Жұма, 6 Желтоқсан 2024
Белес 803 0 пікір 27 Қараша, 2024 сағат 14:02

Шәмшінің рухани жалғасы

Сурет Қ.Құрманәлінің мұрағатынан алынды.

«Қазақ вальсінің королі», аты аңызға айналған композитор Шәмші Қалдаяқовтың ұлт руханиятындағы, жалпы өнер тарихындағы орны қашанда бөлек. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы Ұлы даланы әсем әнімен әлдилеп келе жатқан дара дарын туралы сөз қозғалғанда, аты-жөні бүгінде үнемі онымен қатар аталатын тағы бір жан бар. Ол – биыл шығармашылық жолына 35 жыл толып отырған шәмшітанушы, композитор Қалдыбек Құрманәлі.

Отбасы өнегесі

Қалдекеңнің Шәмшімен дәл қай кезден бастап «дерттенгенін» дөп басып айта алмаспыз. Мұны қазір оның өзі де есіне түсіре алуы қиын шығар. Әкесі Арыстанбек ән-жырға әуес, өнерге құштар кісі еді, сондықтан перзенттерін де солай тәрбиеледі. Бұл әулеттен өсіп-өнген он екі ұл-қыздың кәсіби бағыты, мамандығы, өмір жолы кейін әрқалай қалыптасты, бірақ бәріне ортақ бір қасиет – шетінен әдебиетке құмар, өнерге жақын болып өсті. Яғни әкенің тәрбиесі, анасы Төлбасының өнегесі балалардың бойына нәр болып құйылды, жүректеріне гүл болып егілді. Ғылым, педагогика, әскери, т.б. салаларда жүргенімен, Құрманәлі әулетінің қай өкілі болсын, ән десе, өлең десе, жайнап сала беретіні сондықтан.

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

Өнер жолын қуған Қалдыбектің тұңғыш әні 1988 жылы дүниеге келді. Мұқағали Мақатаевтың «Қариялар азайып бара жатыр» деген өлеңін оқып отырып, қатты әсерленді. Ақылын айтып, ақ батасын берер абыз қарттар, әкесінің көзін көрген ауылдағы ақпейіл ақсақалдар көз алдынан кетпей қойды. Нәтижеде ойлы да әсем ән туды.

Осы қуаныштың әсерімен алып-ұшып жүргенде, бір күні кештете автобуспен жұмыстан қайтып бара жатып, санасына тағы бір сазды әуеннің сұлбасы құйыла қалсын. Жазып ала қоятын диктофон жоқ, амалсыздан «ұмытып қалмайын» деп жол бойы тісі ауырған адамдай ыңылдап, әуенді құр қайталаумен болды. Ақыры діттеген аялдамасына жетіп, автобустан түсе сала жатақханаға қарай құстай ұшты. Бар ойы – көкейді тескен жаңа сарынды тездетіп аудиотаспаға жазып алу. Қас қылғанда, жүгіріп келе жатып, мұзға тайып жығылса бола ма?! Қап, әттеген-ай! Оңбай құласа да, о жер, бұ жерінің ауырғанына қарамай атып тұрып, тағы жүгірді. Бірақ... қайталап ыңылдайын десе, әлгі әуен жоқ! Есіне түспейді! Жаңа ғана санасында сайрап тұрған саз сап тыйылған. Мұндай да болады екен-ау...

Сол ән оқыс тайып жығылған орнында түсіп қалғандай, әлгі жерді шыркөбелек айналып ұзақ жүрді. Табылмады. Ойға оралмады. Ызадан жарыла жаздады. «Бойымды бұдан былай ән жаза алмай қалам ба деген қорқыныш биледі» дейді композитор сол күндерді еске алып. Шығармашылықта сәл іркілістің болғаны рас. Бірақ, Құдайға шүкір, артынша әндер бірінен соң бірі шыға берді: «Жайықтың толқындары», «Қиялдағы қалқа», «Кірмеші жиі түсіме», «Шын сүймеген болармын», «Телефонмен тіл қатшы маған»...

Ойланып қарасақ, әннің де өз тағдыры, өз ғұмыры болады. Кейбірінің жолы ауырлау келіп, кешеуілдеп барып танымал болса, кейбірі, керісінше, шыққан замат елге кеңінен тарап кете барады. «Қиялдағы қалқа» және «Кірмеші жиі түсіме» солай тез танылды. Бұл әндердің бағын ашқан – «қазақтың Ақ Баяны» атанған Мәдина Ералиева еді. Осы туындылар арқылы әншінің атақ-абыройының да аспандай түскені анық.

