Жылу желісін жөндеу: Бөлінген 1,1 млрд теңге жымқырылған
Шымкентте лауазымды тұлғалар мен «Қуатжылуорталық-3» МКК жылу желілеріне бөлінген Т1,1 млрд. жымқырған, деп хабарлайды қаржылай мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.
«ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті өңірдің лауазымды тұлғаларына және «Қуатжылуорталық-3» МКК-ға қатысты сметалық құнын арттыру, сондай-ақ нақты орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеу арқылы қаладағы жылу желілері мен электр беру желілеріне жөндеу жүргізуге бөлінген 1,1 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады», - делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, күдіктілер лауазымды адамдар ұрланған қаражатты жылыстату үшін «қолма-қол ақша жасаушылар» тобын тартты. Олар 7% мөлшерінде ақшалай сыйақы үшін бөгде тұлғаларға ресімделген 24 күмәнді кәсіпорын арқылы тауарларды жеткізу және қызмет көрсету жөніндегі мәмілелер туралы жалған құжаттар (шот-фактуралар, жүкқұжаттар, орындалған жұмыс актілері, шарттар) ұсынды.
Параллельді қаржылық тергеу шеңберінде қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған жылжымайтын мүліктер, атап айтқанда, Шымкент және Астана қалаларындағы 2 пәтер, 1 тұрақ орны, Шымкент қаласындағы 3 жеке үй және банк шоттарындағы тыйым салынған 50 миллион теңге анықталып, тәркілеу мақсатында сот санкциясымен тыйым салынды.
Сот үкімімен барлық жеті айыпталушы 2 жылдан 7,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Abai.kz