БҰҰ-ны реформалау: Әділетті әлем және орта державалардың рөлі
Сирияда Асад әулетінің жарты ғасырлық билігі аяқталды. Бұл оқиға тек Сирия үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін тарихи маңызды кезең болып отыр. Елу жылға созылған автократиялық басқару мен бірнеше жылға жалғасқан қанды қақтығыстар жүздеген мың адамның өмірін қиып, миллиондаған адамды туған жерінен безуге мәжбүр етті. Халықаралық қауымдастық бұл дағдарысты шешу үшін әрекеттенгенімен, бұл үдеріс өте баяу жүріп, ауыртпалық сириялық халықтың иығына түсті. Егер шешімдер жедел қабылданып, жағдай дер кезінде бақылауға алынғанда, трагедияның ауқымы әлдеқайда жеңіл болуы мүмкін еді.
Сирия тарихы — халықаралық жүйенің қазіргі заман талаптарына сай жаңғыртуды қажет ететінін айқын көрсететін қайғылы мысал. Біріккен Ұлттар Ұйымы, егер ірі державалардың саяси ойындарына тәуелділіктен арылып, шынайы бейтарап әрі жылдам әрекет ете алғанда, бұл қақтығыстың зардаптары әлдеқайда аз болар еді.
БҰҰ-ны реформалау қажеттілігі туралы пікірлер соңғы жылдары жиі айтыла бастады. Бұл мәселені көтеріп жүргендердің бірі — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол бұл тақырыпты Доха форумында тағы да қозғап, Біріккен Ұлттар Ұйымының тиімді қызмет атқаруының маңыздылығын және орта державалардың жаһандық мәселелерді шешудегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.
Президент Тоқаевтың айтуынша, қазіргі әлемде орта державалар бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды күшке айналуда. Сондықтан халықаралық жүйенің реформалануы, соның ішінде БҰҰ-ның тиімділігі мен бейтараптығын арттыру, уақыт талабына сай маңызды қадам болмақ.
«БҰҰ әмбебап ұйым ретінде адамзат үшін өте қажет. Себебі оның баламасы жоқ. Өкінішке қарай, ірі державалар әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты толық сақтай алмай отыр. Ал бүгінгі ахуал көптеген елді, соның ішінде Қазақстанды да алаңдатады. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы реформалауды қажет етеді. Ірі державалар арасында ымыраластық болуы керек деп санаймыз. Олардың келісімге келе алмауы салдарынан Қауіпсіздік Кеңесі тығырыққа тірелді. Қазақстан сияқты орта державалар аймақтық деңгейде, сондай-ақ жаһандық кеңістікте бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілетуде өте маңызды рөл атқара алады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сарапшылар Қазақстан Президентінің ұсыныстарына қолдау білдіріп, олардың маңыздылығын ерекше атап өтуде. Олардың пікірінше, Біріккен Ұлттар Ұйымының қазіргі құрылымы мен жұмыс қағидаттары бүгінгі күннің күрделі талаптарына толықтай жауап бере алмайды. Бұл мәселені заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәуітәлі де көтеріп, БҰҰ-ның реформалануы — заманның басты қажеттіліктерінің бірі екенін баса айтты.
«Біріккен Ұлттар Ұйымын қазіргі таңда модернизациялау керек, реформалау керек, қайта қарау керек деген сұрақтың көтерілуі объективті. Өйткені шын мәнінде бүгінгі күні Біріккен Ұлттар Ұйымы платформалар негізінде әлемдік гуманитарлық кризистерге ықпал ете алмай отыр, жеткілікті дәрежеде. Мүлдем жоққа шығаруға болмайды, оның құрамында түрлі құрылымдар бар, әрбір сала бойынша жұмыс жасайтын. Олар өз бағыттары бойынша кәдімгідей, тұрақты тегеуірінде жұмыс жасап отыр. Десе де бұл мәселе, Ресей мен Украина арасындағы соғыс болсын, басқа да қақтығыстар болсын, Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл жерде бір елеулі ықпал етуші орын деп айта алмаймыз, ол дәрежеге жете алмай отыр. Сондықтан да бұны реформалау туралы ұсыныс орынды деп санаймын, бұл мәселені қарау керек, соның ішінде, мысалы, Қауіпсіздік кеңесіне қатысты біздің президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз ұсыныстарын айтты. Қауіпсіздік кеңесіне көбінесе ең үлкен, алпауыт дамыған мемлекеттер ғана кіретін. Өздеріңіз жақсы білесіздер, дауыс беру құқымен. Осыған бұдан былай дамушы мемлекеттерді кіргізу мәселесі, орта дәрежеде дамып отырған елдер мәселесін көтерді. Меніңше бұл да орынды, өйткені бүгінгі таңда әлемдік саясатты тек дамыған мемлекеттер ғана емес, сонымен қатар дамушы мемлекеттер, алдыға дамысақ деп ұмтылып отырған мемлекеттер де жасайды және олардың орынды ұсынысын ескерген жөн. Сондай мемлекеттердің бірі, мәселен, Қазақстан. 21 ғасырдағы Біріккен Ұлттар Ұйымында, өкінішке қарай, теңдік принципі жоқ. Ең үлкен алпауыт 6-7 мемлекет қана Қауіпсіздік кеңесінде дауыс беру құқығына ие, солар әлемнің тағдырын шешуге қатысты шешімдер қабылдап жатыр. Иә, олар 20 ғасырда жұмыс істеген механизмдер, бірақ 21 ғасырда, өкінішке қарай, қазір жұмыс істей алмай отырғанының бір себебі сонда. Екіншіден, тек президентіміз ұсынғандай, мүмкін, бастапқы кезеңде дамушы елдерді қатарына қосу керек, алдағы уақытта бүкіл елдерде дауыс беру құқығына ие болуы тиіс. Біз осындай тең коммуникация орнатуға бармай, тең қарамай, әріптес ретінде санамай, ұсақ мемлекеттердің мүдделері мен құқықтары бұзылады, дұрыс дискуссия қалыптастырмайды. 21 ғасыр, меніңше, осындай үлкен өзгерістерді қажет ететін тағдыр шешті уақыт болып табылады адамзат тарихында.