Сурет автордың мұрағатынан алынды.

Ән құдіреті

Алайда танылғанның көкесі «Ән-аға немесе Шәмшімен сырласу» шыққан кезде болды. Бұл – Қалдыбектің өзі пір тұтқан композиторға әнмен тұрғызған ескерткіші еді. Тек тағзым, арнау тұрғысынан ғана емес, мағына-мазмұн жағынан ғана емес, әннің өзінің табиғаты, болмысы, кең тынысы жөнінен де бұл нағыз Қалдаяқов тұлғасына лайық туынды болып шықты. Шәмшіге деген, Шәмшінің әніне деген елдің ықыласы қандай ыстық болса, оған арналған осы бір ғажайып әнге деген махаббаттың да сондай шынайылығы сезіліп тұрды. Көпшілік бұл әнді бірден ұнатты. Мұны тыңдарманның Қалдаяқовқа деген сағынышының ғана емес, Қалдыбектің композиторлық шеберлігіне сүйсінгенінің де көрінісі деуге болады.

Жалпы, Қ.Құрманәлі әндерін тыңдап отырып, Ш.Қалдаяқов шығармаларымен әлдебір ішкі үндестікті, рухани жақындықты, өзара сабақтасып жатқан ортақ сарынды байқау қиын емес. Өзі сырттай ұстаз тұтқан ұлы композитор секілді, Қалдыбек те лирикалық вальс жанрына басымдық береді. Оның ойнақы әндері тыңдарман жүрегінде алып-ұшқан сезім дүрсілін оятып, орнынан лып көтеріліп, дөңгелене вальс билеп кететіндей қуанышты көңіл-күй сыйлайды. Байсалды туындыларының өзі адамды ойланта, толғанта, аз-кем мұңайта келе, бәрібір өмірден түңілдірмейді, керісінше, тіршіліктің әр сәтін қадірлей білуге шақырады, бақыт дегеннің, шаттық дегеннің лезде көзден бұл-бұл ұшар сондай сәулелі шақтардан тұратынын меңзегендей болады. Композитордың әрі кетсе төрт-бес минутқа созылатын (мәселен, «Біз әлі кездесеміз», «Сырдария жағалауы», «Жаз не деп еді?», «Жылдарым», «Сағыныш әні», «Соңғы үміт», «Ұмытпа мені, аяулым», т.б.) әндерінің әсерлілігі соншалық, ол біткенше қиялыңызбен өміріңіздің қиыр-қиырын шарлап шығып, саз сиқырынан жан әлеміңіз тазарып, кеудеңізді ізгілік, мейірім, сағыныш керней кері оралып үлгересіз. Осындай ақжүрек қалпыңызда айналаңызға шуақ шаша қарап, өкпелеген адамыңызға да құшақ жаюға әзір тұрасыз. Ән құдіреті деген осы ғой! Өнер мұраты да адам жанын осылай нұрландыру, ізгілендіру емес пе?

Қалдыбек шығармашылығында «тез оңар әсіре қызыл» жеңілтек ән жоқ. Шәмшіні рухани ұстаз тұтқан, Нұрғисаны, Әсетті, Әбілахатты тыңдап өскен композитордың арзан дүниені малданбасы анық. Бала күнінен кітап оқып, жыр жаттаған адамның өлең-сөзге деген талғамы да биік болары хақ. Мұны оның Мұқағали, Фариза, Төлеген, Кеңшілік, Жарасқан секілді қазақтың ғажап ақындарының өлеңдеріне ән шығарып, ол жырларға екінші ғұмыр сыйлауынан аңғаруға болады. Әсіресе марқұм Ибрагим Исамен тығыз шығармашылық байланыс жасады. Ибрагим ағамыз Қалдыбектің бірнеше әнінің мәтінін жазып қана қойған жоқ, композитор інісіне он шақты өлең де арнады. Қалдекең кейін Исраил Сапарбай, Есенғали Раушанов, Қасымхан Бегманов, Қазыбек Иса, Бауыржан Жақып, Маралтай Райымбекұлы және т.б. айтулы шайырлардың өлеңдеріне ән жазды.

Жыр оқып отырып, оны саздың иірім-қайырымына сала білетін жанның сауатты сөз саптап, өлең құрай білуі де түсінікті жайт. Шәмші де бірер әніне өзі мәтін жазған ғой. Сол секілді, Қалдекең де «Сағыныш әні», «Шәй ішіп кетсем қайтеді?» секілді әндерінің өлең-сөзін өзі өрген.

