Ұлт руханиятының алтын діңгегі
Егеменді ел болып нық тұрам деп,
Ұранын ұрпағымның ұлт қылам деп.
Қара сөзден қамшы өрген қара шалмын,
Қазаққа қазақ тілін ұқтырам деп.
Б.Сыдықұлы
ШЫҢҒЫСТАУ ШЫНАРЫ
Таңмен таласа тұрып, Саржалдың бал татыған қымызын сімірдік те, ежелден құт қонған, берекелі жерге барлау жасай жөнелдік. Әріректе Дегелең тауы. Еңістікте едәуір жерді алып жатқан қамыс-құрағы ырғалып тұр... «Анау бір тұста осы өңірге есімі елеулі Бәтташ ағамыздың кіндік қаны тамған жері еді» деді жолнұсқаушымыз.
Ұлт руханиятының алтын діңгегі
Кез келген тұлға тұғырына көтерілген азамат туған жерге мықтап табан тірейді. Жастайынан кісіге жақын жүреді, сөзін тыңдайды, өнегесін алады. Жақсы қасиеттерін үйренеді. “Болам деген баланың кісіменен ісі бар...» деген нақыл сөз содан қалған.
Талай ұлы тұлғалар бауырынан шыққан шежірелі Шыңғыстау. Ақындардың Меккесі саналған киелі мекен. Адам бойына жиылатын құнды қасиеттер өскен жердің топырағынан да даруы мүмкін. «Жер – әңгімеші, жер әңгімеші болған соң ел әңгімеші» деген жазушы Мұхтар Әуезов. Яғни, атауы айтып тұрғандай, қарт Шыңғыстаудың баурайында талай даралар мен даналар туған. Хакім Абай, терең ойшыл Шәкәрім, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов туып өскен киелі жер. Мақтаулы мықтылары көп өнген жер!
Осы қасиетті мекенде біздің бүгінгі кейіпкеріміз БӘТТАШ СЫДЫҚҰЛЫ да дүние есігін ашқан. Шыңғыстаудан шыққан шыңдардың ізінен ерген жандарға шешен сөз сөйлеп, оларды нақышына келтіре отырып ұйқастыра ойын жеткізу таңсық дүние болмаса керек-ті. Қаршадай баладан бастап, сақалы ағарған қарияға дейін сөздің сәнін кетірмей, тілдің мәйегін келтіріп, бірінің айтқанын бірі бірден ұғатын, осындайда туған жазушы мен ақындардың сөзін жадына ұстап жаттап өскендер қаншама. Мүмкін осыдан шығар, бұл өңірде сөз құдіреті, ана тіл үстемдігі биік. «Бала көргенін істейді» деген бар емес пе, дәл осы жерде туған Бәтташ Сыдықұлы да тіл үстемдігін әрі қарай асыра түсуге бар күшін салған. «Жақсының аты өлмейді». Жаны мен ары таза, рухани мәдениеті жоғары оның бойындағы бірден көзге түсетін адамгершілігі мен мейірбандылығы оның ең қымбат қасиеті екен. Оған тек замандастары емес, артында қалған ұрпақтары мен шәкірттері де куә. Өйткені, арда туған жан ұстаздық дейтін ұлы жолда ұзақ еңбек еткен. Алғаш еңбек жолы өзі туған ауылдағы Саржал орта мектебінде басталып, кейін бұл қызмет басшылық кезеңге дейін ұласады.
Белгілі ғалым Рымғали Нұрғалидың кейіпкеріміз туралы мына жазбасы оның бүкіл болмысын танытып тұрғандай. Ғалым өз еңбегінде оның есіміне ерекше тоқталады.
«Азан шақырып қойған аты – Ғабдылфаттах. Араб әрпінен транскрипциялаған кезде Абдулфаттах есімі – Алланың тоқсан тоғыз эпитетінің, яғни көркем есімдерінің бірі. Сыйлы, қадірлі есім...
