Бейсенбі, 12 Желтоқсан 2024
Аласапыран 634 1 пікір 5 Желтоқсан, 2024 сағат 15:33

Корей: Әскери жағдайдан импичментке дейін...

Сурет: yenisafak.com сайтынан алынды.

Соңғы екі-үш күнде Оңтүстік Корейдегі саяси ахуал күрделене түсті. Жуырда Оңтүстік Корейдің Парламенті Президентке импичмент жариялайды деп күтілуде.

Оңтүстік Корейдің Юн Сок Ел дейтін басшысы «елішілік және сыртқы қауіптерді» сылтау етіп, елде «әскери режим жағдайын» жариялап кеп жіберді. Содан Оңтүстік Корейдің саяси ортасы өре-түрегеліп, Юн Сок Ел басшының шешіміне қарсы шықты. Парламенттегі басымдыққа ие оппозиция өз жақтастарын көшеге шақырды. Ал әскер Юн Сок Ел басшының айтқанын орындап тұрды.

Сөйтіп, әп-сәтте Сеул түгел дүрлікті. Бірнеше сағаттық талас-тартыстан соң, Юн Сок Ел өз шешімін қайтарып алды. Ал Оңтүстік Корейдің оппозициялық 5 саяси партиясы мен биліктегі партия бірлесіп, Президентке импичмент әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Ол жақын күндері жарияланбақ.

Ақырғы рет Оңтүстік Корей елінде әскери жағдай 44 жыл бұрын жарияланған екен.

Оңтүстік Корей президенті Юн Сок Ел биылғы маусымда біздің елге келіп-кеткен. Сонда талқыланған көп тақырыптың бірі – Қазақстандағы АЭС құрылысы болған. Оңтүстік Корей Қазақстанға АЭС салу бойынша ресми ұсыныс жасаған 4 мемлекеттің бірі.

Осы ретте біз Abai.kz оқырмандарына Оңтүстік Корей басшыларының саясаттағы тағдыры қалай аяқталғаны туралы деректерді ұсынғанды жөн санадық:

1. Ли Сын Ман (1948-1960) – тақтан тайдырылды;

2. Юн Бо Сон (1960-1962) – тақтан тайдырылды;

3. Пак Чонхи (1962-1979) – өлтірілді;

4. Чхве Гю Ха (1979 - 1980) – әскери төңкеріс жасалып, биліктен құлатылды;

5. Чон Ду Хван (1981-1988) – президенттігі аяқталған соң өлім жазасына кесілген;

6. Ро Деу (1988-1993) – президенттігі аяқталған соң 22 жыл түрмеге кесілген;

7. Ким Енсам (1993-1998) – үшінші президенттің кезінде түрмеде отырған. Өзі президент болған кезде өзінің алдындағы екі президентті түрмеге тоғытқан;

8. Ким Дечжун (1998-2003) – үшінші президенттің кезінде түрмеге жабылып, өлім жазасына кесілген. Бесінші президенттің кезінде рақымшылық жасалған. Нобельдің бейбітшілік сыйлығын алған;

9. Но Мухен (2003-2008) – оған импичмен жарияланып, Конституциялық сот оның күшін жойған. Президенттігі аяқиалған соң «жемқорлық» бабымен істі болған. Ақырында өз-өзіне қол салып өлген;

10. Ли Менбак (2008-2013) – президенттігі аяқталған соң «жемқорлық» бабымен тұтқындалып, 15 жыл түрмеге кесілген;

11. Пак Кынхе (2013 -2016) – импичмент жарияланып, биліктен алынған. «Жемқорлық» бабымен 24 жыл түрмеге кесілген;

12. Мун Чже Ин (2017–2022) – дау-дамайсыз президенттік мерзімін аяқтаған, түрме есігін аттамаған жалғыз осы;

13. Юн Сок Ел – 2022 жылдан бері билікте. Оның тағдыры жақын арада шешілмек...

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1670