Бейсенбі, 12 Желтоқсан 2024
Әдебиет 267 0 пікір 12 Желтоқсан, 2024 сағат 13:11

Он алтыншы желтоқсанда қайғым бар...

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Ақ тұман шөгеді керіліп

Сол бір жаңбырдан шаршаған,
Ақ бұлттар қонады жүктеліп.
Таулардан тым төмен  қойнауда
Ұйиды - ұйқыдан түс көріп.

Үстіртте отырған ел көрер,
Қою тұманның тапжылмай жатқанын.
Сәскеде шудасын жел керер,
Көшіріп сай түбін ақтарып.

Тұсаулы аттарда кісінер,
Тау  желі тарайды  кекілін.
Малшының айқайы естілер,
Тұманға тұншығып  жесір үн.

Бұлыңғыр, буалдыр бұл тұман,
Алдамшы түтінмен бірігіп.
Жыртылған  жаңбырдың бұлтынан,
Көрінер  себезгі бір үміт.

Ақ тұман шөгеді керіліп,
Аспаннан  дұғасы  оқылар.
Көлбейді етегі көміліп,
Тұманға жаураған шоқылар.

Ашылсын таулардың асқағы,
Тұмандар құлаған биіктен.
Асығыс сөгіле бастады,
Аралап орманды жиектеп.

Мен сөйледім, сөйлеймін баяғы,
Ақындар жырлаған әуелгі тілімен.
Тұмандар шөгеді- көшеді,
Ал менші, тоңазып ілбігем.

Жайланып жайлаудың кешімен,
Шық тұрған ақ таңда несібем.
Бұйыққан сай-сала тіршілік,
Оянды  ұйқыдан есінеп.

Көк бөрідей ұлып жүрмін мен бүгін

Күш ағысы тулап шыққан жатырдан,
Көзі отты көк бөрілер ақылды.
Ұя бұзып бөлтірігіне тимесең,
Ол да саған жау болмайды ақырғы.

Ол ұлыған алыстан да жақыннан,
Бір төбеге ұлыстарын шақырған.
Ауыл-аймақ атқа қонып сол сәтте,
Адасушы-ет ит біткені ақылдан.

Қылшылдаған алмас қылыш бар тісі,
Кең далада жарасатын жалпы ісі.
Қан іздерін қар бетіне бояу қып,
Артатұғын қаңтар туа әл-күші.

Мекен еткен сайын дала иенді,
О, көк бөрі, құдыретің бар киелі.
Итаяқтағы итке қоспай жынысын,
Өз тұқымын өле өлгенше сүйеді.

Мақсатына жетуде арман жанға сын,
Бірлік түбі еркіндікке самғасын,
Көк бөрідей ұлып жүрмін мен бүгін,
Жортуылда жолдан күтіп жолдасын.

Көзімді ашып бөрі рухын көрем мен,
Ақиқат қой ұлт тарихым бөрі емген
Содан болар арлан ғұмырым айқайлап,
Байтақ жерді дүркіреткен өлеңмен.

Қайсарлығын өзегіне жалғаған,
Үлесінен тай-тұяғы қалмаған.
Берекеңді берші маған көк бөрі,
Бірлігіміз үлес алсын олжадан..

Жұлдыздар түнде сөйлейді

Қара көк аспан әлемі,
Жұлдызға толған әдемі.
Қадамдай басып ақын жүр,
Ойынан туған нақыл-жыр.

Сырласып жүрек тілімен,
Жапырақ тамған нілімен.
Көңілдің жырын тербейді,
Жұлдызбен бірге сөйлейді.

Шалғында үркіп жел есіп,
Қайыңмен талдар теңесіп.
Бақылдап батпақ бастауда,
Бакалар әнін бастауда.

Дауыстап байғұз жақында,
Шаққандай мұңын ақынға.
Орманды ойлар тербейді,
Жұлдызбен бірге сөйлейді.

Шоқылар қозғалып ақырын,
Айтқандай бізге ақылын.
Олдағы биік мұратты,
Мызғымас таулар тұрақты.