...Бала кезінен әкесіне еріп егін салып, соқа айдады. Тойып ас ішпей жүрсе де, бала қиялы қала ма? Көнекөз, құйма құлақ қариялардан небір қисса мен батырлар жырын тыңдап өскен Бәтташтың «асау тұлпарды жалынан ұстасам» деген арманы орындалады. Көктем шыға соқаға жегуге жүген – құрық тимеген он шақты тай-дөнендерді үйретуді Бәтташқа жүктейді. Үлкендердің сынынан сүрінбей өтіп, қатарластарының алдында мерейі үстем болады. Тіпті ауыл-ауылдан «тайымды үйретіп берсең» деген ұсыныстар түсе бастайды».
Мына қызықты қараңыз: ауыл арасында шабандоз атанған бала 1945 жылы Тельман колхозының Сұртөбел деген тұлпарына мініп, Ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойында аламан бәйгеде алдыңғылардың қатарында болып мәре сызығын кеседі. Шабандоз баланың Шыңғыстаудың дана хакіміне қарап, ержеткенін осыдан-ақ аңғарасың. Есею жылдарында сол заманның талап-тілектерін «қатаң сақтаса да», жүрегі халқым, қазағым деп соққан. Оған дәлел – қай жерде қызмет етсін, ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ бірінші орынға қоятын.
Саржалда туған Бәтташ 1944 жылы Абай ауданы орталығы Қарауылдағы орта мектепте екі жыл оқиды. 1946 жылы екі жылдық мұғалімдік институтқа түсіп, 1948 жылы оны ойдағыдай аяқтайды. Сол жылы жолдамамен Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданына барып, Құйған орта мектебінде, кейін Жолнұсқау жетіжылдық мектебінде мұғалімдік қызмет атқарады.
Ол ұстаздық қызметті ғана атқарып қоймай, комсомол жұмысына да белсене араласқан-ды. Елуінші жылдардың аяғынан Абай ауданында Саржал орта мектебіне мұғалім, кейін мектеп директоры қызметтерінде болды. 1962 жылы Абай атындағы ұжымшарда басқарма бастығының орынбасары, кейіннен Абай аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы қызметтерін абыройлы атқарып, ұйымдастырушылық қабілеті ұланғайыр, білімі зор, өмірден тоқығаны мол басшы, қарапайым болмысымен танылған, елге елеулі, ұлтқа қадірлі азамат болды.
Ол қоғам қайраткері деңгейіне жеткен тұлға. ЕЛ МӘДЕНИЕТІ МЕН ТІЛІНІҢ ДАМУЫНА айрықша үлес қосты. Ол ұлттық мүддеге қызмет етумен қатар, заманауи білім беру саласының дамуына және қазақ тілінің өркендеуіне айрықша ат салысты. Сайып келгенде, осындай білімдар кісінің жасаған еңбектері бүгінде ұмыт болмай, халықтың пайдасына жарап жатыр деуге негіз бар.
Еліміз 1990 жылдары егемендікке енді ғана бет бұрып келе жатқан кезеңдер еді. Осы тұста Бәтташ Сыдықұлы АНА ТІЛІМІЗДІҢ елімізге тереңінен сіңіп, қолдану аясын кеңейтуде орасан зор еңбек етті. Ол Семей облысында «Қазақ тілі» қоғамының негізін қалаушылардың бірі және қоғамның белсенді мүшесі ретінде қазақ тілінің дамуына көп еңбек сіңірді. Оның бастамасымен СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНДА ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІНІҢ САНЫ артты.
Бұл білім беру саласындағы үлкен жетістік еді. Нәтижесінде тәуелсіздік алудың алдында-ақ өңірлерде ана тіліміздің аясы кеңейді. Тіліміздің ұмыт болуына тосқауылдар қойылды.