Әлемде болып жатқан жағдайларға зер салып, талдау жасаған азаматтар әділдік салтанат құрмаған жерде қақтығыстар мен қайшылықтардың жиі орын алатынын атап өтуде. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында орын алып отырған мәселелерді шұғыл әрі тиімді шешу қажет деп есептейді. Бұл тек ұйымның беделін арттырып қана қоймай, сонымен қатар әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. Егер осы түйткілдер өз шешімін тапса, жер бетінде түсініспеушіліктер мен қайшылықтар азайып, зардап шегетін халықтың саны едәуір қысқарады. Әлемдік қауымдастық бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, бірігіп әрекет ету арқылы оң нәтижеге қол жеткізе алады» – дейді.
«Кейбір дүниежүзілік және халықаралық құжаттар тек қағаз жүзінде қалып қойған жағдайлар бар. Кейбір принциптер орындалмай жатыр. Мысалы, біздің президентіміз соңғы уақытта «Әділетті Қазақстан құрамыз, адал азамат тәрбиелейміз» деп айтып жүр. Осыған сүйенсек, дүниежүзінде адалдық пен әділеттілік біртіндеп жоғалып бара жатқандай көрінеді. Мен бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымына ерекше құрметпен және сеніммен қарайтын едім. Алайда соңғы уақыттағы геосаяси ахуалдар, қақтығыстар, соғыстар және пандемия кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының әлсіздігін байқағандай болдым. Мұндай сын сағаттарда ұйымның әлсіздік танытып қойғаны байқалады.Бізде ұйғырларда мақал бар: «Мылқау болса да байдың баласы сөйлесін», дейді. Қазіргі жағдай да осыған ұқсас болып көрінеді. Мысалы, бір ел екінші бір елге шабуыл жасаса, шабуыл жасаушы ел дамыған мемлекет болса, Біріккен Ұлттар Ұйымы сол дамыған елдің мүддесін қолдап сөйлеп жатқандай әсер қалдырады. Әділетсіз жерде әрқашан қақтығыс болады, әділетсіздік бар жерде соғыс болмай қоймайды» – дейді «Ұйғыр Авази» газетінің редакторы Ершат Асматов.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымы өз алдына қойылған міндеттерді толыққанды орындай алмай отыр. Ұйымның тиімділігі төмендеп, әлемдегі негізгі мәселелерді шешуде ықпалдылығы азайып барады. Бұл жағдайдың басты себебі – геосаяси мүдделердің басымдыққа ие болуы және орташа державалар мен ірі державалар арасындағы теңгерімсіздік. Осы тұрғыда орташа державалардың рөлін күшейтудің маңыздылығын ерекше атап отыр.
Орташа державалар, оның ішінде Қазақстан, Түркия, Малайзия, Оңтүстік Корея сияқты елдер, халықаралық аренада бейтараптықты сақтай отырып, маңызды делдалдық миссияларды атқаруға қабілетті. Мысалы, Қазақстан өз тарихында бірнеше рет ядролық қарусыздану бойынша бастамалар көтеріп, жаһандық тұрақтылыққа үлес қосқан. Сол сияқты Түркия халықаралық келіссөздерде белсенді рөл атқарса, Оңтүстік Корея экономикалық инновациялар арқылы тұрақтылыққа ықпал етіп келеді.
Дәл осы орташа державалар Біріккен Ұлттар Ұйымы реформаларының қозғаушы күшіне айналуы мүмкін. Олар бейтараптық пен әділеттілік принциптерін алға тарта отырып, ұйымның әлсіреген беделін қайта қалпына келтіруге және жаһандық мәселелерді шешуде тиімді тетіктерді іске қосуға көмектеседі. Орташа державалардың бірігуі мен белсенділігі халықаралық қауымдастықты көпполярлы жүйеге бір қадам жақындатып, БҰҰ-ның беделін арттыруға мүмкіндік береді.
«Әлемде күрделі мәселелер туындап отыр. Бұл Украинадағы соғыс пен Таяу Шығыстағы қақтығыстарға байланысты, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының өз міндеттерін толыққанды атқара алмауымен де тікелей байланысты. Мұның себебі – орташа державалар мен ірі державалар арасындағы байланыстың жеткіліксіздігі. Бұл проблемаларды шешу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері орташа державалардың, оның ішінде Қазақстанның да рөлін күшейтуді талап етеді.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сауда кедергілеріне қатысты мәселелерді ерекше назарға алып келеді. Бұл кедергілер елдер арасындағы сауда мен экономикалық алмасудың дамуына ықпал етпейді, керісінше, елдердің өркендеуіне кері әсер етеді. Қазақстан экономикалық дамудың тиімділігін төмендететін түрлі экономикалық және техникалық кедергілерге қарсы екенін атап көрсетеді. Сондықтан Қазақстан сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және елдердің өзара тиімді дамуын қамтамасыз етуге мүдделі»,- дейді өзбекстандық саясаттанушы Закир Усманов.
Гүлмира Сыздыққызы
Abai.kz