Сайында өзен тасыған,
Жотаның  сонау басынан.
Қыдырып жұлдыз өрлейді,
Жұлдыздар түнде сөйлейді.

Шымырлап бұлақ бастауда,
Құйғандай суын астауға.
Ай-жұлдыз көріп өздерін,
Бастауға қадап көздерін.

Қыналы жартас жиегі,
Жап-жасыл жалбыз киелі.
Қара көк аспан керіліп,
Көгілдір нұры төгіліп.
Жұлдызбен бірге сөйлейді.

Жүрекке жұлдыз тіл қатып,
Арнайды бізге бір бақыт.
Табиғат жанды ақынын,
Қойғандай ымырт жырлатып.
Осынау байтақ әлемге.

Ақындар жырын тыңдатып,
Жұлдызбен бірге сөйлейді.
Қара көк аспан әлемі,
Жұлдызға толған әдемі.

Даламен тілдесу

Менің өмірім жеткізбей мұратма,
Жырын оқып мұң дауыс тұратын-ды.
Жабырқатып ызғар ән түнгі аспанын,
Тоңазыған жұлдыздың нұры тамды.

Мен осы емеспін бе ойсыз дара?
Жолдарым жылға-жыра айғыз дала.
Жүргенде жетім көңілім жыр жетелеп,
Сырласымдай тіл қатты байғұз жаңа.

Кім естісін шын ақынның жыр дауысын,
Әйтеу шымшық жаттаған қырдан ұшып.
Анда-санда шықылдап тас торғайы,
Менің мұңлы жаныммен жүр табысып.

Ақжал арман ақынның ойын біліп,
Құмырсқалар думанды тойын қылып.
Ақынның қоңыраулаған дауысынан,
Тыңдайды сұр кесіртке мойын бұрып.

Сол менің иен дала айтар әнім,
Ақ беріп жыланды да қайтарамын.
Дүздегі дуадақпен тілдесе алмай,
Қаланың шуылына қайта оралдым.

Тақдырым неге менің талығып жүр,
Айтайын дала жайлы сағынып жыр.
Қарт өлкем қарасеңгір тауды көріп,
Кеудемде арман жүрек қамығып жүр.

Кетемін жалпақ дала иенге мен,
Ей. иен, сені күткен иең де мен.
Даламның заңын білген далалықпын,
Бабамның тағылымын сүйе білген.

Тағы да тағыда бір, тағыда бір,
Сарғайған таңнан күтем сарыла жыр.
Кең өлкем ши қараған. бөрі жортқан,
Сағынған ақын жанын сағына біл.

О, мейрамдар

Желтоқсанды аттандырып жаңа жыл,
Ақырласты он екі айдың бір беті.
Өзің жәйлі дұға етемін дара бір,
Тыныш  болсын бейбіт елдің іргесі.

Зұлымдардың қанды қолы таусылсын,
Ер қазақтың жігерінен жасқанып.
Көк жаңғыртып, оққа оранған дауыстың
Аянына  толғатады  аспаны.

Желтоқсанның тым ызғарлы дастаны,
Зұлымдарға жебе тартқан кектері.
Қайсар рух от кешеді жас жаны
Аппақ қарға қанын төгіп көк бөрі.

Ей, аппақ қар, ақпын деме қымтанып,
Алаш елде ұмытпайтын айбын бар.
Азаттыққа шықтық міне қан төгіп,
Он алтыншы желтоқсанда қайғым бар

Тасқа жұққан қызыл қанның  қынасы,
Көз жасымның, тамшы-дағы  кептеген.
Еркіндігім киелі ғой  шын асыл,
Тамырнан әр қазақтың көктеген.

Көк аспаным шүлен төгіп нұрымен,
Мамық шашып үлпілдейді қар аппақ.
О, мейрамдар өмір үшін құндысың,
Тағы бір сый берді бізге жаратқан.

Оят мені, о, киелі бостандық,
Тәңіріме сиындыршы күн шуақ.
Өзімде екен өсиет сөз баста құт,
Қазақтығым өн бойымнан бұрқырап.