Ұлт руханиятының алтын діңгегі, бабалар қанымен берілген ұлттық тілімізді сақтап қалуда аянбай еңбек еткен Бәтташ Сыдықұлы өмірінің көп бөлігін қоғамға қызмет етуге арнады. Оның ұстаздық жолынан, өңір басшылығынан басталған қызметі кейін Семей облыстық телерадиокомитетінің төрағасы болып жұмыс істеп, қазақтың дәстүрлі мәдениетін насихаттауға да үлкен үлес қосты. Әсіресе, қазақ тіліндегі бағдарламалардың үлесі артты. Сол үшін де жоғары жақтың кәріне ілікті. Бірақ, Бәтташ ағамыз айылын жиған емес. Мықтының ұстанымы берік екенін танытты.
Сонымен қатар, ол облыстық және республикалық деңгейдегі маңызды саяси шараларға белсене қатысқандардың бірі. Оның қайраткерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті қазақ халқының мәдениеті мен тіліне деген сүйіспеншілігін нығайтып, өз қатарластарына үлгі болды.
Бәтташ Сыдықұлының Дінмұхамед Қонаев пен Бауыржан Момышұлыдай ұлт тұлғаларымен жүздесіп, пікірлес болған сәттері тым қызық! Оны да қайраткердің замандастары жазған естеліктерінен байқауға болады.
Ел тәуелсіздік алған елең-алаң шақ. Әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып, сергелдеңді көп көрген қандастарымыз 1992 жылғы қазанында атамекеніне жиналады. Дүниежүзі қазақтарының айтулы құрылтайына 38 елден 775 өкіл келеді. Тұңғыш Құрылтайдың ең басты шарасы – Республика сарайында өтті.
«Сәті түскен болар, Бекмұқан екеумізге алдыңғы қатарлардың бірінен орын бұйырыпты. Бар назарымыз – сахна төрінде. Кенет өз көзімізге сенер-сенбесімізді білмей қалдық. Бекмұқан «Әне, Бәкеңді қара» дейді. Жалма-жан көзәйнегімді іздедім. Тесіле қарасам, Димаш ағамыздың тура дәл қасында жүздері жайнаған Бәкең мен Аякөз ауданының әкімі, ініміз Аманкелді Керімтаев тұр. Ішіміз жылып сала берді... Қандай жарасымды көрініс. Бұл қауышу халқымыздың біртуар азаматы, кесек тұлға Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың Абай елінде болған сапарларын көз алдымызға елестетті... СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев 1974 жылдың мамырында ұлылар еліне – Абай ауданына келетін болды. Құрметті қонақты Семей-Қарауыл қара жолының бойындағы «Еңлік-Кебек» ескерткіші басында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Насен Сембаев, ауатком төрағасы Рымхан Ғабдуллин қарсы алады. Бәтташ Сыдықұлына Абай туған елді, Мұхтар өскен жерді Димекеңе таныстыру жүктеледі. Сонда Бәкеңнің шамалы уақытқа сиғыза айтқаны: «Қадірлі Димаш аға! Алматымыз көне тарих куәсі, зиялылардың ұясы, жүздеген ұлттың бесігі, бар қуаныштың есігі болса, Алматының бел баласы Абай елі де, Алатаудың бір саласы – Шыңғыстау да көнеден қалған көзі көп, естіден қалған сөзі көп, күзетте тұрған құзы бар, сайрап жатқан ізі бар атамекен. Сәл ғана төңірекке көз жүгіртіңізші, қоңыр жон мен жотаны Қалқаманның қасы ма деп қаласыз. Сылдырап аққан бұлақты Мамырдың көз жасы ма деп қаласыз. Селдіреп тұрған селеуді Еңлік қыздың шашы ма деп қаласыз, жазықтағы жалғыз тасты ер Кебектің басы ма деп қаласыз. Сол ер Кебек пен ару Еңліктің моласы осы. Егер