жазады. Көп ішінде байқай қоймас деп ойлайды. Алайда С.Мұқанов мұны байқамай қала алмайды. Қадыр ағамыздың уақытты, еңбекті қатты қадірлегендіктен, осындай қадамға барғанын аңдаймыз.

Ысырапшылдық - жаратқан ұнатпайтын іс. Ысырап адасуға бастайды. Сондықтан қоғамда көп ысырап жасаған адамға көп құрмет көрсетілмейтіндей тетік қалыптастырылғаны абзал. Той-томалақтардағы артық әрекетті шектеу үшін арнайы заң қабылдау керек деген пікірлер естілуде. Расында, құқықтық-нормативтік актілер қабылдау арқылы, тойға шақырылатын адамға, тойда жүретін көлік санына, той өтетін уақытқа, берілетін сый-сияпаттарға және өзге де мәселелер бойынша тыйымдар мен шектеулер енгізуге әбден болады.

Қ.Мырза-Әлі уақытын зая жібермей, тынбай еңбектенгенінің арқасында ұлттың ыстық ықыласына бөленіп, даңқ биігіне көтерілді. Уақыт пен еңбекті қадірлеген Қадір сияқты ақын, ғұлама тұлғаларды өскелең ұрпаққа өнеге етіп көрсетуіміз керек. Жастар уақытын орынсыз ойын мен арзан қылжаққа жұмсағаннан гөрі, ғылым игеруге жұмсағаны өздеріне де, еліне де, тіпті бүкіл адамзатқа пайдалы болмақ. Сонда ғана Қазақстан болмашы ғана жетістікке даурығып мақтанбайтын, қайта ғылым-ілімі қарыштап дамыған озық елге айналмағы кәміл.

Ғылым игеріп, заманауи өнеркәсіп салу арқылы ғана өркениет көшіне ілеспекпіз. Сауық құрып жүре берсек, ғұмыр босқа өтпек. Өз жеріміздің байлығын өзіміз игере алмай қор болып, инвестиция сұрап, өзгеге қол жайғанымыз жайған. Жазда ыршып жүріп ән салған, қыста қорек таппай қор болған шегірткенің күйін кешпекпіз.

Тойға бармайтын қазағымыздың айтуынша, көптеген мұсылман елдерінде той тойлау басқаша өтеді. Кейбір елімізге танымал адамдар өздерінің тойға апарған сый-сыяпаттарын бүкіл елге мақтанып көрсететіндері басқа адамдардың ашу-ызасын шақыратыны айдан анық. Алайда, ойлап қарасақ, сол адамдардың біздің жасаған тойларымыздың арқасында байып, өздерін құдайдан кем еместей санайтын жағдайға жетуіне өзіміз себепкер екенімізді есте сақтау керек. Оларды өзіміз есіртіп отырмыз.

Бұл аз дегендей, біздің жұлдыздарымыз, олардың жанұя мүшелері, жақындары өздерінің тұрғын үйлерін, ішетін тамағын, киетін киімін, көлігін халыққа интернет желілері арқылы мақтанып көрсетіп жатады. Осының бәрі халықтың сол тойға кеткен шығындарының арқасында мүмкін болып жатқан үдіріс екені қынжылтады....

«Қазақ байыса той жасайды»,- деген сөз тегіннен-тегін айтылмаған болар. Әрине, балаларына той жасап беру ата-ананың міндеті деп түсінуге болады. Алайда, осы шараларға көңіл аударатын уақыт жеткен сияқты. Бұл салада тарихшылар мен салт-дәстүрімізді зерттейтін этнограф ғалымдар өзіндік пікірлерін айтқаны жөн болар еді деп ойлаймын. Не болмаса ауылдағы шараларға жергілікті басшылардың да назар аударғаны жөн.

Ал жаназа шығару, ас беру, еске алу, көңіл шәй деген шарларға жергілікті имамдар жауапты болғаны дұрыс деген пікірді ұсынамыз. Осы бағыттағы шақырылған қонақтарға киім кигізу мәселесін тоқтату керек екендігі сөзсіз. Бұған Діни басқармасының арнайы шешімі де қажет емес сияқты.

Менің досымның тойға бармау өзіндік қағидатын да түсінуге болады. Ол қазақтың негізгі салттарына қарсы емес, ол да ұлтжанды, еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтардың біреуі деп білемін. Жоғарыда баяндалған шарларға оның бармайтын себебін оның халқымызға деген жанашырлығы, уайымы мен жұртты игі жолға бастауға қосып келе жатқан үлесі деп түсінуге болады деп ойлаймын. Бұл жерде қазақтың тойсыз өмір сүре алмайтыны айдан анық, бірақ та осы көтерілген мәселелерге нақты баға беріп, қолға алып, бір ретке келтіретін уақыт әлдеқашан жеткен сияқты...

Жөнсіз даурығу, бос мақтан баянсыз дүние екенін түсінетін кез жетті. Қарқынды дамып отырған заманда құндылық өзгеруі тиіс. Қарызға батып даңғаза думан жасау шын ақымақтың, сорлының ісі деп ұғынатын кез жетті. Баянды қоғам қалыптастыруға әрқайсымыз хал-қадірімізше атсалыссақ... Жаңа Қазақстанда жаңаша ойлап, ескі кертартпалықтан арылғанымыз жөн болар. Бізге  жарқын болашақ жасау үшін игі мақсат белгілеп, жаңаша қарекет қылмақ лазым...

Жалғас Әділбаев

Астана қаласы

Abai.kz  

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2050