Тәуелсіз күн мәңгі бізбен біргесің

Тәуелсіздік есімі,
Еркін аққан Ертісім мен Есілім.
Тарихыңды тұғырыңа тұмарлап,
Тыныш түнде тербетілсін бесігім.

Сәбиімнің дыбысынан оянғам,
Ал сәбиім алау алған аяннан.
Дүр сілкініп қанатынан қыранның,
Көгілдір түс көк аспаным боялған.

Ол  сағыныш  бесік тербер өлеңім,
Арайлы таң ашық болсын әлемім.
Періште Ана, уыз құйған ұрпаққа,
Тәуелсіздік ұлылығым мерейім .

Ат жалында атан қомдап ержеткен,
Рухы бйік, Алаш елі өр неткен!
Әр пәледен аластап-ап бесікті,
Ана жыры ақиқатты сөйлеткен.

Бесік жырда ұлылық бар, тілек бар,
Бірлгімді нығайтатын тірек нәр.
Еркіндіктің әлемімен ер болған,
Ерлерімде арыстандай жүрек бар.

Оянатын найзағайлы намыстан,
Күш жияатын сонау көктен, ғарыштан.
Бөрі  рухы қанмен келген қасиет,
Тектілігі тамыр тартқан алыстан.

Тәуелсіздік иманым,
Ұлы тілек таң алдында жиғаным.
Алау алған дала шежіресінен,
Тамылжытып тал бесікті жырлаған.

Тәуелсіздік толғағым,
Толғағымнан ғасыр мұңын толғадым.
Айтылғанда еркін аспан өлеңі,
Дүр сілкініп тұлпар атпен самғадым.

Өнегелі болсын терең ұрпағым,
Еркіндіктің құшып-сүйген нұр таңын.
Тамырымнан тас түлегім көкке өрлеп,
Күлдір-күлдір  кісінетсін тұлпарын.

Өзіңе тән, өзен-таулар жер-көгің,
Жусан исі жұпар шашқан гүлдерің.
Ұрпағыңның маңдайынан мың иіскеп,
Тәуелсіз күн мәңгі бізбен біргесің.

Бошалайды көктемде өлең желік

Кім не айтты? Күй көңіл шектелмеген,
Ал табиғат, пендесін жек көрмеген.
Торғай ұя салғанда дөдегеге,
Жазғым келіп тұрады көктемге өлең,

Шығалмаймын көп ойдың шырғасынан,
Қалам алып жазуға, жырға асығам.
Гүл көктемге масайып бір сілкініп,
Жалаңаяқ, жалаңбас қырға шығам.

Көксейді кеп,  көктемді  көңіл шіркін,
Әлсірейді рухым неге бұл күн?
Құс келгенде дауыстап жыр оқысам,
Мынау неге желпінді деме жұртым.

Ортақ бізге бұл көктем, дала көктем,
Сағынышқа еркелеп самал ескен.
Қыр отына жамылып нұр көктемді,
Тағы да бір қайтайын аралап мен.

Бет алысы өмірдің жүйеленіп,
Жаңа өмірін төлдетіп сүйеді елік.
Қобыз қырға  күй етіп, жыр дауысын,
Айдалада  барады түйе желіп.

Анталаған өмірге тым ілгері,
Жаңа төлге нәр беріп үлгіреді.
Тіршіліктің думанын өрістетіп,
Құмырсқа да асығыс жүгіреді.

Бар тіршілік оянған сәттерінде,
Кір түспесін еш қашан пәк көңілге.
Бошалайды көктемде өлең желік,
Маңырайды төл ғұмыр дәптерімде.

Өрістеймін тым ерте қамданамын,
Мал деп айтсаң, мен саған шамданамын.
Ақын деген өмір бар сырға ғашық,
Жыр тудырған ойынан менде анамын.

Жерде тірі...

Жерде тірі,
Жер бар болса, әрине менде тірі.
Жердің жанын жеп жүрміз жарақаттап,
Қорғау жайлы айтпайды пенде тілі.