Еңлік қыз бір сәтке ғана тірілсе, «Қаратаудың басынан көш келеді, қара көзге мөлтілдеп жас келеді»... деп зарлар еді. Ал, қазіргі қазақ қыздары: «Жоқ, аға, Қаратаудың басынан көш келмейді, қара көзге мөлтілдеп жас келмейді. Қаратау, Алатау, Шыңғыстаулар енді ешкімге дес бермейді, қазақ қызы ешкімнен сескенбейді» деп әндетеді. Иә, Қазақстандай панасы бар елдің қызы, Димаш ағасындай данасы бар елдің қызы кімнен сескенгендей, кісіге дес бергендей?...». Дәл осы тұста Бәкеңнің сөзін бөлген Димекең қос генерал Лященко мен Тілеулиевке қарап: «Поняли, надо понять» – деп, әрі қарай айта бер дегендей, Бәкеңе көз қиығын тастайды. Сол бір жылы жүзді, үлкен жүректі адамға ел мен жерді таныстыруды ақиық ақын Қалихан Алтынбаевтың мына шумақтарымен аяқтайды: «Құрметті Димеке! Миллион қойын өрбіткен, Көде сайын төл біткен, Жусанын жұлған серкеге, Сере қарыс шел біткен, Топырағы – торқадай, Қара суы – сорпадай, Шыңғыстаудан – бір сәлем! Шалдары шешен жаралған, Шежіреден нәр алған Жігіті бағлан жаралған Жеңістерден нәр алған, Қыздары отты жаралған, Махаббаттан нәр алған Абайлықтардан көп сәлем! Сол қарт Шыңғыс Туғызған екен Мамайды. Туғызды ғой Абайды Тоқтамыс пен Тәукедей Сайып қыран талайды Шәкерім, Шәкір, Көкбайлар, Шалқар шабыт, отты ойлар, Оңды-солды борайды Ең соңында толғатты Мұхтарды – Гималайды Бұдан артық қайт депсіз, Туғызбаса Құдайды? Алыптардың ауылынан. Алыңыз қабыл мың сәлем!» Сөз желісін басынан аяғына дейін мұқият тыңдап тұрған Димекең Бәкеңнің қолын алып, ризашылық сезімін білдіреді» деп жазады «Абай» қорының президенті Балтабек Ерсәлімов өз естелігінде.
Бәтташ Сыдықұлының батыр Бауыржанмен де кездескен сәттері көп. Оны да әріптестері аңыз қып айтады.
...Абай еліне қазақтың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлы келеді. Әрине, батырдың мінезі белгілі. Әзілдеп әңгіме айтпақ түгіл, маңына жолауға анау-мынау адамның жүрегі дауалай бермейді. Батыр ағамыз бірден райкомға емес, Бәтташ ағамыздың үйіне ат басын бұрғанды жөн көреді екен.
Батыр Баукең Бәкеңменен Үміт жеңгеміздің мол дастарқанында көңілді отырғанды құп санайды.
Оның өмірі мен қызметі – ұлттық рухты сақтау мен дамыту жолындағы күрестің үлгісі, ал еңбегі мен үлесі қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталады.
Бәтташ Сыдықұлы туралы замандастарының жазған әдемі естеліктерінен оның бойына дарыған ерекше қабілеті мен қасиетін көп байқаймыз. Тіпті, кейіпкеріміз жайлы аңызға бергісіз әңгімелер де көп. Солардың барлығы дос жарандарының сүйіспеншілігіне бөленгені, артынан ерген інілерге үлгі, ел арасында кеңінен тараған абыройлы кісі болғанын аңғарамыз. Осының барлығы қатарластарының айтуынша, шынайы, әрі рас дүниелер. Бәтташ Сыдықұлының өмірі мен шығармашылығы – қазақ халқының тарихындағы маңызды беттердің бірі. Жазушы Дүкенбай Досжанның «ел ағасы – қоғам барометрі» деген теңеуі бар. Бұл сөзді кейіпкерімізге қарата айтқан. Яғни, асқақтап бара жатырмыз ба, әлде бұқпалап күн кешіп келеміз бе, оны да тамыршыдай дөп басып танып отыратын.