Сурет Қ.Құрманәлінің мұрағатынан алынды.

Игерілген һәм игерілмеген идеялар

Қ.Құрманәліні жұртшылық композитор ретінде жақсы танығанымен, оның атын одан сайын дүркіреткен ерекше қыры – ұйымдастырушылық қабілеті еді. Өткен ғасырдың сонау 80-жылдарының соңында-ақ Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы «Жұлдыздар» өнер бірлестігіне жетекшілік еткен ол талай керемет әдеби-сазды кештер ұйымдастырды. 2000 жылы Шәмшінің туғанына 70 жыл толуына орай еске алу кешін өткізіп, оны дәстүрге енгізді. Соның алдында ғана кейбір концерттердің ұйымдастырылу деңгейіне көңілім толмай, «Жас Алаш» газетіне сын мақалалар жазып жүргенмін. Бір күні редакцияға келіп: «Өзгенің жұмысын сынау оңай, ал енді сценарийді өзің жаз!» – деді. Әуелде біраз жүрексінсем де, әйтеуір жаздым. Сөйтіп, он шақты жыл жұп жазбай қатар еңбек еттік. Талай қызық пен шыжыққа куә болдық. Бұрқ-сарқ етіп қайнаған шәйнектің қақпағын ашқан соң басылатыны тәрізді, Қалдекеңнің де лезде ашуланып, артынша жаймашуақ қалпына түсетін табиғатын тани түстік (Ибрагим ақынның өлең жолымен айтсақ: «Ашуын айқайменен азайтады, Зілі жоқ ар жағында, таза айқайы»). Республика сарайында жарық-дыбыс жағын реттейтін орыстілді жігіттердің бірінің: «Калдыбек, может быть, по-русски плохо говорит, но очень хорошо объясняет», – деген сөзі де – бұ күнде бір қызық естелік.

Сөйтіп жүріп, Шәмшіні, Әсетті, Әбілахатты, Мұстафа Өзтүрікті, Бекзат Саттархановты еске алу кештерін өткізді, «Қазақ әні» үздік әндер жобасын ұйымдастырды. Ол ол ма, өмірден өздері көшкен соң, есімдері де онша аталмай жүрген Садық Кәрімбаев, Сыдық Мұхамеджанов, Бекен Жамақаев, Мэлс Өзбеков секілді композиторлар туралы да жиі айтып, олардың кештерін де ойша жоспарлап жүрді. Бірақ түрлі қиындықтар мен кедергілер оған мұрша бермеді.

Қалдекең ешқашан жоспарсыз, жобасыз жүрмейді. Қолынан бүгін-ертең не істейтіні жазылған қағазы, апталық, айлық жоспары, ұзақ мерзімге арналған жобаларының нобайы сызылған дәптері түспейді. Тағы да Ибрагим ағамыздың өлеңіне жүгінемін:

– Кез келген ортадан ол алар шабыт,

Жіберер отырысты тамаша ғып.

Жүреді күтпеген бір мақсаттармен,

Бітпеген істерімен қамал салып!

Тура сол. Қашанда басы тосын ойларға толып жүреді. «Игерілмеген идеяларымнан тау тұрғызуға болады» деп еді өзі бір сұхбаттасқанымызда. Бірақ, Құдайға шүкір, сол «игерілмеген идеяларының», «бітпеген істерінің» түбінде кешеуілдеп барып жүзеге асқандары да жеткілікті.

Композитордың өнерден өре, мәдениеттен мәніс кетіп бара жатқанын ашық айтып, елдің рухани өміріндегі кемшіліктерге жаны ауырып жүретін батылдығы да көпке мәлім. Түрлі телехабарларға қатысып, өз ойын ашық айтып жүретін, тіпті сөзін бөле берер «білгіш» тележүргізушілерге ұрсып тастайтын бірден-бір адам да – осы кісі.

Қалдекеңнің осындай азаматтық ұстанымы, қайраткерлік қарымы, іскерлік қабілеті туралы жалпы айтылып жүргенімен, оның әндерінің ерекшелігі хақында толыққанды зерттеу жұмысы, өкінішке қарай, әзірге жоққа тән. Зерделей білсек, ұлы Шәмші Қалдаяқовтың өнердегі рухани жалғасы іспетті Қалдыбек Құрманәлінің композиторлық қыры – әлі түрен түспеген тың дала секілді, тыңғылықты зерттеуді, арнайы назар аударуды күтіп жатқан айшықты әлем, айрықша құбылыс.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1434