Мұң құраған,
Тозаңынан тұншығып күн құлаған.
Жердің тесіп жүрегін майын сорған,
Тұрбаларың жоғалсын ұңғылаған.

Жерде жан бар,
Жер бар болса,
Әрине сенде жан бар.
Тауларды қопардыңдар данышпанды,
Байырғы заңдылықтан салған аңғар.

Шулап жатқан,
Ормандарды өрт шалып мұңға батқан.
Дүниенің теңдігін сақтайтұғын,
Өзендерді бөгеме тулап аққан.

Өкінішті,
Зілзаланың  қатерлі  іркілісі.
Ұлы жердің  өн бойын тазартам деп,
Олда заңды тұлпардай сілкінісі.

Кім кінәлі?
Әрине, сен кінәлі.
Құм құйылсын көзіңе зымырандар,
Ақиқаттан адасып ел жылады.

Жер тұрағы,
Жерде жүрген тіршілік өр тұрады.
Жаратушы шайқаса алақанмен,
Сенің алып картаңа көл тұрады.

Болғанменен мың қабат сенің қалаң,
Пиғылынан сескенді көңіл жаман.
Еш алаңсыз, қаласыз жатқан байтақ,
Аман болсын көсілген керім далам.

Түн құшағы бір әлем

Мақпал шашы төгілген,
Түн құшағы бір әлем.
Көкірегіме сөгілген,
Қауышады қырда өлең.

Сақараның күйінен,
Көркін көрем ырыстың.
Қазағымның үйінен,
Жылтылдайды жыр ұшқын.

Түңгі сарын әлдилеп,
Әулие еткен ат үстін.
Бетегелі бетте тал бүрлеп,
Кеудесін керген арыс шың .

Оянған үміт өскелең,
Оқылған дастан тау іші.
Оятқан түнді тас керең,
Көк адыр, көкжал дауысы.

Ертоқым салған жылқылар,
Керілген кертпек кезеңдер.
Ауыздық басып жұлқынар ,
Айғыр жал асау өзендер.

Алыстан жалғап жыр үнін,
Жетелеп самал сыпдыры.
Тараса қайың бұрымын,
Өлең ғой гүлдің дірілі.

Иенде байғұз шақырып,
Мезгілдер бейуақ адасқан.
Тұяғын түнге матырып,
Жапалақ таңға бал ашқан .

Тіршілік қызып түнімен,
Дүние дүлдүл бәрі өлең.
Ақынның қоңыр үнімен ,
Даламды көрем әлі мен.

Өлмей тұғын өмірдің сырын ұқтым

Өмір бәйге болғанда, өлім көмбе,
Айтар дейсің тағдырың жөнін кімге.
Аласапыран ғұмырды аттандырса,
Бұрқылдатқан шаң шығар көріңнен де.

Сайғақ тақтай қаздыйып атырапта,
Қоңыр көрпе жамылған топырақтан.
Қанша күз сағым уақыт желге ұшады,
Кеудеңді аттап қаңбақ пен жапырақтар.

Солай өмір заңы бар өлсем өлем,
Әйтеу өмір мәңгіге өлшенбеген.
Қаңылтырдан оюлап Ай жасама,
Дайын зират бар десем ел сенбеген.

Мен шауып өткен белесте бүкір белде,
Дарқан дала заңы бар бүкіл жерде.
Бір өмірдің соңына нүкте қойып,
Бір сөйлемді тоқтаттым үтірлерге.

Ғасыр жорытқан Қаратау сағымданған,
Қызғылт шапақ батар күн арайланған.
Сезімімнің мүрдесін ымырыт үрлап,
Мола тектес шоқылар қарайды алдан.

Сол молаға молданы мүдіріткенде,
Аспандағы Айды әкеп кідіріткенде.
Менің сорлы мүрдемде қуанады-ау,
Сол көкшоқы астына жүгіріткенде.