Биік бәйтерек өнегесі
Бәтташ Сыдықұлының ағартушылық жолы оның ел болашағы мен жастардың сапалы білім алуына деген шынайы жанашырлығымен ерекшеленді. Ол әрдайым өз халқына қызмет етуді басты мақсат етіп, БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕНІ ұлттың өркендеуінің негізі деп санаған. Оның ұстаздық және басқарушылық қызметі арқылы көптеген жас ұрпақ қазақ мәдениеті мен тіліне құрметпен қарауға тәрбиеленді. Ол ұстаздық қызметке 1948 жылы мұғалімдер институтын аяқтаған соң келді. Алғашқы еңбек жолын мұғалім ретінде Шығыс Қазақстан облысының ауылдық мектептерінде өткізді. Ұстаздықтың алғашқы қадамдары оған білім берудің нағыз миссиясын түсінуге мүмкіндік берді. Оның басты мақсаты тек қана білім беру емес, сонымен қатар жас буынға ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ дарыту еді.
Саржал орта мектебінде ол ауылдық мектептің білім сапасын арттыру жолында айрықша үлес қосты. Оқушылардың шығармашылық тұрғыдан өсуіне, рухани және мәдени дамуына үлкен мән берді. Мұнда көптеген жаңашыл бастамалар көтерді. Ол ауылдық мектептің материалдық-техникалық базасын жақсартуға ерекше назар аударды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға, білім беру әдістерін жаңартуға ден қойды. Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыру үшін ол түрлі мәдени және әдеби үйірмелер ұйымдастырды.
Бәтташ Сыдықұлының қолдауымен мектепте әдебиет, тарих, тіл саласында дарынды оқушыларды анықтап, оларды дамытуға бағытталған іс-шаралар өткізілді. Әсіресе, жас ақындар мен жазушыларға ерекше көңіл бөлінді. Бәтташ Сыдықұлы оқушылардың поэзияға, жазушылыққа деген ынтызарлығын оятып, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдады. Оның мұндай қадамдары ел аумағында үлкен қолдау тапты. Оқушылардың өндірістік бригадасын құру - оның тың бастамаларының бірі. Бұл жоба республика көлемінде, кейін бүкіл Кеңес Одағы бойынша тарады. Оқушылардың өндірістік бригадалары арқылы жас буын еңбектің қадірін түсінді. Осы бригадаларда оқушылар тек қана еңбекке араласып қоймай, сонымен қатар командалық жұмысқа, жауапкершілікке, ұйымдастырушылық қабілеттерін қалыптастыруға үйренді. Бұл бастама республика деңгейінде елеулі жетістікке жетіп, елдің басқа өңірлеріне үлгі ретінде ұсынылды. Тағы бір ерекше жаңалықтардың бірі – мектеп радиоторабын құруы. Бұл радиостанса арқылы ауыл мен аудан жаңалықтары таралып отырды. Елдің маңызды оқиғалары хабарланды. Сонымен қатар, радиоторапта оқушыларға арналған арнайы бағдарламалар жасалып, өлеңдер оқылып, әндер шырқалды. Бұл бастама мектеп оқушыларының шығармашылық әлеуетін арттыруға, олардың қоғамдық белсенділігін дамытуға зор мүмкіндік берді.
