Жұма, 22 Қараша 2024
910 21 пікір 22 Қараша, 2024 сағат 11:43

Украина жағдай шиеленісе түсті

Фото: Gleb Garanich
Украинада жағдай ушықты: Қанқасап соғыстың жалғасып жатқанына мың күннен асып жығылды. Соғыстың әр күні, әр сәті қан мен қасіретке толы екені ащы шындық.
Мыңдаған бейбіт тұрғын, жүздеген мың сарбаз қаза тапты. Миллиондаған адам босып кетті. Тұтастай қалалар үйінді-қирандыға айналды…
Қазір Украинадағы соғыстың қарулары да ірілене бастады. Украина әйдік америкалық ATACMS-тар мен британиялық жойқын Storm Shadow-ларды қолдана бастады.
Ал Ресей алғаш рет “Орешник” дейтін контитентаралық балистикалық зымыранмен Украинаның Днепріне соққы берді. Мұны президент Путиннің өзі мәлімдеді, бүгін.
Қазір қос тарап та “не бел кетеді, не белбеу кетеді” деп тіресіп тұр. Ресей әскери-саяси басшылығы тарапынан ядролық қару қолдану туралы риторика көп айтылған. Арнайы жаттығулар жиі өткізіліп тұрды. Десе де, ол сөз еді. Осы жолы істің сұлбасы көрінді. Ядролық оқтұмсықсыз болса да, “Оркшникті” ату - Ресейдің ең соңғы ойындағысы екені жасырын емес. Сондықтан, соңғы күндердегі суыт хабарлар әлем елдерін тіксінтіп тастағаны факт.
ТМД мен Еуропаның бірсыпыра елі соғысушы елдер мен ұрыс аймағына жақын жерлердегі өз азаматтарына едел-жедел үндеулар жасап, қауіпсіздігін қамтуға кірісіп кетті. Бұл санатта Қазақстан да бар.
ҚР СІМ-і бір, Украинадағы елшілік екі кезек үндеу жасап, Қазақстан азаматтарын қауіпті аймақтардан кетуге шақыруда.
Қазақстан бұл соғыста бейтарап ел. Десе де, Қазақстанның саяси басшылығы бірнеше мәрте елішілік және халықаралық биік мінберлерден үндеу жасап, Ресей мен Украинаны диалогқа шақыруда. Тіпті, Астана соғысушы қос тарапқа диалог алаңын да ұсынды. Бұл жаһандық саяси кеңістікте өзінің бітімгерлік миссиясын дәлелдеп үлгерген Қазақстанның ұстанымын әлем жұртына тағы бір көрсетті. Қазақстан жаһандық қақтығыстардя реттеуде бейбіт келіссөздерге алаң бола білді. Соның бірлі-жарым сөздәлелі: Сирия, Қарабақ соғыстары. Қазақстан Ресей мен Украинаға да алаң ұсынған. Ал Қазақстанның ұсынысын қабыл алуы-алмауы тараптардың еркіндегі іс.
Украинадағы ахуалдың ушығуына қатысты президент Тоқаев еліміздің Қорғаныс саласындағы басшыларға, Үкімет пен ПӘ-ге, барлық әкімдерге тапсырма берді.
▪️“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
Парламент палаталарының төрағалары қабылданып жатқан іс-қимыл туралы хабардар етілді”, - деп жазды ҚР Президентінің кеңесшісі - ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
“Президент еліміздегі жағдайды өз бақылауында ұстап отыр”, - деген Берік Уәли мырза еліміз үшін басты стратегиялық мақсат – тұрақтылықты, тыныштықты, заң мен тәртіп үстемдігін сақтау екендігін сөз етті.
Тағы қайталайық: Бізге өз азаматтарымыздың амандығы мен жеріміздің бүтіндігі бірінші маңызды. Әлем алағай да бұлағай кезеңде. Демек, елдің қауіпсіздігі әр сәт маңызды! Өңірлердегі һәм Астанадағы әрбір жауапты тұлға қырғидай қырағы болуы керек!
Ел тыныш болсын! Жер бүтін болсын!
Abai.kz
21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5261