Табиғатта бәрі бар дара-дара,
Шөгіп жатқан белестер қара нар ма?
Менің нұрлы кеудеме шуақ толсын,
Иман келтір кебінге орағанда.

Жылжып жылдар ұзарсын ғасыр мейлі,
Көктем келер өзендер тасыр мейлі.
Көкшоқыда, ақынның кеудесінде,
Түйе боздап, қой қоздап жатыр  дейді.

Дұға оқысын самал жел дала маған,
Бұлқынысы тіріліктің тарамаған.
Қағанағы жарылып қасиеттің,
Жаңа өмірге төл келсін шаранадан.

Менің кеудем ордасы ұлылықтың,
Менің кеудем кіндігі құрлықтың.
Өлген жоқпын сан ғасыр көктей берем,
Өлмей тұғын өмірдің сырын ұқтым.

Аяз қалам – өнердің әулиесі

Ақ сүңгіге жапсырып күміс шықты,
Аппақ дала жамылған рыс құтты.
Тау табиғат әйнекке көшіп келіп,
Тереземнен көремін тыныштықты.

Ақынға аяз жыр беріп селбеседі,
Аппақ нұрға айналды қыр кешегі.
Аяз қалам – әйнектің суретшісі,
Нағыз ғажап ол тілсім гүл шебері.

Қанат жалғап қиялға тау киесі,
Аяз қалам өнердің әулиесі.
Желтоқсан мен қаңтарда сурет салған,
Нағыз ұстаз өмірге тәрбиеші.

Аяз сенің ұстазың өмірге – өнер,
Суретіңе зер салған сенім берер.
Кеткім келді мүлгіген тыныштыққа,
Тілсім сыры әйнектен көріне бер.

Аяз шебер ойымды жүр жетелеп,
Алтай қысты жүргенде біз мекендеп.
Тереземнің гүліне қарай берем,
Қалам алған суретші қыз ба екен деп.

Ғажап сырдың қараймын түр-түсіне,
Зер табиғат қалпыңа кір түсірме.
Ақын болғым келеді өзіңменен,
Уақыттың құрмет қып үлгісіне.

Жарай қалса тілегім, қабыл ісім,
Жаңа жылға тамсанды сағынышым.
Аппақ қардан іздеймін мен жоғалтқан,
Аяз қыздың жасырған әдірісін.

Тас жібиді қыратта қара кемік

Табиғатқа  шалқымас көңіл неден?
Бір жаңа арман талпынды бүгін менен.
Наурыз көктің жамырап тіршілігі,
Қар сөгіліп, жусанға жыр түлеген.

Тіршілігін ғаламның қыбырлатып,
Майда самал жыр айтты сыбырлатып.
Бір жүгіріп,  бір тоқтап, жол қарайды,
Құмырсқада қыл мұртын жыбырлатып.

Құс әніне бөленіп дала көрік,
Тас жібиді қыратта қара кемік.
Аралаған ғаламды қыдыр ата,
Ақ тілекке құт берер дара келіп.

Нұр көктемде, пәктіктің перісі де,
Бата беріп  Қыдыр жүр ел ішінде.
Қорықтығын  уыз ғып сапырады,
Қой төлдеткен шопанның өрісіде.

Мейіріне бар ғалам мекіреніп,
Жомарт болар мыстанда дәтті берік.
Алатауда ақ бөркін сыпырады,
Әз-наурыздың  жып-жылы деміне еріп.

Ақындыққа амал не тілім қысқа,
Сенделектеп жем болды жырым құсқа.
Үзілгенде ойымның қауырсыны,
Сүйреп кетті олжалап бір құмырсқа.

Құс тілімен мен бүгін жыр жазамба,
Жүк артқандай көктегі бір қазанға.
Әз-Наурызда тіршілік түгел өлең,
Тіл шыққандай жалғыз тал қыл қаламға.

Ұшып жүрген жан-жағым түгел өлең,
Кіснейді кіл сәурік күрең дөнен.
Алғыс айтып жатады абыз  жүрек,
Арман көктеп наурызда тілегімнен.

Толқын Мұхамәдиұлы,

Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1678