Бәтташ Сыдықұлының басқарушылық қызметі тек мектеп деңгейімен шектеліп қалған жоқ. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен білім беру саласындағы жетістіктері жоғары бағаланып, ол аудандық деңгейде идеологиялық жұмыстарға жауапты қызметке шақырылғанын айттық. 1960 жылдары ол Абай ауданында басшылық жұмысына тағайындалды. Бұл қызметте Бәтташ Сыдықұлы ауданның мәдениет, білім және жастар саясаты саласындағы жұмыстарын үйлестіріп, елді мекендерде мәдени-ағарту жұмысын дамытуға бағытталған бағдарламаларды іске асырды. Абай және Мұхтар Әуезов секілді ұлы тұлғалардың мұраларын насихаттау, сол арқылы жастардың патриоттық рухын көтеру оның басты міндеттерінің бірі еді. Білім беру жүйесінде де елеулі еңбек етіп, сүбелі үлес қосқанын айта кеткен жөн. Оның басқарушылық қызметі мен ағартушылық еңбегі арқылы білім беру жүйесінде үлкен оң өзгерістер орнады. Ауылдық мектептердің мәртебесі көтерілді. Мұғалімдер мен оқушылар арасындағы ынтымақ нығайды. Оның білім саласындағы жетістіктері мен тәжірибесі республика көлемінде танылып, басқа аймақтарға үлгі болды. Қысқасы, Бәтташ Сыдықұлының ағартушылық және басқарушылық қызметі қазақ елінің білім беру жүйесінде өшпес із қалдырды. Оның бастамалары мен еңбекқорлығы ауылдық мектептерді дамытуға және жастардың ұлттық санасын оятуға үлкен ықпал етті. Бүгінгі күнге дейін оның ісі мен мұрасы ұрпақтар үшін үлгі болып қала береді.
Сондай-ақ, ұлтшылдықтың қамытын киіп, халқынан ажырап қалған арысымыз Шәкәрім Құдайбердіұлын ақтауға қатысқан 7 адамнан тұратын комиссияның құрамында болған Бәтташ ағамыздың айрықша еңбегін бірі білсе, бірі білмейді. Алпысыншы жылдардағы сол бір бастама бертін келе Шәкәрімнің толық ақталуына негіз болды да, Әдебиет және өнер институтына бір жылдың ішінде оның шығармаларын басып шығару тапсырылды.
Оның көрегенділігі жастайынан басталғаны белгілі. Ел аузына ілігіп, ісі оңға басқан тұстарда көпшілік жерде оны қас жыраудай толғанып, сөзді сары қымыздай сапырады екен деген мадақ сөздері жиі айтыла бастады. Оған ізденіс пен табандылықтан бөлек, кемел ойлы, іскер басшы Хафиз Матаевтың қолдауы да көбірек күш берген. Бұл туралы Сұлтан Оразалы осылай еске алады. Қазір кімнің еңбегімен танысам дейтін болсаңыз, алдымен ол туралы жазылған басқа да еңбектерді, айтылған пікір-естеліктерді қарауымызға тура келеді. Ал Бәтташ Сыдықұлы туралы деректер іздей қалсақ, оның білімдар кісі болғаны туралы қаптап шыға келеді.
Дәстүр мен ғұрыпты серік еткен
Бәтташ Сыдықұлы – тек педагог, қайраткер ғана емес, сонымен қатар дарынды жазушы, ақын әрі журналист. Оның шығармашылығы ұлттық тіл мен мәдениеттің дамуына, қазақ халқының рухани байлығына арналған. Өзінің әдеби туындыларында Бәтташ Сыдықұлы қазақ тілінің қадір-қасиетін, туған жерінің сұлулығын, халықтың тарихын, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын терең сезінген. Сонымен қатар, әдебиетке бала кезінен қызығып, өзінің шығармашылық жолын мектепте оқып жүргенде-ақ бастаған. Оның шығармашылық әлеуеті Саржал орта мектебінде мұғалім болып қызмет еткен жылдарында ашылып, әрдайым оқушыларына үлгі болды. Бәтташ Сыдықұлы мектепте әдеби-шығармашылық үйірмелер ұйымдастырып, шәкірттерін жазуға, өлең жазуға ынталандырып отырды.
