Сәрсенбі, 11 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 1126 4 пікір 26 Қараша, 2024 сағат 16:21

Астамшыл ажиотаж

Суреттер: Ә.Қосанның жеке мұрағатынан және РБК сайтынан алынды.

Сонымен, ертең, 27 қарашада елімізге Ресей президенті Путин келеді. Әлеуметтік желілерде «бәрін білгіштер» осы оқиғаға қатысты әрқилы болжам айтып жатыр. Кейбірі тіпті қара аспанды төндіріп, «енді күніміз қараң болмақ» деген сыңайда пікір білдіруде.

Соған қатысты үш ойым бар.

Біріншіден, менің білуімше (және оны ресми ақпарат растап отыр), бұл алдын-ала жоспарланып қойған сапар. Яғни, Қазақстан мен Ресейдің шекаралас облыстары басшыларының қатысуымен өтетін дәстүрлі жиын, ҰҚШҰ саммиті дегендей. Мұндай жиындар бұрын да болған, болашақта да бола береді. Екі жақты да келіссөздер болады екен.

Екіншіден, және оны мойындау керек, Украинаға қарсы соғыс ашқан көрші елдің басшысы күні кеше төрткүл дүниені шошындырған бірқатар, ашықтан-ашық милитаристік мәлімдемелер жасап қойды. Оның ішінде ядролық қару қолдану мүмкіндігі мен күні кеше Украинаны бомбалаған «Орешник» факторы бар. Қазақстанды да шарпып жатқан дүниежүзілік дүрбелең дәл содан туып отыр деп ойлаймын.

Әрбір қимыл-әрекет оған қарсы қимыл-әрекет тудыратыны физикаға ғана емес, саясатқа да қатысы бар екенін білген жұрт, әрине, алаңдаулы. Бірақ Қазақстанның бүгінгі билігі өзін соғыс алаңына тартуға қарсы екенін ашықтан-ашық мәлімдеп отыр. Яғни, «Ресей біздің көршіміз, онымен тату-тәтті өмір сүре береміз, бірақ соғыс – оның өз таңдауы, онда біздің шатағымыз жоқ» деген ұстаным. Ондай позиция дұрыс деп санаймын.

Үшіншіден, кейбір шетелдік БАҚ-та осы күндері «Қазақстан одан сайын Ресейге тәуелді боп бара жатыр, Путиннің сапары соның бір айғағы» деген сыңайдағы хабарлар тарап жатыр. Әрине, біз әзірше екі мемлекет басшысының арасындағы қарым-қатынастың егжей-тегжейін білмейміз. Сапар барысында қол қойылатын құжаттар туралы да көп ақпарат жоқ. Айтпақшы, сол жобалар жайында алдын-ала айтылмауы да елді біраз алаңдатып жатыр, өйткені Батыс санкцияларының астында қалған ресейлік бизнес біздің елге экономикалық экспансия жасап жатыр деген сөз де жоқ емес. Оны әзірше ресми дереккөздері жоққа шығара қоймады. Осының бәрі елдегі «орысфобиясының» қолтығына су бүркіп жатқаны да өтірік емес.

Алайда өз басым қазіргі президент Тоқаев оқыған-тоқығаны мол, тарих пен әлемдік саясаттағы жетекші тұлғалардың өз ұлтының, мемлекетінің болашағы үшін қалай күрескенінен және де олай жасамағандардың тағдыры қандай болғанынан әбден хабардар басшы деп санаймын.

Бәлкім, осындай сыни кезеңде біржақты байбаламға салынбай, аса қиын жағдайда тұрған мемлекетіміздің Тәуелсіздігін сөзбен де, іспен де қолдайтын кез келген шығар?

Ресейдегі саяси жағдай да өзгерер. Путин мәңгі емес. Уақыты келіп, ол елде де прогресшіл, басқа елдермен, соның ішінде, көршілерімен тату-тәтті өмір сүргісі келетін, демократиялық жолмен, яғни халықтың шынайы таңдауымен басшылар билік басына келер .

Олай айтып отырғанымның бір ғана себебі бар: президенттер келеді, кетеді, ал бір-бірімен тіл табысып, бір-бірінің мүддесі мен қажеттіліктерін ескеріп отыратын халықтар – мәңгі.

Ертеңгі ресми сапар қарсаңында айтқым келгені осы еді.

Әміржан Қосан

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1639