Таза су мен санитария – тұрақты дамудың негізгі тіректері
Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 6-шы тармағы “Таза су мен санитарияны қамтамасыз ету” деп аталады. Бұл мақсаттың негізгі міндеті – баршаға таза ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз ету, су ресурстарын тиімді басқару және санитарлық жағдайды жақсарту арқылы қоғамның өмір сапасын арттыру.
Ауыз су – адам өмірінің ажырамас бөлігі. Дегенмен, қазіргі уақытта әлемде 2 миллиардтан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Судың тапшылығы экологиялық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді тудырып, көптеген елдерде денсаулық сақтау мен өмір сапасына кері әсер етуде. ТДМ 6-мақсаты келесі міндеттерді қамтиды:
- Баршаға ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз ету;
- Санитария және гигиена жағдайын жақсарту;
- Су ресурстарын тиімді пайдалану және экожүйелерді сақтау;
- Суды ластанудан қорғау және қалдықтарды қайта өңдеу.
Қазақстан – су ресурстарының көлемі жағынан тапшы елдер қатарында. Елдегі өзендер мен көлдердің 50%-дан астамы трансшекаралық сипатқа ие, бұл суға тәуелділікті арттырады. Су тапшылығы әсіресе ауылдық жерлерде айқын сезіледі. Ауылдық тұрғындардың едәуір бөлігі сапасыз су көздерін пайдаланып келеді, бұл халықтың денсаулығы мен өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.Мемлекет бұл мәселені шешу үшін бірнеше стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр. Соның ішінде “Ақ бұлақ” және “Таза су” бағдарламалары арқылы ауылдық аймақтарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.ТДМ 6-ның басты басымдықтарының бірі – су ресурстарын тиімді басқару.
Қазақстанда климаттың өзгеруі мен өнеркәсіптік ластану су экожүйелеріне кері әсерін тигізіп отыр. Суды ластанудан қорғау, таза ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз ету және санитарлық жағдайды жақсарту – күрделі, бірақ шешімі бар мәселелер. Қазақстан бұл бағытта халықаралық тәжірибені қолданып, жаһандық бастамаларға қосылуда. Мысалы, БҰҰ мен Дүниежүзілік банкпен бірлескен жобалар аясында су инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілуде.Сондай-ақ, заманауи технологияларды пайдалану, әсіресе су тазарту қондырғыларын жаңарту және ауылдық жерлерге су жеткізу мәселесін шешу маңызды. Бұл бағытта жас ғалымдар мен студенттердің рөлі ерекше. Олардың инновациялық идеялары су ресурстарын тиімді басқарудың жаңа шешімдерін ұсына алады.ТДМ 6-мақсаты – тек суға қолжетімділікті арттыруды ғана емес, сонымен бірге адамдардың денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуды көздейді. Қазақстан үшін бұл мақсатты жүзеге асыру табиғи ресурстарды сақтау және болашақ ұрпаққа таза экожүйе қалдырудың кепілі.
Таза су мен санитария – тұрақты дамудың негізгі тіректері. Әрбір азамат суды үнемдеп, оны ластамауға жауапкершілікпен қараса, бұл мақсатқа қол жеткізу жолы әлдеқайда жеңілдей түседі. Қазақстанның бұл бағыттағы табысы тек экономикалық дамудың ғана емес, азаматтардың саналы әрекеттеріне де байланысты.
Темірболат Н.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының оқытушысы
Abai.kz