Еңбектерінің арасындағы ең белгілі шығармаларының бірі – «Сүйемін туған тілді» атты кітабы. Бұл шығармада автор қазақ тілінің қасиеті мен маңызын ерекше атап көрсетеді. Ол тілдің ұлттың мәдениетінде, тарихында, жеке тұлғаның қалыптасуында алатын орнына баса назар аударады. Кітапта Бәтташ Сыдықұлы өзінің терең ойлары мен сезімдерін, қазақ тілінің сұлулығы мен байлығын сөзбен суреттейді. Шығармада автордың ұлттық рухты, туған жерге деген сүйіспеншілікті, тілге деген жанашырлықты сезінуі ерекше! «Сүйемін туған тілді» кітабы қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, жастарды өз ана тілін сүюге, оны дамытуға шақырады. Бәтташ Сыдықұлы бұл туындысында тілдің адам өміріндегі маңызын, оның ұлттық бірліктің негізі екенін дәлелдейді. Одан өзге, шығармашылығында тарихи және мәдени тақырыптар да кеңінен қамтылған. Ол қазақ халқының тарихын, ата-бабаларының күрестерін, ұлттық құндылықтарын шығармаларына арқау етеді. Оның жазушылық стилі – шынайы, түсінікті, әрі халықтың жүрегіне жақын.
***
БӘТТАШ СЫДЫҚҰЛЫ ТУРАЛЫ МЫНА БІР ДЕРЕК СЕЛТ ЕТКІЗБЕЙ ҚОЙМАДЫ. Бірер жылда сірескен Кеңес империясының көбесін сөккен Желтоқсан оқиғасның 40 жылдығы тақап қалды. Ұлтының азаттығы мен теңдігі жолында шыбын жанын құрбан еткен арда азаматтың бірі Қайрат Рысқұлбековтың ақтық демі Семей топырағында үзіліп еді.
«Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтың жасырын жерленген зиратын тауып, тұңғыш тізе бүгіп, тағзым еткен де, қаражат тауып, жол кіресін көтеріп, Қайраттың анасы Дәметкен мен әкесі Ноғайбайды оңтүстіктен алдыртып, ас бергізген де, қала орталығында Лениннің орнына Қайрат Рысқұлбековтың ескерткішін қойдыртуға ұйытқы болған Бәтташ ағамыз еді.
Мұның бәрі Б.Сыдықұлының басшылығындағы «Қазақ тілі» қоғамының батыл белсенділігімен жүзеге асқаны жұртшылыққа мәлім.
Оның ұлт мүддесі үшін тындырған ісі өте көп. Тіл туралы күрес басталған сонау тоқсаныншы жылдары қасиетті тіліміздің мүддесі үшін талмай еңбек етті. Қайраткерлік танытты. Алғаш «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Қазақ тілінің аясы Алаш отанында алғашқы бірер жылдың ішінде кеңіп, республика көлемінде бірден бедел алды. Сол кезеңде Семей қаласында қазақ мектебі екеу болса, оның саны 9-ға жетті, жалғыз балабақша әлденешеге көбейді. Бүгінгі республикамыздағы білікті мектеп-лицейге айналып отырған №37 орта мектеп «Қазақ тілі» қоғамының Семейдегі төл тумасы.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген бабалар сөзі бар. Тектілік атаның қанымен, ананың сүтімен бойыңа дарып, сүйекке біткен асыл қасиет. Өнегелі отбасының иесі Бәтташ Сыдықұлының жары, жанұяның алтын діңгегі Үміт Өмірбекқызы да қырық жылдан астам уақыт мәртебелі мамандықтың иесі – ұстаз болды. Тұңғыштары Ерлан ҰҒА академигі, ғылым докторы, белгілі шәкәрімтанушы ғалым, Нұрлан кенші-геолог, Нұржан бизнестің өкілі, келіндері Шырын, Сәуле, Эльмиралар да бір-бір өнегелі отбасының тұтқасы. Немерелер, шөберелері есейіп, өсіп, өркен жаюда.
***
Тұлғалық биікке көтерілген азамат келер ұрпаққа өз өнегесін қалдырады. Жеткіншектер содан тәлім алады. Уақыт өте береді. Біреулер мүлдем ұмыт болады. Біреулер ел жадында өмір сүреді.
Көңілде сақталған адам - ҚАСИЕТТІ АДАМ. Бәтташ Сыдықұлы да сондай жан. Ұлт барда, ұрпақ барда елмен бірге есімі де жаңғырып тұрады.
Ғалымжан Мелдешов,
журналист, ҚР Мәдениет қайраткері
Abai.kz